Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5263 0 пікір 24 Ақпан, 2012 сағат 05:35

Мұхан Исахан. Бірінші қазақ-орыс соғысы

Осыдан үш жыл бұрын тарихшы Рашид Оразовпен бірге Қырғызстанға экспедиция жасап, Кенесары ханның соңғы жорығы жөнінде «Хан Кененің қазасы, Алашымның азасы» атты жолсапар очеркін жазған едік. Өкініштісі, сол очеркке сапар барысындағы көрген-білгенімізді ғана енгізе алдық. Ал, Кенесары ханның қасиетті күресі жөніндегі көңілге түйген тарихи-философиялық ой-тұжырымымызды жолсапар күнделіктің шеңберіне сидыра алмадық. Бүгін міне, Кенесары ханның 210 жылдығы қарсаңында сол кезде ашылмаған сыр, айтылмаған ақиқатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Осыдан үш жыл бұрын тарихшы Рашид Оразовпен бірге Қырғызстанға экспедиция жасап, Кенесары ханның соңғы жорығы жөнінде «Хан Кененің қазасы, Алашымның азасы» атты жолсапар очеркін жазған едік. Өкініштісі, сол очеркке сапар барысындағы көрген-білгенімізді ғана енгізе алдық. Ал, Кенесары ханның қасиетті күресі жөніндегі көңілге түйген тарихи-философиялық ой-тұжырымымызды жолсапар күнделіктің шеңберіне сидыра алмадық. Бүгін міне, Кенесары ханның 210 жылдығы қарсаңында сол кезде ашылмаған сыр, айтылмаған ақиқатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бүгінгі күнге дейін Хан Кене жайында көптеген тарихшылар мен қаламгерлер терең ізденістер жасап, сүбелі еңбектер жазып қалдырды. Әйткенмен, сол мол шығармалардың бәрі тарихи обективті шындықты паш етті деп айта алмаймыз. Зерттеушілердің бір тобы Хан Кененің қозғалысының кейбір сәттеріне ғана тоқталса, келесі бір зерттеушілер Кенесары ханды кең көлемде зерттеуге мән берді. Кенесарының хандық деңгейдегі ірі-ірі бастамаларына ұлттық рух, мемлекеттік пайым тұрғысынан қарап, Хан Кененің он жылдық қозғалысын сонау Керей мен Жәнібек хандар құрған қазақ мемлекеттілігін жалғастырушы, қала берді кешегі өткен батыр бабасы Абылай ханның сарабдал саясатын одан арықарай іліп әкеткен ізашар ретінде бағалаған зерттеушілер де болды. Сонымен бірге, Хан Кененің қозғалысын аймақтық-рулық мүдде тұрғысынан бағалап, ханның қолға алған реформаларының байыбына бармай, негізсіз қаралаған қаламгерлер де өз арамыздан табылғаны ащы шындық.

Хан Кененің қасиетті күресі жөніндегі бір ізге түспеген мұндай ала-құла байлам-тұжырымдар өскелең ұрпақтың тарихи санасына кері әсер ететіні айдан анық. Әсіресе, Кенесары ханның мемлекеттік деңгейдегі қозғалыстарын аймақтық-рулық мүдде тұрғысынан пайымдау, ұлттық тұтастық тұрғысынан алып қарағанда мүлде тиімсіз екендігі белгілі. Осы шиеленісті түйінді негізге алсақ, Хан Кененің реформаторлық қарекеттері өзгеше пайымдауды, жаңаша тұжырымдауды қажет ететіндігі аңғарылады. Әйткенмен, әлі күнге дейін базбір тарихшылар мен қаламгерлер Кенесары хақындағы сол баяғы сарыннан, сараптаудан арылмай-ақ келеді. Ендеше, біз бұл мәселеге қатысты ұлттық тұтастық тұрғысынан өз тарихи ой-тұжырымымызды ортаға салмақпыз...

Екі мемлекеттің арасындағы соғыс деп бағалаған жөн

Әсілі, Хан Кененің шарықтау шегіне жеткен кездегі саяси реформасы мен әскери іс-қимылы ұлт-азаттық қозғалыс һәм көтеріліс ұғымының ауқымына симайды. Рас, әуелі, Қасым төренің ұлдары аяулы Арқа төсін жаттың табанына бастырмау үшін ұлт-азаттық қозғалыстар жасап бақты. Сперанскийдің «Сібір қазақтары туралы ережесі» негізінде Батыс Сібір Губернаторлығы 1824 жылы аға сұлтандар басқаратын Қарқаралы және Көкшетау округін құрды (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 206 б). Базбір арыдан ойлай алмайтын шөпке тышар төре тұқымдары Патша өкіметінің берген аға сұлтандық шен-шекпеніне малданып, жаңа жүйеге қалтықсыз қызмет етуге кірісті. Ал, Қасым сұлтанның ұлдары ашылып жатқан округтердің Алаш баласының басына кигізілген бұғау екенін аңғарып, аузы түкті кәпірдің аяр саясатына бірден қарсы шықты.

Әдепкіде, Қасымның үлкен ұлы Саржан сұлтан және оның ізбасары Кенесары атасы Абылай ханның уағындағыдай Алаш баласының бағымсыз ел болып қалуы үшін орыс ұлықтарына үшбу хат жазып, мәселені дипломатиялық жолмен шешкісі келді. Алайда, аузын кере қарыс ашып, Қазақ жерін біржолата басып алуды көздеген Ресей патшалығы алғашқыда Қасым сұлтанның ұлдарының қарсылығын нәрегей наразылыққа балады. Саржан сұлтан қалың қолмен келіп Қарқаралы приказын қоршауға алғанда ғана барып Омбы ұлықтары Қасым сұлтанның ұлдарының әрекетінен шошына бастады. Әйтсе де, Саржан мен Есенгелді сұлтандардың Ресей отаршылдығына қарсы күресі ұзаққа бармай, 1836 жылы Әулие-атада Ташкент құшбегісінің қолынан қаза тапты (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 206-210 бб).

Бұдан кейін көтеріліс тізгінін қолға алған Кенесары сұлтан азаттық үшін арпалысқа жан-жақты әзірлік жүргізді. Отаршылдық саясаттан теперіш көрген руларды өзіне тартып, көтерілісшілердің қарасын көбейте түсті. Ресейше қарсы күресу үшін діндес Бұқар және Хиуа хандықтарымен дипломатиялық байланыс орнатты. Ол Абылай ханның кезіндегідей тәуелсіз Қазақ мемлекетін қалпына келтіруді мұрат етті. Бұл туралы Омбы губернаторы Горчаковқа жазған үшбу хатында : «Мысалы, Ресейді басқа бір ел басқарса қалай болар еді - міне, сондықтан бізді де, түсініңіздер. Мен, әрине, өзімнің жағыма Қарқаралы, Ақмоладағы өзімнің халқымды алдым. Бірақ, енді өз халқымды түгелдей өз жағыма шығарып алу ойымда бар...» (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 234-235 бб) деп жазды.

Уағында Ш.Уалиханов та Хан Кененің мұрат-мақсатын: «Қайткенде де қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сақтап қалу болды» (Уалиханов Ш.Ш Шығармалар жинағы. 5 том. Алматы. 1985. 202 б) дәл бағамдаған болатын. Яғни, Кенесары ханның көздегені - Қазақ мемлекеттілігін сақтай отырып, халықты отаршылдық саясаттан озбырлығынан аман алып қалу болды. Осы тұрғыда, оның әскери әрекеті ағасы Саржан сұлттанның қозғалысының жалғасы ретінде көрініс тапқанымен, мұлде жаңа мазмұн, жаңа сападағы қозғалыс еді.

Жалпы, Кенесары сұлтанның 1838 жылы Ақтау және Ақмола бекіністерін шапқанға дейінгі әрекетін ұлт-азаттық сипаттағы қозғалысқа жатқызуға болады. Одан кейінгі 1841 жылы үш жүздің баласы ақ киізге орап хан көтергенге дейінгі әскери іс-қимылы ұлт-азаттық көтеріліс сипатында өрбіді. Бұл мәселеге қатысты Кеңестік кезеңде тарихшылар арасында алауыздық орнап, көрнекті зерттеуші Е.Бекмаханов қуғын көргенімен, кейінгі кезде тарихшылар Хан Кененің әрекетін бірауыздан ұлт-азаттық көтеріліс деп бағалауда. Бірақ, Кенесарының хан болғаннан кейінгі әскери іс-қимылын қалай бағалауға болады? Біздіңше, Қазақ ханының Орынбра губерниясына ішкерлей еніп, орыс станцияларын шабуы, Қоқан хандығы мен Қырғыз жеріне жасаған жорықтары мемлекетаралық әскери әрекеттерге жатады. Олай болса, Хан Кененің әрекеттері ұлт-азаттық көтерілістің ауқымына симайды деген сөз.

Рас, Кенесары хан 1837-1841 жылға дейінгі аралықта ұлт-азаттық көтеріліс жасады. Көтерілістің діттегені жоғарыда айтып өткеніміздей - аталары Абылай ханның дәуіріндегідей тәуелсіз қазақ мемлекетін құру болатын. Кенесары хан осы мақсатқа түпкілікті қол жеткізе алған жоқ. Дегенмен, 1841 жылы Кенені үш жүздің игі жақсылары хан сайлады. Тарихшы Е.Бекмаханов өз еңбегінде Хан Кененің белгілі бір деңгейде мемлекет құра алғандығын айтып өтеді. Шынында да Кенесарының билік жүйесінде мемлекеттік белгіліре бар. Мысалы, ол негізін салған хандық жүйеде басқару органдары (заң шығарушы, атқарушы, сот билігі) толықтай жұмыс істеген. Мемлекеттің салық саясаты, әскери құрылымы, әкімшілік жүйесі болған. Заң шығару өкілеттілігін Хан Кеңесі атқарса, атқарушы биліктің құзыреті тікелей өзінде болды. Одан өзге әкімшілік жүйені Кенесары эммиссарлары атқарды. Сот билігін билер атқарса, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету қолбасылар мен батырларға жүктелді. Ал, Кенесарының салық саясаты зекет және ұшыр жинаудан тұрды. Мемлекеттің аумағы сол кездегі әскери алашапқын жағдайға байланысты үш жүздің территоиясына алма-кезек ауысып отырды (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 284-296 бб).  Мұрағаттық деректерде Кенесарыға бағынған елдің ұзын-ырғасын ескере отырып, көтерілісті қолдаушылардың жалпы қазақтың үштен бір бөлігін құрағанын  болжауға болады.

Айтпағымыз, Кенесары хан болғаннан кейінгі оның әскери іс-қимылы тек ұлт-азаттық сипатта емес, екі мемлекеттің арасындағы соғыс сипатында өрбіді. Мысалы, 1844 жылы Кенесары хан Орынбор шекарасындағы орыс мұжықтарының Софинск, Михайловск, Рымник, Полтава, Наслединская станцияларын шапқан. Сонымен бірге, Хан Кене Сыр бойы мен Қаратау өңірі үшін Қоқан хандығымен де күрес жүргізді. Тіпті, Алатаудың баурайындағы қырғыздарға да шабуыл жасады (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 271-274 бб). Бұл әскери іс-қимылдарды да ұлт-азаттық көтеріліс деп бағалау күлкілі емес пе?! Яғни, «Кенесарының 1841 жылға дейінгі әскери әрекеттерін ұлт-азаттық көтеріліс» деуге болады. Ал, одан кейінгі іс-қимылдарын «Қазақ мемлекеті мен Ресей патшалығының арасындағы соғыс», «Кенесары хан мен Қоқан хандығының арасындағы күрес», «Қазақ хандығының қырғыз тайпаларына агрессиясы» деп бағалаған жөн.

Бұл бас көтеру ғана емес, қасиетті күрес - ғазауат!

Хан Кененің қозғалысының айтылмай жүрген тұстарының бірі - біз көтерілістің ғазауаттық сипатын ашып көрсете алмай келеміз. Рас, көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов: «Кенесары ортаазиялық хандар мен дінбасылар сол шақта барынша насихаттауға тырысхан «кәпірлерге» қарсы қасиетті соғыс - «ғазауат» үндеуін ұстанған жоқ» (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 198 б). деп, Кеңестік идеологияның ықпалымен Хан Кененің бас көтеруін тек ұлт-азаттық көтеріліс ретінде көрсете алды. Әйткенмен, Кенесары қозғалысының қозғаушы күштері, оның сыртқы саясаттағы қолдаушылары, сондай-ақ, хандық үкіметтің реформасында исламдық атрибуттардың басымдығы нені аңғартады? Әсілі, Хан Кене қазақ хандарының ішінде мемлекеттік басқару ісінде тұңғыш  болып шариғат жүйесін енгізген билеуші.

Десек те, хронологиялық тұрғыдан алғанда, Кенесарыдан бұрын ел билеу ісіне шариғат заңдарын енгізуді Арынғазы сұлтан көтерді. Арынғазы сұлтанның бұл бастамасын Е.Бекмаханов: «Бұл сөзсіз түрде оң қадам және қазақтардың құқықтық қатынастарының дамуындағы белгілі бір кезең болды» деп бағалап, «Кенесарының қызметінде қазақтардың әдеттегі құқығын тура жоққа шығару байқалмаса да, оны бар уақытта қолдана қойған жоқ. Бұл жағынан оның Арынғазымен ұқсастығы көп еді», (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 288 б) дейді. Яғни, хандық билік деңгейінде мемлекеттік басқаруға шариғат заңдарын енгізген Хан Кене болатын

Кенесары хан мемлекеттік басқару реформасында өзі жоғары билеуші болғанымен, «Хан Кеңесі» органы жұмыс істеді. Осы кеңеске дін адамдары да енді. Мысалы, Кенесарының бас уәзірі Сайдақ қожа Оспанов Самарханд пен Бұхарада діни білім алған. Сондай-ақ, ханның кеңесшісі әрі дипломат татар Әлім Ягудиннің де архивтік деректерде дін адамы екені айтылады. Зекет жинаушы қызметін атқарған Ғабдулсаттар да молда еді (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 199 б, 286 б).

Хан Кене тұтқынқа түскен орыс солдаттарын Ислам дінін қабылдауға үндеген. Мысалы, қазақтарға тұтқынға түскен П.Федоров өзін Кенесарының правслав дінінен бас тартуға үгіттеп, Исламға мойынсұнуға шақырғанын айтады. Сондай-ақ, архивтік деректерде Хан Кененің жасағында мұсылман туыс халықтаран түркімен, қарақалпақ, қырғыз, өзбектердің болғандығы айтылады (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 198 б). Тіпті, Кенесарыны Хиуа, Бұқар хандықтары арнайы жасақ аттандырмаса да қару-жарақ беріп қолдап отырған. Ал, Қоқан хандығы қазақтардың орыс отарлауына қарсы жасаған ғазауатын Саржан сұлтан басшылық жасаған шақта қолдағанымен, Кенесары хан тұсында қасиетті күреске дем берген жоқ. Себебі, Хан Кене Сыр бойы мен Қаратау өңіріндегі қазақтарға өктемдігін жүргізген Қоқан хандығына қарсы бірнеше рет жорық жасады (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 316 б). Сонымен бірге, Ташкент құшбегінің Қасым сұлтанды, Саржан және Есенгелді сұлтандарды айуандықпен өлтіруі, Кенесарының Қоқан билеушілерімен орысқа қарсы бірлесіп күресуіне кедергі келтірген фактор еді.

2000-шы жылдардың басында Кентау қаласының іргесіндегі көне Қарнақ медресесіне соғып, оқу орнының өткен тарихымен танысудың сәті түсті. Медресенің мұрағатынан осында оқыған шәкірттердің тізімі табылыпты. Тізімге қарап отырсам қазақтың бірқатар билеушілері осында білім алған екен. Ішінде Кенесары ханның аты да ұшырасты. Демек, Хан Кененің өзі де құр жайдақ емес, белгілі бір деңгейде діни сауаты болған. Оның мемлекеттік басқаруда шариғат заңдарын басшылыққа алуына, осы діни білімі әсер етке керек.

Жалпы, Кенесары ханның күресінің ғазауаттық белгілерінің бар екенін алғаш аңғарған философ Д.Кенжетай болатын (Д.Кенжетай. Хан Кененің қасиетті мұраты. Түркістан -2010. 5-15 бб). Әйткенмен, философ-ағамыздың бұл пікірін тарихшы қауым қаперге алмай келеді. Басқа елдерде мұндай мәселе көтерілген болса, әлдеқашан тарихи тұрғыдан жан-жақты зерттеп, өз бағасын беріп қойған болар еді. Ал, біз әлі күнге дейін ескі сораптың соңында келеміз. Сайып келгенде айтпағымыз, Кенесары ханның  Патша өкіметіне қарсы күресінің ғазауаттық сипаты бар екенін мойындағанымыз жөн деп білеміз.

Кейбір көркем шығармалардың шырғалаңы

Кенесары ханның 1837-1847 жылдардағы қозғалысы жөнінде жазылған еңбектердің бірсыпырасы бүгінгі қазақ қауымын біріктіруге емес, бөлшектеуге итермелейтін сияқты. Оған Хан Кенеге қатысты қаламгерлердің көзқарастарының әрқилығы себеп болуда. Әсіресе, базбір қаламгерлеріміздің тарихи романдарында Кенесарының тұлғасы жағымсыз кейіпте сомдалып, оның реформасы сол дәуірдің сұранысын қанағаттандыра алмаған деген рәуіште бедерленген. Әрине, тарихи романдарды ғылыми еңбек деп бағалауға болмайды. Әйтсе де, қарапайым бұқара халықтың тарихи көзқарасын ғылыми монографиялар емес, тарихи романдар қалыптастырады. Себебі, көпшілікке ғылыми дүниелерден көрі бірінші кезекте тарихи романдар жетеді. Ал, халық көркем дүниеден алған әсерінен тарихты да сол пішінде таразылай бастайды. Нәтижесінде, тарихи көзқарастардың әр-алуандығы алауыздықтың туындауына да түрткі болады. Осы себептен де ғылыми негізсіз қауесеттерге тоқтам жасау керек деп ойлаймын. Әйтпесе, халқымыздың да тарихи-рухани біртұтастығын толық қамтамасыз ете алмаймыз.

Айталық, жазушы Ғалым Ахметов «Жем бойында» деген тарихи романында Кенесары ханды Шектінің Назар руынан түнемеге қыз сұратқан сұмырай билеуші ретінде сомдайды. Қаламгер ағамыз сол оқиғаны баяндай келіп, Хан Кене жөніндегі ойын «...орыс патшасының қазақ еліне енгізген жаңа тәртібі мен елдің бұрынғы патриархалды-рушылдық негізі әлсірей бастаған. Сондықтан да заманның өзгеруге бет алғанын түсіне алмаған, барлық елді хан заманындағыдай бір қолда, қорқытып ұстаймын деген Кенесарыны өз маңындағы ат төбеліндей ғана топ болмаса, басқалар қолдамады және сол Кенесарының  не көздеп жүргенін халық білмеді ме? Баяғы өткен хан заманын көксеген Кенесары көбіне жеке басының қызығымен әуре болып жүрді. Назар елінен қыз сұратып, адам жібергені де сол баяғы ескінің жорасы еді», (Ғалым Ахметов. Жем бойында) деп аяқтайды.

Задында, Хан Кенені ат төбеліндей ғана топ қолдаған емес. Көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты машһүр монографиясының «Кенесары көтерілісінің қозғаушы күштері» деген тарауында «Қазақтардың XVIII-ХІХ ғасырларда болған барлық басқа көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі оған үш жүздің бұқара халқы түгел қатысты» дей келіп, Кенесарының қозғалысын қолдаған ру-тайпалардың кестесін көрсетіп өтеді (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 183-184 бб). Кенесарының көтерілісі 1837-1840 жылдары Орта жүз аумағын қамтыды. Осыған орай осы кезде көтерілістің уығын көбіне Орта жүз рулары көтерісті. Ал, 1841-1845 жылдары ғазауаттың бет-алысы Торғай мен Ырғыз өзендеріне қарай ойысқан кезде, Кенесарыны Орта жүзбен қатар Кіші жүздің рулары қолдады. Хан Кене стратегиялық шегініс жасап 1846-1847 жылдары Іле мен Алатау бойына келгенде, Ұлы Жүздің қолдауына ие болды. Сондай-ақ зерттеушілердің дерегіне қарағанда Кенасарының 20 мың жауынгерден тұратын армиясы болған (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 296 б). Қала берді, сол дәуірдегі қазақтың от тілді, орақ ауызды би-шешендері, жолбарыс жүрек батырлары, небір сұңғыла бай-сұлтандары Кенесарының қолдаушылары болды. Олай болса, Хан Кенені қалайша ат төбеліндей топ қолдады деп кесіп айта аламыз?

Сонымен қатар, Кенесары жеке басының қызығымен әуре болатындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын бейқам уақытта өмір сүрмегені жалпыға мәлім. Қазан төңкерісіне дейінгі Смирнов, Потто, Середа, Янучкевич, Серебринников секілді зерттеушілер Кенесарыны қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қойған тұлға деп сипаттаған. Ал, Е.Бекмаханов Кенесарының күрексер тұлға болып қалыптасуына атасы Абылай, әкесі Қасым, ағасы Саржанның ерекше ықпалы болғанын айта келіп: «Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуына қазақ хандығының тәуелсіздігін қайта өрлету үшін күрескен оның обтасы белгілі рөл атқарды. Осы тұрғыдан бұл отбасы өздерінің қарабастарының мүдделерімен ғана шектелген басқа сұлтандардың отбасыларынан айқын ерекшелен-ді» (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 215 б) деп бағалайды.

Фольклорлық деректерде де Кенесарының тұлғасы ерекше сомдалады. Мысалы, Омар Шипин:

Ерлігі Наурызбайдың ерен еді,

Хан Кене ақылы асқан зерек еді.

Ортада оба ағаштай терек еді,

Екеуі қапылыста өліп кетті,

Қазақтың баласына керек еді.

-          деп жырлайды.

Ал, Нысанбай жырау Кенесарының ажал құшуын қазақтың басынан бағының тайғанына балап:

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз,

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан тайды бағымыз.

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

Байланды тіл мен жағымыз.

- деп жырлайды.

Жыр алыбы Жамбыл ақын қазақ батырларының Хан Кененің туының астына жиылғанын айта келіп:

Кенесары алдында

Өңкей көкжал бас қосқан.

Қара тасты айырар,

Қайраттары алмастан.

Сондай ерлер өтті ғой,

Дұшпанымен айқасқан.

- (Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. Алматы: Жалын, 1993. 147-148 бб) деп жырлайды.

Кенесары да ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң, оның да сұлуды құшып, жар сүюіне қақысы бар. Десек те, Хан Кене шариғатты бекем ұстаған жан. Яғни, оның жеке басының қызықшылығы шариғат шеңберінен аспаған болар деп ойлаймыз. Сондықтан, «Баяғы өткен хан заманын көксеген Кенесары көбіне жеке басының қызығымен әуре болып жүрді» деген көзқарасты негізсіз деп ойлаймыз.

Бұдан өзге Хан Кененің тұлғасын Бекділдә Алдамжар, Құрал Тоқмырзин секілді жазушылар да теріс сипатта сомдаған. Әсіресе, Бекділдә Алдамжар ағамыз «Ұлы сел» атты тамаша тарихи романында Кенесарыны - Қайып хан, Наурызбайды - Нақып сұлтан деген атпен беріп, екеуін қарабасының қамынан ары ойлай алмайтын кеще, дәурені өткен билеуші ретінде көрсетеді. Нақыпты (Наурызбайды) батыр емес, жаппастардың қыз-қырқынына қырғидай тиген әпербақанға балайды.

Кенесары Жаппастың да Ботбайдың да жауы емес

Тегінде, оқырман қауым нені оқыса, сол мәліметпен қаруаланады. Мысалы, Алматы қаласының әкімшілігінде 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының көрмесі өткен еді. Осы шараға Алматы қаласының әкімі арнайы келіп қатысты. Әр дәуірден хабар беретін жеке-жеке қойылған көрмелерді көріп келе жатып, ХІХ ғасырдың тарихын паш ететін көрмеге келгенде айналып өте шықты. Әдепкіде, әкімнің бұлай теріс айналуын түсіне алмадық. Сөйтсек, бұл көрмеде Хан Кененің үлкен суреті қойылыпты. Ал, әлгі әкіміміз Жаппас руының тумасы екен. Естуімше, Кенесарының есімін естісе, тыржия қалатын көрінеді. Мінеки, бұл Кенесарыны аймақтық-рулық тұрғысынан бағалап, ғылыми негізсіз қаралаған жоғарыдағы еңбектердің зор жемісі.

Ал, шынтауйтында, Кенесарының Жаппас ауылдарын шабуына мына жағдай түрткі болды: Кенесары Жаппас руынан зекет жинауға 1844 жылы Наурызбайды 100 жасауылымен жібереді. Әуелде, хорунжий Жаңғабыл Төлегенов бастаған Жаппас руының игі жақсылары Наурызбайды жасағымен иіліп күтіп алып, зекет жинап беруге уәде беріп, кешке қонақасын береді. Түн ортасы ауып, жасақ ұйқыға кеткенде, Жаңғабылдың ұйымдастыруымен жаппастықтар жасауылдарды қырып салады. Тек, Наурызбай төре бірнеше серігімен аман-есен құтылып кетеді. Қаһарына мінген Кенесары хан осы қырғынды ұйымдастырған Жаңғабыл Төлегенов, Алтыбай Көбеков, Сұлтан Омаров, Мырзабек Құлманов, Ниман Алтыбаевтың ауылдарын шабады. Ал, жаппастықтардың Наурызбайдың жасағын қырып салуын, Бекмаханов олардың Ресей патшасына адал болуында еді деп түсіндіреді (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, Санат. 1994. 180-181 бб).

Жаппас рубасыларына өзге, Кенесары хан Сыпатай бидің арасындағы келіспеушілікті де біз аймықтық-рулық тұрғыдан бағалап жүрміз. Әсілі, Хан Кене мен Сыпатайдың арасындағы келіспеушілік, хан жасауылдарының әдепсіздігінің қарымтасына қырғыздардың Андас батырдың сүйегін көрінен шығарып тастауынан басталады. Бұған шамданған Сыпатай ағасы үшін ханға кектене бастайды. Одан қалса, Кенесарының қарақшыларды жазалаудағы қатал үкімі жергілікті билік өкілдерінің қытығына қатты тиеді. Бұдан басқа да түрлі себептер Сыпатайдың басшылығындағы Ботбай қолының соғыстың соңғы күні майдан даласын тастап кетуіне әкеп соқты. Сыпатайдың сын сағаттағы бұл әрекеті ханның қапияда қаза табуына тікелей әсер етті. Ботбай басшысының «Мықанның қара сазындағы» соңғы әрекеті жеке басының мүддесі тұрғысынан оң қадам болғанымен, ұлттық һәм мемлекеттік тұрғыдан алғанда, мүлде жөнсіз қылық-тын. Өкініштісі, тарихи түйіні ағытылмаған бұл мәселені де М.Қойгелдиев, А.Махаева базбір зерттеушілер аймақтық тұрғыдан біржақты тарқатқысы келеді...

Тұжырым

Жоғарыдағы жайттарды талдай келе айтпағымыз, келешек ұрпақтың біртекті, ортақ тарихи санасы қалыптасуы үшін «Қазақстан тарихы» оқулықтарына мынадай өзгерістердің енуін қажет деп білеміз:

- Кенесарының 1841 жылға дейінгі әскери әрекеттерін «ұлт-азаттық көтеріліс», ал, одан кейінгі іс-қимылдарын «Қазақ мемлекеті мен Ресей патшалығының арасындағы соғыс», «Кенесары хан мен Қоқан хандығының арасындағы күрес», «Қазақ хандығының қырғыз тайпаларына агрессиясы» деп бағалау;

- Кенесары ханның мемлекеттік басқарудағы және сыртқы саясаттағы қолдаушыларын ескере келіп, оның «Ресей патшалығына қарсы әскери іс-қимылының ғазауаттық сипаты болғанын» мойындау;

- Хан Кененің мемлекеттік басқарудағы және әскери жазалау әрекеттерін аймақтық-рулық тұрғыда бағалауды доғарып, «Қазақтың хандық үкіметін қалпына келтіру мақсатында жасалған реформалар» деп тану ләзім.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5558