Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5973 0 пікір 10 Ақпан, 2012 сағат 07:43

Жүрсін ЕРМАН: «Ринаттың өтірігінен шаршап кеттім»

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Астанада өткен айтыста қырғыздың ақынымен айтысқан Ринат Зайытовтан осыдан біраз бұрын алған сұхбатымыз естеріңізде болар?! Сұхбатында Ринат айтыстың айналасындағы біраз жайттың шетін шығарғандай болып еді. Айтыскерлердің келісіп алып, дайын айтысын халық алдына қойылым етіп қойып шығатынын, Астанадағы айтыста жүлдегерлердің алдын-ала белгілі болып қойғанын, қазылар алқасының дұрыс төрелік етпегенін баса айтқан болатын.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Астанада өткен айтыста қырғыздың ақынымен айтысқан Ринат Зайытовтан осыдан біраз бұрын алған сұхбатымыз естеріңізде болар?! Сұхбатында Ринат айтыстың айналасындағы біраз жайттың шетін шығарғандай болып еді. Айтыскерлердің келісіп алып, дайын айтысын халық алдына қойылым етіп қойып шығатынын, Астанадағы айтыста жүлдегерлердің алдын-ала белгілі болып қойғанын, қазылар алқасының дұрыс төрелік етпегенін баса айтқан болатын.

Алдыңғы аптада «Abai.kz» cайтынан айтыскер ақын Бауыржан Қалиолланың мақаласын оқыдық. Бауыржан да Астанада өткен сол айтыстың төңірегіндегі біраз «былық-шылықтың» бетін ашыпты. Мақаланың «Өткен тойға өкпе көп немесе қыруар қаржы қайда кетті?» атты бөлімінде Бауыржан сол айтысқа «Самұрық-Қазынадан» 80 миллион теңге бөлінгенін, ал жүлде қоры мен айтыстың бар шығынын тұтас жабайы есеппен есептегеннің өзінде 20 миллионы ғана жұмсалғанын ашына жазыпты. Сосын айтыстың ұйымдастырушысы Мырзатай Жолдасбековтың үш күн бойы ойына келгенін жасағанын, (Бауыржан Қалиолланың сөзі - Қ.И.) сол айтыстан кейін ақындардың: «Егер, Жүрсін сөзімізді сөйлеп, қорған бола алмаса, Мырзатай Жолдасбеков дегенін жасап, құл иеленуші сияқты басына берсе, енді айтысқа қатыспаймыз», - деп келіскенін жазыпты. Сосын: «Бір сұхбаттың даңқы мен дақпырты», - деп Ринаттың бізге берген сұхбатында айтқандарына өзіндік ойын айтыпты. Бірақ Ринаттың бізге айтқан әңгімесі мен Бауыржанның жазғаны екі бөлек. Мұны оқығанда таңғалдық. Сұхбат беріп, біраз дүниені жайып салғаны үшін 11-12 ақпанда Алматыда өтетін Қонаевтың 100 жылдық айтысына Ринат Зайытовты қатыстырмай жатыпты дегенді де естідік «ұзынқұлақтан». Содан Ринат пен Бауыржанның айтып жүрген әңгімесінің ақиқатын бір айтса, Жүрсін Ерман айтар деген оймен Жүрсін ағамызды іздедік.
- «Ринаттың өтірігінен шаршап кеттім. Қонаевтың 100 жылдығына орай Алматыда өтетін айтысқа қатыстырмай, принцип ұстап отырмын. Өмірзақ Сәрсенов ағамыз араға түсіп, Ринатты айтыстан шеттетпе деп қоймай жатыр. «Жаңа ғана Ринатсыз да айтыс өтеді, бұл айтысқа қатыстырмаймын, үзілді-кесілді сөзім сол», - деп айттым. Бұл менің Ринатқа жасаған «наказанием»», - деп бастады ағамыз әңгімесін. Ринат сендерге берген сұхбатында: «екінші айналымға жүлдегерлер алдын-ала белгілі болып қойғандықтан шықпадым», - депті. Онысы өтірік. Әңгімені анығын айтайын, сол айтысқа Қытайдан қандас ақындарымызды шақырарда күні бұрын олардың бұрынғы айтыстарының бейнежазбасын көріп, тыңдадым. Кімді шақырсақ, жақсы, сүбелі айтыс жасайды деген ой ғой. Қытайдағы ақындардан Жәмиға Дәулетқызының айтысы ұнады. Оған шақырту жібердік. Содан айтысқа он күн қалғанда Жәмиға телефон арқылы хабарласып: «Айтысқа келемін, бірақ жұмыстағы адаммын, дайындығым жоқ. Сондықтан өзім білетін ақынмен айтыстырыңызшы», - деп өтініш айтты. «Кіммен айтысасың?», - деп едім, «Ринат Зайытовпен», - деді. Мұны Ринатқа айтып едім, Жәмиғамен айтысудан салған жерден бас тартты. «Неге айтыспайсың?», - десем: «Қытайға барғанда Жәмиғамен он бес күн бойы айтысып, жеңе алмағам. Енді қалай шығам?», - дейді. Онда Балғынбек айтыссын деп, Балғынбекке айтсам, ол да бас тартты. Кейін Ринат: «интернетте қазақтарға тіл тигізіп жүрген Аалы Тұтқышев деген қырғыздың ақыны бар екен. Аалыны шақырыңыз, мен сонымен айтысайын», - деді. Сөйтіп Аалыны алдырдық. Жәмиғамен Иранбек Күзенбаевты жұптадық. Өте жақсы айтыс жасады. Ертеңіне Ринат та, Жәмиға да екінші айналымға өтті. «Жәмиғамен айтыспаймын» деген соң, екінші айналымда «Қытайдан келген Нағиманмен айтысасың», - дедім. Оған да көнбейді. «Неге Нағиманмен шықпайсың?», - десем: «Өйткені ол келісіп айтыспайды екен. Маған алдын-ала мәтінін көрсетпейді. Келіспей айтысуға менің ыңғайым жоқ», - дейді. «Енді не ойың бар?», - десем: «Мен өзім келісіп қойған Айнұрмен не Балғынбекпен айтысам», - деді. «Өйтуге болмайды ғой, сен ақын емессің бе? Суырып салып айтысуың керек қой десем: «Не Айнұр, не Балғынбек», - деп бой бермейді. «Егер екеуінің біреуімен айтыстырмасаңыз, бұдан кейін мүлде айтысқа қатыспаймын», - деп талап қойды әуелі. «Айтыспасаң айтыспай-ақ қой», - дедім мен де. Содан түнгі сағат бірде демеушіміз Өмірзақ Сәрсенов арқылы тағы да Айнұрмен не Балғынбекпен шығарсыншы деп өтініш айтты. Мен басымды қатырмасын, Ринатты ешкіммен айтыстырмаймын, екінші айналымға қатыстырмаймын дедім. Сіздердің газеттеріңе «Екінші айналымнан бас тартқан себебім, бірінші күні Аалымен айтыстан соң Жүкең: «Кіммен айтысасың?», - деп сұрады. «Айнұрмен, не Балғынбекпен», - дедім. «Жағдай былай, Әлібек Балғынбекті жеңуі керек, сөйтіп финалда Әлібек Қытайдан келген Жәмиғамен айтысуы қажет», - деді. Онда мен несіне қатысам? Мұны Жүкеңе де айттым. Сол себепті айтыстан бас тарттым», - деп сандалыпты. Көке-ау, өтірікпен өз-өзіңді алда, бүкіл елді шатастырма. «Мен келісіп айтыспайтын ақынмын, жүлдегердің кім екенін күні бұрын біліп қойдым, сол үшін шықпадым», - деп бүкіл елді алдады. Сөйтуге бола ма? Оның сол кездегі «Айнұрмен не Балғынбекпен айтыстырыңызшы» деп жазған sms хаттары менде әлі күнге сақтаулы тұр. Адамды өстіп күйдіре ме екен? Сонда мен қай ақынның жеңетінін алдын-ала білетін көріпкел ме екенмін? «Өй, Балғынбек жеңіледі Әлібектен, сөйтіп Әлібек Жәмиғамен айтысады», - деп қағытып, сөз арасында айта салғанмын. Оны келіп Енді: «Жүкең сөйтіп айтқан», - деп шындыққа айналдырып, газетте айтыпты. Әйтпесе сол әңгімені Балғынбектің өзі де естіп тұрды ғой. Бауыржан Қалиолла мақаласында: «Ол сөзді Жүрсін бәрімізге де қалжыңдап айтқан. Тіпті маған «Арнайы сыйлық бар, ноутбук керек пе, ақшалай керек пе», - деді. Өзінің бір сұхбатындағы «Ақшаны өте жақсы көремін», - деген сөзі есіме түсіп, «темірі» құрысын, ақша керек», - дедім. Жүрсіннің «қырт» әңгімесіне әбден етіміз үйренген біз сол күйімізбен кете бардық», - деп жазыпты ғой. Ринаттың осы өтірігінен кейін мен қалай оны ел алдына шығарамын? «Жәмиғамен он бес күн бойы жеңілгенмін, онымен айтыса алмаймын», - деп алып, халыққа мынадай әңгіме айтады. Ринатты тауып әкелген адам менмін. Семейде Оралхан Бөкейге арналған айтыста семейліктер алты бірдей жас ақынын көрсетіп, «ішінен біреуін таңдап ал» деді. Залда отырсам: «Аға, мына қазылардың бәрі арғындар мен тобықтылар, мен найман едім. Сахнаға шығармай жатыр. Мені шығарыңызшы», - деп құлағымның түбіне әлсін-әлсін сыбырлап кетеді. «Шықшы ал, сен бала», - дедім. Тыңдадым. Жап-жақсы айтыс жасады. Онда қазіргі «жұлдыз» Ринат жоқ, аяғында үлкен бәтіңке, құлағы қалқиған, жас бала. Колледжде оқып жүрген кезі ғой. Бітті, бұдан кейін: «Семейден Ринат Зайытов шығады», - дедім. Алматыға әкелдім. Тәрбиеледім. Тіпті үйіме жатқызып, білгенімді үйреттім. Былтыр «Жұлдыздар отбасына» сұхбат беріп: «Мен жұлдыз ауруына шалдыға бастап едім. Жүрсін ағам жұлдыздығыңды қой, не жұлдыз бол, не ақын бол деді. Сол кезде барып есімді жидым», - депті. Сөйткен Ринат қой. Өзін жақсы көруші едім. Ал енді істеп жүргені мынау...
- Ринат Зайытов бізге берген сұхбатында «Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде бізде келісіп айтысу деген пайда болды. Кіммен айтысатының кейде бір апта бұрын, кейде бір күн бұрын белгілі болады. Бізде айтыс балдық жүйемен бағаланады ғой. Содан екі ақын да жоғары балл алайық дейді де, не айтатындарын түні бойы жазып, келісіп алады. Оны Жүрсін ағам да жақсы біледі, қазылар да хабардар. Онымен қоймай, дайын айтыстарын халық алдында қойылым етіп қойып шығатындар да бар», - деген еді. Ринаттың бұл сөзімен келісетін шығарсыз енді...
- Айтыстың көркемдік деңгейі көтерілсін деп айтыскерлерге дайындалуға мүмкіндік береміз. «Пәлен ақынмен айтысасың» деп, он-он бес, тіпті бір ай бұрын хабардар етіп қоямыз. Ол - рас. Өйткені сахнаға шығып табан астында шығарылған әлеуләйліммен айтыс жақсы шықпайды. Біржан Сарамен айтысуға келгенде дайындалмай келді дейсің бе? Сара да үйінде отырып, Біржанмен қалай айтысу керектігін ойлады. Міне, осындай дүние ғой. Бірақ біздің жаңағы «дайындалыңдар» дегеніміздің асқынғаны соншалық бір-біріне үйден жазып келген мәтіндерін көрсетіп, «сен бірінші мынаны айт, одан соң мен мынаны айтамын» деп келісіп алатын дәрежеге жетіпті ақындар. Бұрын «шынымен сөйте ме екен» деп күдіктеніп жүруші едім. Астанада 19-желтоқсанда «Жастық жалынымыз саған, Тәуелсіз Қазақстан» атты жас ақындардың айтысында бұған көзім әбден жетті. Сондықтан 11-12 ақпанда Алматыда өтетін «Қонаевтай ер қайда?» атты айтыста келісіп айтысуға тоқтау салу үшін ақындардың кіммен жұп құрайтынын анықтайтын жеребені залда отырған көрермендерге тартқызып, ақындардың жұбын айтыс басталардың алдында анықтауға бел буып отырмын.
- Оныңыз дұрыс болған екен. Тәуелсіздіктің 20 жылдық айтысының әңгімесі бір бұл емес. Айтыскер Бауыржан Қалиолла да әділ қазылардың әділдігіне ашыныпты. Қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков қазылардың қатарындағы Фариза Оңғарсынова үшін де ұпай беріп, бір қолымен 8, бір қолымен 9-ды көтеріп, екі адам үшін дауыс беріп отырды» , - дейді. Төраға болса да, Мырзекеңнің мұнысы орынсыз ғой. Фариза апамыз жоқ болса, залда айтыс тамашалап отырған мың адамның біреуін қазыларға қосып, төрелік еткізсеңіз де болатын еді ғой...
- Әділ қазылардың шешіміне ақындардың көңілі еш уақытта толмайды. Шын жүйрікті анықтау үшін мен не істемедім? Жиырма бір адамды қазы етіп тағайындап, күдік болмасын деген ниетпен көрермендердің арасынан бір-екі адамды қазылардың қатарына қосқан кезім болған. Үш адам бірігіп, бір баға көтеретін топтық қазылар алқасын да құрып көрдім. Одан бір кездері қазылардан бөлек аппелляциялық комиссия дегенді енгіздім. Көрермен жүйрікті өзі анықтасын деп телефон арқылы дауыс та бергіздім. Ал Бауыржанның мақаласында жазған жағдайға байланысты айтарым: Мырзекең бір-ақ рет Фариза Оңғарсынованың орнына ұпай көтерді. Фариза Оңғарсыноваға далаға шығуға тура келіп, сыртқа шығып кетіпті. «Фариза апам менің бағам мынау, осыны көтере сал» деп өзі айтып кеткен шығар. Бауыржан Қалиолла «42 ақынның тағдырын шешуге деген жауапкершілікті мойнына алған Фариза апамыз екі күнде де айтыстың ортасында кешігіп келіп баға берді», - депті. Бұл - өтірік. Халық көріп отыр ғой. Мен де отырмын сол жерде. Мырзекең Фариза Оңғарсынова үшін бір-ақ жерде ғана ұпай көтерді. Мұндай өтіріктерді айта берсек, не болғанымыз?
- Сіздің айтып отырғаныңыз басқа да, Бауыржан Қалиолланың мақаласында айтылған дүниелер басқа. Бауыржан ақын Тәуелсіздіктің жиырмажылдық айтысында Мырзатай Жолдасбеков ойына келгенін істеді деп жазыпты. Егер Жүрсін сөзімізді сөйлемесе, Мырзатай ұйымдастырған айтысқа енді қатыспаймыз деп шештік дейді. Бұған не дейсіз?
- Екі жыл айтыс жабылып қалды. Одан соң Үкіметтің, Мәдениет министрлігінің рұқсатымен ашылды. Сөйтіп айтыстың бар тізгіні, ұйымдастыру, өткізу жұмыстары ресми түрде Мырзатай Жолдасбековке тапсырылды. Айтыстың негізгі билігі сол кісінің қолында. Мырзатай Жолдасбеков - менің студент кездегі ұстазым, қазақтың абыз қарттарының бірі. Бұған дейін Президенттің мәдениет орталығының директоры қызметін атқарды. Жақында ол қызметінен босады. Биыл жазда мен сол кісінің жанына кеңесші болып барғанмын. Ринаттың сұхбатында да, Бауыржанның мақаласында да Мырзекеңнің атына небір ауыр-ауыр сөздер айтылыпты. Мен мұның бәрін дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені кісіге топырақ шашу, беттен тырнау, анық-қанығына, байыбына бармай әңгіме айту кісіліктің, тәрбиеліліктің, тектіліктің белгісі емес. Қазақтың болмысында жоқ дүние. Мырзекең - айтыстың көші тоқтап қалмай алға жылжуына бір кісідей үлес қосып жүрген адам. Әділін айту керек, кімнің болса да, Мырзекеңе мұндай ауыр сөздер айтатын жөні жоқ еді. Ал өзіме келер болсақ, ресми билік қолымда болмағаннан кейін орнымды біліп, айтыстың жүргізушісі, көркемдік сапасына жауап беруші ретінде ғана отырдым.
- Сол айтыста ақтық сын неге өтпей қалды? Бауыржан Қалиолла «Мырзатай ағамыздың ем қабылдайтын уақыты болып қалды. Сондықтан финал өтпеді», - дегенді естідік деп жазыпты.
- Финалдың неге өтпегенін ешкім білмейді. Бәріміз де жартылай финал, сосын финал болады деп ойлағанбыз. Мырзекең сол күні ауырып, емханаға жатып шығыпты. Айтыстың бірінші күнінде де түнде ауырып, сегіз сағат система құйдырыпты. Соңғы күні де ауырды-ау деймін, денсаулығына байланысты қазылармен ақылдасып, бір ауыздан бас жүлдені Жәмиғаға береміз деп шешіпті. Мұны мен қайдан білейін? Жүргізуші болып сахнада отырмын ғой. Ұйымдастырушы да, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «айтыс өткізіңдер» деген тапсырмасын алған да сол кісі. Ал енді араласуға менің қандай хақым бар? «Айтысты тоқтатамыз» деді, тоқтатты. Бірақ бас жүлдені Жәмиғаға бере салмай, финалды өткізу керек еді. Бас жүлдені басқаға ұстата салатындай біздің ақындар соншалықты сорлы болған жоқ, мәселен. Мұхтар Ниязов қандай жақсы айтыс жасады? Дөрекі айтысатын Жәмиғаны сабасына түсіріп, орнына қойып берді. Әлібек Серғалиев те керемет айтысты. Финал өтпей, ақындардың екінші тынысы ашылмай қалды.
- Бауыржан Қалиолла «айтысқа бөлінген 80 миллионның 20 миллионы ғана жұмсалды. Қалған қаржы қайда кетті» деп орынды мәселе көтеріпті. Сіз де сол айтыстың басы-қасында жүрдіңіз ғой. Бұған не дейсіз?
- Қаржы мәселесіне байланысты сұрақтарға жауап бере алмаймын. Айттым ғой, мен тек айтыстың жүргізушісі, көркемдік сапасына жауап беруші ретінде ғана отырдым. Сол айтысқа мемлекет қомақты қаржы бөлініп тұрғаннан кейін, қосымша жүлдені бірнеше ақынға тағайындайық деген ұсыныс айтқанмын. Оным жүзеге аспады.
- Жөн екен. 11-12 ақпанда өтетін Қонаевтың 100 жылдығына орай өтетін айтыста айтылған жайттар қайталанып жүрмей ме?
- Жоқ. Өйткені бұл айтысты өзім ұйымдастырып жатырмын. Демеуші табу, ақындарды шақыру жұмыстарымен өзім жүгірудемін. Бас жүлде - «джип» автокөлігі. Одан бөлек үш машина тігіп отырмыз. Бұл айтыста ақындардың суырып салмалығын дәлелдемекшімін. Жеребені айтыс басталардан бес минут бұрын залда отырған көрерменге тартқызамын.
Қонаевтың айтысын өткіземін деп табанымнан таусылдым. «Қазақ Радиосы» мен «Қазақстан» телеарнасына сұраған ақшаларын берсем де, сол айтыстың жарнамасын өткізе алмай отырмын. Өйткені «Қонаевтай ер қайда?» атты айтысты өткізуге Мәдениет министрлігі тиым салып тастапты. Бір-екеуі болмаса, мерзімді басылымдардың біразы жарнама беруден бас тартты. Хабардар болмағандықтан ертең айтысқа халық келе ме, келмей ме, залды толтыра аламыз ба, жоқ па? Мен осыдан қорқып жүрмін.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан - Қарлыға ИБРАГИМОВА
"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602