Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 3317 0 пікір 17 Қараша, 2020 сағат 15:14

Қағаз анықтамаларға қош айтамыз

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Мамин 2021 жылы қағаз анықтамаларды толығымен алып тастау керек екенін айтты. Бұл туралы Primeminister.kz сайты хабарлады. 

«Смартфон қолданушылар саны өсуде, осы ретте мемлекеттік қызметтер мен сервистерді мобильді платформада көрсету қажеттілігі артып отыр. Ең қажетті әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру жұмысын жандандыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov мобайлға ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді тапсырамын. Жалпы 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігі қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Асқар Мамин Мемлекет басшысы зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеуге қатысты процестерді толығымен цифрландыруды тапсырғанын атап өтті.

«Осы жылдың соңына дейін әлеуметтік және еңбек саласында электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 90 пайызға жеткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігіне азаматтарға қажетті электрондық медициналық мәліметтерді беруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Еңбек министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру мен жаңартуды қамтамасыз етуді жүктеймін», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы әкімдер мен мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік сипаттағы қызметтер бойынша жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға назар аударуы қажеттігін баса айтты.

«Сервис пен кері байланыс деңгейін арттыру қажет. Халық қажетті мемлекеттік қызметті кезексіз, артық ешқайда бармай алуы керек. Мысалы, қазір үйлер пайдалануға көптеп тапсырылып жатыр, әртүрлі тұрғын үй бағдарламалары бар. Ипотека алу және кепілге қою механизмін барынша жеңілдету қажет», - деді ол.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысы мен тиімді интеграциясын қамтамасыз етуді, олардың сапасын арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.

«Олар халықтың пайдалануы үшін жеңіл болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы жаңалықтарды түсіндіру жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет»,- деді Асқар Мамин.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415