Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 5025 15 пікір 4 Желтоқсан, 2020 сағат 14:24

Атақты жемқормен сұхбат (сатира)

-Ассалаумағалейкүм, Жалмауыз Тоймасұлы! Атақты адамдардан сұқбат алып жүр едім. Өткенде атақты маскүнем Күндемас Басжазарұлымен сұхбаттастым. Сіздің де жемқор деген «атағыңыз» жер жарып тұр ғой. Сұхбаттасуға қарсы емессіз бе?

 -Е, неге қарсы болайын. Келе ғой, сөз қуған тілшім. Төрлет, қысылма. Қазір жемқорлардың заманы «кеуде керіп» тұрған жоқ па? Өзіңнің руың кім?

-Тазбын.

-«Тегін адам таз болмайды» деуші еді. Таз болсаң маған балдыз болдың ғой. Жалмауыз-малмаауыз демей-ақ, жезде, жездеке де енді. Ал, сайра, балдыз.

-Рақмет, жезде! Өзіңіздің жемқорлық атағыңыздың «жер жарғанын» естіп, ерекше қабілетіңізді ел-жұртқа тезірек таныстырғым келді. Тегін адам  жемқор болмайды ғой. Құпия болмаса айтыңызшы, қалай жемқор болдыңыз?

-Өте орынды сұрақ. Жемқор болайын деп болмайсың ғой. Соған заманның өзі итермелеп тұрады ғой. Жемқор болу үшін қолыңда түймедей билік болса да, жетіп жатыр. Соның өзі «же, же» деп желкелеп қоймайды ғой. Енді қайтесің, амалсыздан жейсің. 

Мен жемқор болуды алғаш студент кезімде жемқор ұстаздарыма пара беруден бастадым. Баста ештеңе болмаған соң, бермегенде не істейсің? Емтиханда бес мың беріп, «бесті» қағып алатынмын. Бартер ғой, айырбас. Беске бес. Ол да риза, мен де риза. 

-Студент кезіңізде жақсы «сабақ» алған екенсіз ғой. Сонда шәкірт ретінде бұдан қандай ой түйдіңіз?

-Берсең алынбайтын қамал жоқ, бермесең, істейтін амал жоқ.

-Керемет нақыл екен! Бірақ үнемі бере берсең, нең қалады? Алу да керек емес пе?

-Алғанның айыбы жоқ, алмағанның жасайтын қайыры жоқ.

-Өзіңіз шешен екенсіз ғой. Алғашқы алған параңыз есіңізде бар ма?

-Әрине. Алғашқы алған пара алғашқы махаббат сияқты оттай ыстық болады екен ғой. Қалай ұмытасың. Ол пара ұсақ-түйек болса да, сол кездегі құны үш жүз долларлық мынау алтын жалатылған сағат болды. Қысыла-қысыла алып едім. Үш күн бойы ұяттан бетім қызарып жүрді. Бірақ параға да бет «үйренеді» екен ғой. Үш-төрт рет алған соң, ұятым «өлді». Енді бетім бүлк етпейтін болды. Сазарып тұра береді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» дегендей, жемқорлыққа алғаш «бетімді ашқан» осы сағат болған соң, қолымнан тастамаймын.

-Жездеке, ағыңыздан ақтарылып отырғаныңызға рақмет! Сіз осы қалаға басшы болып келгенде соңыңыздан «керемет жемқор келді» деген сөз итіңіз сияқты ілесе келді. Кереметтігіңіз неде?

-Кереметтігім ол менің «жұтқыншағымның» шексіз кеңдігінде ғой деймін. Жұтқыншағым о баста «иненің көзіндей» тар болды. Өйткені, ол кезде қолдағы билік те қораздың «қышқырғанындай» болатын. Қызмет «биіктеген» сайын жұтқыншағым да «жұлқынып», жұтатын «жемтігімнің» көлеміне қарай кеңейе беретін болды. Миллиондап жұту түк болмай қалды. Құдай берген талант шығар.

-Талантыңыз таңқаларлық екен.  Жұтудан еш талмаңыз, бірақ қақалып қалмаңыз.  

-Әмин! Айтқаның келсін. «Қақалып - шашалатындар» не ол емес, не бұл емес, «самопал» жемқорлар ғой. Олардың жұтқыншақтары әлі «обкаткадан» өтпеген, қыртыс-тыртысы кетпеген.            

- Жарайды, жұтқыншақты қоя тұрайық. Бүгінгі күннің ең «мәртебелі» мәселесі жемқорлық болып тұр ғой. Өйткені, мұнымен «қара халық» емес, биліктегі «мәртебелі мырзалар» айналысады. Министр де жемқор, әкім де жемқор, сот та жемқор. Сонда бұл не өзі? Жемқорлық атақ па, жоқ әлде мансап па? Биліктегілер оған неге құштар?

-О, балдыз, сенің білмейтінің көп қой. Әлі сапляксың ғой. Саған «по секрету» бірдеңе айтуға бола ма? Аузыңа ие бола аласың ба?  

-Айтыңыз, жезде, неге ие болмайын. 

-Айтсам, жемқорлық дегеніміз атақ та емес, мансап та емес, «наркомандық». Жемқорлар нағыз «наркомандар». Мен де «наркоманмын».

-Астапыралла! Не айтып кеттіңіз?

-Шошыма, балдыз, шошыма. Жездең баяғыдан «наркоман». Бірақ одан әлі өлген жоқ. Қайта жұмырланып, құлпырып барамын. Біздің «есірткіміз» - ақша. Және «анау- мынау» ақша емес, миллиондаған, тіпті миллиардтаған акша. Жеудің түрі көп қой. Сол үшін де бізді «жемқор» дейді. «Анау» наркомандар нағыз есірткімен «ауыз жаласса», біз ақша «жеумен», яғни жемқорлықпен «әмпей жәмпейміз». Екеуміз де «бауырлас халықпыз. Екеуміздің де қанымызды «жын-шайтан» жайлап алған. «Анау» да есірткісін қоя алмайды, біз де жемқорлықты қоя алмаймыз. «Туыстығымызда» мін жоқ. «Анаған» есірткі қуат беріп, қанаттандырса, бізге өз «жемтіктеріміз» жанымызға шуақ төгіп, шабыттандырады. «Ол» да құныққан үстіне құныға береді, біз де «жеген» сайын «шыныға береміз». Екеумізге де ем қонбайды. Ал сонда біз наркоман емей, кімбіз?

 Мен саған бір қызық айтайын. Мен ай сайын ондаған миллиондық көлемді, «майлы» «бірдеңені» «жұтқыншақтан жүгіртіп жібермесем», арқам құрысып, шекем тырысып, иығым бүрісіп, жаным жүдеп, өкпе бауырым өкпелеп қалады. Қарным қабысады, ішектерім бір-біріне жабысады. Өңешім қышқырады, кеудем ысқырады. Көзім қышиды, табаным ысиды. Төбем жалтырап, басым қалтырап кетеді. 

-Астапыралла, астапыралла! Бұл біздің үйсіз-күйсіздердің улап-шулап, митингіге шыққаны сияқты екен. Мұныңызды біздің полиция білмесін. Білсе бар ғой, өкпеңізді қолқасымен жұлып алады. Жалтыраған, қалтыраған басыңызды қарбыздай жапырып жібереді. Қабысқан қарныңызды «қопарып», жабысқан ішектеріңізге ши жүгіртіп, «шиқылдатады». Қышқыратын және ысқыратын өңешіңіз бен кеудеңізді үн шықпайтындай қылқындырып, тұншықтырады. «Қалғандарын» да «қаңғытып» жібереді. Байқаңыз, мұныңызды ешкімге айтып қоймаңыз.  

-Құдай сақтасын! Сен балдызым болған соң «по секрету» айтып жатқаным ғой. 

-Жездеке, сіздің үрім-бұтағыңызға жететін байлығыңыз бар. Тоятын кезіңіз болған жоқ па?

-Жемқордың тойғаны - өлгені.

-Жалмауыз Тоймасұлы, то есть кешіріңіз, жездеке, бір «бетпақтау» сұрақ қойсам, ренжімейсіз бе?

-Қоя бер, балдыз емессің бе? 

-«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, жезде. Жемтік іздеген қасқырдай «қақпанға» түсіп, «наркоман» жемқор ретінде он-онбес жылға «итжеккенге»  айдалып кетермін деп қорықпайсыз ба? 

-Онда тұрған не бар? Он-онбес жылды «қажырлы еңбегімен», «өнегелі тәртібімен» он-онбес айда «жүгіріп өткен» атақты «спортшы» жемқорлар аз емес қой. Қорқатын ештеңе жоқ. Олардан кеммін бе? Мен де «тәртіпті болып», он-онбес жылды он-онбес айда «жүгіріп өтіп», бой жазып қайтармын. Оған саспа, балдыз.

-«Ақкөңілділікпен» ақтарыла сұқбаттасқаныңызға рахмет, жезде!

Дамир Әбішев

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357