Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 16728 7 пікір 2 Қаңтар, 2021 сағат 15:29

Сүйінбайдан Жамбыл қалай бата алды?

Жамбыл Жабаевтың туғанына -  175  жыл!

ЖАМБЫЛ

Роман-этюд. (Үзінділер)

Жетісу жерінде Сүйінбай аты аңызға айналған адам. Өлең жүрегіне қонған бала Жамбыл Сүйінбайдың Тезек төре мен қырғыздың Қатаған ақынымен болған айтысты жатқа білетін. Жамбыл да Жетісудың азулы ақындарының қатарына қосылмай ма? Өткір сөз қылыштан жаман. Қылыш басыңды алады, сөз ұрпағыңа таңба салады. Бұдан кейін жер басып жүрудің өзі азап.

Жамбыл дүниеге шыр етіп түскенде Сүйінбайдың аты Алатаудан асып, асқақтап тұрған. Елудің үшеуіне келген екпінінен жел ескен Сүйекең басына қонған баққа шомылып жүрген. Ақын – адалдықтың ақ алмасы. Мынау ағайыным, анау жұрағатым, мынау төрем, анау бай туыс демей шындықты шырақ етсе, оның тұсында халық жүреді.

Сүйінбайды бір көру Жамбылдың арманына айналды. Білгені Сүйінбай ағайынның алысы емес, жақыны. Шапырашты ішінде Екей баласы. Соның Жарымбетінен. Жарықтықтың төрт әйелі болған екен. Бертіс деген әйелінен Жарымбет көп бала сүйеді. Жамбыл осы Бертістен тараған ұрпақ. Ал Сүйекең Әлти деген тоқалынан туады. Жатыры бөлек демесең, тіні бір. Ақын болғысы келген адам ең алдымен өз тұқымын түгендейді, кем-кетігін, жақсылығын тереді. Құда-жекжатқа дейін іріктеліп, ми-сандыққа жиналады.

Ағайынның азары болса да, безері болмайды. Жаныс Әшеке болыстың ауылында қоңсы, болмаса қайынсақ болып жүрген Жапаны елге әкелмесе ағайындыққа сын. Сол Жапаны елге, атақонысқа алып кету үшін атақты Сүйінбай барады. Көшті күтіп Сарыбай болыс Суықтөбенің баурайында қалады. Жері құт, пейілі кең Жаныс қасқарау Бұғымүйіз-Бесмойнақта шапырашты бауырларын төрге отырғызып, малын жайлауға шығарған. Осы жерде малы қоңданып, өздері әлденіп, Қарғалы бойындағы Майбұлаққа көші түзеліп қайтады. Қасқараудың Малтақбайұлы Сыдық бастап, Үмбетәлі қоштаған тобы Майбұлаққа дейін әкеліп салып, үйлерін тігіседі. Сол Үмбетәлі менің бабам, Қалижанның әкесі.

Дулат пен шапыраштының еншісі бөлінбегенін тарихи жәдігерлер айтады. Ол Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында да бар. Сол деректің жарқын көрінісі шапырашты-дулаттың қоныс тебуі. Ағайынды екі туыс қатар отырады. Бір ауыл – дулат, бір ауыл – шапырашты. Сонау Сүйінбай ақын баба кезінде бұл ерекше орын алады. Мысалы, Жамбыл Сүйінбай ақынды Қасқарау Жаныстың мекені Бұғымүйіз, Бесмойнақ сағасында көреді. Бұл пейіш мекен, ғажайып жер. Ек таудан екі өзен құлай ағып, Бесмойнақ етегінде қосылып, Арнаға айналады. Сол екі таудың ортасында теп-тегіс жазық бар. Ол жерде жеті қат жердің астынан қыста да қатпайтын зәмзәм сулы бұлақ бар.

Сүйінбайдың аты дүркіреп шыққан кезі. Тезек төрені тепсіндірмей тұқыртып, айтқан сөзі аңызға айналған кез. Жамбылдың кеуде сарайына бекінген Сүйінбайдың бір өлеңі бар.

Ат құйрығын бұлаған,
Қол жеткен жерін сұраған.
Егескен жауы жылаған.
Қызыл тілін безеген,
Найзасын тасқа тежеген,
Тұлпар мініп, ту алған,
Мен Қарасай ұлымын.

Жамбыл Сүйінбайдың бар өлеңін жатқа біліп те алған. Тезек төремен айтысын айтқанда ауыл жастары ерекше қуанышқа бөленетін. Өйткені Жамбыл өте тапқыш. Екі домбыраны екі жағына қояды. Екі шекпен қасында, екі бас киім. Бірі жаңалау, екіншісі көнелеу. Сонан соң, бірде Сүйінбай, бірде Тезек төре болып, дауысын ұқсатыңқырап, әндете жөнеледі. Оған қоса бағанда ілініп тұрған аттың қу басын әкеліп жастықтың астына тығып қояды. Сонан соң Жамбыл-Тезек:

Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.
Ордаға құл мен құтан басып кірген,
Құдайдың бұ да болса бір кезегі.

Атамды шалған қыдыр Абылайдан,
Жақсының көңілі жұмсақ сары майдан.
Шөл бүркіті Бүйенген сары жігіт,
Сұраймын руыңды, келдің қайдан?

Тезек төре торғайдың шөжесіндей бір орнында отыра алмай, селдір сақалы дір-дір етіп, ешкінің текесіндей жылдам екенін Жамбыл жақсы білетін. Енді сол сипатты салып Жамбыл отыр. Оған бәрі мәз.

Жамбыл-Сүйінбай:

Ұраным менің – Қарасай,
Мен – Сүйінбай!
Өлеңді Қарасайлап айтамын-ай!
Сәлемге келген кісінің атын алып,
Неден пейілің тарылды тақсырым-ай.

Ассалаумағалейкум, Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре!
Телі менен тентекті тыят десе,
Өзің ұрлық қыласың әттегене!

Осы кезде Жамбыл қара сөзге көшеді. Тезек төре әрі сараң болса керек. Сүйекеңе сілесі қатқан, сары атты береді. Соған Сүйінбай Тезек төреге қарап былай депті:

Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді?
Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді?
Кірпігіне қарасам, қурап қапты,
Тұсында Абылайдың бар ат па еді?!

Тезек төре жерге кіргендей қара сұр болып отырып қалыпты. Сонан соң Сүйекең сары ат болып сөйлепті:

Сары ат:

Тұсында Абылайдың мен бір сары ат,
Жас күнімде болып ем ерге қанат!
Талай құда келгенде, талай досы,
Бермеп еді, хан Тезек мені қамап.
Мойнымнан жел, бойымнан әлім кетті,
Әл кеткен соң өзіме кәрілік жетті.
Ала жаздай бойыма шыр бітпейді,
Қыс болса, өкпе тұстан суық өтті.

Жамбыл аттың басын алып, екі қолымен арлы-берлі қозғап қояды. Бұдан артық қандай қызық болсын! Ана қойдың басы неге керек? Жамбыл одан әрі қызықтыра әңгімелейді.

Тезек төре сөзге жеңіліп, басы түйе тоғыз мал беріп, тай сойып, қонақ етеді. Қоштасарда қараса тоғыздың ішіне жетекке жарамайтын, жауыр болған қаракер ат бар екен. Ақынның қырағы көзі соны байқап қалады. Сонан соң тоғыз қараға жақын келіп, қаракер атқа былай депті:

Бейшара, болдырыпсың, қаракер-ай,
Кешке жаяу жүрсем де алмаймын-ай.
Өзі жауыр, өзі кәрі ақсақ екен,
Мұныңды алып елге бармаймын-ай.

Орта жолда болдырып, өліп қалар,
Мұның мен обалына қалмаймын-ай.
Қаракер, жөніңді айтшы өзің маған,
Айтсаңшы, қайдан келген сорлы едің-ай?!

Жамбыл осы жерде сөзді келте тоқтатады. Бәрінің көзі Жамбылдың аузында. Тағатсыздық. Бәрі ентелеп отыр. Осы кезде Жамбыл аттың басын иығына дейін апарып, Қаракер болып сөйлейді:

Мен жөнімді айтайын, ай, Сүйінбай!
Түргендегі мұжықтың аты едім-ай.
Төрең барып сол жерден алып келген,
Қысы-жазы өзімде бір тыным жоқ,
Үстіме шыр бітпеген қу едім-ай!

Жамбыл енді арқасын кеңге салады. Асықпай, сақалы бар адамдай иегін сипалайды. Көзін жұмады, екі тізесіне салмақ салып, теңселіп қояды. Бұл Сүйінбай кейпі. Сүйінбай енді сөйледі, сөйлегенде бүй деді:

Ұйтқыған әрбір сөзім жел құйындай,
Хан-қараға сөйлеген мен Сүйінбай.
Арыз айтып алдымда жылап тұрған,
Көрдің бе жандарды қаракер тай.

Ұрлығына мінгізіп күндіз-түні,
Малдықтан кетіріпсің оны былай.
Ал жерден арқаға пышақ салған,
Төре, Құдай болсаң да тартсаңшы айбат!

Енді Жамбыл Тезек төре бола қалды. Бағанағы маңғаз, керенау отырыс жоқ. Шындық бетін шарпыған. Оттай ыстық шындық. Мойындамасқа шара жоқ.

Тезек төре:

Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау...
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау!

Тезек төре сүрінді. Сүйінбай сөзі тарады да кетті. Ащы сөз не жақындастырады, не көрместей болып алшақтатады. Тезек төре ғана емес ақын да еді. Ақыннан ақын жеңілсе – жеңіл, төре жеңілсе – ауыр. Осы екі ұдай көңілмен Тезек Сүйінбайды сүйеу тұтып қалып еді. Сол сенім алдамапты. Сүйінбай қырғыздың Қатағанымен айтыста Тезек төренің атын шығарды.

... Бұғымүйіз-Бесмойнақтың сары жазы көңілді. Самал жел, саф ауа, көкорай майса сылдырлап аққан бұлақ. Бұрқ-бұрқ қайнаған ет. Қып-қызыл болып пісіп жатқан бауырсақ. Желіде – құлын, көгенде – қозы, месте пісілген сары қымыз. Он екі қанат үйде Сүйінбай отыр. Әндетіп отыр, әңгімелеп отыр.

Осы кезде жарапазаншының дауысы естілді. Сүйінбайдай ұстаздан бата алып, ақындық жолына түспекші.

...Ақ сәлдесі басында,
Боз інгендей боздаған.
Қайтып сабақ береді,
Айтқаны ішке қонбаған,
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам,
Өлең кірген түсінде,
Жергөгімде мен болам...

Баланың сөзі ерек, өлеңі бөлек. Сүйінбай ұнатты. Екейдің Тағаш пен Дүйсен байлары қасқару жанысқа қоңсы қонып, мәре-сәре болып жатқан. Әрі жұртты елеңдеткен екі есім бар. Бірі Сүйінбай да екіншісі Саурық. Тосын дауыс Сүйінбайды селт еткізді. Өлеңнің киесі қонған бала ғана мұндай сөз айта алады.

Жамбыл имене кіргенмен аңтарылып қалған жоқ. Көзі өткір. Сопақша жүзі нұрланып тұр. Кішкентай домбырасы иығына асылыпты. Жаңағы сөзіне тәнті болды ма, киіз үйдің іргесінен шапан алып, бала Жамбылға жапты. Жамбыл шапанды Сүйінбайға ұсынып, бата сұрады. Ақындықпен тапқан шапанына құтты болсын айтып, Сүйінбай кейін бір батама лайық сый жасарсың деп, қолын жайды:

О, Жамбыл, бата дедің – бердім саған,
Бақытты, өмірлі бол, жүргің аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағың былай шығып кінә маған.

Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын соралаған.
Жапаға риза болсын айта барғың,
Осымен өкпелемей жүрсін маған.
Әумин!

Бұл бата қабыл болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарғалы бойында Әшекей үйінде Жамбыл Сүйінбайды көрген. Бірақ әлі балаң еді. Сондықтан да бата сұрай алмаған. Енді он беске келген шағында оң-солын таныды. Ақындықтың қонғанын сезінді. Бұл кездесу Жамбылдың тағдырын мүлдем өзгертіп жіберді. Сүйінбайдан бата алып қана қоймай, қасына ілесу құрметіне ие болды. Сүйінбай батасына өлең мен шапан жапты.

Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері,
Маған тартқан сайындай.
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай.

Жалғасы бар...

Уәлихан Қалижанов,

филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА академигі

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279