«Егеменнің» емеурініндегі сөз не?
«Егемен Қазақстан» газетінде «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» деген тақырыпта мәселелі мақала жарық көрді. Мақала авторы, газет тілшісі - Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ мырза.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» деген тақырыпта мәселелі мақала жарық көрді. Мақала авторы, газет тілшісі - Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ мырза.
«Қазақ елінің тәуелсіздік алуы республикадан тысқары жерлерде жүрген отандастарымыздың атажұртқа оралуына кең жол ашты. Егер деректерге жүгінер болсақ, 1991-2011 жылдар аралығында 221,3 мың отбасы немесе 860,4 мың қандастарымыз Қазақстанға келген екен» деп жазады «ЕҚ»-ның тілшісі. Әріптесіміз әлгіндей статистикалық дерекетрді көші-қонға бөлініп жатқан квота көлемімен жалғастыра келіп, Атажұртына оралған ағайындарымыздың Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарына жиі қоныстанатынын тілге тиек етеді де «Оның сыры неде?» деген сұрақ қояды. Оқиық:
«Егер алғашқы жылдары Қазақстанға қоныс аударушылар қатары бірнеше мың отбасын ғана құраса, 2005 жылы иммигранттарға бөлінген квота 15 мың отбасына, ал 2009-2011 жылдары 20 мың отбасына дейін жеткізілді.
Осындай әңгіме үстінде қай мемлекеттерден келгендер көбірек екен деген қызығушылық сауалдың туатыны да заңды. Егер ондай сұраққа жауап іздеп көрер болсақ, оралмандардың 60,5 пайызының Өзбекстаннан, 10,4 пайызының Моңғолиядан, 12,4 пайызының Қытайдан, 7,8 пайызының Түркіменстаннан, 5,3 пайызының Ресейден келгенін атап көрсетер едік. Ал қалған 4 пайыз өзге елдерден келгендерді құрайды.
Елге оралған қандастарымыздың облыстар бойынша орналасуына көз жүгірткен кезде мынадай көріністі байқауға болады. Оралмандардың 24,3 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына, 18,2 пайызы Алматы облысына, 13,3 пайызы Маңғыстау облысына, 7 пайызы Жамбыл облысына қоныстанған. Осы сандарды ой елегінен өткізе отырып Қазақстанды Отаным деп келген бауырларымыздың 60 пайыздан астамының төрт облысқа ғана қоныстанғанын көруге болады. Оның сыры неде?»
Оның сырын «Егемен» былайша түйеді: «Ащы да болса айтайық, елім деп «еңіреп» жеткен бауырларымыздың Қазақстанға Отаным деп емес, осында бұрыннан тұрып жатқан немесе соңғы жылдары көшіп келген ағайын-туғандарын сағалап, күнелту үшін келетіндігін дәлелдейді. Бұл ретте тіпті қыр-соңымыздан қалмай қойған жаны сірі рушылдықтың да қылаң беріп жатқан болуы әбден мүмкін. Әйтпесе қазақ үшін, әсіресе, алыста, жат жұртта жүріп туған елін аңсаған қазақ үшін ұлан-байтақ Қазақстанның кез келген түкпірі Отан емес пе? Жалпы, Отан деген асыл сөзді белгілі бір облыстардың шеңберімен ғана шектеп, мына жер жақсы, мына жер жаман деп, атамекенді алалауға бола ма өзі. Олай болған күнде, ата-бабаларының кіндік қандары тамған қасиетті топырақты аңсап келген бауырларымыздың көксегендері не? Бәлкім олар біз мына Шымкент пен Жамбыл өңірі тәрізді күншуақты аймақтарда қолымызды жылы суға малып отыра берейік, ал ана, ауа райы қытымыр солтүстік пен батыстағылар бұрынғысынша өз күндерін өздері көре берсін деп ойлайтын болар? Олар сол өңірлерге үйренген, олар ата-бабаларынан қалған жерлер, сондықтан ондағылардың тұра беретініне еш күмән да жоқ. Мәселе онда емес, біздің айтпағымыз басқа. Атажұрт деп асығып келген, сағынып келген ағайындарымыз бойларында қазақтың қаны бар екенін, азаматтығын көрсетіп, тізесін енді тіктеп жатқан жас мемлекеттің қолтығынан демеудің орнына, жылы жерге тұмсықтарын сұғып бұғып отыратын болса, ондай қандастардан Қазақстанға не пайда? Елге жандары ашымайтын, келмей жатып талап қоятын қазақтарды шақырып, құшақ жая қарсы алу қаншалықты дұрыс деген сауал да осындайда туындайды. Біз бұл жерде тиесілі квотаны алып, соған сәйкес белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланып, артынша келген жақтарына қайтадан қашып кеткен қазақтар туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз. Ал, ондайлар жетіп-артылады. Міне, туған жерді сағынудың, құрметтеудің бір көрінісі».
Жоғарыдағы жолдардың мазмұнын қайыра баяндап отырудың қажеті шамалы шығар. Алайда, мына бір сұраққа көңіл аударған жөн: «Елге жандары ашымайтын, келмей жатып талап қоятын қазақтарды шақырып, құшақ жая қарсы алу қаншалықты дұрыс?»
Осы сауалды қабырғадан қою арқылы «Егемен Қазақстан» не айтқысы келеді? «Егеменнің» емеурініндегі сөз -- жалпы не сөз өзі?
Бұл арада біз мақала авторын, яғни әріптес ағамыз Сейфолла Шайынғазыны бас салып бәріне кінәлі етуден аулақпыз. Оның үстіне журналистің солтүстік облыстарда жан санының аздығы мен жұмысшы күшіне деген сұраныстың жоғары екендігіне келтірген дәйектерін түсіністікпен қабылдаймыз. Және бір байқағанымыз Шайынғазы мырза «қиындығы қылша шатқалдай» (Асқар Сүлейменов) тақырыпты шиырлап баққан жүрісінде өз ойына өзі қарсы шығып (мақаланың толық нұсқасын оқыған адам қапысыз аңғарады) қара терге түседі. Бірақ, мықты тоқпақ сия сорған жазарманды мылжалап қайда салмаған? Айтқызбасын айтқызып, дегізбесін дегізіп жібереді емес пе? Қысқасы көші-қон саясатына қарсы саясат, қазақтың басы бірігіп, қарасының қалыңдауына қарсы саясат, Жаңаөзендегі қақтығысты «оралмандарға» (ресми пікір) жауып, пәле басы етіп көрсеткен саясат «Елге жандары ашымайтын, келмей жатып талап қоятын қазақтар» турасында «Егемен Қазақстанға» «олар - патриот емес» деген қортынды жасатады. Қараңыз:
«Адамның бойын кернеген зор мақтаныш сезімі келе-келе өз Отанына деген патриоттық сезімге ұласады. Мұның өзі бір жыл, екі жыл емес, ұзақ уақыттарға созылатын үдеріс. Әрине, мұндай қасиетті бойға сіңіру үшін адам өзінің туған елінде тұрып, өз халқымен қоян-қолтық өмір сүруі тиіс. Жай ғана өмір сүріп қоймай, сол елдің ыстық-суығын сол елде тұратын халықпен бірдей көруі керек. Осылайша елмен біте қайнасқан адам ғана сол елдің патриоты болуға қабілетті. Ал өмір бойы сыртта жүрген адамдар туралы олай деп айту қиынырақ. Қазақта «Тапқан әке емес, баққан әке» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы адам қай жерде, кімнің қолында өссе, оған сол жер мен сол адам ыстық болады дегенді білдіреді» (мақаланың толық нұсқасын мына сілтемеден тауып оқи аласыздар: http://www.egemen.kz/326629.html ).
«Абай-ақпарат»