Абайдың «Қара сөздері» вьетнам тіліне аударылды
Вьетнамның Ханой қаласында вьетнам тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» кітабы таныстырылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Қазақстан Елшісі Ерлан Байжановтың айтуынша, Абай шығармашылығы қазақ халқы тарих тоғысында тұрған кезең – XIX ғасырдың аяғына сәйкес келеді.
«Өзгерген әлем дәстүрлі көшпелі қоғамды орны толмастай жойып жатқанын, ал қазақ халқы тарих қалтарысында қалып қоймау үшін қалыптасқан тәртіптің толық жаңаруынан өтуі керек екенін ақын өте жақсы білді. Міне, бұл кітапта оның отандастарына деген үндеуі осыған негізделді», - деді Ханой ұлттық педагогикалық университетінде ойшылдың әйгілі туындысын таныстырған Е.Байжанов.
Кітаптың вьетнамдық басылымында алғысөз ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және Қазақстан ХХІ ғасырда» атты мақаласы жазылған. Соның арқасында вьетнамдық оқырман Абай тұлғасы мен оның мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызы туралы құнды ойлар жинақтай алады.
Дипломаттың айтуынша, аударма кітаптың тұсаукесері Ханой ұлттық педагогикалық университетінде өтіп жатқанының символдық мәні бар – мұнда Абай атындағы ғылым және мәдениет орталығы жұмыс істейді.
«Қара сөздерді» вьетнам тілінде басып шығару – Вьетнам аудиториясы үшін Қазақстан, оның халқы, қазақ тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы көбірек білуге таптырмас мүмкіндік», – деді университеттің Әкімшілік кеңесінің төрағасы және партиялық комитетінің хатшысы До Вьет Хунг.
Абай кітабының аудармашыларының бірі, Вьетнам жазушылар одағының вьетнамдық және орыс әдебиеттерін таратуға қолғабыс көрсету қоры директорының орынбасары Ле Дык Ман да өз пікірімен бөлісті. Көркем аударма шебері атқарылған жұмыс туралы ой қозғай отырып: «Аударма қызметі – бұл екі ұлттың, екі мәдениеттің байланыстырушы көпірі, ал әрбір аударма осы көпірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің аударма Вьетнам мен Қазақстан арасындағы осы көпірдің алғашқы бөлігіні бірі болғанына қуаныштымын», - деді.
Хо Шан Мин Ұлттық саяси академиясының Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Хоанг Ван Нгия екі елді жоғары деңгейдегі саяси қатынастар мен сауда-экономикалық байланыстар біріктіретіндігін, алайда мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықтың ауқымы оларға сәйкес келмейтіндігін баса айтты. Ол бұл кітап осы олқылықты ішінара толтырады және одан әрі вьетнамдықтар Абай шығармашылығына, оның өзін-өзі дамыту, мәдениет, білім беру және қоғамдық адамгершілік саласындағы идеялары мен философиясына қызығушылық таныта бастайды деген сенім білдірді.
Университеттің Тарих факультетінің деканы Дао Туан Тханның айтуынша, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы қазақ халқының ұлттық бірегейлікті сақтау, елді жаңғырту және реформалау жолындағы тынымсыз күресін айнадай көрсетеді.
«Оның ойларын зерттей отырып, мен оның көптеген прогрессивті идеяларының қазіргі заманға сәйкес келетіндігін, дәуірінен асып кектен көзқарастарды көрсететіндігін анықтадым. Меніңше, Абайды «Шығыстың Вольтері» деп атауға болады. Бұл тұлғаалдымызда алты кейіпте көрініс табады: философ, ақын, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, композитор, аудармашы және ағартушы», - дейді ол.
«XIX ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басына жататын «Қара сөздер» өзінің өзектілігімен таңғалдырады. Онда ұлттық және әлемдік мәдениеттерді интеграциялау, жастарды тәрбиелеу, рухани тәрбие, адамгершілік және гуманизм мәселелері сияқты мәселелер көтеріледі», – деп университеттің Филология факультетінің деканы До Хай Фонг та назар аудартты.
Іс-шара барысында қатысушылар Абайдың музыкалық мұрасымен танысты, оларға «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сегіз аяқ» атты ең әйгілі әндері орындалған бейнероликтер көрсетілді.
Қазақ классигінің 175 жылдығын мерекелеу аясында Вьетнамдағы Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған тұсаукесерге университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, шетелдік елшіліктердің дипломаттары, бұрынғы КСРО елдерімен достық топтарының жергілікті қауымдастықтарының жетекшілері, Вьетнамның жетекші ақпараттық агенттіктері мен телеарналарының журналистері қатысты.
Abai.kz