Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Анық 4674 1 пікір 13 Қараша, 2020 сағат 13:31

Із кесу өнері қазақтың қанында бар...

Тылсым дүниемен тілдесу құдіреті жаратушының ерекше сыйы екендігі анық. Айналадағы құбылыстарға, жан-жануарлардың қылықтарына қарап алдағы күндерге болжам айту біздің қандастарымызға тән қасиет еді десек артық мақтаншылық болмас. Әсіресе, ұлы даланы армансыз шарлаған ата- бабамыз ертеңгі ауа райын қалай дәл айта алады десеңізші?! 

«Пау, шіркін! - дер еді сырттағы қарды сықырлата үйге кірген атамыз, - Аспан шайдай ашық, жұлдыздар жыпырлап жайнапты, ертеңгі аязың қысайын деп тұр, малды ауылдан оншалықты ұзатпаңдар! Айтқанындай-ақ, ертеңіне қаһарлы қыстың суығы бетті қарып тұрар еді. Немесе, малсақ кісі: «Қарғалар қардың үстінде топтана қаздаңдап кетті, ұзамай күн ашылып жылына бастайды», деп ескертуінің айнақатасыз дәл келуіне не дейсіз?!

Кешкілік қораға қамалған қойлар бір-бірімен сүзісе бастаса, ертеңіне ұйтқыған жел тұрады деген сөз. Көнекөздердің сол айтқаны қолмен қойғандай дәл келетініне қайран қаласың. Иттер қарға аунап ойнаса, жақын арада боран соғатынының белгісі. Ала қанат сауысқаның да пәле, олар да қарап жүрмей, жөн көрсетеуге әуес. Егер олар бұтаққа отырып алып, қанаттарын қаққыласа - көп ұзамай күн жылынады.

Қазақтың, «Ай қораланса-айырыңды сайла, күн қораланса-күрегіңді сайла!» Дейтіндері ше... Әуелгісі - қорадан шыға алмаған малға шөп шашасың дегені болса, кейінгісі - ыбылыңқы- сыбылыңқы болады, қора күреуге дайын отыр, дегенге саяды. Бұл біздің сонау жастау кезімізде мал қыстату және қой төлдету науқаны сақпанға аракідік барған кезіміздегі құлағымызда қалғаны. Ал өмір бойы мал соңында жүрген кісілер мұндайдың бірнешеуін мысалға келтірер еді. 

Сөзіміздің біссімілләсін осылай бастағанымызбен, түпкі ойымызда қазақтың тағы бір ерекше қасиеті - із кесу өнері жайлы тарқата айту тұрған болатын. Олай болса әңгіме әуенін солай қарай ойыстырып көрелік. Қазақтың ат үстіндегі өнері, жауынгерлік қасиеті, ел басына күн туған кездердегі ерлігі секілді жапан далада жүріп өткен тіршілік иесінің өзін көрмей тұрып-ақ, ізін шығарып, оның мінез-құлқын, харекетін дәл болжауы ата-бабамыздың қанымен келе жатқан ерекшеліктердің бірі. Әй, қайдам басқа халықтар бұл өнерді дәл қазақтардай меңгермеген шығар. 

Қызылдың құмында Жәлел Парманов деген көкеміз кеңшардың қойын бақты. Бақты деген аты, әйтпесе, күн ұзаққа мал соңында жүрген емес, жамбастай жатып, Жұмаш апамыздың шәйін сораптар еді, керегеден саумалдай сусылдаған самалға құлағы тосып қойып, тыңдаушысы келіссе, хисса, аңыздарды нәшіне келтіріп баяндар еді.

Қой қырқымы кезінде немесе шопанның үлкен ұлы, сыныптасымыз Камалға еріп Жәукім не Ұялыдағы жайлауына барып қаламыз, бұл сондағы көңілде қалғандары ғой. Камалдың Күләшқа енді үйленген кезі, отау үй маңынан ұзауға оншалықты құлықты емес, сондықтан малға қатысты шаруалар ағаның онан кейінгі баласы Қалдыбайға артылады.

Малды өргізіп жібергеннен соң екі күн әлде, үшінші күні өткесін Жәлекең ертесімен құм төбесіне көтеріліп, айналаны шолып тұрады. Тың тыңдайды, сексеуіл басының тербелгеніне, шөптерге қарайды. Бір кезде: «Қалдыбай, –дейді ортаншы ұлға қарап, - Мал «Сәуленің» бергі жағындағы тақырға беттеді-ау, деймін. Шауып барып бетін бері бұр, сәскеге дейін суға құласын. Мен құдық моторын оталдыра берейін!» – Дейтін.

Десе дегендей, сәске кезінде бір отар қой шаң көтеріп, суға қарай шұбатылып келе жатады. Қиядағыны қиялымен шалар шопанның зеректігі, із кесе білуінің арқасында мал айтқан уақытында түп-түгел суатта тұрады. Сонда малдың жайылып, өріс ауыстыратын аумағы шопан отырған жерден оншақты шақырымның айналасы. Осы күні ойласам ит-құстың құмға үйір болмаған тыныш кезі екен-ау, сол мезет.

Түстен кейін мал саналып, ақсақ-тоқсағы болса емделіп, тағы да отар Жәлекең нұсқаған тұсқа қарай айдап салынады. Осындай әркетпен бірде - бір бас малы шығынға ұшырамай, төлін егізден алып сол Жәлекең озаттар қатарында жүретін-ді. 

Сол ауылда Мырзан Кенжесариев деген де шопан еңбек етті. Ол кісінің де ізшілдігі елдің аузында жүретін. Малы бөлінген қойшы оған қолқа салып, жататын-ды. Ат үстінде айналаны шолып жүріп, көп кісінің жоғын тауып беріп, алғысқа кенелген адам. Міне, із кесе білудің артықшылығы. Бәрін айт та, бірін айт демекші, «Түркістан» кеңшарындағы №2 фермадағы шопанның бірі  Бейсен Төлеубековтің ізшілдігі мен аңшылығы бәрінен де асып түседі. 

«Бірде, –дейді Қызылқұмның түкпір-түкпірін армансыз шарлаған шопырлардың бірі Тобағабыл, – Зил-157-мен құм жолымен келе жатқанбыз. Бет алысымыз «Жауғашты» жақ. Түн іші. Кабинада мызғып келе жатқан Бейсен бір кезде көзін аша сала айналаға қарады да, «Ана шоқ сексеуілге қарай машинаны бұр!» деді бұйыра сөйлеп. Жерге түсе салысымен етігінің тұмсығымен түрткілеп жүріп, қараңғыда шам жарығымен бір нәрсені тауып алды да, «Былтыр осы жерде ұмыт қалдырған бәкім еді», дейді жайбарақат. Тобекең осылай деп серігін дәріптеді. Басқалар да Бейсеннің ізшілдігі мен жершілдігін жыр етіп айтады. Жақсы мағынасында. 

Естігеніңіз десең, естігенін, көргеніңізді айт десең көргенін әсерлі айтатын көнекөздің бірі Сәрсенбек Байжанов. Шиелінің Нартай Бекежанов ауылының тұрғыны, тоқсанның сегізіндегі майдангер қария. Зерделі де, зейінді кісі. Әлі бақуат, айналаның той-жиынынан әлі қалыс қалып көрген жоқ. Тірі шежіре десек жаңылыса қоймаймыз. Жоғарыда өзіміз тілге тиек етіп отырған із кесу туралы ол кісі мынандай қызықты әңгіме айтып берді. 

–1942 жылы Кеңес әскерінің бір полкі Саратов облысы, Новоникольский селосының маңында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатты. Онан әрі майдан даласы да қашық емес. Соңғы дайындықтар өту үстінде. Жоғарыдан бұйрық келсе, ерекше дайындықтан өткен бұл әскери құрама қанды шайқасқа кірісіп кетуі керек. Әне-міне деп күтіп жатқан күндердің бірінде осы полкке жуырда ғана сырттан ауысып келген үш жауынгер бұқпантайлап қашып кетіпті. Масқара! Шұғыл түрде дабыл берілді. Бар солдат әлгі қашқындарды іздеумен әлек. Түстен кейін полк түгелдей сапқа тұрғызылып, ерекше бөлімнің офицері сөз сөйледі. Қашқын солдаттардың бұл қылығы  сатқындықпен бірдей екендігін айтқан ол қорқақтарды қалайда тауып ұстау керектігін қайталады. Бір кезде ол: – Араларыңда қазақ ұлтынан жауынгерлер болса, бір адым алға шықсын! – деп әмір етті. Отызшақты солдат екі адым алға шықтық – Міне, –деді сонда офицер – мен Қазақстанда өскенмін. Қазақтар батыл да, әбжіл болады. Батыр ұрпақ! – енді бейбіт күндері мал баққан кісі болса әлі де бір адым алға шықсын! – деп тағы талап етті. 

Бір жігіт соғысқа дейін колхоздың жылқысын баққан екен, соны бөліп алып қалды да, оған қашқындардың ізін кесіп, соңына түсуге тапсырма берді. Жанына бір офицер мен 5 солдатты қосты, – бұл қалайда табады, –деді ол сенімді үнмен, – ал қалғандарың күнделікті өз шаруаларыңмен шұғылдана беріңдер!

Айтқанындай-ақ, үшінші тәулікте әлгі қашқындарды ұстап, әскери бөлімге сүмеңдетіп алып келді. Волга өзенін салмен кесіп өтіп, Нарынның құмына сіңіп кетуге бет алған тұста қолға түсіріпті. Жылқышы болған бауырымыз айналаны шарлап жүріп, ізін шығарған ғой. «Өзеннен ары өтеміз, сол маңдағы қалың қамыс арасын байқап көрелік», дейді ол. Босқа сандалмай дереу ізге түскен қуғыншылар қашқындарды тап бастырмапты. Із кескен қазақ жауынгерге сап алдында алғыс жариялап, қашқындарды жазалауға штабқа алып кетті,- дейді Сәрсекең әңгімені қоздата түсіп. 

Екінші әңгімесі мынау еді: Соғыстан кейінгі кезең. Нақтысы 1949 жылдың мамыр айының үшінші жұлдызы. Күн шайдай ашық, үп еткен жел жоқ. Жұпар шашқан таза ауа адамның көңіліне желік кіргізіп, айналаға шаттық көзбен қаратады. Салт атты екі кісі Қаратауға қарай бет түзеп келеді. Мініс аттарын сипай қамшылап, жайбарақат әңгімелесіп келеді.

Тау арасындағы Сауысқандық деген жерде малшы қыстауы бар. Онда көктемгі қой қырқымы өткізіледі. Бұл кісілердің бағыты осылай қарай. Қырықтың қырқасындағы мұртты кісі ферма бастығы Сыздық Нұркеев болса, ал оның  жанындағы серігі, біздің әңгімешіл көкеміз кешегі майдангер жауынгер Сәрсенбек Байжанов болатын. 

Алдарынан тауға қарай иреледеген үлкен жолдың қиылысынан бір топ малдың шұбырынды ізі ұшырасты. Сыздық әңгімесін доғарып, ат үстінен еңкейе жолға көз салды. Қадала қарап, келе жатты да қайта түзеліп, ер үстіне нықтала отырды. Сонан соң серігіне қарап, – Бір топ уақ мал секілді. Арасында серкесі бар және ешкі мен лағы аралас жүр, –деді ақырын ғана. Әрине оның бұл сөзінен жанындағы жас серігі ештеңені бажайлай алмаған болатын. Өйткені, жол үстіндегі мал ізінен басқа бұл маңда көзге шалынатын ештеңе көрінетін емес. ешқандай бөтен дыбыс та естілмейді. Сонда, қайдағы серке, қайдағы ешкіні айтып тұр?!

– Мына кісі малды жая, асықпай айдап барады. Осысына қарағанда алдағы қыстауға түнеп өтуді көздеп келеді-ау. Өйткені, жолай кезіккен тақыр жерлерді айналып өтіп, шөптесін жерлерді қолайлапты. Сыздық тағы да таңқаларлық сөз айтып, аңғарғыштығын сездірді. Сәрсенбек те енді ептеп сөз жобасын байқағандай. Бұл кісіңіз ізден іс шығаратын білікті адам көрінеді. Серігінің әуесі кеткенін байқаған ферма бастық сөзін ары қарай жалғады. Тағы да адам таңқаларлық тың ойларын сыртқа шығарды. 

–Еһе, түсінікті! Үш ешкі, жеті лағы бар. Өзің де назар салып байқашы, қозының тұяғы айыр болса, лақтың іздері қосылып түседі. Сонысынан малдың басын санап білдім. Ал артына ерткен итінің құйрығы кесілген екен. Анау, шоқиып отырған орынына қарашы, құйрықтың ізі шолтиып жатқан жоқ па? Сыздық тап көріпкелдей көсіліп сөйлейді. Үнсіз бас шұлғи беру де серіктікке жатпайтын ерсілеу қылық көрінді де Сәкең амалсыз, сауал тастады. 

–Мал айдап келе жатқан кісіміз, ер адам ба әлде әйел ме?  Ол осылай деді де,  серігіне сынай қарады. 

–Ер кісі болуы керек. Өйткені жеңіл дәретке шыққанында бір тізерлеп отырыпты. Және де кесекпен тазаланыпты. Соған қарағанда егде тартып қалған адам болуы керек. Бұл пайымы тіптен таң қалдырды. Айтқанының бәрі де ауыл адамының тіршілігіне сай келетін нәрселер секілді. Сөйтті де жол бастаушы жасы үлкен серігіне қарай еміне түсті. Ол да жолдан көз алмаған күйі өз болжамын жалғастыра берді. 

–Мінген аты құнан ба деп келемін. Оны білгің келсе, зәр тастаған орнына қара! Есіңде болсын, еркек жылқы сигенде бауырына қарай, ал ұрғашы мал арт жағына қарай шаптырады. Мынаныкі алға қарай созылған, демек еркек мал.  Өзі ерігіп тұрған күшті жылқы  болса керек. Себебі, шаптырған зәрі бас тұсына жетіп тоқтапты...

–Ал құнан екендігін қайдан білдіңіз?

–Е бала, тұяқтың түсісіне қара! Дөңгеленіп  қалыпты, әлі тозбаған жас малдың тұяғы. Көлемі соны меңзейді. Ал мына қызықты қара, малдың ішінде бір семіз ісек кетіп барады. Малды иіргенде ол тұрып зәр тастағандығын аңғардым. Және де ізі өзгелерге қарағанда тереңірек, батыңқы көрінді. Яғни, салмағы бар, жем сіңді болған мал. 

– Япырмай, сіз нағыз көріпкел болдыңыз ғой!

– Көріпкелдік бізге қайда! Мал арасында өскеннен бергі тәжірибе емес пе. Мал айдаған кісіміздің қолында ұзын құрығы бар, онысы кейде ат ізін сызса, кейде, жол шетіне қадалып барып сүйретіліпті. Тағы бір аңғарғаным, жолаушының үстінде ұзын шекпені бар. Оны әлгі сыртқа шыққан жеріндегі құмшауытты сызып кеткендігінен байқадым. 

Жолаушылар осылай өз долбарларын жасай әңгімелесе жүріп, кештете Қарабұлақ деген жерге келгенінде, малшы қорасының жанында кісінеп тұрған қара құнанды көрді. Оның жанында құйрығы кесілген қара төбет жатыр. Анадай жерды уақ мал иіріліпті. 

–Көке, болжамдарыңыз дәл шыққан секілді. Жолаушының жастауы осылай үн қатты. Ана кісі ләм-лим дей қоймады. Бәрі де күнделікті қалыпты оқиға секілді ме. 

Айтқанындай, уақ мал ішінен семіз ісек, үш ешкі, жеті лақ бірден көзге шалынды. Үйдің іргесіне құба талдан қиылған ұзын құрық та сүйеліпті. Күн шуақта мал егесі де дамылдап отырыпты. Ол аудан орталығындағы интернатта қарауыл болып істейтін Есет Есімов деген кісі еді. Үстіндегі теміржолшылардың  қара шинелі де Сәрсенбектің көзіне оттай басылды. Әлгі етегі ұзын киім деген нақ осы еді.  Оны жолаушылар жазбай таныды. Барып сәлемдесті, жөн сұрасты. Қолдағы азғана малын көгін алсын деп осы маңдағы жекжатына қосуға айдап бара жатқан беті көрінеді.   

Сәрсекең жол бойы әңгімеге қарқ қылып, қай нәрсені де қалт жібермеген Сыздық ағасына таңырқай қарады. «Япыр-ай, осындай да, із кескіш, зерек  адам болады екен-ау!» Деп таңдайын қаға берді. 

Иә, жоғарыдағы оқиғалар өмірде болған жағдай, көзі тірі куәміз ортамыз да жүр. Олардан әлі де талай әңгімеге, шежірелерге  қанығамыз деп ойлаймын. Бұл мақаламызды осылай түйіндей келе, біздің қазақ осындай пайымдылығымен, парасаттылығымен ерекше жаратылған халық деп мақтанышпен айта аламыз. Із кесу өнері - қазақтың қанында бар қасиет екендігіне сене беріңіз.

Нұрмахан Елтай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525