Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2310 0 пікір 14 Ақпан, 2012 сағат 05:11

Нұрлан Қабдайұлы. Құлазу

(әңгіме)

(әңгіме)

Ай көлеңке беті шермиіп үйелеп жатыр. Аспан тап Алатаудың етегінен басталғандай, жұлдызы қайсы, шамы қайсы айырып болмайды. Шықса кіргісі жоқ, кетсе қайрылғысы жоқ, қайрылмасқа бекінгенде бет көрісері және кем... қаңыраған бір бөлмеге қаңғырып барып қалғандай болатынын ойлап күрсінді. Расында адам болам деп келгенде кісікиікке айналдырған Алматының түнінен басқа мұң шағар ешімі де жоқ екен-ау. Атақты ақынның атындағы жағалауға түсіп, шеткерек шаншылған фонарь түбіндегі арқалықты ағаш орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Тас төбеден қиғаш түскен жарықтың пұшпағы бақайының басында ғана жатыр. Арғы жағындағы тіршілікті көзіне де, көңіліне де қондыра алмады. Қапталдағы орындықта балаң жігіт енесінің баурынан емшек іздеген бұзаудай балғын қыздың алқымын түртінкетеп отыр екен. Аш белден орай тартып, құлақ түбінен қытықтай шарпыған ыстық демімен тұла бойды тоқша ұрып, алқынтып әкететін батылсыз бозбаланың от құшағында ұйқы қашып, таң бозына дейін талықсып отыра беретін бұла шақтың таныс суреті көз алдынан жүгіріп өтті. Мойнын ішіне тығып, екі қолын қалтасынан алмаған күйі тәлтіректей басқан еркектің күркілі селк еткізді. Бет-ауызы түтіндеп, езуіндегі темекінің тұқылын шайнап барады екен. Олақ пен шолақтың, пұшық пен пысықтың есебінен жаңылтқан кіділігі ұстап, жиырыла қалды. Құдды, етегін басып кеткендей. Сосын мырс етті. «...Бақытымыз жұғысты болсын!» деді-ау...
Өмірдің өтіп бара жатқанын он екі айда бір еске салып қоятын әдеті. Жылда пәленшекең екеуінің басынан аттап кете алмаған бақыттың сілекейінен дәметтіріп, бірі оң жақтан өріс ұзарта алмаған, бірі талақ арқалап төркінін тапқан қамкөңіл құрбыларының көкейін құрттатып қоя беретін әдеті. Басқаларға бұйырмай-ақ қойған пәленшекеңдер де тап бұның жолында шашылып жатқандай, жылда біреуімен табысып, есі шығып отырғаны.
Кейде жыны келеді. Осы жасқа дейін жалғыз жүргенін көзі түскен жігіттің көңілін шырмап, жетегіне ерерлік алқам-салқам мінезінің жоқтығынан, үмітпен көз тіккенге күдіпен қайта қарайтын секемшіл талғампаздығына жабады. Әйтпесе ұрғашының өңдісін көрсе, қалған дүниенің есебінен жаңылатын еркек байғұстың қайсысы сөз айтпады.  Жасы да бар еді, жасамысы да бар еді. Жаманы да, жақсысы да... бәлкім. Тіпті әйелі бар екенін жасырмағанмен, үйіріліп кете де алмай «баланы да, басқасын да қидым жолыңа, мен сендікпін» деп есін шығарғандары жоқ емес. Құдайға шүкір, есі шықса да, ақылы орнында болатын.
Кейде қырт өмірдің қиқымындай тағдырын әр жыртыққа бір өлшеумен күн оздырып жүрген құрбысын аяйды. Ойында бар, қойнында бар, қасында жоқ пәленшекеңдер, бөтен әйел мен жат еркектің бірін қымсынудан, бірін қысылудан азат етер арсы-гүрсіден солығы басылған күні, басқа қораның мекиенін қуып кетерін біле тұра беті қайтпайтынына налиды.     
Мынауысын көшеден таппаса, көрмеден таппаған-ау деп бастабында-ақ топшылаған. Расында түнгі клубтың күзетшісі екен. «Кому за тридцатьта» екі өкпесін қолына ұстап жүріп танысқан көрінеді. Есімі Құлболды. Люстраның сәулесі төбесінде сырғанақ теуіп жүрген қазандай сары бастың желкесі құж, шекесі қатпар-қатпар, кеңсірігі үгітіле домбыққан, жанары ащы екен. Жігіттің мінездісін емес, шарқаясын көріп тұрғандай жатырқай бас изесті. Жеті атасынан бері бекзаттық арылмаған джентлмен кісімсіп, сұқ саусақтың ымқыруында қылқиған шұңғыл қасықпен салаттың іргесінен қопара көсіп, туған күн иесіне жем тастап отыр. Жақтырмай отырғанымен ісі жоқ, бұған да мырзалық танытты. Артынша отырғандарға жағалай коняк құйып, қырлы рюмканың бірін өзі де шымши қысып, қуаныш иесіне қараған. Құрбысы да лып етіп орнынан тұрды. Биылғы туған күніне жаратушысы ерекше сыйлық жібергенін тебірене баяндай келіп «қыздар, бәріңе де Құлекең екеуіміздің бақытымыз жұғысты болсын!» деп сол тұрған бойда рюмканы қотара салды. Көңіл ауанына қарай келісті-келіссіз бас қосып, шер тарқатысар отырыстарда әркім өз мұңына бүркіп-бүркіп жіберетін заһар суды бұл жолы да ұзақ мөлиткен жоқ... Кеңірдекте лап еткен отты дауыл төмен қарай жүйткіп берді. Сосын маңдайы жіпсіп сала берген. Бірақ  басы көңілді дырдумен басталып, аяғы жылап-сықтауға ұласатын, әрбірден соң қайдағы бір жұректі қозғар әуенді ыңылдап жатып қалғып кететін әдепкі кептің құйрығын шұбалтуға бұл жолы көңіл шаппады. Киініп сыртқа шыққан...
Суретте - суретші Эдвард Мунктың «Айқай» картинасы
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618