Мемлекеттік тілді заңды талап ету – ешқандай қылмысқа жатпайды!
Жақында, 2025 жылы 13 қарашада Алматыда мекеме басшысына мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен Мирболат Мырзатайұлы Бишуиновты Алматы каласы Медеу ауданынын, №2 аудандык соты ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасауға кінәлі деп санап, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кескен еді.
Алдында екі ай бұрын Мирболат Бишуиновты Талғар тас жолында құқық органдары ұстап, туыстарына хабар бермей екі ай мерзімге қамауға алған болатын.
Соттың бұл шешіміне наразы болған көптеген қоғам қайраткерлері мен өнер қайраткерлері өз қарсылықтарын әлеуметтік желіде көрсетуде.
Ал Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне, депутат Қазыбек Исаға Қазақстан Республикасының 261 азаматының атынан ұжымдық өтініш хат осымен екінші рет келіп түсіп отыр.
Қазыбек Иса осымен екінші рет ҚР Бас Прокуроры Б.Н.Асыловқа депутаттық хат жолдап отыр. Төменде парламентке келген 261 адамның өтініші мен Бас прокурорға жазылған хатты жариялап отырмыз.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЗАҢДЫ ТАЛАП ЕТКЕНІ ҮШІН СОТТАУ – ЕШҚАНДАЙ ЗАҢНАМАДА ЖОҚ!
ҚР Бас Прокуроры
Б.Н.Асыловқа
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне, Қазақстан Республикасының 260 азаматының атынан Алматы қаласының тұрғыны Бишуинова Гүлшат Тоқтасынқызы бастаған ұжымдық өтініш хаты екінші рет келіп түсіп отыр.
Автор, Бишуинов Мирболат Мырзатайұлына 13.11.2025 жылы Алматы каласы Медеу ауданынын, №2 аудандык соты судья Ж.А. Мұхамбетжанның төрағалық етуімен, №1-402-25 іс бойынша Үкім шыққан. Үкім бойынша, Мирболат Мырзатайұлы Бишуиновты ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасауға кінәлі деп табылып, оған аталған бап бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. Бишуиновты 02.09.2025 жылы Талғар тас жолында құқық органдарымен ұстап, туыстарына хабар бермей екі ай мерзімге қамауға алған болатын.
260 адам үкіммен келіспей, Мирболат Бишуинов ешкімді балағаттап, еш біреудің ар-намысына тиетіндей әрекет жасамады деп хат жолдап отыр. Сонымен қатар, Бишуиновтың кәмелет жасқа толмаған екі баласының барын, 8 жастағы бір баласы сөйлеу кемістігіне байланысты арнайы мектеп-интернатта оқитыны жайлы барлық мағлұматты сотқа берген. Сотта филология ғылымдарының кандидаты Таусоғарова Аяужан Қайратқызының сараптамасы мен Қайыржанов Абай Қайыржанұлы - филология ғылымдарыньң докторы ғылыми дәрежесі бар жетекші маман-филолог, психолингвисттің сараптамаларын каралмағанын жеткізіп отыр. М.Бишуиновтың, заң бойынша белгіленген жоғары радиациялык аймақ Аякөз қаласында туып, Семей ядролық сынақтары салдарынан зардап шегіп, басында киста барын және сол жақ мойын тамыры (артерия) 50 %-ға бітеліп, инсульт алу қаупі барын және басқа да көптеген созылмалы ауыруының барын қосымша жеткізіп отыр.
Егер, тіл туралы заңды талап еткен азаматтарды осындай жаламен соттай беретін болса, ҚР кез келген азаматын соттап жіберуге болатынын жеткізіп, бейнені алып тастауға да дайын екенін жасырмай айтып отыр.
Иә, 260 адам қол қойған хатта дұрыс айтылғандай, Бишуинов Мирболат Мырзатайұлының әрекетінде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ деп санаймыз.
1.Аталмыш видеодағы М.Бишиуновтың сөзінде ешқандай ҚР ҚК-нің 174-бабының 1 тармағын қолданатындай қылмысты сөз жоқ. Ешбір тілге, ұлтқа тіл тигізбей, тіл туралы заңды талап етіп отыр. Мемлекеттік тілді заңды талап ету – ешқандай қылмысқа жатпайды! Мемлекеттік тілді заңды талап еткені үшін соттау – Қазақстан Республикасының ешқандай заңнамасында жоқ!
2.Бишуинов Мирболат Мырзатайұлына қатысты қылмыстық істі мұқият тексеруді; ұсталу барысындағы заң бұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды; ҚР ҚК-нің 174-бабын орынсыз қолдану фактісіне құқықтық баға беруді; Азаматтық құқықтарының бұзылуына жол бермеуді талап етіп отырған 260 азаматтың хатын орынды деп санап, сіздерге жолдаймыз.
Осыған орай, біздің тарапымыздан туындап отырған басты сұрақ - ешбір тілге, ұлтқа тіл тигізбей, тіл туралы заңды талап етіп қойылған сұраққа бола патриот азаматтарға ҚР ҚК 174 бабын қолданып, қылмыстық іс қозғап, соттай беретін болса, мұның арты не болады?!
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Осыған байланысты, Сізге екінші рет жолданып отырған аталған мәселені ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» қағидасы атына сай еліміздің заңдылықты қадағалаушы Бас Прокуроры ретінде заң шеңберіңде жан жақты қарастырып, әділдік орнауы үшін тиісті шара қолдануыңызды және нәтижесі туралы хат иесіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.
Құрметпен,
Депутат Қазыбек Иса
Abai.kz