Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ғылым-білім 7002 38 пікір 15 Қараша, 2020 сағат 23:58

Бізге өзі білім керек пе?

Қашықтан білім алудың кесірінен білім сапасы өте төмен деңгейге түсті. Қашықтан оқу оқушыны да, мұғалімді де қажытты.

Әлемдік пандемия білім саласына үлкен соққы әкелді, мектеп баладан, бала мектептен айырылды. Жоғары оқу орындары мұрайжайдың кебін киді. Бәрі қаңырап бос тұр. Оқушы ойын алаңында, студент құрлыста, магистр қара жұмыста жүр. Бұның зарбадын болашақта тартамыз ғой деп ұстаз ретінде жүрегім ауырады.

Әлем елдеріне қарасақ, қашықтан оқуды екі айға жеткізбей бәрі өзгертті. Дәл қазір пандемия өршіп тұрған Еуропа, көршіміз Ресей мен Қытай, он миллион адам ауырған АҚШ дәстүрлі білім беру жолымен оқып жатыр.

Германия мен Англияда қатаң карантин, бәрі жабық. Ойын алаңдарынан бастап базарға дейін, кино тетрдан бастап үлкен өндірістерге дейін қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бірақ, тек балабақша мен мектеп ашық. Неге? Себебі, экономикамыз құласа білім-ғылым тірілтеді, білім-ғылым құласа не тірілтеді деген жұрттың тірлігі ол.

Ал, біз ше?

Бізде дәл қазір бәрі ашық. Бассейін де, балалар ойын алаңы да, базары да, тіпті топырлаған тойханалар да ашық. Тойларын жасап, ойынханада ойларына келгенін істеп жүр. Бірақ, мектеп пен университет жабық. Неге? Бізге өзі білім керек пе? Әлде ұрпақтың білімінің төмендігі, халықтың топастығы қажет пе?

Мен түсінбедім.

Балалар қашықтан білім алып жатыр ғой, - деп айта көрмеңіз. Интернеті 5G, 4G елдердің өзі онлайн оқуды сапасыз деп, оқушы үшін тиімсіз деп тоқтатты. Ал, бізде мегаполистің орталығынан сәл алыстасақ, интернет 2G немесе мүлде жоқ. Ал, халықтың әлеуметтік жағдайы баласына жағдай жасауға түгелдей келе бермейді.

WhatsApp-та оқып жүр талай қазақ баласы. Бірақ, білім бар ма? ЖОҚ!

Қашықтан оқудан ірі қалалар онлайн оқуға көшті, бірақ, оған барлық бала қатыса ма? Жоқ. Күні бойы баласының сабағын қадағалауға ата-ананың әлі де, уақыты да жетпейді. Баласы оқымаса да, ата-анасы жұмыста. Дәл қазір онлайн сабаққа әр сыныптың орташа қатысу көрсеткіші 50 пайызға да жетпейді. Шындыққа тура қарасақ дәл солай, 100 қойдан 120 қозы алатын әсіреге барсақ, әрине күллі бала біліммен қамтамасыз етіліп жатыр деп жауырды жаба тоқуға болады. Неге?

Себебі, біріне интернет, біріне телефон, біріне компьютер проблема. Халықтың әлеуеті қашықтан оқуға жетпейді. Ал, компьютер тарату мен планшет үлестіру жыртықты жамап, сапаны арттырмайды.

Мемлекеттің басты байлығы - халық денсаулығы. Иә, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, деннің саулығы, балалардың ауырмағаны бәрінен маңызды. Бірақ, балалар тек мектепке келсе ковид жұғып, білім алса ғана ауыра ма? - деген ойға қаласың біздегі жағдайды көріп отырып.

Себебін талдап көрейік:

- біріншіден, балалардың ойын алаңы, бассейіндер мен спорт кешендері ашық. Сонда онда жүрген адамдар ауырмайды ма?

- екіншіден, балалар есік алдында, көшеде, ойын алаңдарында сыныптастарымен онсыз да кездесіп, қарым қатынаста жүр ғой, сонда тек мектепте кездеспесе ауру тарамай ма?

- үшіншіден, ақылы мектептер, білім беру орталықтары ашық. Мемлекеттік мектептер жабық. Бұны қалай түсінуге болады? Ақша төлеп оқитын жерде ауру жұқпай ма? Бұл қандай логика?

- Магистрлер мен докторанттарға келіп оқуға не кедергі? Әлде олар да карантин талабын сақтауға шамасы келмейтін бала ма? Магистрлерді 10 адамнан бөліп оқытуға, докторантура тобындағы 5 адамды оқытуға карантин талабын сақтауға мүмкіндік жоқ па? Онда 100 адамдық жиналыс, 60 адамдық асар, 30 адамдық ойын сауық өтіп, кітап тұсау кесерлері кесіліп, конференцияда лекторлар көсіліп жатыр ғой, әлде? Ондай жерден ковид қорқып қаша ма?

Тарата берсек, логикаға да, карантиннің талабына да сыймайтын жағдай жеткілікті. Әуел баста осы қашықтан оқуға біздегі орыс тілді қауым біраз қарсылық танытты. Біз әуелгі қатаң карантин кезіндегі үйден шықпаған балаларға қарап, аурудан аман болсын деп, сабыр танытқан едік. Бірақ, қазір карантин талабы да жоқ, білім де жоқ. Оқушы ойын қуып, студент қара жұмыста жүр. Оған қарап отыра беруге, үндемеуге, білім сапасының кетіп бара жатқанына қарап, тыныш отыра алмадым. Айтпаса сөздің атасы өледі.

Иә, бұл өзімнің азаматтық пікірім. Лауазымдық көзқарасым емес екенін ескерте кетейін, себебі, ұжым атынан айтылар ой емес, өзімнің жеке пікірім.

Екі тоқсанды ептеп өткіздік, оқыған бала оқыды, әлі жеткен ата-ана ақылыға сүйреді, жағдайын жасады. Әлі жетпеген ата-ананың баласы не болып жатыр? Қадағалауға, баласының біліміне көңіл бөлуге шамасы жетпейтін ата-ана ше? Әрине, білімнің күйі кетіп, сапасы қашып кетті. Балалар босаңсыған, қызғушылық кеміп, стреске түскен, үйден қажып, қыдырудан шаршаған, БЖБ, ТЖБ - сын біреуден көшіріп, тоқсандығына тоқмейілсіп отырған оқушы көп.

Білім сатылы процесс, бір деңгейі нашар берілсе, бір бөлімі оқылмаса бір өмір зардабын тартады. Бір сыныпта жақсы оқымаған баланың білімін толық қалпына келтіру мүмкін емес. Ол есі дұрыс педагогке түсінікті. Қашықтан оқудан оқушы түгіл мұғалім де қажыды. Сапасыз білімнен сана шаршады.

Иә, бұл мәселені реттейтін, рұқсатын беретін бас санитар мен денсаулық сақтау министрі Цой мырза. Бірақ, Цойдың баласы қалай білім алып жатқанын білмеймін, елдің баласының білімі төмендеп бара жатқаны үшін шырылдап отырмын. Қашықтан оқу келесі тоқсанда тағы жалғасса онда білім саламыз кемі он жылға кері кетеді. Сапа туралы ауыз ашудың өзі өтірік болады.

Бірінші курс студенттері, мектеп бітіретін түлектерге жаным тіптен ашиды. Оқудың, білім алудың қамын қылмасақ, ертең онсыз да мынау білім ғасырында қазақ жұрты елден кенже қалмасын. Бүгінгі ғылым техника, бүгінгі медицина бізде нашар деп өкпелеп жүргенде одан да төмен күйге түспелік.

Иә, денсаулық маңызды деп шулармыз, сол балаңыз есіктен шықпай, өзіңіз өзгелермен қарым қатынас жасамай сақтық шарасында өмір сүріп жүрсеңіз әңгіме басқа. Топырлаған тойға барып, адам лық толы автобусқа отырып, көшедегі көп жұртпен кездесіп жүріп, жоқ, балам ауырады мектепке жібермеймін, - деу жай ғана ақымақтық.

Сақтық керек әрине, бірақ, сақтану тек білім алумен беру процесінен қашуға әкелмеуі керек. Мектеппен университет дәстүрлі білім беруге тездетіп көшіп, білім сапасы қадағалану керек. Бүгінгі білім елдің ертеңгі болашағы.

Аятжан Ахметжанұлы

Abai.kz 

38 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5726