Ұрланған перзент
«Күт мені!» дейтін телевизиялық бағдарлама бар білесіздер. Соған ұқсас Қазақстан түгілі бүкіл әлемдік деңгейде ең қымбаттымызды іздейтін жағдай болып тұр. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған қасиетті перзентін ұрлатып алып, оны әлі күнге аңдамай жүріппіз.
Ол 1991 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. Бүгін 29 жасқа толатын. 1995 жылы 30 тамызда төрт жасында алаяқ олигархтар ұрлап кетті. Содан бері ол ең атақты Ұрыбайдың резиденциясында бұғауда деп естиміз. Ана тілін ұмыттырғысы келіп айналасының бәрі жат тілді тықпаласа да ол анда-санда «Менің елім, менің жерім!» деп сәби жадында сақталған қазақшасын қайталайтын көрінеді.
Бүгінде жігіт болған, бұдан ширек ғасыр бұрын ұрлатқан сәбиімізді іздейміз. Біздің бүгінде Көк туымыз бар, жеріміз бар, әнұранымыз бен елтаңбамыз бар. Бірақ ол жоқ! Халық та атар таңдай, шығар күндей сол перзентін сағынды, шөлдеді, бір көруге зар, сабыры түгесіліп барады. Ол да әлсін-әлсін темір шынжырларын салдырлатып бостандыққа ұмтылады, халқына «Күт мені!» деп айғай салады дейді. Сол перзентімізді бірге іздеуге, табуға көмектесіңізерші?! Оны бәріңіз білесіздер, баршаңыз танисыздар. Ол қазаққа ауадай қажет.
Оның аты – Тәуелсіздік!
Ұрланған сол перзентіміздің бүгінгі туған күні құтты болсын!
Келесі жылғы туған күнін халқымыз сол шынайы Тәуелсіздіктің өзімен бірге атап өтуімізге нәсіп етсін!
Марат Байділдәұлының жазбасы
Abai.kz