Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 8341 18 пікір 28 Қазан, 2020 сағат 02:09

Қарабақ дауы .«Астана» кімнің сойылын соғады?

Тигран Барсегян

Әлемде спорт пен саясатты араластыруға қатаң тиым салынған. Спортқа саясат ықпал етпеуі керек. Жеңімпаз әділ әрі таза жолмен жеңіске жетуге тиіс.

«Әлемдегі бірінші спорт» атанған футбол да саясаттың салқынына ұшырамауға тырысады. Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мен Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) талай мәрте жасыл алаңға саяси көзқараспен шыққан футболшыларды жазалаған.

Өкініштісі, күні кеше елімізде осындай оғаш оқиға орын алды. «Астана» футбол клубының армениялық жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян Әзірбайжан - Армения қақтығысын жасыл алаңға алып шықты. Барсегян Қазақстан футболын саяси аренамен шатастырып алған секілді, «Оқжетпес» қақпасына гол соққанан кейін трибунаға қарап әскери сәлем берді.

Мұны аз десеңіз, ол бұл әрекетін соғысып жатқан отандастарына арнағанын ашық мәлімдеді.

- Өздеріңіз білетіндей, қазір менің Отанымда, Арменияда әскери іс-қимылдар жүріп жатыр. Мен осы қимыл арқылы қиын жағдайға тап болған барлық отандастарыма голдарымды арнағым келді! Жақын арада менің елімдегі барлық нәрсе жақсарып, адамдар қайтадан тыныш өмір сүре алады деп үміттенемін! - депті ол клубтың баспасөз қызметіне.

«Астананың» ресми сайтындағы сұхбат

Бір қызығы, Барсегянның бұл әрекетін де, сөзін де елордалық клуб ресми сайтында жариялады. Оған «Сіз бірінші гол соғылғаннан кейін трибуналар жаққа арнайы құрмет білдірдіңіз. Бұл қимыл нені білдіреді?» - деп сұрақ қойған да, «Голдарымды қиын жағдайға тап болған барлық отандастарыма арнаймын» - деп айқайлатып тақырып қойған да клубтың баспасөз қызметі. Соған қарағанда «Астана» футбол клуб Әзірбайжан - Армения қақтығысында соңғысының сойылын соғатын секілді.

Қазақстан билігі бұл қақтығыста бейтарап позиция ұстанады. Аталған екі елмен де одақтастық қатынасымыз бар. Сол үшін де ашық бір жағын қолдап, бір жағын қаралаудан бас тартып отырғаны сөзсіз. Ендеше «Астана» клубы не үшін Арменияның жарнамасын жасап, жақтасып отыр?

Бұл жағдайда ең алдымен Тигран Барсегян жазаға тартылуы керек. Өз елінің саяси жағдайын бейтарап елдің футбол алаңында ашық көрсетуін спортқа тән емес мінез-құлық деп санауға негіз бар. Сол үшін бұл мәселеге Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) реакция білдіруі керек. Футболшы қалайда жазаға лайықты. Сонымен қатар, ойыншының саяси көзқарасын ресми сайтында жарнамалаған «Астана» футбол клубының әрекетіне де баға берілуі қажет!

Барсегянды жазалау жайлы біз ойдан заң шығарып отырған жоқпыз. Баста айтқанымыздай, бұл әлемдік қағида. Жақында ғана әзірбайжандық «Карабах» футбол клубын UEFA қатаң сынға алды. Себебі Еуропа лигасы аясында өткен варшавалық «Легияға» қарсы ойыннан кейін «Карабах» ойыншылары мен бас бапкер Гурбан Гурбанов «майданда соғысып жатқан сарбаздарға және бүкіл Әзірбайжан халқына» арнап әскери сәлем жасаған. UEFA бұл қимылды «саяси мәні бар» деп танып, «Карабахқа» сөгіс жариялаған.

«Карабах» футбол клубы

Тағы бір мысал, 2018 жылы Ресей жерінде өткен әлем чемпионатында Швейцария құрамасы Сербияны 2:1 есебімен жеңді. Осы ойында Косоводан шыққан албандар Гранит Жака мен Жердан Шакири гол соқанда екі қолын айқастырып, Албания туындағы екі басты бүркітті бейнелейді. Бұған сербиялық жанкүйерлер наразылық танытады.

Осыдан кейін футболшылар өз әрекеттерінің ешқандай саяси астары жоқ екенін, тек жақындарын қолдау үшін ғана осылай істегендерін айтып ақталды. Бірақ FIFA бұл әрекеттің саяси мәні бар деп, қос ойыншыға 10 000 швейцар франкына (10 000 доллардан астам) айыппұл салды әрі «футбол мен саясатты араластырмауға» шақырды.

Гранит Жака менен Жердан Шакири оюн талаасында. 22-июнь, 2018-жыл.

Гранит Жака мен Жердан Шакири

Міне, осы екі оқиғаның өзі біз сөз етіп отырған Тигран Барсегянның әрекеті мүлде жөнсіз екенін дәлелдейді. Тіпті алғашқы екі оқиғадан да ауыр. Себебі, «Карабах» өз елінде отырып, өз халқына қолдау көрсетті, ал Жака мен Шакири өздерінің ұлттық құрамасында осындай әрекет жасады. Ал Барсегян біздің елде жүріп (Әзірбайжан және Армениямен де дипломатиялық қатынаста) Арменияға қолдау білдіріп отыр. Демек оның әрекеті FIFA-ның «футбол мен саясатты араластырмау» ұраны мен Қазақстанның бейтараптық ұстанымына қатар қайшы келіп отыр.

Ал оны қолдап, саяси мәндегі фотосуреті мен сұхбатын ресми сайтында жариялаған «Астана» футбол клубына да қой дейтін қожа керек секілді. Сөз соңында осы «Астана» клубы жайлы бұған дейін де жазған бір-екі мәліметті келтіре кетейік.

«Астана» футбол клубы - 2012 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевттың бастамасымен құрылған «Астана» прези­дент­тік кәсіби спорт клубының құрамына кіреді. ПКСК құрамында «Астанадан» бөлек, «Барыс» хоккей клубы, «Aстана» велоко­ман­даcы және «Астана» баскетбол клубы бар. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2020 жылы осы спорт клубын ұстап тұруға 27 миллиард теңге бөлген.

(«Астана» президенттік кәсіби клубы жақында таратылды. Бірақ оның құрамындағы барлық командалар бұрынғыдай жұмысын жалғастырады. Оларды жалғасты «Самұрық-Қазына» қаржыландырады).

Отандық жас футболшыларға мүлде мүмкіндік бермейтін команда ретінде аты шыққан «Астана» сапында 14 бірдей шетелдік ойыншы өнер көрсетеді. Елордалықтар биылғы чемпионатта алаңға көбіне жалғыз ғана қазақстандық ойыншы шығарып жүрді. Сонда да нәтижесі тым нашар. Еурокубокта өздерінен қаржысы мен қуаты оннеше есе төмен командадан жеңіліп қалды. Соған қарамастан жақында ғана клубқа Ресейден жаңа бапкер келді. БАҚ-тағы ақпаратқа сенсек, жаңа бапкер Андрей Тихоновқа ай сайын 50 мың еуро (мөлшермен 25 млн. теңге) төлейтін көрінеді.

Андрей Тихонов

«Астананың» 2019 жылғы бюджеті 10 миллиад теңге болған. Бұны клубтың бас директоры Михаил Гурман өзі айтқан.

Бұрын «Астананың» жылдық бюджеті 40-50 миллион доллар деп еститінмін. Бірақ мен келгенде бюджет 9 миллиард 800 миллион теңгені құрайтынын көрдім (бұл шамамен 25 миллион доллар). Табыстың негізгі көзі UEFA-ның сыйақылары мен футболшыларды сатудан түсетін қаражат, - деген еді Гурман.

Ендеше, жылыдық бюджеті 10 миллиад теңгеден асатын, бапкеріне мол жалақы төлей алатын, 14 бірдей легионер шақыра алатын (ҚКФЛ ережесіне сай, ЕАЭО-ға мүше елдердің ойыншылары біздің елде легионер саналмайды) елордалық клуб шетелдік футболшының саяси мәндегі әрекетіне неге қолдау білдіріп отыр?!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347