Пашинян отставкаға кете ме?
5 желтоқсан күні Армения оппозициясы Ереванның «Бостандық» алаңында премьер-министр Никол Пашинянның отставкасын талап етіп митингке шықты.
Одан кейін наразылық білдірушілер «Бостандық» алаңынан Пашинян тұратын үкіметтік саяжайға қарай жүріп өтіп, сол жерде оның 8 желтоқсанға дейін қызметінен кетуін талап еткен.
Алаңға шыққан оппозициялық «Дашнакцутюн» партиясы: «Біз бүгін «Армения сатқын Николсыз» деген жаңа ұран жариялаймыз»,- дейді.
Сонымен қатар, осы партияның тағы бір өкілі Ишхан Сагателян Пашинянның сейсенбіге дейін биліктен кетуі керектігін айтып, ультиматум қойған.
«Никол, бұл сенің үкіметтік саяжайдағы соңғы сағаттарың. Біз Никол Пашинянға өз командасымен осы мәселені талқылап, отставкаға кету үшін сейсенбі, 8 желтоқсан сағат 12:00-ге дейін уақыт береміз. Әйтпесе, бүкіл Арменияда азаматтық билікке бағынбау акциясы басталады»,- деп мәлімдеді олар.
Сондай-ақ, оппозиция Пашинянға «физикалық қауіпсіздік кепілдемесін» беретінін айтты.
Жалпы, Пашинянның отсавкасын «Отанды құтқару қозғалысын» құрған 17 партия талап еткен. Олар уақытша премьер-министр лауазымына үміткер ретінде Ұлттық демократиялық одақтың көшбасшысы Вазген Манукянды ұсынған. Наразылық білдірушілердің пікірінше, Манукян премьер-министр бола салысымен партиялық қызметін тоқтатады және бір жылдан кейін мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуге міндетті болады.
Айта кетейік, 10 қарашаға қараған түні Никол Пашинян Ресей және Әзірбайжан президенттерімен Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды толық тоқтату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Содан бастап Ереванда премьер-министрдің отставкасын талап еткен наразылықтар тоқтаған жоқ.
Пашинянның өзі 5 желтоқсан күні таңертең теледидар арқылы сөйлеген сөзінде: «Соғысты (Қарабақта) тек 9 қарашада құжатқа қол қою арқылы ғана тоқтату мүмкін еді. Біз дипломатияда сәтсіздікке ұшыраған жоқпыз. Біз соңғы 20-25 жылдағы дипломатиялық сәтсіздіктердің ауыртпалығын еңсеруге тырыстық», - деді.
Abai.kz