Елорда жастары жалдамалы баспанаға өтінімді қалай бере алады
1-6 желтоқсан аралығында елорданың жұмысшы жастарына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге өтініштер қабылданады.
Бағдарламаға қатысу үшін https://qatysu.zhilfond.kz/index.php порталы арқылы өтініш беруге болады.
«Өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет, өйткені өтінімдер тек онлайн режимде қабылданады. Барлық анықтамалар мен құжаттар жаңа болып, өтініш берген кезде алынуы керек», - дейді Нұр-Сұлтан тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы Арманай Оңғарбаева.
Өтініш берушілердің барлық құжаттары мен анықтамалары бір сканерленген файлға тіркелуі керек. Өтініш бергеннен кейін оның мәртебесі туралы SMS хабарлама келеді. Өтініш беруші бағдарлама шарттарына сәйкес келсе және толық тізімін ұсынса, өтінім қабылданады. Егер өтініш беруші құжаттары толық болмаса, түзету қажеттігі хабарланады. Ал егер үміткер бағдарламаның шарттарын орындамаса, бас тарту туралы хабарлама келеді.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспананы алушылар тізімі zhilfond.kz сайтында жарияланады. Осы бағдарламаға қатысты барлық сұрақтар бойынша 109 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін төтенше жағдай және карантин режимі кезінде өтініш берушілердің табысы азайып, олар 42 500 теңге алған болса, бұл мәселенің ескерілетіні хабарланған еді. Ол үшін осы жәрдемақы есептелген картаның шотынан үзінді-көшірмені қосу қажет.
Іріктеу баллдық жүйеге негізделеді. Ұпайлар отбасы, балалары, жеке кәсіптері, мемлекеттік қызметте немесе бюджеттік ұйымда жұмыс істегені үшін беріледі. Сертификаттар, марапаттар секілді жеке жетістіктер де ескеріледі.
Соңғы екі жылда меншігінде тұрғын үйі болмаған және тұрақты тіркеуі бар 29 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары жалға берілетін баспанаға өтініш бере алады. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар мен балалардың мүлкі болмауы керек. Өтініш берушілердің ресми кірісі 40 АЕК немесе соңғы алты айда 111 120 теңгені құрауы керек.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Abai.kz