Махтұмқұлы
(Түркі әлемінің ұлы тұлғалары)
Көне түркі әдебиетінен бүгінгі күнге дейін жалғасын жоғалтпаған ұлы мұра бар. Ол әрине, поэзия. Поэзия халықтың егізі, сыңары ғана емес, жақсылыққа бастайтын, жамандықтан қорғайтын, ұлы халық мұрасын насихаттайтын, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін бойтұмары.
Түркі әлемінің ортақ мақтаныштары болып, қазірге дейін мұралары жиналып, зерттеліп, арнайы кітап болып шығып, мектеп оқулықтарына кіріп, есімдері арқылы ұлтты танитын дәрежеге көтерілген ұлы ақын тұлғалар аз емес. Сондай есімдер түрікмен халқының ижадында да жетерлік. Олар тарих безбенінен өткен, өлшенген, сұрыпталған көркем поэзияның үлгісіне айналды.
Махтұмқұлы! Бұл есім Абай, Науаи, Физули, Низами сынды түркі әлемінің көк байрағына айналған ірі ойшыл, дана, ақылгөй, хакім ақындардың қатарында тұрған түркменнің ұлы ақыны, түркі әлемінің ортақ қазынасы, құдіретті поэзияның рухшыл, көркемдік әлемі жоғары ғажайып әдеби үлгілердің бастауына айналған үлкен ақындық мектептің бастауы.
Түрікмен әдебиетінің классигі Махтұмқұлы ХVIII ғасырдың шамамен 1733-1780 жылдары өмір сүрген поэзия алыбы. Оның жанама аты Фраги, яғни «аласталған, кісікиік» деген мағынаны білдіреді.
Қолда бар дерек көздеріне қарағанда ол Хиуадағы Ширғазы ханның медресесінде сауатын ашады. Өйткені осы медреседе Махтұмкұлының әкесі дәріс берген. Өмір жолы айдын шалқар көлдей шалқымаған. Жоқшылық қыр соңынан қалмаған. Бірақ өз мақсатына жету үшін түрлі кәсіппен айналысқан. Күміс зергері болып Шығысты көп аралайды. Ирандықтардың құлдығынан да қашып құтыла алмайды. Бірақ қайда, қандай жағдайда жүрсе де Махтұмқұлы өлеңін жүрегіне тоқыған, халық көп жиналатын орындарда өлеңін оқыған, оны әуендетіп те халық арасына таратуға тырысқан.
Тарих заманды, қоғамды өзгертті. Бірақ он мыңнан астам жолдан тұратын Махтұмқұлы өлеңін ештеңе өшіре де, тарихтан жоя да алмады. Өйткені шын поэзия, халық жүрегіне жеткен поэзияны өшіру мүмкін емес. Осы жырлары арқылы Махтұмқұлы уақытты, қоғамды, заманды жеңіп, өзінің лайықты орнын күллі түркі әлемінің ғана емес, жалпы адамзаттың ортақ құндылығына, асыл қазынасына көтерді.
Сонымен, Махтұмқұлы поэзиясының кәусар бұлағынан қанып ішіп, ақын поэзиясының ерекшелігі, көркемдігі, тарихилығы, адам руханияты, халықтық ұғымның сол дәуірдегі сәулесі туралы өлмес жырларынан суыртпақтап сыр тартып, бағамдап, елеп, екшеп, көрейікші.
Бірден кесіп айтар мәселе Махтұмқұлының араб-парсы өлең өлшемінен бас тартып, халықтың, силлабикалық пішінін таңдап алғанын айтуға тиіспіз. Осы арқылы Махтұмқұлы халыққа жақындап қана қоймай, сол халықтық поэзияның мәртебесін көтерді, дамытты, жаңа түр, жаңа леп әкелді. Осы арқылы ол поэзияның өз өміріндегі алатын орнын айқындады, оны өзіне мәңгілік серік етті. Осылай Махтұмқұлы Түркі поэзиясының тазалығын сақтап қалу үшін жанталаса күресті. Араб-парсылық бәйіттік сарындағы өлеңдерді бірте-бірте түрікмен поэзиясынан тазартуға тырысты. Мұнысы бірден қолдау таппағанымен, Махтұмқұлыша жазатын шәкірттер шоғыры қалыптасты.
Махтұмқұлы өмірі ауыр жағдайда өтті дедік. Меңді деген қызға ғашық болып, үй болуды ойластырады. Бірақ соңынан қалмаған кедейлік қолын байлайды. Қызды әкесі мол қалыңмал алып, басқа біреуге ұзатып жібереді. Сағыныш − өлеңге айналады.
Шарап ішіп шартарапты шарласам,
Ет жүрегім тілім-тілім зарласам.
Көгершіндей таудан-тауға самғасам,
Бәлкім, хабар алар ма екен, жар сенен!
Иә, XVIII ғасыр – түркмен халқының тарихындағы ең ауыр кезең болды. Жан-жақтан түрікмен халқына шабуыл жасалып, елдің берекесін алады. Әсіресе, Иран шахы Надирдің қанды жорығы Түрікмен елін орны толмас ауыр күйзеліске ұшыратты. Махтұмқұлының елді азаттыққа, бірлікке шақырған жырлары осы кезде дүниеге келді.
Махтұмқұлы рулық, тайпалық қауымдастықтың ұлтты біріктіре алмайтынын ашына жазды. Сондықтанда барлық Түрікмендердің басын қосу идеясын әр өлеңінде көтеріп отырды. Халықтық тілді кеңінен қолдануды ұсынды. Мұның бәрі Махтұмқұлыны үстем тап өкілдеріне қарсы қойды. Сондықтан да ол бір өңірде көп тұрақтай алмады. Мұның екінші жағынан пайдасы да болды. Махтұмқұлымен бірге оның өлеңі, оның идеясы бірге жүрді, халық арасында кеңінен тарады. Осылай мұрасы ұмытылмай, жоғалмай, 300-ден астам өлеңі қазір әдеби айналымға түсті. Бұл түптеп келгенде бүгінгі түрікмен поэзиясының алтын қайнары болып есептеледі.
Махтұмқұлы – ойшыл ақын. Ол дүниенің тірегі – халық, оның наным-сенімі, оның қаһары туралы бір сәт ұмытпау керек екендігі жөнінде толғанады. Ол жақсылық пен жамандық, адамдық пен сатқындық, байлық пен кедейшілік, жалпы адамның рухани дүниесінің тазалығы туралы жырлайды. Бұл Махтұмқұлы өлеңдерінің әлеуметтік һәм фәлсафалық ой өрістерін айқын көрсетеді. Ол шендестіру, салыстыру арқылы өмір туралы, ондағы адами қарым-қатынас туралы ғажайып түйіндер жасайды. Сондықтанда қандай жағдай болса да жігіт адам сабыр арқылы бар қиындықтан шыға алады деп, төзімді, қайратты болуға шақырады. Бұған «Сабырлы бол» өлеңі мысал бола алады. Насихат, назира түріндегі бұл өлең ойшылдығымен, тереңдігімен ерекшеленеді.
«Өзінің басын алып жүре алмайтын адаммен дос болғанша, бақытты адамның қызметкері болған артық, қорқақпен дос болып, жерге қарағанша, батыр үйінің құлы болғаның артық» деген ойлар, бүгінгі күнге дейін өзінің рухани құндылығын жойған жоқ.
Сен өзіңді Сүлейменге теңейсің бе? Онда басыңды көкке емес, жорғалаған құмырсқаға аудар. Жомарттықпен атыңды шығарғың келе ме? Онда халқыңды тойындыр, соққан самалдай, сылдырап аққан бұлақтай бол!
Өлең, көркемдік адамды, қоғамды, түзей ала ма? Әрине, «Халқы бегін, бегі халқын сыйлайтын болса» (Күлтегін) ол ел ұзақ жасайды. Мұны хан да, қараша да ой түбінде ұстауға тиіс.
Махтұмқұлы адам бойындағы жаман әдеттерден арылу жолдарын да өлең жолдарымен өрнектейді.
Адамды құртатын байлыққа табыну
Соған басы айналса, құрығаны ол.
Данышпанмен дос болсаң атың шығар
Сен оның алтын тиыны бол, – деген сөздері Махтұмқұлының жүрек жарды сөзі ғана емес, халқына қалдырған аманаты да.
Махтұмқұлы, сен қанша қан жұтсаң да, соңғы демің шыққанда ғана жер бетінен кетерсің, еркек бол, жайма қолыңды, соңғы сапарға кетерге сабырмен дайын бол, – дейді. Бұдан ақынның пессимистік сарыннан гөрі оптимистік ой-толғамы анық көрінеді. Өмірге келген екенсің, өзіңнің ізіңді қалдыр, халыққа қызмет ет, қарын тойдырғанша, халқыңды оздыр деген ойлар әр шумақтың астарында жатқан алтын көмбе емес пе?!
Ақын нені істеуге болады, неден қашу керек деген фәлсафалық ой-толғамдарын да жыр жолдарымен әдемі көмкереді. Оған «Болмас» деген өлеңін мысалға алуға болады.
Бай шатырда өскен хан баласын, қараша үйге шақырма,
Сиыр баққан бақташыны, жауынгер деп жасақтама.
Бұл да заман, өмір шындығы. Әркім өзіне лайық жұмыспен айналысуы керек.
Батыл жігіт күркіреген күннен қорықпас,
Батыр болу әр жігіттің қолынан келмес.
Шаянның жылжығаны қашқаны емес,
Алтын ұя шаңырағыңды ұмытуға болмайды.
Тар жол, тайғақ кешуден қорықпа,
Алдыңнан ашылар бір есік,
Бұрқынған өзенді бөгеп,
Өлі шөлді суаруға бола ма?
Қандай ойлы, қандай бойды дірілдетер, аталы сөз! Уақыт та, қоғам да, заман да өзгерте алмайтын данышпандық рух осысымен мықты, осысымен халық жадынан шықпайды.
Отқа өртенген Фрагидің жүрегі
Майданда өлгендер түсімнен шықпай жүреді.
Жылаған елде той жасауға бола ма?
Үмітті өлеңмен алдауға оларды енді бола ма?
Махтұмқұлы осындай шенестіру арқылы замана толғауын айтады. Ел бірлігін аңсайды, уақыт билігін мойындайды. Қысқа ғұмырды бос өткізгеннен гөрі, халқыңды бақытқа жеткізер жол іздеу керек деген отты, ойлы жыр айтады. Яғни Махтұмқұлы ақындық арқылы данышпандық, кемеңгерлік, ойшылдық тұлғаға айналған түркі елінің ұлы тұлғаларының бірі.
Ақынды тану үшін оның өлеңдеріне үңілу керек, өлең өрнектеріндегі ақыл-нақыл мен мақалға айналып кеткен ой бағамдарын теріп алу керек. Оны Махтұмқұлыша түсіну, ақынша жүрекке тоқу керек.
Ақынның «Көріңдер» деген өлеңі 44 жолдан тұрады. Өлеңнің әр жолы адам өмір сүруінің кодексі деуге болады. Неден жирену, неге үйрену керек деген салыстырулар арқылы Махтұмқұлы билерше толғанады. Нағыз Азаматты іздеме, қиналғанда өзі бірінші келеді. Өтірікші досты тану үшін, сөзіне қалай берік екенін біл. Жақсы атанған жігітті тану үшін, ер-тоқымын саларда, аттың жонына қара, жалы мен тағаланған тұяғына қара.
Әрі өлең, әрі мақал деп осыны айтпай ма? Әрине мен Махтұмқұлы өлеңінің орысша нұсқасының мазмұнына ғана ой жүгіртіп отырмын. Ал осы жолдарды марқұм Дүйсенбек Қанатбаев ағам қалай аударар еді, шіркін!
Амал не? Түркі әлемінің ұлы тұлғасы Махтұмқұлы жырларының мазмұнымен жұмыс істегеннің өзінде-ақ оның поэзиясының азаматшыл үні, сыншылдығы мен бишілдігі бірден көзге түсетінін қалың оқырман аңғарар деп ойлаймын. Және мұның көбінесе XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген қазақ ақындарымен үндестігі айқын білінеді. Бұл түбі бір түркі әлемінің ортақ мақсаттары, ортақ құндылықтарын көрсетеді.
Шын жігіттің байлығы, тұлпары мен қамшысы
Досы үшін жан берер оттай жанған намысы.
Көріңдерші бай қазаны қандай нән!
Ал одан жеп көрді ме адам – нан?
Ақын ата-баба салты бұзылып, саудагерлер Алланы ұмытып, диханның бидайын арзанға алып, базарда қымбатқа саудалайтынын шенейді. Дін де бұзылып, өмірдің негіздері бытырап шашылып барады, – деп күйінеді ақын жүрек.
Махтұмқұлы жырлары рухымен, халқын, Түркмен еліне деген махаббатымен күшті.
Біліп қой, мен ай секілді мәңгілік шығып тұратын, тәуелсіз менің Түрікмен елімді құрдым, жүрегімде жоқ бір дақ та, Махтұмқұлы елі жасай берер, Алла нұры түссе екен бірақта – деген сияқты өлең жолдарынан Махтұмқұлының елі үшін, халықты оятып, даналық бұлағынан халқы қанып ішуі үшін, бар өмірін арнағанын түйсінеміз. Оны ақынның «Тілегім» деген өлеңінен айқын көреміз.
Өмір – өлім алып кетер,
Өлім – ұйқы мызғымайды,
Қанталаған жаным менің,
Жаңа өмірді сызғылайды.
Фраги тәнін ауру торып,
Өтті өмір ұлысым деп.
Жаным шығып бара жатыр,
Түркменстанға ғашық болып.
О, жалған дүние! Түркі әлеміне «Таңдағы тұман», «Тілегім», «Қашқын», «Аққулар», «Бастау», «Шақыру», «Жарық уақыт», «Елді сағыну», «Түрген», «Өзіңе қара», «Кешір», «Жаныма менің жарық бер», «Күндер», тағы да басқа өлеңдерін мұра еткен Махтұмқұлы уақыттан озып, ғасырлардан ғасырларға жасап келеді. Оның мәңгілік жыры, мәңгілік ғашығы – Түркменстаны егемен ел болды, тәуелсіздік туын тікті. Махтұмқұлы өлеңдері мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламасына енді. Әрі күллі Түркі әлемі поэзиясының алтын қорынан өзінің тиісті биік орнын алды.
Бір кезде:
Қарыққа да келдім ... ойым сайда,
Жаным менің әділетсіздіктен жаралы.
Үмітім үзілді ... жылайды ол да,
Көктен күткен жарық күндерім қайда? – деп күңірене жазған еді.
Махтұмқұлының жарық күндері келген, ол Түркменстан ақындарының алыбы, бүкіл түркі поэзиясының классигі.
Поэзия – Махтұмқұлы, Махтұмқұлы – поэзия!
Уәлихан Қалижан,
ҰҒА ақадемигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz