Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3936 0 пікір 8 Ақпан, 2012 сағат 04:53

Асан Омаров. Абай ашқан қоғамдық келісім заңы

«Ақын жолы халық жолымен
қабыса табысқан шақта оның өзіне
өлім жоқ, сөзіне заман-дәурен шегі жоқ»
.
Мұхтар Әуезов

«Ақын жолы халық жолымен
қабыса табысқан шақта оның өзіне
өлім жоқ, сөзіне заман-дәурен шегі жоқ»
.
Мұхтар Әуезов

Елімізде дінді танып білуге деген талпыныс күннен күнге артып, дін рухани өмірдің құбыласына айналуда. Сонымен қатар, еліміздегі діни ахуал   жұртшылықты қатты алаңдатып отыр. Құлшылық қылудың мәнісін біле алмай, ол аздай, шын дін қайсы, шатақ дін қайсы екенін де айыра алмай дағдарған хәлдеміз. Бұл факті бізге исламның рухани әлеміне тереңдеп барудың уақыты жеткенін аңдатуға тиісті.
Бірақ рухани кеңістіктегі құндылықтардың ең бастылары қайсы? Мұны біліп алмаған жағдайда ашық мұхитқа компассыз шыққан кеме сияқты адасу оңай. Сондықтан біз бұл мәселе бойынша ұлы Абайға жүгінбекпіз. Қазақ қоғамының ой-санасы қалыптасуына және дұрыс бағдар-бағытын табуына хакім Абайдың тигізген әсері өлшеусіз екендігіне кім талас жоқ.
Біле білсек, қоғамдық санамыз толысуының дәл қазіргі шағында Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-қарасөз) атты трактатының орны бөлек. Неге десеңіз, онда ғұлама өзінің Алланың сипаттары, адам баласының болмысы, иман, ғибадат, сопылық пен хакімдіктің табиғаты, пенденің тура жолы, діннің хақ мағрифаты, қоғамның даму заңдылығы  т.с.с сан жылдар толғандырған тарам-тарам танымдарын қорытындылап, олардың соңғы нүктесін қойған болатын.  Бірақ, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, осынау даналық танымдар назарға ілінбей-ақ келеді (әттең дүние-ай, егерде қазақ кәрі-жасы түгел әлемге, дінге Абайдың көзімен қарауды үйренуді талап қылса, онда бүгінгі рухани қуаңдықтың иісі де болмас еді-ау).   
Жә, Абай ашқан келісім заңы кәне? Ол үшін жаңа аталған Абайдың трактатына, яғни 38-қарасөзге көз тігелік. Дін білімінің шыңы - теология, Тәңіріні тану. Сондықтан данышпан алдымен Тәңірінің сипаттары мен есімдерін аса қиын сырлы тәсілмен зерттей келе, бір жүйеге салады. Ақырғы нәтижесінде: «Сенде бұл ғылым, рахым, ғаделет үш сипатпенен сипаттанбақ» деп қорытады. Шын мәнінде бүкіл адамзаттық ақыл-ойдың шыңы болып табылатын керемет жаңалық осы тезисте тұр, құрметті оқырман!
Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін бұл тезистегі үш сипатты анықтау үшін ұлы Абайдың қаншама ой еңбегін сарп еткені бір Аллаға ғана аян. Біз айтып отырған қоғамдық келісімнің (дамудың да) құдіретті формуласы міне осы.
Енді бұл Абай ашқан таңдай қағарлық ғажайып жаңалық болып табылады деген пайымды дәлелдеу үшін үш сипатқа рет-ретімен келейік.
Кез келген жасампаз еңбек «ғылым» ұғымы аясына кіреді.  Сол себепті адамзатты тас дәуірде мәңгі қалудан құтқарған нәрсе - ғылым екені талассыз нәрсе.  Соңғы ғасырларда ислам елдерінің прогресс көшінен шет қалуы, Еуропаның ойқастап озып қара үзуі, осы заманғы кейбір елдердің алға шығуы сияқты құбылыстарға да «кінәлі» жалғыз ғылым-құдірет. Қоғам дамуының, жалпы өркениеттің басты көрсеткіші - ғылым-білім деуімізге бұлардан артық дәлел бола ма?
«Адамды ерекше ақыл иесі қылып жараттық» деген Құран аяты да адамды адам қылған керемет - ғылым деуімізге дәлел. Өйткені, «ақыл - ғылымның бір аты» (Абай). Тіршіліктің рухани-материалдық жағы, оның ішінде ғылымды дамыту, сөз жоқ, ақылдың ісі. Абай айтқан «дүние де өзі, мал да өзі», «ғылым - Алланың бір сипаты», «ғылым - һаммаға харекет беретұғын өзі», «біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз, малменен ғылымды кәсіп қылмақпыз» деген аят-хадистей айқын тезистер соның дәлелі.
Ғылым - адамзат дамуының сара жолы деген бұрыннан мәлім ақиқатты  неге біз Абайға теліп, қазақ данышпаны ашқан жаңалық деуге бейілміз. Өйткені, Абай ғылым - Алланың қозғаушы (өз сөзімен айтқанда «харекет беретұғын») сипаты екендігін теологиялық тұрғыдан тұңғыш дәлелдеген ғұлама, қазіргі тілмен айтқанда, ұлы теолог-хакім. Ізденгіш Абай Алла тағаланың сегіз сүбүтия сипаттарының  ішіндегі «харекет беретұғыны», яғни айқындаушысы - ғылым-құдірет қана деген маңызды қорытындыға келеді. Ал, «сегіз сипаттан қалған алтауы - бұларға шарх (шарх - түсініктеуші, толықтырушы деген мағынаны білдіреді)» деп түсіндіреді. Тағы бір шегелеп өтелік, бұл бұрын-соңды айтылмаған жаңалық.
Сөйтіп, ғұлама Абай жүргізген теологиялық ізденістер Алланың ғылым сипаты қоғам тұра тұрсын,  күллі ғарышты реттеуші күш, қозғаушы қуат екендігін тұңғыш рет дәйектеп береді. Ғылым - бүгін де адамзат дамуының, оның өркениетінің басты көрсеткіші. Оған дәлел керек емес.  
Енді Абай тезисіндегі үш сипаттың қалған екеуі - рахым мен әділетке келейік.  Міне ел тыныштығы мен қоғамдық келісімнің «көмбесі» осы арада.
«Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүректің ісі», - дейді Абай (14-сөз).
Осынау тамаша анықтама рақым, мейірімнің ұясы жүрек екендігін ұқтырады бізге. Себебі,  «тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» (Абай). Ақыл - ғылымның бір аты, бастағы мидың өнімі болса, ал, сезімнің (сенімнің де) ұясы - жүрек деп ғұламалар бірауыздан тұжырады.
Әсілі, мейірім адам баласы тұра тұрсын, хайуандар мен құстарға да тән сезім. Кез келген мақұлық, мәселен, түйе ботасы, қарлығаш балапаны үшін жанын беруге әзір. Мейірім арқылы аңдар мен құстардың бастарын байлап тұқымына қамқор қылып қойғандығы - Құдай заңы, хикметі.
Кеудеміз қуысындағы жүректе ұялаған екінші қастерлі сезім - әділет. Махаббаттан кейінгі таңғажайып дүние осы. Неге десеңіз, әділет жоқ жерде, береке-бірлік болмайды. Жұмыр басты пенденің жүрегін дәл әділетсіздік сияқты ашындырып, жүйкесін тоздыратын ештеңе жоқ. Фольклор мен ауыз әдебиетінен де, күнделікті өмір шындығынан көреміз - тек әділ адам, әділ би, әділ патша ғана халықтың сүйіспеншілігіне, ыстық ықылысына бөленеді. Неге? Хакім Абай бізге әділетті адам болудың мәнісін былайша ұқтырады: «...Біреулерге я дүниеңмен, я ақылыңмен, я малыңмен ғадалет-шапағат секілді жақсылық тигізбек мақсатың болуы». Осынау тезис «Құдай жолы», «таза мұсылман», «толық адам» ұғымдарын танудың да кілті.
Сөйтіп, сезімдердің патшасы - махаббат (мейірім) пен әділет. Абай бұл екі ұғымды қосақтап «ғаделет-шапағат» терминін енгізген (осынау аса маңызды терминологияны саралау өз алдына тақырып).
Көріп отырсыздар, Абай ілімі бойынша қоғамдық келісімнің іргетасы - әділет һәм махаббат сезім екендігі анықталып отыр. Жоғарыда сарапталған үш сипат (ғылым, рахым, әділет) туралы сөзімізді жинақтағанда, бұл үшеуінің тұтастығы - хакім Абайдың ұлы жаңалығы деп тұжырамыз.  Қазақ, мұсылман әлемі ғана емес, бүкіл ай асты әлемге ортақ айырықша танымның  маңызын төмендетпеу үшін оны Абай ашқан қоғамдық дамудың және әлеуметтік келісімнің заңы деп арнайы атағанымыз абзал.
Абайдың   38-ші қарасөзінде елеулі орын алатын үш ұлығ сипат және «ғаделет-шапағат» ілімі туралы айтпағымыз әзірге осы.   
Қазіргі таңда діндар азаматтар қазақы мұсылмандық, қазақы ислам деген ұғымдарға қарсы шығып, оларды мойындағысы келмейді. Неге? Осыған тоқтала кетейік.
Мәселе сонда, Алланың ғылымы және адамның ғылымы бар. Алланың ғылымы туралы: «Ол ғылым-құдірет ешбір ниһаятсіз (шексіз), ғылымында -ғафләт (мін, қате), құдіретінде - епсіздік және нашарлық жоқ», - дейді Абай.
Алланың ғылымы (аспан денелері, күн-түн, өмір-өлім, жақсылық-жамандық т.б.) жайшылықта «Құдай ісі» делінеді. Ал, дін адамның ісі, ғылымы екені айтпаса да түсінікті. Бірақ діннің рухани және ғұрпылық жақтары бар. Діннің рухани әлемі Құдай ісіне, ал ғұрпылық жағы адамға қатысты болады. Құдай ісі мен дін ісін айыру қаншалықты маңызды екенін Абай өзінің «Жас өспірім замандас қапа қылды» өлеңінде былайша білдіреді:
Жамандық, жақсылық пен - оған бір бәс,
Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас.
Тегі өзгермейтін діннің рухани жағы, өйткені, ол адамдарға он сегіз мың ғаламға ортақ Құдайдың хикметін, заңдарын жеткізеді. Ал, ғұрпылық, қағидалық жағы, мұсылманша айтқанда, дін шариғаты заманға, жергілікті салт-дәстүрге бейімделіп, өзгеріп отырады.       
Сонымен, қазақы мұсылмандық деу қате, ислам қазақтікі, өзбектікі, арабтікі деп бөлінбейді, ол  барлық ұлтқа, ұлысқа ортақ деген пайыммен келісе алмаймыз. Бұл исламның рухани әлемі мен ғұрпылық жақтары барына мән бермеуден туған пікір. Айтайын дегенім, қазақы ислам, исламның қазақы моделі деген тіркестер өмірге, ғылыми айналымға енуге құқылы.
Исламның қазақы моделі, яғни ұлттық және діни құндылықтардың синтезі жаңалық емес, қазақ топырағында әлімсақтан бар нәрсе. Тек оны сақтап қалуымыз қажет. Неге? Өйткені, бүгінгі таңда, өкінішке қарай,  әлемдік рухани-діни дағдарыс өртінен ұшқан шоқтар қазақ елінің әр тұсына түсе бастады.  Ата дініміздің парқына бара алмай, исламды жекелей аят, хадистер арқылы немесе тек шариғат шарбағында қарастырмақ болып, тура жолдан адасып қалған азаматтар арамызда баршылық. Біз халықты әһли кітап тереңінен (арабша - тәулиі) үш сипатты (ғылым, махаббат, әділет) тануды үйретуге тиістіміз. Қатігездік пен  қиянатшылық дінді дұрыс түсінбеудің салдары. Білім, мейірім, рахым жетіспеген жерде, иман да әлсіз.
Дінді дұрыс түсіну дегеннен шығады, ислам канондары ішіндегі бес парызды білмейтін мұсылман баласы жоқ, сірә.  Әуелгісі - иман, иман келтіру (жеті шарты бар), қалған төртеуі (намаз, ораза, зекет, қажылық) - иманның күзетшісі немесе сыртқы сауыты.
Апыр-ау, иман келтіру деген - Құдай ісін, заңын танып-білу емес пе. Ол - Құдайға рухани дүниеңмен, ал төрт тағат - тәніңмен қылған құлшылық түрі болып табылады.  Сонымен, таразының бір басында - иман, екіншісінде - тағат, ғибадат. Шын мұсылман болсаң, екі басты тең ұста! Абайдың соңғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңін үш сүю іліміне, иманның тазалығына арнап:  «Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс» дейтіні сол.
Жаңашыл Абай шын иман ұғымын өзінің «үш сүю»  ілімі арқылы жеткізеді. Құдай ісі, Хақ жолы ұғымдарының мәнісі - махаббат пен әділет деп паш етеді. Ондағы    «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» және «Хақ жолы осы деп әділетті» деген әйгілі жолдардың Құдайдың мейірім мен әділет заңына арналғанына ешкімнің таласы жоқ шығар. Ал, «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген жолдың мәнісі неде?
Бұл арада Абай ғылым жолына сілтеген, яғни Құдайдың мінсіз даналық істерін танып-білу тұспалдаған сияқты. Өйткені, Құдайдың ғылымын, ісін білмей тұрып, Оған ғашық болу, жаннан тәтті сүю мүмкін бе? Әсте мүмкін емес нәрсе.        
Келешекке, көзі ашық, көкірегі ояу жастарға арнаған өлеңінде:
Бастапқы үшін (үш сүюді) бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс, -
деуімен Абай иман мен тағаттың аражігін ашып, айқындап береді. Ұлы ұстаз өсиеттерінің баршасы - алдағы ғасырда ненің өткір мәселеге айналатынын көре білген сәуегейлік екендігі бүгінгі уақыт тұғырынан қапысыз танылып отыр.
Тақырымызды қорыта айтқанда, баршамыз да көп айтып-жазып жүрген қоғамдық келісім, оның ішінде дінаралық келісім, сол сияқты төзімділік, оның ішінде діни төзімділік өз алдына философиялық категориялар емес, олар Тәңірінің ғылымы, ісі - мейірім, әділеттен туады. Бұл ақиқат. Сондықтан Абай ашқан әлеуметтік келісім заңын қазақ елі игілігіне молынан және ғылыми негізде пайдалану бүгінгі уақыт талабына сай үрдіс болып табылады.

Асан Омаров,
Қазақстан Республикасы
Дін істері агенттігі
«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының» жетекші ғылыми қызметкері.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5581