Дүйсенбі, 20 Қыркүйек 2021
Әлеумет 6653 37 пікір 28 Желтоқсан, 2020 сағат 11:54

«Тазиктен туған ой». Жеңіл өнеркәсіпке жай қарауға болмайды

Бірнеше  күннен бері Президент Қ.Тоқаевтің Солтүстік Қазақстан облысына сапарлай барып, Петропавлдағы метал пластик өндіретін өндіріс орны өндірген тазикті көріп тұрған суретін әлеуметтік желідегі жазғыштар сан-саққа жүгіртіп, жырдан қызық қып келемеждеп, жерден жеті қоян тапқандай желіні желдей естірді. 

Сонда бұл жазғыштардың мақсаты не? Түсінсем бұйырмасын! 

Егер, сол жазғыштар өнеркәсіптен титтей хабары болғанда, осындай ақымақтыққа бармас еді. Білсеңіз, өнеркәсіп мемлекетті өркендетіп, құдіретті ел қылатын бірден бір фактор. Мейлі, ол ауыр өнеркәсіп болсын, мейлі жеңіл өнеркәсіп болсын, ұлттық экономиканың жан тамыры. Президенттің көріп тұрғаны – күнделікті нәрестелерді шомылдыратын тазик. Бұл – өнеркәсіп өнімдерінің ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімі болып есептеледі. 

Қ. Тоқаев неге атының басын арнаулы жеңіл өнеркәсіп өндірушіге бұрып тұр? 

Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен Сіздерге жеңіл өнеркәсіптің бірнеше маңызды тұстарын айта кетейін. 

Бірінші, жеңіл өнеркәсіп өнімдері - адамдардың күнделікті негізгі тұрмыстық тұтыну бұйымдары болып табылады. Ол азаматтардың материалдық және мәдени-рухани өмірін жақсаруға тікелей ықпал етеді.

Екінші, жеңіл өнеркәсіп – ауыл шаруашылығын, ауыр өнеркәсіпті және шаруашылықтың басқа да салаларын өндірістік жабдықтармен және қосалқы өнімдермен қамдайды. Сондай-ақ, осы салалардың тұрақты дамуына қызмет етеді.

Үшінші, жеңіл өнеркәсіп – экспортты арттырудың және сол арқылы шетел валютасын табудың маңызды аспектісі болып табылады.

Төртінші, жеңіл өнеркәсіпті ашуға көп қаржы кетпейді. Құрылыс кезеңі қысқа, оған салынған қаржының қайтарылымы тез болады. Сонымен бірге, ол бюджеттік кірістің маңызды көздерінің бірі болып есептеледі.

Бесінші, жеңіл өнеркәсіптің көп саласы – еңбек күштерін көп қажет ететін өнеркәсіпке жатады. Бұл халықты жұмыспен қамтылуға аса тиімді. 

Сондай-ақ, мемлекеттің нағыз өнеркәсіпті елге айналуында кем болса болмайтын сала. 

Сондықтан президент Қ.Тоқаевтің жеңіл өнеркәсіп саласына мән беріп, өндірушінің жұмысымен танысып, оған дем беруі айта қалсын көрегендік.    

Бүкіл әлемде екінші экономикалық тұлға болып, әлемді тіксіндіріп отырған қытай елі де реформаның алғашқы кезеңін осындай ұсақ-түйек жеңіл өнеркәсіп тауарларымен бастап, ары қарай әлемді жаулаған жоқ па?!  Ал, Қытай экономикалық реформасының осы саладағы қырық жылдық нәтижесі қазіргі күнде азуы алты қарыс кәрі империялардың өзіне экономикалық экспансиясын жүргізіп отыр. Кезінде мұздай қаруланған кеңес одағында осындай «ұсақ-түйек» шығаратын өнеркәсіп желісі болмағаннан кейін, АҚШ санкция салғанда, дүкендердің сөресі қаңырап бос қалып, экономикалық дағдарыстан көз аша алмай, соңында құлап тынды. 

«Ақша тиыннан, жылқы құлыннан құралады». Мен Президент Қ.Тоқаевтың бұл көрінісін «еліміздің дұрыс жолға аяқ басуы» деп бағалаймын. Ол алдымен қарапайым халықтың тіршілік жолын қарастырып отыр. Сондықтан, қос қолмен еңбектеніп, өнім шығарып жатқандарға шабыт беру үшін өндіріс орнына барды. Бұл – біле-білсеңіз, өз потенциалымызды дұрыс тану. 

«Қазақстанда ештеме өндірілмейді» деп ұлар шу болып жататындар аз емес.  Көрмес түйені де көрмес! Құдайға шүкір, біраз нәрселер өндіріліп жатыр. Егер, шынымен патриот болсаңыз, сол Қазақстанда өндіріліп жатқан тауарды сатып алыңыз! Оған қолдау көрсетіңіз! Президент Қ.Тоқаевтің және де осындай өндірушілерге барып, қолдау көрсетіп шабыт беруіне мұрындық болыңыз! 

Өнім шығарудың мейлі кішкенесі болсын, мейлі үлкені болсын, оның принципі бірдей. Барлығы да бірді бірге жалғаған қажырлы еңбектен келеді. Нарықтық заманда өнімді мемлекет өндірмейді. Сіз бен біз сияқты кәсіпкерлер шығарады. Нағыз білімді, білгіш, отансүйгіш болсаңыз, бекер қарап жатпай, сауда істеңіз! Өнім өндіріңіз! Мемлекетті құрғақ сөз құтқармайды, қажырлы еңбек құтқарады. Біздің елді мәңгі бодан болып көрмеген, бүкіл жарты әлемге билік жүргізген империя – Түркиямен салыстыруға келмейді. Олар тарихта біз басқан жолды әлде қашан басып өткен. Біз енді ғана солар жүріп өткен сүрдекпен бір жығылып, бір тұрып зорға келе жатырмыз. Отыз жылда орда бұзып, ер болатын жігіт болады да, қырығында қырдан аса алмаған ез де болады. Біз сол отызға енді келіп жатқан елміз. Алдағы он жыл Қазақ елі үшін аса маңызды уақыт. 

Ең алдымен сананы жаңғыртайық.

Сол үшін, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» болмай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қызметін қолдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бай-қуатты ел болуға тырысайық!

Ербосын Нұрмұханұлы

Abai.kz

37 пікір