Жексенбі, 6 Қазан 2024
Сұхбат 6275 41 пікір 28 Қазан, 2020 сағат 13:07

Абай ұлағаты және бүгінгі латын әліпбиі

Абай – расында да, жер әлемге танымал тұлға, оның сан қырлы мұрасы Қазақстан халқы үшін адамгершіліктің бағдарына айналуы тиіс. Бұл постулат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайдың рухани өсиеті» атты мақаласында айтылған.

Абай тұлғасы несімен тартымды? Оның ілімінен біз сияқты ХХІ ғасыр  адамдары не ала алады? Бұл жайында ҚР Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов «Казахстанская правда» гәзетіне берген сұхбатында айтыпты.

- Олжас Омарұлы, Абайдың тұлғасы туралы сөз болған бір сұхбатыңызда сіз орыс ақыны Аполлон Григорьевтің сөзін өзімізге бейімдеп, «Абай – біздің болмысымыз» деген болатынсыз. Өзіңіз білетіндей, Григорьев ақындарды өмірдегі «ұлы шындықтар мен ұлы құпияларының хабаршысы» деп санайды, сондай-ақ ол Пушкинде орыс халқының бүкіл болмысы, ерекшелігі көрініс тапқан деген болатын. Ежелгі гректер Гомердің өлеңдерінен өздерін, немістер Иоганн Гете шығармаларынан  өздерін, француздар Виктор Гюго шығармаларынан өздерін танығаны сияқты кез келген орыс Пушкиннің кейіпкерлерінен өзін көреді. Ал Абайға келетін болсақ, қазақтар ұлы ақын шығармаларынан өздерін аңғарады деп айтуға болады. Мінеки, сіз айтқандай: халықтың қандай екенін олардың ақындарынан-ақ білуге болады екен...

- Бұл шынымен де солай. Ең бастысы, Абайды аспандатып, ұлы құдіреттің бейнесіне көтермей, жанды, шынайы Абай әлеміне, оның шынайы ілімдері мен сабақтарына тереңдеуге тырысу керек. Біріншіден, Абайдың өзі де, оның әкесі Құнанбай да, оның балалары да қазіргі тілмен айтқанда, мемлекеттік шенеуніктер болғанын ұмытпау керек. Олар өте сауатты болған. Мәселен, орыс тілінен басқа Абай еуропа тілдерінде оқыған, парсы, араб, түрік және түркі-шағатай тілдерінің әдебиетін жетік білген. Ол араб және иран халықтарының тарихын, славяндардың тарихын жақсы білген. Қазақ халқының тарихы осы уақытқа дейін ғылыми зерттеу тақырыбына айналмағанына да ол қатты уайымдаған.

- Айтпақшы, Абай бұл мәселені ойлап қана қоймаған, ол үшін нақты қадамдар жасаған, өзінің шәкірттерін осы қиын іске тартқан.

- Нақтырақ айтқанда, бір ғана шәкіртін. Абай айналасына зер сала қарап, бүкіл жастың ішінен ғылыми жұмысқа деген бейімі бар жас Шәкәрімді таңдап алады. Ол тіпті, геология мен математика салаларындағы кейбір жетістіктері мен білімі үшін Ресей императорлық географиялық қоғамына қабылданған... Жас Шәкәрім ел алдында (куәгерлер жазып кеткен) Абайға «Сіздің өсиетіңізді орындаймын!» деп уағда берген екен. Бұл өте қиын кезеңдер болатын. Бүкіл империя мен далалы жерлерді қозғалыстар өрті шарпып жатты; Абайдың бір ұлы, содан кейін екіншісі өмірден озды, сөйтіп, көп ұзамай Абайдың өзі де көз жұмды...

Бірақ Шәкәрім берген сертін орындады. Осы қиын-қыстау кезеңде ол жолын тауып, араб елдері мен Түркияға сапар шегеді, Стамбұл, Мекке және Медина кітапханаларында ізденеді, сол жерден көптеген ғылыми әдебиеттер мен кітаптар сатып алып Семейге жібереді.

Содан еліне оралып, Шыңғыс тауларында өзін жеке кабинетін жабдықтайды да, күнделікті күйбең тіршіліктен қашықтап, жан-тәнімен шығармашылық жұмысқа беріледі. Оңашада, осыншама тер төгіп істеген қызметі 10 жылдан астам уақытқа созылады! Нәтижесінде 1911 жылы Орынборда түркілер мен қазақ халқының тарихы туралы «Түрік, қырғыз-қазақ және хандар шежіресі» атты белгілі кітабы жарық көреді.

- Бірақ соңғы жүз жылдан астам уақыт ішінде түркілер мен қазақ халқының тарихына әлі де соңғы нүкте қойылмағанын айта кету керек. Осы уақытқа дейін белгісіз тұстары тым көп.

- Біз әлі күнге дейін қазақтар мен түркі халықтарының шынайы тарихын жазған жоқпыз. Бізде әлдеқайда көп мүмкіндік болды. Біздің түркологтарымыз ежелгі түркілер VIII ғасырда аспаннан түсті де, бірден өз тілінде тастарға үлкен мәтіндерді қашап жаза бастады деп сенеді.

Ал мен түркі тілдері мен халықтарының тарихы Шумер мен Вавилоннан әлдеқайда ежелгі тарих екеніне сенемін. Мұны адамзаттың ежелгі жазулары мен мәдениеттерін палеографиялық талдау фактілері көрсетіп отыр. Жақында біз осы тақырыпта халықаралық конференция өткіздік, оған американдық, испандық, түрік, ресей, украин ғалымдары қатысты. Абайдың өсиетін бірлесіп орындау үшін осы арнада жоспарлы және жүйелі зерттеулер жүргізу үшін ғылыми топ құрамыз деп келістік. Мен осы тақырыпта бірнеше кітап жаздым – «Аз и Я», «Язык письма», «Тюрки в доистории», «Код слова» және т.б.

- Басқаша айтқанда, сізді әрдайым сөз археологиясы қызықтырған ғой? Шежіреші Нестор өзінің «Өткен жылдар әңгімесінде» «Орыс жері қайдан пайда болды, Киевте бірінші болып патшалық құрған кім, Орыс жері қалай пайда болды?» деп сұраған екен... Қазақ халқының тарихына қатысты сізді де осы сұрақтар мазалайды ғой сонда?

- Иә, халқымыз айтқандай, «инемен құдық қазып жүрмін»... Нақтырақ және қарапайым сөзбен айтқанда, әлемнің барлық тіл мамандары бір ғасырдан астам уақыт бойы ұстанған ең негізгі ғылыми постулаттарды жоққа шығаруға бел будым. Бұл постулат мынадай: таңба байлаулы емес, кездейсоқ және түсініксіз. Графикалық таңба туралы емес, дерексіз, ойлап табылған ұғым туралы айтып тұрмын. Өткен ғасырдағы Париж академиясы ғалымдарға тіпті, таңбаның, оның ішінде жазбаша, яғни иероглиф, әріптің пайда болуы  туралы ойлауға тыйым салған екен. Мен визуалды таңбалармен жұмыс істеймін және олардың білдіретін мағынасын, мақсатты, семантиканы сол таңбалармен байланыстырамын. Бұл да сөзді қайта қалпына келтіруге жатады, бірақ көбіне, палеографиялық тұрғыдан.

- Тіл білімі саласының белді маманы ретінде тіл саласындағы реформаларымызға сырт көз ретінде пікіріңізді білдірсеңіз.

- Сырт көз дегенді жақсы айттыңыз. Жалпы, менің ойымша, еліміздегі барлық кәсіби тілшілер шетте жүр. Реформаның басында шенеунік-министрлер мен түрлі комитет төрағалары, өздері «жоба бойынша» құрып алған және бірден «ұлттыққа» айналып кеткен орталықтар, қомақты мемлекеттік қаражатты қызыға игеріп жатқан көптеген комиссиялар мен жұмыс топтарының мүшелері тұр.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, небәрі бір-екі жылдың ішінде бір тіл үшін қалай бірнеше әліпби ойлап табуға болады, оның үстіне олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды! Сөздің дыбыстардың жүйесі бір, қарапайым және айқын заңдары мен қағидалары бар қазақ тілі емес пе?! Түркі тілдерінде, атап айтқанда, қазақ тілінде осы заңдар қатал және математикалық тұрғыдан үйлесіп қатып тұр. Оларды өз қалауыңыз бойынша өзгертуге немесе ауыстыруға болмайды. Әліпбиде осы заңдар ескерілуі және оның тек бір ғана нұсқасы болуы керек. Қайталап айтамын: тілдің өзіне тән жүйесіне негізделуін ескеру керек...

- Бірақ түркі тілдеріне арналған латын әліпбиі бар емес пе? 

- Ия, ол Әліпби 30 жыл бұрын ойлап табылған! Әлемнің барлық түркі елдерінің тіл мамандары түркі тілдерінің ерекшелігі – олардың бір-біріне таңғажайып лексикалық жақындығында екенін назарға ала отырып, дыбысталуы мен мағынасы жағынан бірдей сөздерді бірдей жазамыз деп шешім қабылдады. Яғни, бірдей әріптермен жазатын болған. Мысалы, «ат» – «лошадь», «ал» – «брать», «он» – «десять», «құлақ» – «ухо», «сан» – «число», «сат» – «продавать», «ай» – «луна» және т.б. сөздер жүзден астам түркі тілдері мен диалектілерінде бірдей айтылады. Оларды бірдей етіп жазған қисынды емес пе? Бірақ біздің шенеуніктер бұған қарсы! Түркітанушылар КСРО ыдырағаннан кейін бірден барлық түркі тілдері үшін латын графикасындағы бірыңғай ортақ әліпби ойлап тапты. 1991 жылы Қазақстан КСРО-дан шыққанға дейін оған түркі елдерінің басым көпшілігіндегі тіл білімі институттарының директорлары мен ғалымдары қол қойған. Бірақ қазіргі әліпби құрастырушылар бұл жұмысты елемейді, жеке, авторлық ұсыныстарын жапа-тармағай ұсынуға тырысуда. Қазақстан ғалымдарының осы ортақ әліпбиді елемеуі – тосын жағдай!

- Латын әліпбиін игергенімізді өткен тарихымыз айғақтайды. Революциядан кейін көп ұзамай, Луначарскийдің ұсынысы бойынша ғой деймін, бұл әліпби Қазақстанға енгізілген. Большевиктер төте жазуды дінмен, Құранмен байланысты деген көзқараспен сол замандағы кітаптар басып шығарылған төте жазуды жойып, латын графикасын енгізуді ұйғарды.

Сол кезде коммунистер әлемдік революцияның алғашқы жеңісіне шынайы сенді, бұл олардың сенімі бойынша, «әртүрлі елдер мен континенттердегі жұмысшылардың қарым-қатынасына арналған дүниежүзілік тілдің» құрылуына әкелуі керек еді. Кирил жазуы бұл мақсатқа жарамады, өйткені ол жағымсыз патша режимімен байланысты болды. Большевиктер «революция әліпбиі» деп атаған латын жазуы болды.

- Өйткені Маркс пен Энгельс осы жазуды пайдаланған…

- Дұрыс айтасыз. Сонымен қатар, бүкіл орыс тілін латындандыру идеясы әзірленген. Құдайға шүкір, бұған жеткен жоқ, өйткені сол кездің өзінде «әліпби өзгерген кезде халықтың көп бөлігі белгілі бір уақыт сауатсыз болады» деген түсінік пайда болды, өйткені адамдар қайтадан оқуға мәжбүр болады. Көп ұзамай кирил әліпбиі Қазақстанға да оралды. Яғни, барлық осы «тілдік ойындарда» бірінші кезекте саясат тұр. Ал Сіз бұл жайында не ойлайсыз?

- Білесіз бе, ХХ ғасырда түркі халықтары орыс және әлемдік әдебиет пен ғылымды кирилл әліпбиінің көмегімен таныды. ХХІ ғасырда да біз одан қол үзе алмаймыз, әйтпесе процесс үзіледі. Кириллица қазақ билингвизмінің құралы болды. Латын әліпбиін оны пайдаланатын шет тілдерімен бірге меңгеру керек. Әйтпесе бекер, оны кеңінен түсіндірмей-ақ қояйын.

Өзімізге үйреншікті кирилл әліпбиінен бас тартуға болмайды. Оның үстіне, тарихи тұрғыдан оның түп-тамыры ежелгі түркілік руна жазуларынан бастау алған. Мен бұл туралы жазғанмын. Мұны профессор Алтай Аманжолов та дәлелдеді. Егер латын әліпбиін меңгеру (бұл міндетті) керек болса, бәрін бір жүйеге түсіру керек. Және бауырлас түркі республикаларымен үйлесімді болуы керек.

Бізде латынды бірнеше айда ғана жаппай меңгеру процесі бірнеше жылға жалғасып келеді. Егер осы бағытта жалғастыра беретін болсақ, бұдан ештеңе шықпайтыны мен үшін анық болып тұр.

Осы істің басы-қасында жүргендер бұл мәселені тіпті мүлдем түсінбейді десем маған ренжімейтін шығар деген ойдамын. Олар тек тапсырма мен міндеттерді орындауға дағдыланған. «Дұрыс әрі уақытында» орындайды. Бәлкім, тегін де емес шығар. Менің ойымша, бұл оларға ұнай бастаған сияқты. Оларға неғұрлым ұнаған сайын қоғам оны қабылдамай жатыр. Жоғарыдан ұсынылған әліпби нұсқаларын талқылау осының бәрін айқын көрсетті...

- Расында да, өте күрделі әрі көпшілікті толғандыратын тіл мәселесі бойынша неге ресми болжамыңызды жасамасқа? Өйткені қазақ жазуы оң жақтағыларға да, сол жақтағыларға да, қазақтарға да, орыс тілділерге де қатысты емес пе?! Дәрежелері әртүрлі шенеуніктер «еститін құлағы бар мемлекет» құрып жатырмыз деп иландырады ғой бізді, сондықтан еліміздің азаматтары әлемнің барлық түркі тілдеріне арналған бірыңғай латын әліпбиінің баяғыдан бар екенін білуі тиіс қой. Айтпақшы, ол әліпби қандай?

- Ол өте қарапайым:

Онда барлық түркі тілдерінде кездесетін 34 дыбысқа арналған 34 таңбасы бар. Ол біреулерге ұнаса, біреулерге ұнамауы мүмкін. Бірақ мәселе мұнда емес! Ең бастысы – бұл қазіргі замандағы 20-дан аса түркі елдері тілші ғалымдарының шоғырланған әрі құжатталған пікірі. Әр халық осы әліпбиден тілде қанша дыбыс болса, сонша таңба ала алады. Азырақ алуға болады, бірақ бұл саннан асып кетуге болмайды.

Мысалы, түріктер осы тізімдегі әріптің небәрі 29-ын пайдаланады. Бізге 28 таңбадан артық алуға болмайды, өйткені қазақ тілінде одан артық дыбыс жоқ. Әдетте, дыбысқа қарағанда әріпті азырақ пайдаланады. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілі әліпбиінде небәрі 24 әріп болатын. Оның мәні мынада – осы әліпбиді қолданатын болсақ, бір-бірімізді түсінісе аламыз, әлемнің барлық түркі тілдеріндегі әдебиетті еркін оқи аламыз. Оның зияны жоқ. Ал пайдасы – көл-көсір. Айта кетейін, Ә ә жазылуын әзірбайжандықтар мен татарлар өздеріне «сұрап алған». Оларда бұл дыбыс жиі жұмсалады, мысалы, «мемлекет» немесе «әдебиет» деген сөздерінің барлық буынында қолданылады. Біз оларды қазақша жаздық. Ал оларда бұл «мәмләкәт» және «әдәбийәт» деп жазылар еді. Осы халық өкілдерінің түсіндіруі бойынша, умлауттың әсіресе екі нүкте жазуы кезінде шаршататын көрінеді... Басқа халықтар дәстүрлі умлаутты пайдалана беруіне болады.

Ал билікке ресми жүгінуге қатысты айтарым, бір-екі күн бұрын мемлекет басшысына осындай ресми хат жолдадым. Қасым-Жомарт Кемелұлы қажетті шаралар қабылдайды деп сенемін. Бұл мәселедегі оның парасатты әрі ақылға салынған шешімдері маған қатты ұнайды. Қорыта айтарым, әліпбиді өзгерту бойынша өз пікірімде қаламын. Ал латын әлемге шығу үшін, болашақта біздің олардан үйренуімізге көмектеседі. Ал біз өзіміз өмір сүріп жатқан ортамызбен және мәдени тарихымызбен байланысты үзбеуі үшін жас ұрпағымыз кирил әліпиін де, латын әліпбиін де білуі және пайдалануы қажет деген ойдамын.

Abai.kz

41 пікір