Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 4045 6 пікір 22 Қазан, 2020 сағат 17:14

Президенттік клуб Президентті тыңдамай ма?

Андрей Тихонов

Елімізде кәсіпқой спорт клубтарына мемлекеттік бюджеттен бөлінентін қаржы тым көп. Халықтың қалтасынан шыққан қаржының күшімен ғана күн көретін сол спорт клубтарының жеткен жетістігі де кісі қуанарлықтай емес. Қаптаған легионер, қалт-құлт еткен қазақ спорты...

Кәсіпқой спорттағы есепсіз қаржыны азайту жайлы жиі айтылады. Бірақ бұған құлақ асқан ешкім жоқ. Футбол, хоккей, баскетбол, велоспорт сынды «қомағай» спорт түрелін қаржыландыру үшін жылына миллиардтаған қаржы бөлініп отыр.

Бірақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спорт клубтарын толықтай мемлекеттік бюджеттен қаржыландырудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының осы сөзінен кейін сең қозғалғандай болған. Енді кәсіпқой спорт клубтарын есепсіз қаржыға көміп қою тоқталар деген үміт оты маздағаны рас. Тіпті президент жолдауынан кейін мәдениет және спорт министрлігі соңғы екі жылда спортқа бөлінген қаржы мөлшерін де жариялады. 2019-2020 жылдар аралығында еліміздің 17 облысында жергілікті бюджеттерден 250 миллиардтан астам теңге бөлінген. Бұл қаражаттың көп бөлігі футбол мен хоккей клубтарын ұстауға кетеді екен.

Атап айтқанда, 2019 жылы спорт клубтарына 121 миллиард теңге, (оның 34 миллиард теңгесі футболға), 2020 жылы 131 миллиард теңгеге (оның 37 миллиарды футболға) бөлінген.

Ал жақында ғана онлайн брифинг өткізген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент жолдауына сай, спорт клубтарына қаражат бөлу мәселесі қайта талқыланып жатқанын айтты.

Минситрдің айтуынша, 3 қазанда Мәдениет және спорт министрлігі барлық республикалық ойын федерациясымен (футбол, хоккей, гандбол, волейбол, баскетбол және т.б.) кеңес өткізген. Жиында жоғарыда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланған көрінеді.

«Бүгінде Министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтайтын, спортшы, жаттықтырушы, және клуб жетекшісіне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттейтін Заң жобасына түзетулер енгізіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне қарауға жіберді. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты», - деді Райымқұлова.

Мемлекет басшысы мен министрдің сөзіне қарағанда спортқа бөлінер қаржы сәл азаятын секілді. Бірақ бір сәтте 30 жыл бойы қалыптасқан жүейені бұзып, спорттағы қаржыны қиып тастау қиын жұмыс. Біріншіден, мол қаржының арқасында ғана табан тіреп тұрға қазақ спорты құрдымға құлауы мүмкін. Екіншіден мол қаржыға үйренген мүдделі топтар майлы жіліктен оңайшылықпен айырыла қоймайды.

Халық спортқа мемлекеттік бюджеттен миллиардтап ақша бөлінетінін ғана біледі. Ал ол қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанынан мүлде хабарсыз. Себебі спорт клубтары ел алдында, мемлекет алдында ашқашан есеп бермейді. Шетелдік спортшыларды қаншаға сатып алды, оларға қанша жалақы төлейді, нәтиже қандай деген сұрақтарға жауап жоқ...

Мәселен, жақында ғана елордалық «Астана» футбол клубына жаңа бас бапкер келді. Отандық жас футболшыларға мүлде мүмкіндік бермейтін, құрамында 14 шетелдік ойыншы өнер көрсететін «Астананы» енді ресейлік маман Андрей Тихонов жаттықтырады.

50 жастағы Тихонов футболшы кезінде тәп-тәуір өнер көрсеткен. Бірақ бәпкерлік қызметте жемісті жұмыс істей қойған жоқ. Әр жерде бапкердің көмекшісі қызметтерін атқарған. Тек 2016-2018 жылдары «Енисей», «Крылья Советов» секілді екінші деңгейлі командаларды жаттықтырды. Оның өзіне бұл командалар Ресейдің төменгі лигасында (ФНЛ) жүргенде жұмыс істеген. Ал 2018 жылдан бері бұл салада қызмет атқармаған адам. Ал «Астана» оны төредей сыйлап, тігін ұсынып отыр.

Баста айтқанымыздай, біздің клубтар шетелдік спортшылар мен мамандарды жұмысқа алғанда оларға қанша қаржы жұмсалатынын ешқашан айтқан емес. Бірақ ресейлік басылымдар «Астана» бапкерінің қанша жалақы алатынын жариялады.

«Матч ТВ» телеарнасының журналисі Константин Столбовскийдің мәліметінше, Тихонов Қазақстанда жұмыс істеген әр айы үшін 50 мың еуро алады. Бұл мөлшермен 25 млн. теңге. Осы бойынша есептегенде Тихонов мырза бір жылда 600 мың еуро жалақы алады деген сөз.

Ендігі сұрақ, «Астана» басшылары бұған дейін еш жетістікке жетпеген Тихановқа мұнша мол жалақы төлегелі отыр? Қазір елдің экономикалық жағдайы оңып тұрған жоқ. Президент мұндай кезде спортқа бөлінетін қаржыны азайтуды талап етіп отыр. Соған қарамастан елордалық команда шетелдік мамандардан ақша аямайтынын аңғартып отыр.

Бір айта кетерлігі, «Астананы» осыдан бірнеше жыл бұрын жаттықтырған болгар маманы Станимир Стоилов жылына 1 млн. еуродан астам жалақы алған көрінеді. Бұл да БАҚ-та тараған ақпарат. Егер шын болса мұның қасында Тихонов астанаға «тым арзанға» келген секілді.

2012 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевттың бастамасымен «Астана» прези­дент­тік кәсіби спорт клубы құрылған. «Астана» футбол клубы осы клубтың құрамында. ПКСК құрамында «Астанадан» бөлек, «Барыс» хоккей клубы, «Aстана» велоко­ман­даcы және «Астана» баскетбол клубы бар. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2020 жылы осы спорт клубын ұстап тұруға 27 миллиард теңге бөлген.

«Астана» президенттік кәсіби клубы жақында таратылды. Бірақ оның құрамындағы барлық командалар бұрынғыдай жұмысын жалғастырады. Оларды жалғасты «Самұрық-Қазына» қаржыландырады.

Президент кәсіпқой спортқа мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді қысқартуды талап етіп отыр. Бірақ президенттік клуб Президенттің бұл бастамасын қолдамайтын секілді. Әйтпесе, ешкім танымайтын бапкерді шақырып, оған ай сайын мұнша мол жалақы төлемес еді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295