Жұма, 29 Наурыз 2024
Көршінің көлеңкесі 3812 10 пікір 6 Қаңтар, 2021 сағат 12:35

Орыс тарихшысының кезекті арандатуы...

Дмитрий Верхотуров

Күні кеше ғана баспасөз бетінде жарық көрген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мағыналы да маңызды мақаласы қазақтың қай баласына да үлкен ой салары анық. Өйткені кейінгі кездері өздерін жер кіндігіне балайтын, ал ақ көңіл қазақ «құдайы көрші» деп санайтын Ресей еліміздің біраз аумағына, әсіресе, терістік облыстарға аш көздерін тігіп, ашықтан-ашық жаулық көзқарас танытып отырғандығы біздің бұрынғыдай жайбарақыттығымызды мүлдем көтермек емес.

Бұл орайда мұндай теріс пиғылдарға мықтап тұрып тойтарыс беруде тарих ғылымының орны ерекше. Сондықтан да болар, Президентіміз аталмыш мақалада: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деп ашық айтты. Шындығында да бұл тақырып бізде екінші қатарға ығыстырылып, жұртшылық назарынан тыс қалғаны белгілі. Енді оны түсінікті тілмен, қалың көпшілікке жақындата беруден ұтылмақ емеспіз. Бұған ешкім де дау айта алмас.

 Алайда біздің көңілімізді толғантқан тағы бір тақырып - әртүрлі авторлар жазған мақалаларды сын көзінен өткізіп, оның ақ-қарасын талдап, өзіндік ой түйе аламыз ба деген қауіп. Өйткені тарих дегенің бүгінгі таңда таза саясатқа айналып, тоқпағы мықты елдердің өзгелерге күш көрсетуін ақтайтын таптырмас құралға айналғалы қашан. Мәселен, күні кешегі Ресей думасының Никонов пен Федоров секілді арандатушыларының сөздері өзінікі еместігі белгілі. Ол Кремльдің қазіргі «Орыс әлемі» атты үлкен ойының алғышарттары ғана. Демек, бізге ашық қарсы шықпағанмен, өтірік күле сөйлеп, дұрыс айтқан болып, ішкі ойын жасыра білгендермен де байқап сөйлескеніміз мақұл.

Идеология деген салада шындықтан гөрі «жартылай шындық» пен «жартылай өтірік» дегеннің қашанда ықпалы зор, тигізер әсері аса пәрменді болатындығы әлдеқашан дәлелденген. Өкінішке қарай, кейде біз осындай «күліп кіріп, күңіріне шығатындарды», қойнына тас тығып отырғандарды байқамай қаламыз.

Бұл ойға мені осы жақында ғана еліміздің аса беделді дейтін, негізінен орыс тілінде хабар тарататын, алайда елімізге бүйрегі бұрады ғой дейтін сайттың бірінде «Ресейлік тарихшы Ресейдің қазақтың жерін қалай зеңбірекпен жаулап алғандығын айтып берді» («Российский историк рассказал, как Россия с пушками захватывала земли у казахов») деген жанға жылы тиетін мақала жарияланды. Мұндағы айтылған ой мен келтіліген деректер өте дұрыс және нақты да әсерлі. Негізінен деп тұрғанымыз бекер емес. Өйткені бұл деректер әлгі Ресей тарихшысы Дмитрий Верхотуров дегеннің мақаласының бірінші бөлігінде ғана айтылады. Ал ол екінші бөлігінде бұл мақалаға мүлдем басқа сипат береді. Оның айтуыншща Ресей депутататтарының сөздері мен біздің елдің көршімізшге жолдаған нотасы да саяси мәнге ие көрінеді. Демек, мұндайдың «өзіндік мықты бір себептері» бар көрінеді. 

Ал бұл қандай «себептер» дейсіздер ғой. Сөйтсек, арандатушылықты бастаған көршіміз емес, мына біздің өзіміз екен. Автордың топшылауынша пәленің бәрі қазақ ұлтшылдарының көптен бері Ресей аумағына, әсіресе Орынбор мен Омбы облыстарын өздерінікі деп санаумен қатар, Қазақстандағы 30-шы жылдары орын алған ашаршылықты Ресейге қарсы айыптау ретінде пайдаланатын көрінеді. Және де бұл талап қоюшылық жылма-жыл қайталана береді екен. Міне, осыдан келіп қазақ ұлтшылдарында «Ресей әлсіз, онымен санаспауға болады» деген жалған ұғым қалыптасыпты. 

«Ресей үндемесе - бұл оның әлсіздігі емес, - деп бізге «қатты ескерту» жасайды. - Ресей жады мықты держава. Мұндай жаулық әрекетке бір сәті мен реті келгенде мықтап тұрып жауап беріледі. 

Сосын, бұған мысал ретінде кезінде Шешенстан басшылығының қасәіретті тағдыры мен күні кешегі таулы Қарабақтағы жағдайды мысалға келтіреді. Оның ойынша шешендердің тәуелсіздік үшін күресі Ресейге қарсылық көрінеді де, сол үшін оның басшылығы зардап шегіпті. Ал Таулы Қарабақты Әзербайжанның қайтарып алуында әзербайжандардың түк те қатысы жоқ. Мәселе, армяндардың бір кезде Ресей саясатына қарсы шығып, кешірілмес қастық жасапты. Содан соң, Ресей Әзербайжанға ол жерлдерді «жаулап алуына» («отарланған жерлерді қайтарып алуға» демейді, «жаулап алуға» дейді) «керемет жомарттық» жасап, оларға осылай етуге мүмкіндік беріпті.

Міне осылай дей келе әлгі «тарихшы» өзіндік «аса қисынды» тұжырымға келеді. Егер қазақ ұтшылдары араздықты қоздыруын қоймаса, түбі ол қақтығысқа әкеледі. Ал бұл қақатығыста Ресейдің толық жеңіске жетуіне экономикалық та, әскери қуаты молынан жетеді. Керек десе сөйтіп ол өзінің  орысша айтқында «реализует любые свои претензии».

Енді бұдан артық не айтарсың? Егер біз «ау, мынау бізге жақ екен ғой» деп мақаланың әдейі қойылған тақырыбын ғана оқып, оның арғысын сарапқа салмасақ, «мұндай достардың» арандатушылығына ұшырап қаларымыз сөзсіз.

Абай болайық, ағайын!

Жайберген Болатов

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551