Әліппенің жалғасы – Қазақ тілі. Ана тілі бөлек пән!
Қазақ мектептеріне Әліппе мен Ана тілі қайта оралады. Бұл екеуі екі пән, бірақ кеңес дәуірінен бері кіріктіріліп, бірі (Әліппе) бірінші жартыжылдықта, екіншісі (Ана тілі) екінші жартыжылдықта оқытылып келді. Бұл пәндердің жыл басынан жеке-жеке өз алдына бөлек-бөлек оқытылатын кезі де алыс емес.
Біз, Оразкүл Асанғазы апай екеуіміз, осыны жоғарыға жеткізуге барынша тырысып жатырмыз. Біздің ойымызша, Ана тілі бірінші сыныптан-ақ, бірінші қыркүйектен бастап оқытылуы керек. Қазіргі Ана тілі екінші сыныпта Әдебиеттік оқу мен Қазақ тілі пәніне бөлініп кететін нағыз кіріктірілген пән. Оны екінші жарты жылдықта Қазақ тілімен кірітіріп оқытатындай не басымызға күн туды екен. Бірінші сыныпта керегі жоқ пәндер көп (өзін өзі тану, дүниетану, жаратылыстану, ағылшын тілі, орыс тілі). Ал біз балаға нағыз функционалдық білім беретін пәндерді (Әліппе + Ана тілі + Қазақ тілі) кіріктіріп отырмыз. Біз мұны айтудай-ақ айтып келеміз. Бұнда да латын әліпбиін жасағандар секілді бұрынғы «Сауат ашудың» аптырлары қалам мен қағазды иеленіп алып, дес берер емес. Ешқандай ғылыми-әдістемелік негізі жоқ әліппеге дейінгі кезең, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең деген бірдемені сонау кеңес кезінен бері сүйреп келеді. Оны осы Әліппенің бағдарламасына да апарып тықты. Оның негізсіз екендігін мынадан көруге болады. Сауат ашу пәнінде Әліппеге дейінгі кезеңді бір айға, ал мына Әліппе бағдарламасында екі аптаға созып отыр. Қазіргі Сауат ашу бойынша біз мектепке бейімделеміз деп бір ай ырғалып жүргенде қатар жүретін орыстар мен ағылшындар әріппен танысуды бастап кетеді.
Әліппе баланы оқу мен жазуға үйретеді. Оның мақсаты хат таныту, жазуға үйрету және жазылған сөзді оқуға үйрету болып табылады. Сондықтан Әліппенің сөздік қоры өте шектеулі болады. Бала сөйлеп тұрғанымен оқу мен жазу дағдысы өте баяу қалыптасады, мәнерлеп оқып, жүгіртіп жазып кету үшін ол әбден дағдылануы керек. Бізге оған өзге елдегідей көп уақыт керек емес, Манчестер деп жазып, Ливерпуль деп оқитын ағылшындарға немесе әр суреті жеке-жеке мәні бар сөз болып табылатын қытайларға хат тану үшін көп уақыт керек. Мына іргедегі орыстың өзінде шарттылық көп. Мәселен, алты дауысты дыбысы қай дауыссыздың қасында тұруына қарай 48 түрге енеді (Ә.Жүнісбеков). Ал, қазақ тіліндегі 9+19=28 дыбыс қайда тұрса да сол дыбысталу күйін сақтап тұрады. Сол себептен біздің баланың сауат ашуы тез, оңай. Хат тануға Ақаңның Әліппесімен төрт-ақ апта керек болған. (Т.Шонанов) Қазіргі 42 таңбадан тұратын орыс-қазақ әліпбиімен оған көбірек уақыт керек болар. Жаңа жылға шейін бұрынғыдай Әліппені аяқтайды ғой. Ал қазіргі «Сауат ашуда» түбін тексермей маймылша еліктеп (А.Байтұрсынұлы), әріппен танысуды наурызға шейін созып отырмыз.
Әліппенің ішіндегі мәтіндер өте қарапайым, (Ата ат тағала, Айдос доп ал және т.б.), 5-6 жастағы баланың өзінің табиғи сөздік қоры бұдан әлде қайда бай. Зерттеушілер монотілді (тілі бір тілде, ана тілінде шыққан) баланың сөздік қоры шамамен 5000 сөзді құрайтындығын айтады. Бұл дәлелденген тұжырым. Сондықтан бірінші жартыжылдықта тек хат танытамыз деп, баланың сөйлеу дағдысын екі тоқсан бойы тежеп қоюға болмайды. Бірінші тоқсанда әлі оқый алмайтын бала сабақты Әліппемен қатар, тыңдалым, айтылым әрекеттері арқылы жүргізіп отыруы керек. Ана тілінің мақсаты оқушының сөйлеу дағдысын жетілдіру, дүниетанымын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру. Яғни, Әліппе баланы оқу мен жазуға дағдыландырса, Ана тілі оның сөйлеу дағдыларын әрі қарай жетілдіріп, шыңдай түседі. Мақсаты бөлек екі пән бөлек-бөлек оқытылуы керек.
Қазақ мектебінде Әліппе бірінші сыныптың бірінші жарты жылдығында аяқталып, бірден екінші жарты жылдықта тілдік ұғымдар туралы қарапайым түсінік беретін Қазақ тіліне жалғасыу тиіс те, Ана тілі тыңдалым арқылы басталып, оқылым дағдысына ұласып, жыл бойы жүруі тиіс.
Құрметті әдіскер мамандар, қазір біз мынадай олқылықтар жіберіп отырмыз:
1. 1сыныптың бірінші жартысында тек хат танытатын пәнді, Әліппені ғана оқытып, баланың табиғый коммуникациялық дағдысын екі тоқсанға тежеп отырмыз.
2. Екінші жартыжылдықта қарапайым тілдік ұғымдар жөнінде түсінік беріп, дұрыс оқу мен сауатты жазу дағдысын қалыптастыратын пәнді (Қазақ тілін) екінші сыныпта Әдебиеттік оқу пәніне айналатын Ана тілімен кіріктіріп қойдық.
3. Қазақ баласына өміріне нағыз керек білімді беретін оқу мен жазуға, ұлттық дүниетанымымен тұлға болып қалыптасуына негіз болатын үш пәнді кіріктіріп оқытып, есесіне бірінші сыныпқа пайдасы жоқ пәндерді қаптатып кіргіздік.
Осының неге бұлай екендігіне жауап беретін пенде болса, алдымызға шықса болар еді.
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz