Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 7866 0 пікір 23 Ақпан, 2012 сағат 05:09

Сағымбай Ботпайұлы. Әлкей Марғұлан және Алаш қайраткерлері

Қазақтың алып даласы елге тұтқа болған талай тархандардың әрі әлемге ғылым-білімнің нұрын төккен ғұламалардың құтты мекені, ырысты өлкесі болған. Тектілікке тән жасампаздық ғұмырын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етудің құтты білігін рухани жарасымда өркендеудің күре тамырына айналдыруда өшпес із, мәңгілік өнеге қалдырды. Қазақ руханиятындағы сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі -Әлкей Хақанұлы Марғұлан.

Қазақтың алып даласы елге тұтқа болған талай тархандардың әрі әлемге ғылым-білімнің нұрын төккен ғұламалардың құтты мекені, ырысты өлкесі болған. Тектілікке тән жасампаздық ғұмырын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етудің құтты білігін рухани жарасымда өркендеудің күре тамырына айналдыруда өшпес із, мәңгілік өнеге қалдырды. Қазақ руханиятындағы сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі -Әлкей Хақанұлы Марғұлан.

Ақжан Машани қазақ даласының ұлы перзенті Әл-Фараби мұрасының маңызын ғалымның имани қасиеттерімен байланыстырып: «Ғылым деген сөздің өзі аса жоғары қасиетті есім. Ол өзі көп тараулы, терең білімді, шексіз ғаділ, қайырымды, адамдық ардың жоғары дәрежесін тұтынған адам болу керек. Ондай Есім ешкімнің алдында жалбыранып, бақыт іздеп, бас имеске керек. Ондай адамды дүние пұлы, әлемнің бағы, патшаның тағы қызықтырмаған керек. Оның іздегені ғылыми хақиқат. Ол бір тұрған адам баласының ақыл ойының бейне бір әлемге бірдей шам шырағы болу керек. Ғалым Есіміндегі өзінен жоғары мәнсаптың алдында шыбындау, өзінен төменнің алдында қырыңдану сияқты сасық паңдық деген болмас керек. Осындай Есім күнделікке азбайды, мәңгілікке тозбайды. Ондай Есім бізде болған ба? Болған, ол - Фараби» деген болатын. Осы бір ілкі қасиеттердің қазақ топырағында Шоқан Уәлиханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбайұлы, Бауыржан Момышұлы сынды ғасыр саңлақтары арқылы дәстүр арнасында жаңғырып, отандық тарих пен мәдениет, әдебиет пен өнердің сан ғасырлық мұрасын кешенді зерттеген Әлкей Хақанұлы Марғұланның ғылыми-шығармашылық тұлғасымен сабақтасуы ғажайып та заңды құбылыс.

1919 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының баласы Әмен қамқорлығымен Керекудегі мұғалімдер курсында оқыған дарын кейіннен қыр перзенттерінің рухани орталығы болған Семей педагогикалық техникумында білімін ұштады. Шәкәрім ақын «Таң» журналына жаңа әнмен байғазы», «Таң» журналына тағы бір әнмен байғазы» өлеңдерін арнаған «Таң» журналының (1925 жыл. Наурыз-маусым) және «Қазақ тілі» газетінің (1919-1929) редакциялық істеріне араласып, алғашқы мақалаларын жариялайды. Бұл ретте Әміре Қашаубаевтың Париждегі концерті, жүлде алуына қатысты жазған мақаласы ерекше назар аудартады.

Қандай да болмасын таланттың бойындағы хас даралық қасиеттерінің тұнық тұмасы - туған жері, өскен ортасы. Міне, Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса, Имантай сынды ұлт рухани мәйегін кейінгі ұрпақ санасына сіңірген тарландардан бата алған дарын ғалым болып қалыптасуына Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Әбікей Сәтбайұлы, Қаныш Сәтбайұлы, Хакім Иманбекұлы, Жағыпар Секербайұлы, Жаяу Мұса ерекше әсер еткенін зор ілтипатпен атап көрсеткен-ді. Ал Алаш арыстарымен рухани арнадағы шығармашылық тығыз байланыста болуы Әлкей Хақанұлының азаматтық тұлғасы және ғалымдық келбетіндегі ұлттық ұстанымдарының мызғымас негіздерін мәңгілікке қалады.

ХХ ғасыр бедеріндегі қазақ ғылымының Атилласы іспеттес тұлғаның  1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі комитет мүшесі академик А.Е.Ферсман, профессор С.И.Руденко басшылығымен Қазақстан және Алтай бойынша ұйымдастырылған экспедияларының жұмысына қатынасуы болашақ ғылым ізденістеріне кең өріс ашты. Әсіресе экспедиция барысында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханмен бірлесіп қызмет атқаруы өмір белесіндегі тарих тартуы тұрғысынан қалам қарымына, елшілдік мұраттағы отаншыл қасиетіне бұла күш дарытты.

Саяси қысым шығармашылық еркіндікті үнемі тұсаулап отырғанымен, ғалым өз естеліктерінде Алаштың рухани көсемдерінің ұлт керегі дегеннен бас кетсе де тартынбаған ерен еңбектері мен қастерлі есімдерін қашанда зор құрмет сезіммен еске алып отырды. Мысалы, «Біздің Мұхтар» (1976) атты жинаққа енген «Алғашқы өрлеу» мақаласында «...Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен «Абай» журналы еді. Бұл журналда Мұхаңның беташары деуге болады. Өйткені оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе Мұхаңның өзі болатын. Бас редакторы - Жүсіпбек Аймауытов» деп жазды. Ал Мағжан ақынның сұлулық әлемінің тылсым құдыретін Жүсіпбек Аймауытұлынан кейін эстетикалық биікте әдіптеген де Әлкей Марғұлан болатын. «Менің өз білуімде, қазақтан сол кезде екі әдемі кісі болатын. Мынау сұлулықты, ләззәттылықты, сосын дүниедегі жақсы нәрсені жақсы көретін екі кісі  болып еді. Біреуі - Мұхтар, екіншісі - ақын Мағжан болатын. Осы екеуінің түріне қарағанымызда, құлпырып тұрған қыран құстай оларға еш пенде жетпейді деп ойлайтынбыз» деген тебіреніс күйіндегі сағыныш сазымен өрнектей отырып жеткізді («Ақ Орда». 1993. №2).

Алаш зиялылары ер басына күн түскен алмағайып әрі ар өлшемі таразыға тартылар тайталас тағдыр тауқыметіне қарамастан ата-баба қанынан дарыған имани қасиеттеріне берік болды. Оның терең тамырлы діңгегін дауылды жылдар екпіні де шайқалта алмады. Сталинизм зобалаңында Алаштың арда ақыны Мағжан Жұмабайұлы тергеушінің: «Ленинградта тұрғанда кімдермен байланыс жасадыңыз?» - деген арандатқыш сұрағына: «Ленинградта көп тұрғаным жоқ. Елден әйелімді шақыртып алдым. Досым, әрі поклоннигім Әлкей Марғұлан есімді жігіт жиі келіп тұрды, әйтсе де көп ұзамай ол жігіт ауырып, ауруханаға түсті. Содан байланысымыз үзіліп қалды» - деп жауап берді. «Ойнайды заман сойылы - ақын өлтіру ойыны! Заңын да салып соңына, жарын да салып соңына, көріне даусын жеткізбей, еліне даусын жеткізбей, аузы мен мұрнын тығындап, сыртынан сұмдар сыбырлап, жас бала демей қарбытып, баспана бермей қаңғытып, ойнайды заман сойылы - ақын өлтіру ойыны» (Жұматай Жақыпбаев) қазақ ұлтының зиялы қауымын қынадай қырған өлара тұста арлы ақын Мағжан Жұмабайұлы Алаш аманатын арқалаған Әлкей Марғұланды саяси арандатудан қорғап қалды. «Ішкі істер наркомының айлакер тергеушісі кейіннен Мағжан аузынан шыққан кісілердің тізімін жасапты. «Қайсысы қай жерде жүр» деп әлгі тізімді қайыра әкеліп алдына тартыпты. Сонда Мағжан Әлкей Марғұлановтың тұсына «өлді» деп белгі соғыпты»  (Досжанов Д. Абақты. - Алматы. 1992. 267-бетте). Міне, Мағжандай ұлт перзентінің елдік қасиеттерді асқақ тұтқан өрлігі мен ерлігі Алатаудай асқақ, Ұлытаудай нар тұлғасындағы парасат әлемінің ұлық дидарын асқақтатата түседі. Осы ретте Әлкей Хақанұлының азаматтық һәм ғылыми-шығармашылық тұлғасының қалыптасуындағы Алаш қайраткерлерінің өрісті ықпалы ғұламаның ғылыми ғұмырнамасын тұрғысынан терең екшеуді, байыпты зерттеуді қажет етеді.

Әлкей Марғұланның естеліктері Алаштың ақылмен ақындары мен сал-серілерінің өршіл рухтағы әсемдік күйге бөлейтін сыршыл әуезге толы ғажайып та жарқын ойға толы бір бүтін жойқын әлем іспеттес. Қазақ әдебиеті мен өнері Халық университетінде 1974 жылы 16 тамызда сөйлеген сөзінде Мұхтар Әуезұлы туралы тереңнен сыр шертіп, суреткердің әсемдік әлеміне қатысты: «Ол алтын адам  бейнесін жасаған суретші, оны әдебиеттің сұлулық қақпасына әкеліп кіргізген кісі... Мұқаң адамшылыққа жол ашқан, айға, аспанға, жұлдызға ұмтылған кісі. Әуезов көптеген шығармаларында көтерген мәселелері - терең ойлы, ар намыс, шындық, адалдық. Ар, намыс, шындық бәрі бір категория. Ар, намыс бар жерде шындық та болады. Оған негіз болған нәрселер - Абай үлгісі, Абайдың школасы, мектебі десем, шынында Мұқаңның жаңағы ой қазыналары көбінесе кемеңгер Абайға барып тіреледі» - деп дәстүр негіздерінің болат өзек түп төркініне ой сала зерделейді.

Семейде Мұхтар Әуезұлымен танысқан Әлке Хақанұлының Абай туған қасиетті Шыңғыстауда болуы да оның өмір белесіндегі айтулы кезең-ді. Асылдың сынығы Тұрағұлмен жүздесіп сырласуы қазақтың бас ақынының көркемдік құпиясына енуіне, ұлт рухының айбыны болған қасиетті мекеніннің рухани тыныс-тіршілігімен етене танысуына серпін берді. Ақын туған орта, оның текті ұрпақтарына қатысты құнды да маңызды тақырыптар білгірлікпен қамтылған естеліктерінде сол бір ұмытылмас күндер жайында «Шыңғыстаудан алған алғашқы әсер өте тамаша еді. Өйткені талай ауылға бардық, Тұраштың өз үйінде болдық, әлгінің бүлдіршіндей балалары сөйлегенде, былай өлең айтқанда, олардан бір жақсылықтың, бір сұлулықтың исі аңқып тұрғандай көрінді» , «Жебеш деген әнші болды Тұрағұлдың баласы - Жебірейіл деген. Жебірейіл сияқты Абайдың өлеңдерін ешбір пенде осы күнге дейін айта алған емес. Оны жұрт Жебеш дейтін. Жебештің «Қараңғы түнде тау қалғыпты» айтқаны анау Орда тауының түбінде отырып, әлі күнге дейін құлағымда» деп тебірене жазды. Тұрағұл Абайұлы (1876-1934), Жебрәйіл Тұрағұлұлының (1903-1930) шығармашылық тұлғасын ашудағы сырлы сезімдегі эстетикалық толғаныстары Ә.Марғұланның өнер құдіретін айрықша бағалаған жан әлемінің көркемдік иірімін танытады.

Ұлт руханиятының алтын бесігі Шыңғыстау өлкесі туралы естеліктерінде Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты деректер кездеспейді. Десек те жаһан ғылымы мен ілімін терең игерген ғалым Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресімен» (Орынбор, 1911) жан-жақты таныс болды. Қайым Мұхаметқанұлы «Шаһкәрім» зерттеу мақаласында ақынның аталған шежіресіндегі Алаша ханға қатысты тарихи деректерді айта келіп, Абай мен Шаһкәрімнің берген мағлұматтарын академик В.В.Бартольдтың еңбектерінен көреміз деп жазады (Қараңыз: Мұхаметқанұлы Қ. Шаһкәрім. Кітапта: Шәкәрімтану мәселелері. - Семей, 2007. 69-бетте). Ал Әлкей Марғұлан Ленинградттағы Шығыс институтының түркология бөлімінде, сонымен қатар тарих-филология факультеттерінде қатар оқығанда және де Өнер институтында дәріс тыңдап жүргенінде Орта Азия тарихы мен археологиясы жайында академик В.В.Бартольд дәрісінен нәр алғаны мәлім.

Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін тамамдап, ғылыми-оқытушылық қызмет атқарған әрі Орта Азия мен қазақ даласының тарихын, мәдениетін терең зерттеген В.В.Бартольдтың (1869-1930) Шәкәрім шежіресімен таныс болғаны да еш күмән тудырмайды. Міне, Әлкей Хақанұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресіндегі кейбір тарихи дерек көздерін «О носителях древней поэтической культуры казахского народа» (Кітапта: М.О.Ауэзову. Сборник статей к его шестидесятилетию.А.,1960) зерттеу мақаласында келтіреді. Абай қолжазбаларын мұрағаттардан тыңнан тапқан ғалым «Абай шығармаларының негізгі нұсқасы болып табылатын Мүрсейіт Бікеұлының дәптерінен басқа князь Кудашевтің, Садуақас Мұсаұлының, Г.Н.Потаниннің, И.Я.Коншиннің тізбелерін салыстыра зерттеп, олардың жазылған жылдарын анықтады. Кудашев тізбесінің Садуақас қолжазбасының көшірмесі екенін дәлелдеді» (Т.Рсаев). Өз кезегінде қолжазбаны бірінші рет тізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев екенін, ал Садуақас өз дәптеріне көшіріп алғанын да дәйектеп, ол тізбеде Абай шығармаларынан басқа бірнеше ақынның, соның ішінде Арыстан, Табынбай, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің жазғандары да бар деген құнды дерек көздерін нұсқады («Қ.Ә».1969.16.ҮІІІ).

«Хандар жарлығының тарихи маңызы» (1943) атты кандидаттық, қазақ ғылымының тарихында тұңғыш рет «Қазақ халқының эпикалық жырлары» (1945) деген тақырыпта қазақ эпосынан докторлық диссертация қорғаған Әлкей Хақанұлы Марғұлан ғылыми зерттеулерінде отандық  тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнері ажырағысыз тұтастықта кешенді қарастырылды. Осы бір ғажайып қасиеттер ғалым еңбетерінде үзілмес арқау, ортақ желі болып өріліп отырады. Тоталитарлық жүйедегі ұлттың терең тамырлы рухани мұрасын еуропацентристік қалыпта қарастырудағы таяз тұжырымдарға тойтарыс беріп, қалыпқа сыймаған кемел ойларымен әлеумет ой-санасын ұлтсыздандырудан сақтауда рух асқақтығын танытуда Алаш аманатындағы парызын атқарып өтті. Бұған бүгіндері де ғылыми мәні мен мағынасы жойқын еңбектерін тізбелемей-ақ бір-екі зерттеуіндегі терең ойға назар аударсақ Марғұлан мұратының мәңгілік темірқазығындағы түркілік тамырымыз, Алаштық аңсарымызға жаңадан қан құйылады. Мәселен «О носителях древнего поэтического искусства казахского народа» (Кітапта: М.О.Ауэзову. Сборник статей к его шестидесятилетию. А.,1960) зерттеуінде жырау тұлғасы, қоғамдық өмірдегі тұғырына қатысты құнды ғылыми тұжырымдар жасалса, «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер...Қазақтың сал, серілік дәстүрі» еңбегіндегі ғылыми талдаудағы ойөріс тереңдігіне иланамыз. Қазақтың сал, серілік дәстүрінің бастауын Түрік қағанатымен байланыстыруы («Серілікті әдет қылған ойшы кісінің бірі - Иоллық тегін деген кісі. Ол өзі ғажайып аңшы, мерген, атты күтіп ұстайтын бапкер, сонымен қатар асқан ақын, жырау болған»), аталмыш өнер биік сатыға жеткен қазақ дәуіріндегі хандар тұлғасын айшықтауы («Қазақ хандарының көбі өздерінің бабалары Жошы, Ордаежендердің серілік дәстүрін жалғастырған. Ең бірегейі - әз Жәнібек. Ол атақты аңшы, құладынға қу ілдірген саятшы болып, ойын-сауықты көп қуып, ел-елді аралап, қалыңдық іздейді екен». «Серілікті аса биік сатыға жеткізген Есімхан. Оның қамқа тоны, басындағы бөркі, аяғындағы қызыл етігі тегісімен алтынмен кестеленіп отырған»), кейінгі кезеңдердегі сал-серілер шығармашылығындағы тұтас өнерпаздық қасиеттерді дәстүр ұласуымен бірлікте екшеуі соның айқын дәлелі. Ақан серінің көркемдік әлемін, эстетикалық тұғырын зерделеудегі пайымдары Мағжанның «Ақан сері» мақаласының стилін айқын аңғартады.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,

Е.А.Букетов атындағы

ҚарМУ оқытушысы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550