Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 15760 25 пікір 22 Желтоқсан, 2020 сағат 11:01

Қазақия туралы карталар не дейді?

Орыстар Қазан хандығын 1552 жылы және Астархан қаласын 1556 жаулап алған соң, Шығысқа қарай жалғасты жаулау жорығын жүргізе алмады, бір мезет тоқтап қалды. Өйткені олардың қарсы алдында құдіретті Ноғай Ордасы Еділ-Жайық арасында көсіліп жатты, оларды аттап өту мүмкін болмады.

Дәл осы тұста Шығыстағы Тартария жері арқылы (Алтын Орда ыдыраған соң, Еуропалықтар Батыста Оралдан, Шығыста Моңғолияға дейінгі жерлерді жалпылай Тартария деп атаған, аталмыш атау Марко Полодан бастау алады) сауда-саттық жүргізу және оның қыр-сырын білу ағылшындардың ойын мазалады. Сонымен 1558 жылы ағылшын дипломаты Антоний Женкинсон (Anthony Jenkinson) орыстармен бірге Еділ бойына келеді, онан ары Бұхараға барады. Қысқасы ол Орыс және Орта Азия елдеріне жеке-жеке төрт рет жиһанкездік сапар жасайды (1558, 1561, 1566, 1571жылдары). Біз үшін маңыздысы екінші сапарынан оралған соң сызған әйгілі картасы болып табылады. Заманауи атластың атасы Ортелий Авраам (1527-1598) өзінің Theatrum Orbis Terrarum («Дүние Жүзінің Театры») атты атласына Женкинсонның 1562 жылғы картасын «Tartariae Sive Magni Chami Regni typus» деген атпен енгізеді, әрі 1570 жылы Белгияның Антверпен қаласында баспадан шығарады. 1987 жылы Женкинсонның қабырға картасы табылғанға дейін, дүниежүзі тарихшылары мен картографтары Женкинсонның осы атласын өз зерттеулерінде пайдаланып келді. Женкинсонның қабырға атласы ғылымда «Nova absolutaque Russiae, Moscoviae, et Tartariae, descriptio authore Antonio Jenkinsono Anglo, Clemente Adamo edita, et a Nicolao Reinoldo Londinensi, ari insculpta. Anno salutis, 1562» (Ресейдің, Мәскеудің және Тартарияның жаңартылған (картасы). Авторы Антонио Дженкинсоно Англо. Клемент Адамо мен Николао Рейнальдо Лондиненси жариялады. 1562 жылы ойылған) деген атпен белгілі. Дүниежүзілік екінші соғыстан соң, осы картаны орта мектеп оқушысы өз үйінің жертөлесінен тауып алған, соңынан тарих мұғаліміне сыйға берген. Ол мұғалім аталған картаны 1986 жылы Полшаның тиісті орындарына табыстайды. Қазір әлгі карта Полшаның Вроцлав университеті кітапханасында сақтаулы, оның ұзындығы 101,7см, ені 81,7 см.

Женкинсонның қабырға картасында Ноғай ордасы (картада Nagaia) Жайықтың екі жағалауына орналастырылған. Ноғай ордасының Шығысында Қазақия мемлекеті тұр (картада Cassakia). Ал Оңтүстікте, Каспий теңізінің шығысында жеті ханның суреті сызылған: Түрікмен жерінде Азим хан; Бұхара жерінде Благ хан; Самарқанд жерінде Махмұт хан; Ташкент жерінде Апиш хан; Моғол жерінде Алие хан; Балх қаласының маңында Куркот хан; Ардавил қаласының жанында Исмаил Сопы. Әрине аты аталған хандарды Женкинсон латынша мәнермен атаған, бәрі де өзі сапарлаған тұста билік басындағы хандар, ал кейбірі басқалардан естіген хандардың есімдері. Мысалы, Азим хан – Хаджим Хан, ол Хаджим Муҳаммед Хан (1519 – 1603) деп те аталады, Хорезм мемлекетіндегі Шаибанидтер әулетінен шыққан оныншы билеуші. Женкинсон Түрікмен деп сол кездегі Маңғыстаудан Арал теңізіне дейінгі аумақты атаған. Бір қызық жері, Қазақиядан тартып Моғол еліне дейінгі хандар мен халықтар аталмыш картада сәлделі, шекпенді мұсылман қауымы ретінде сызылған.

Картадағы Қазақия ордасының тұрғындары қырғыздар (картада Kirgessi) деп аталды. Женкинсон аталмыш атауды орыстардан алған секілді.

Женкинсоннің қабырға картасындағы Қазақия (картада Cassakia)

Женкинсон картасында Қазақияның аумағы анық көрсетілген: оңтүстігі Ташкент және Самарқандпен шектесіп, батысы Ноғай ордасымен жалғасып жатыр, қазіргі Қазақстан аумағына ұқсас. Ескерсек, Ноғай ордасы ыдыраған соң, Қазақ хандығының құрамына Қасым хан тұсында ене бастаған.

Тарихты саясат үшін қызмет еттіру немесе бір ұлттың тарихын бұрмалап, одан жалған тарих жасау тоталитарлық, отарлық жүйенің кертартпа, сыңарезу айлаларының бірі болып табылады. Бұл олардың тарих жөніндегі өз-өзіне күбірлеуі ғана. Ұлттық болмыс ұлттық болмыс боп қала береді. Жаңа теңіз жолы ашылғанға дейін, дүниежүзі тарихының тізгіні көшпелілерде болды. Олар көшпелілердің дүниетанымымен өмір сүрді, көшпелілер биік қорғандармен қалаларын немесе мемлекетін қоршап алған жоқ! Қайта отырықшы елдердің көпестері көшпелілерден соғыс олжаларын сатып алу үшін, олардың жылжымалы ордаларына ілесіп сауда жасады. Жылжымалы ордалар қазақ арба деп аталатын арбаларға тігілген киіз үйлерден құрам тапты. Көшпелілер отырықшы көршілеріне ел билеу дәстүрі мен әлемдік соғыс тактикасын үйретті, адамзатты атқа мінгізді. Көшпелілер тобыр емес толқын болды. Қарсы келгендерін толқын екпінімен жуып-шайып, аударып тастады. Кабинетте отырып алып тарих жөнінде ойына келгенін айтып бұрмалау, жар салу – ол оңай; оны түсіну, зерттеу немесе халық жадынан өшіру – ол қиын. Дұрыс, Орыс отаршылдары Қазақ даласын басып алған соң, отаршылдарға тән қасиетпен, жер-су аттарын өзгертіп, орысша ат қойды, ежелгі түркілік немесе қазақтық жер аттары ұмыт болды. Алайда ұмыт болған жер аттары халықтың жадында немесе Шығыс карталарында сақталды: Өскемен – Кеңгір-тұра; Орал – Теке; Атырау – Үйшік; Шалқар – Ақсақал-барбы, т.б. қаза берсек факт көп.

Орыс империясының одан соң Ресейдің қол астындағы Татарстан өз тарихының 17 томдығын жазып шығыпты, оларды орыс 1552 жылы басып алған.

Ал Қазақстан ше? 1847 жылы хандық жүйені үздік дейік, сонда 1991 жылға дейін Орыс үстемдігінде болған жылы 140 жылға да жетпейді. Қазақтың тарихшы ғалымдары неше томдық кітап шығарды? Кінә кімде? Тарихшыларда ма, билікте ме? Менше екі жақта да бар. Тарихшылардың басы қосылмайды, бір-бірін аяқтарынан шалады; басқа ұлт өкілдері немесе шетел ғалымдары жазып берген Қазақ тарихын мемлекеттік деңгейде дәріптейді; ал билік берген ақшасының тиын-тебенін есептеп, жегенін желкесінен шығарады; ғалымдарға орынсыз талап қояды, Scopus (скопус) та мақала шығар, болмаса бергенімді қайтар деп. Мұндай жәйт Батыста жоқ! Ал шетелден әспеттеп ағылшын тілді ғалымдарды Қазақ тарихы жөнінде дәріс өтуге шақырады, олар отарлық тарихты немесе шетелге бүйрегі бұратын тарихты сөйлейді. Әрине отарлық тарихтан ары аса алмаған елді кім көрінген басынғысы келеді. Қазақ мемлекеттілігі мен тарихы арасындағы талас-тартыс пен қиқу сөздер сонау XVI ғасырдағы Бруноның тағдырын еске түсіреді: ақиқат пен керағарлық арасындағы талас-тартыс!

Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ,

Тарих ғылымдарының докторы, синолог, шығыстанушы, Фэрбэнк Қытай зерттеу орталығының (Гарвард Университеті) зерттеуші профессоры

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1433
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5114