Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 8879 23 пікір 13 Желтоқсан, 2020 сағат 16:28

Молотовтың немересі «соғыс» тілеп отыр ма?..

Тағы да орыс (Ресей) саясаткерлерінің провокациясы туралы сөз етеміз. Әлгінде Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никонов деген адам: «Қазақстан деген болған емес. Солтүстік Қазақстанда адам тұрған емес. Қазақстан территориясы – Ресей мен Совет одағының берген сыйлығы», деп сөйлепті. Қайда? Ресей Федерациясының барлық аумағына таралатын мемлекеттік арнасында! «Первый канал» телеарнасындағы «Большая игра» деген бағдарламада.

Вячеслав Никонов: «Конституция 1993 года писалась людьми, которые считали, что у нас не было прошлого»

Вячеслав Никонов деген кім?

Әуелі осы сұраққа жауап берейік: Никонов деген немеңіз 64 жаста. Тарихшы, жазушы, саясаткер, мемлекеттік Думаның бірнеше мәрте депутаты (қазір де депутат), одан қалса Ресей Думасының доминант партиясы саналатын, Владимир Путин басқаратын «Единая Россия» партиясының мүшесі, Думаның «Білім-ғылым комитетінің» төрағасы, Мәскеу мемлекеттік университетінде декан екен.

Молотовтың немересінің көздегені не?

Бұл Никонов дегеніңіз атақты совет лидерлерінің бірі, Сталиннің өзі «Молотошвили» деп атаған КСРО Сыртқы істер министрі һәм КСРО халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Вячеслав Молотовтың немересі екен.

Вячеслав Молотов: он мог назвать Сталина «на ты» — Рамблер/новости

Міне осы адам Ресейдің мемлекеттік арнасынан: «Қазақстан деген мемлекет болған емес. Ал Солтүстік Қазақстанда адам тұрған емес. Олар (қазақтар) болды, әйтеуір. Бірақ, оңтүстік жақта өмір сүрді. Яғни, айналып келгенде, Қазақстан территориясы Ресей мен Совет одағының берген үлкен сыйлығы. Орта Азия елдерінде де осы жағдай», - деп бөсіпті.

Одақтастың ойы осы

«Біз Құдай қосқан көршіміз. Тең құқылы одақтаспыз. Әріптес әрі мүдделеспіз», дегенді Ақорда һәм Ақорданың ауласындағы ақ жағалы саясаткерлер жиі айтады. Рас, географиялық орналасуымыз солай ғой. Соны сылтау етіп, Ресеймен экономикалық одақ та құрдық. Ол одақтың күн өткен сайын саясиланып бара жатқанын басқа-басқа өткенде президент Тоқаевтың өзі айтты (ЕАЭО-ның кезекті онлайн жиынында). Қазақстан-Ресей, екі ел арасындағы экономикалық һәм саяси қарым-қатынастарды құжаттап хатқа түсірдік. Сол одақ һәм одақтар аясында ортақ парламентаризм жүйесі бар. Ол дегеніңіз Қазақстан Парламенті мен Ресей Думасы өзара қоян-қолтық жұмыс жүргізіп отыр деген сөз. Ал анау-мынау емес, мемлекеттік Думаның дәудей депутаты, онда да комитеті төрағасының мемлекетаралық дау шақырып, араздық тудыратын сөздер айтуын сіз бен біз қалай түсінуіміз керек, енді?

На изображении может находиться: один или несколько человек, люди сидят, костюм и в помещении

Наразылық нотасы тапсырылды

Ресей депутатының соғыс шақырған бұл сөздері қазақ қоғамында қызу талқы болды. Әлеуметтік желідегі қоғам белсенділері Ақорда тарапынан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тарапынан реакция болуы керектігін айтып, талап қылды.

Содан ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Александр Коморовты шақыртыпты деген ақпар тарады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов жаңағы уақытша өкіл Александр Комаровты шақырып, Дума депутатының арандатушылық мәлімдемелері үшін Ресейге наразылық нотасын тапсырыпты.

«Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні айтылды», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Осыдан соң, «Қазақстан территориясы – Ресейдің сыйлығы» деп сөйлеген Вячеслав Никонов дегеніңіз тағы да бір мәлімдеме жасапты. Өзінің «Telegram» парақшасында. Молотовтың немересінің арандатушылық сөздері үшін бізден, Қазақстаннан кешірім сұрамақ ниеті де жоқ көрінеді. «Malim.kz» сайты солай деп жазды.

«Полагаю, что интересы Казахстана были в полной мере соблюдены при определении границ Казахской ССР, ставших границами Республики Казахстан. Именно об этом я и сказал в передаче “Большая игра”», депті жазбасында.

«Көріп отырсыздар, екі сөзі бірін-бірі толықтыра түспесе, терістемейді. Оның үстіне кешірім сұраймын деген ниет те жоқ. «Пользуюсь случаем, чтобы еще раз выразить самые теплые чувства в адрес братского народа Казахстана», деп қана қайырады», дейді «Malim.kz».

Ресейдің тағы бір провокациясы: «Солтүстік Қазақстан -орыс жері»...

Орыс белсенділері Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің шарбағына «Северный Казахстан – русская земля» деген баннер ілген. Бұл оқиға 11 желтоқсанда болған. Дәл жаңағы Никонов деген неме мемлекеттік телеарнадан: «Қазақ жері – Ресей мен Советтің сыйлығы», - деген сөздерді айтқаннан кейін болған.

Аталған ақпараттарға қатысты қоғам белсенділері мен саясатшылар не дейді? Біз шолу жасадық...

Мәскеу жер мәселесімен ойнауды тоқтатсын!

Мұхтар Тайжан: Ұлттық кеңес жұмысына атсалысуға дайынмын

Мұхтар Тайжан:

- Ресейде біреулер біздің Солтүстік Қазақстан жерлеріне қатысты шағымға реакциямызды тексеріп көргісі келгені сезіліп тұр. Шамасы біреу өз рейтингін көтергісі келген болар. Бірақ Қазақстан есебінен рейтинг көтеру кімге болса да оңай соқпайды.

Мәскеулік политтехнологсымақтардың есіне қазақ халқының 2016 жылғы жер мәселесіне танытқан реакциясын салғым келеді. Ол кезде бізде бүкіл халық көтеріліп кеткен еді. Билік сол кезде дұрыс шешім қабылдап, компромиске барды. Даулы Заңды тоқтатты.

1991 жылы Оралда казак өлкесін құруға, (кейін оны Қазақстаннан бөліп алу ойымен) талпыныс болды. Онда да «ұлтшылдар» нақты айтсақ патриоттар пойызбен Батыс Қазақстанға барып, ол идеяны ұясында тұншықтырды.

1979 жылы маскеулік политтехнологтардың (идеологтар) тағы осындай Целиноградта неміс автономиясын құру талпынысы болды. Реакция өзін көп күттірмеді, қазақ жастары алаңға шығып, Мәскеу ол идеясынан дереу бас тартты. Астын сызып тұрып айту керек, бұл 1979 жыл, КСРО, Целиноград.

1960 жылы Қазақстан Мәскеудің еліміздің солтүстік аймағында Тың өлкесін құру талпынысын тоқтатты. Хрущевқа ашық қарсы шыққан сол кездегі Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы Тәшеновті жұрт әлі ұмытқан жоқ.

Мұның бәрін неге еске алып отырмын? Қазақ халқы үшін жерден қасиетті ештеңе жоқ.

Егер біреу Мәскеуде осы тақырыпты талқылауға тастап, тексерем десе, оның арты үлкен қақтығысқа ұласатынын ұмытпасын. Жер үшін біз бәріне дайынбыз. Бұл мәселеде халықтың басым бөлігі бір ойда болып, тіпті, қазақ еместер де қолдайды деп ойлаймын. «Нұр Отандықтар», «анти Нұр Отандықтар», билік-оппозиция, барлығы бұл мәселеде бірігіп кетеді.

Одан бөлек Ресей-Украина қақтығысы бауырлас халықтар арасындағы ішкі қақтығыс еді. Ал мына біздің жағдайда барлық түркі әлемі, Ресейдегі түркі халықтарды қоса алғанда, сонымен бірге Түркия, Әзірбайжан сырт қалмасына сенімдімін. Біздің елге қыруар инвестиция құйған батыс та үнсіз қалмайды.

Сондықтан Мәскеу жер мәселесімен ойнауды тоқтатсын. Бұл үлкен жарылысқа әкеледі, ал ол жарылыс ешкімге керек емес.

Төзімді, шыдамды адамнының ашуынан қорқу керек дейді ғой. Ал, мұнда тұтас бір халық тұр. Қазақ - өте шыдамды халық. Сондықтан, тату өмір сүрейік.

Ресейге қатысты бұралқы саясаттың шеңберінен шығу керек!

ОСДП сначала выдвинула кандидата, но затем приняла решение бойкотировать президентские выборы - Эхо Казахстана

Ермұрат Бапи:

- Ей, жемқор-парақор билік! Есуас Никоновтар мен Путиндерге жауап беру үшін қазақты оңтүстіктен солтүстікке көшірудің демографиялық жобасын Ресейден жасырмай, ашық саясатқа көшу керек! Ең бастысы - бұл бағдарламаға бөлінетін қаржыны еселеп арттырып, оны талан-таражға салуды тоқтату қажет! Мемлекетке қайтарылған, игерілмей жатқан жерді агрофирмаларға емес, жеке көшіп келуші отбасыларға ешқандай аукционсыз бөліп беру қажет. 1000 гектар жерді иеленетін бір агрофирманың орнына, 100 отбасыға бөліп беру - солтүстікке қазақты жаппай қоныстандыру жобасын жүзеге асырудың ең тиімді жолы болса керек (басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жеңілдіктерден тыс).

Екіншіден, ұлт патриоттары жиі көтеріп жүрген Еуроазиялық экономикалық одақтан шығудың қоғамдық бастамасын астыртын қолдау жобасын жасау қажет. Ресейлік империялық-шовинистік озбырлыққа қарсы қазақ жігіттері өткізетін митингілер мен саяси акцияларды қудалауды тоқтату керек. Елде жаппай наразылық акциясын өткізуге ымырашыл өкіметтік ықпал жасаған абзал болады!

Үшіншіден, Түркі елдері қауымдастығын (одағын) құру жөніндегі қоғамдық бастаманы мемлекеттік саясаттың деңгейіне көтерген жөн. Танымал тұлғаларды тарту арқылы «Бірегей түркі әлемі» қауымдастығын құрудың, оны қалтарыс қаржыландырудың қорын құру керек (Ресейдегі «Держава» қорына ұқсас. Ол үшін «Державаның» құрылуы мен жұмысына мұрындық болған Константин Затулин сияқты білімдар, ұлтшыл, отаншыл, мемлекетшіл қазақ жігітін сол қауымдастыққа жетекші ету керек).

Төртіншіден, өте қысқа мерзімдік және жуық арадағы антиресейлік жоспарды жүзеге асыру үшін, Астана мен Түркістан құрылыс жобаларына бөлінген қыруар қаржы есебінен Түркияның бір-екі «Байрақтар» дрондық комплексін сатып алып, түрік офицерлерінің қатысуымен шұғыл түрде «Северный щит» әскери-тактикалық жаттығуын өткізу керек. Оны ТВ-лар мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттау (жарнамалау) қажет. Басқа қандай ұсыныстар айтасыз?

Болды! Ресейдің шамына тиіп алмайық деп, «к***і қысып» жүретін бұралқы саясаттың шеңберінен шыға бастау керек. «Бұға берсең, сұға бередінің» кебі келгеніне әбден көз жетті. Енді (әзірге) қоғамдық бастамалар арқылы азу көрсететін кез келді! Ресейге қатысты бұдан арғы салдақы саясат Қазақстанның территориялық тұтастығына ғана емес, мемлекеттің тәуелсіздігіне катастрофалық қатер төндіреді!

Кремль рұқсат етпесе, мұндай мәлімдеме айтылмайтыны анық!

Қашанға Ресей, Батыстың арналарына телміріп отырамыз Alashainasy.kz

Асхат Қасенғали:

- Қарапайым өмірде сіз бен біз сияқты қолында билігі жоқ қарапайым адамдар түрлі уәж айта береді. Шай үстінде, дастархан басында «ана жер біздікі», «мына аймақ бізге тиесілі» деген әңгімені өрбітеміз. Бұл заңды дүние. Кез келген ұлтта кездеседі. Кешірімді. Шай үстінде не айтылмайды?! Ал бірақ дәл осындай әңгімені билік басындағы азаматтар айтса, онда ол өте қауіпті. Қазақ «ханның айтқанын қара да айтады, бірақ оның аузы дуалы емес» дегені осыдан шықса керек.

Мемлекеттік мінберден билікте отырған азамат екінші бір елдің тарихына қатысты күмән келтіріп, жерін өзінікіне балап тұрса, онда ол екі ел арасындағы татулық пен келісім принциптеріне сына қақты деген сөз.

Кешегі Никоновты көрдіңіздер. «Солтүстік Қазақстанда қазақтар болмаған, ал Қазақстан жері Ресей мен КСРО-ның сыйлығы» деп меңдуана жегеннің сөзін сөйлеп тұр. Барлығын жақсы біледі, әдейі айтып отыр. Бұл қандай мақсатта жасалғанын білмедім. Мүмкін Ресей халқын ішкі дағдарыстан назарын басқа жаққа аудару мақсатында болды ма, әлде рейтингі құлдыраған Путин өз деңгейін көтергісі келді ме, ол жағы белгісіз. Дей-тұра Кремль рұқсат етпесе, мұндай мәлімдеме де, ой да айтылмайтыны анық. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес, талай мәрте арналардан да осыған ұқсас реплика көрдік. Путиннің өзі де мемлекеттігімізге күмән келтірді. Соловьев тіпті «Алматыдағы лабораторияны неге атқылап тастамасқа» деген сөзді де айтты, ал ДУМА-да отырғанына 30 жыл болған Жириновский осы уақытқа дейін айтпағанды айтып, жазбағанды жазды.

Бұға берсең, сұға береді. Сондықтан кешегі СІМ-нің Ресей тарапына нота табыстағаны дұрыс қадам. Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіретін, қауіп төндіретін кез келген сөз, әрекетті насихаттайтын ақпарат жеткізуші құралдарының жұмысын еліміздің аумағында толық тоқтатуға тиіспіз. Елімізге Ресейден мыңдаған газет пен журнал, ондаған арна кіріп тұр. Барлығының жұмысын бір тексеріп, сепаратизмді насихаттайтын, ДНР мен ЛНР-ді жақтайтын, Қарабақтағы басқыншыларды қолдаған, еліміздің тұтастығына қауіп төндірген барлық газетті, журналды кіргізуді тоқтатып, арналарды жабу керек. Егер олай істемесек, ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттік тұтастығымызға келетін қатерді қалай азайтамыз.

Өзіміз де, өзге ұлт өкілдері де Қазақстанды білу, тану үшін ақпарат кеңістігінде Қазақстандық ақпарат басым болуы тиіс қой. Газет дүңгіршігіне барса 80% ресейлік басылым, теледидарды қосса тағы 60-70% ресейлік арна, көлікте келе жатып, радионы қосса тағы да сол көрініс. Ақпараттық кеңістікті өзге елге беріп қойып, қалайша мемлекетшілдік жайлы айтуға болады, ол мүмкін емес. Адам көзбен көріп, құлақпен есту арқылы идеологияны сіңіретін жаратылыс. Сондықтан есті жиып, арналар, газеттер мен журналдарға бір тексеріс жүргізетін сәт келді.

Қазақстан аумағы біртұтас, ешқашан бөлінбейді және ешкімге берілмейді. Біз унитарлымыз, ішімізден де ешқашан бөлінушілікке жол бермейміз.

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1394
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3182
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5026