Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 11473 11 пікір 13 Қаңтар, 2021 сағат 12:38

«Қылмыс» - нобельге үміткер роман еді

(«Қылмыс» шет тілге аударылса, нобель сыйлығына үміткер роман осы болар еді)

Қазіргі кезде қазақ қаламгерлері туралы сөз болып «Қылмыс» десе, жазушы Қажығұмар Шабданұлы, ал «Қажығұмар Шабданұлы» десе, «Қылмыс» романы еске оралатыны анық. 2002 жылдың сәуір айының соңғы мезгілі болатын, мен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбековты әдейі іздеп барып жолықтым, мақсатым – басқа емес, жазушы Қажығұмардың «Қылмыс» романынан «Жас Алашқа» үзінді беруін айту үшін барған болатынмын. Аман-есендіктен кейін, одан:

– Сіз Қытайда түрмеде жатып «Қылмыс» деген роман жазған жазушы Қажығұмар Шабдан деген жазушыны білесіз бе?, – деп сұрадым. Ол ойланбастан:

– Неге білмеймін, білемін. Жақында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы ол кісіге Халықаралық «Алаш» сыйлығын берген жоқ па? – деді.

– Онда Қажығұмардың аты шулы «Қылмыс» романын оқыған болдыңыз ғой? – дедім. Ол:

– Қайдан оқиын, ол роман біздің қолымызға әлі жеткен жоқ қой. Болса әрине оқып шығар едім, ол роман көптен бері бізге таңсық болып жүр, – деді.

– Қазір менде жазушы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романының Шыңжаңда шыққан екі кітабы бар, мүмкін болса осы кітаптан «Жас Алашқа» үзінді беріңіз. Жұрттың бұл романды алыстан босқа аңсап жүргенінен не пайда? Жақсыны көруге асық деген ғой, – дедім сөзімнің соңын әзілге айналдырып. Ж.Қорғасбеков:

– «Қылмыс» менде бар дедің бе, шын айтып отырсың ба? – деді таңданып.

– Иә, толық болмаса да, алғашқы екі кітабы бар, – дедім. Ол:

 – Мынауың керемет жаңалық қой, сен бізге дайындап әкелсеңші, біз газетке үзінді берелік, – деді, балаша қуанып.

– Осыны айтайын деп сізді әдейі іздеп келген жайым бар, газетке үзінді  берсеңіз керемет болар еді. Бірақ қазір менде компютер жоқ, мүмкін болса редакцияға келіп төте жазудан оқып берейін, қыз-жігіттеріңіздің біріне айтыңыз, маған көмектессін, – дедім.

Ол оң жағында тұрған телефон тұтқасын көтеріп, нөмірін теріп, – Алау, Жанарбек бар ма? Бар болса маған келіп кетсінші, – деді. Көп ұзамай журналист Жанарбек Әшімжан біз отырған бөлмеге кіріп келіп, маған қол беріп амандасты да, – Жүке, мені қандай шарумен шақырдыңыз? – деді. Ж.Қорғасбеков: 

– Кел, отыр. Сен Әлімжанды бұрын танушы ма едің, – деді. Ол:

– Неге танымаймын, танимын ғой, – деп күлді де менің қарсы алдымдағы орындыққа келіп жайғасты. Ж.Қорғасбеков оған қарап:

– Сені шақырған себебім, Әлімжанның қолында Қытайдағы классик жазушы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы бар екен. Сол романнан газетке үзінді берелік деп келісіп отырмыз. Сен Әлімжаннан бір шағын сұхбат ал, одан кейін романның үзіндісін төте жазудан кириллицаға аударғанда сен компютермен электрондық нұсқасын дайындауға көмектес, – деді.

Осы кездесуден кейін Ж.Қорғасбековтың тапсырмасымен Ж.Әшімжан менен сұхбат алды, «Қылмыс» романының екінші кітабынан біз дайындаған «Ала бүлік» (No 52-53, 4 мамыр, 2002 ж), «Менингит» (No 57, мамыр, 2002 ж.) деген екі үзінді «Жас Алашқа» арт-артынан жарияланды. Оқырмандар жылы қабылдады. Мүмкін болса «Қылмыстың» бірінші кітабынан бастап түгел газетке беріп отырсаңдар жақсы болар еді» деп өтініш айтқан оқырмандар да болды... Ондай мүмкіндік бізе қайдан болсын.

Сол кездегі мен «Жас Алашқа» берген шағын сұхбатта бүй деген едім:

Жат жерде жанын жалдап жүріп бір егей туынды тудырған Қажығұмардың тағдыры көбімізге белгілі. Тас қапаста жарты өмірін өткізген жазушы туралы қазақ қаламгерлері де аз дабыл қаққан жоқ. Дабыл нәтиже беріп, Қажекең тамұқты тастап шықты, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді. Енді қалың оқырмандар да «жазушыны осынша сарсаңға салған қандай шығарма?» деген ой тууы әбден мүмкін. Осыған орай Қажығұмар Шабданұлының IV томдық «Қылмыс» романынан үзінді беруді жөн санадық.

Төте жазудан кириллица қарпіне дайындап берген Құлжа қаласындағы педагогикалық институттың қытай тілі және әдебиеті факультетінің түлегі Әлімжан Әшімұлынан да бір ауыз пікір:

– Белгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлының төрт томдық «Қылмыс» романының I-II томы ҚХР-дың Үрімжі қаласындағы Шыңжаң халық баспасында жарық көрді. Әр томы 20 мың данамен тарады. Қолдан-қолға өтіп оқылған туынды еді. Басынан қуғынның құрығы арылмаған жазушы Қажығұмар Шабданұлы бұл кітабын 1979 жылы мамырда Тарым еңбекпен түзету лагерінен ақталып шыққаннан кейін ден қойып жазды. Бірінші кітабы 1985 жылы, ал екінші кітабы 1986 жылы қаңтарда жарық көреді. Романның оқиғасы күрделі. Бір ауыз сөзбен айтқанда әлем әдебиетінде жоқ өзгеше стилі мен даралығымен әйгілі шығарма болары ақиқат.

Қалған екі томның тағдыры қалай болды?

– Өкінішке орай, соңғы екі кітабы баспада дайындалып болып, енді оқырманына жол татар кезінде жазушы және қуғын көріп, қолына кісен салынады. Сөйтіп, кітаптың қалған томы сол бойы жарық көрмей қалады. Бұл 1986 жылдың сәуір айы болатын, Мен сол кезде институттың ІІІ курсында оқып жүрген кезім еді. Бізге «Қазақ әдебиеті тарихынан» лекция оқитын ағайымыз: «Жазушы Қажығұмар Шабданұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталмаймыз, себебі, ол Совет тыңшысы болып шықты», – деді. Өзіміз сүйіп оқитын жазушының әлгідей күйге қайта түсуі біздің жанымызды аяздай қарыды. Содан көп ұзамай жазушы Қажығұмар Шабданұлының «шетел жансызы» деген қылмыс тағылып, тағы 15 жылға сотталғанын естідік. Бұрын тарап кеткен кітаптары мүмкіншілігіне қарай қайта жиналып алынды. Басқалар не істегенін білмеймін, бірақ мен қолымда бар үш кітапты тығып сақтап қалған едім.

«Қауіпті кітапты» елге қалай алып келдіңіз?

– Мен 1992 жылы ата-анам және туыс-туғандарыммен атамекенге көшіп келгенде «Кеденнен кітап өткізбейді» дегенге де қарамай, «Қылмытың» I-II кітабын жанқалтама салып өткенмін. Әлем әдебиетінен өзіндік орын ала алатын осындай романды қашанға дейін тығып оқимыз. Қашанға дейін бүгежектеп, жасқаншақтай береміз?! 

Сондықтан асыға, сағына күткен оқырманымен қауышсын деген мақсатпен «Жас Алашқа» романның екінші кітабының «Ала бүлік» бөлімін ұсындым.

                              *                     *                       *

Осы аралықта мен жақсы танитын бір қаламгер ағам жазушы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романының қолжазбасын екі бөліп шешесінің және өзінің беліне байлап Кеденнен өткізіп, елге аман-есен алып келіпті. Бұл нағыз еңбек, нағыз ерлік қой. Аты аңызға айналған жазушының 6 томдық романының бірінші кітабы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан 2005 жылдың соңында жарық көреді. Аталған романның шығуына демеушілік көрсеткен "Фуд Мастер" компаниясынң директоры Сәкен Сейфуллин мырза екен.

Осыдан бір жыл бұрын 2004 жылы жазушының «Пана» романы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан басылып шыққан болатын. Бұл роман Шыңжаңдағы ұлт азаттық күрестің қаһарманы Зұқа батыр өмірін арқау еткен шығарма. Осы екі кітаптың тұсауы кесілгенде мен еларалық «Қазақ елі» газетіне (No1-2, 12 қаңтар, 2006 жылы) мынандай жаңалық жазған едім:

«Өткен жылдың соңында Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстан жазушылары, тіптен әлем жазушылары өмірінде тұңғыш рет кездескен тарихи оқиға өтті. Тұңғыш рет деп отырғанымыз – көзі тірі жазушының 80 жылдық мерей тойына орайластырып өткізген тойға да, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы «Атажұрт» баспасынан жарық көрген бір томдық «Пана» мен 6 томдық «Қылмыс» романының бірінші кітабының тұсаукесеріне де өзінің қатыса алмауы. Ол – кім дейсіз ғой. Ол – ғұмырының 40 жылын түрмеде өткізіп, «Қылмыс» деген 6 томдық көркем шығармасын түрмеде бастап жазып, түрмеде кіндігін кескен классик жазушы Қажығұмар Шабданұлы. Аталған кітаптардың басылып шығуына мұрындық болған «Фуд Мастер» компаниясының директоры Сәкен Сейфуллин мырза екен. Азамат деп осыны айт. Ал төте жазудан кириллицаға аударып көшірген белгілі ақын Жәркен Бөдеш болса, редакторы Тілек Дәулетов.

Бұл кешке жазушының өзі қатыса алмағанымен, Шығыс Қазақстан облысының Ұржар ауданында тұратын 86 жастағы ағасы мен жазушының қызы арнайы келіпті. Бұған да шүкір дедік. Алаштың азаматы Қажығұмардың мерейтойына қатысып, алғаш сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин мырза: «Қажекеңді білмейтін қазақ кем де кем шығар. Ол кісі туралы баяндама жасаудың өзі артық. Мен ол кісіні қапаста жатқан арыстанға балар едім», – деді. Ол Қ.Шабданұлын елге алдыру үшін Қытайдың құзырлы органдарына талай рет хат жазғанын, одан нәтиже болмағандығын айтты. Біз бірақ азаматын құрметтеп Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2001 жылы Қ.Шабданұлына Халықаралық «Алаш» сыйлығын бергенін білеміз. Одан кейін сөз алған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашов мырза: «Қазақ интеллеигенциясы шетелдерде де бар екенін мойындауымыз керек. Соның бір өкілі – Қажекең», – деді.

Кешке Қажекеңді көргендер мен бірге жүргендер естеліктер айтты. Жазушының жерлес, күйші інісі Еркін Ергенұлы Н.Тілендиевтің бір күйін шертті. Ендігі мақсат та, міндет те – жазушы Қажығұмар Шабданұлының елге аман-есен тездетіп оралуы. Лайым соған жеткізсін».

Араға үш жыл салғаннан кейін 2009 жылы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романыны Қазақстанда толық басылып шықты. Түрмеден шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін Қытай билігі оны үйқамақта ұстайды. Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде Лондон қаласында «Amnesty International» адам құқығын қорғау ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзырлы органдарына ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен. Бірақ оны тыңдаған қытай билігі болмады.

Қарт қаламгер өзінің кіндік қаны тамған жері, тарихи отаны – Қазақстанға оралу арманын айтып, 2006 жылы Қазақстан Президентіне хат та жолдаған. Арада бірнеше жыл өткенде тағы хат жазды. Тағы да бұл арманы орындалмай, қазақ қаламгері ақтық демі үзілгенше туған жерге жетуді аңсап өтті. 

Азаттық радиосының тілшісіне Қажығұмар Шабданұлы туралы қысқаша естелік айтқан жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Қажығұмар Шабданұлы Қазақстан Президентінің атына елге оралғысы келетінін айтып екі мәрте өтініш жазғанын» айтып бұл деректі одан сайын растай түседі. Ол хатында: «Менің төркінім де, ием де, арт жақтағы іздеушім де – сендер. Бар тілегім – туған жерге жетіп жығылу, топырақ бұйырса деген арман. 12 томдай жазбаларымды көшіріп, буып-түйіп отырмын. Кейінгі ұрпақтың қолына тигізсем», – деуші еді. Президенттің аппаратына да жолдағанбыз, «Қазақ әдебиеті» газетіне де шыққан. Бірақ, ешкім қол ұшын берген жоқ... Әшейінде абыройымыз асқақ, дүние бізбен санасады дейміз. Бірақ, бір жазушыны құтқаруға жетпеді ғой дәрменіміз», – депті («Қытайда үй қамақта отырып Қажығұмар Шабданұлы дүниеден өтті», Азаттық радиосы сайты, 15 ақпан 2011 жылы) жазушы Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан екі мың данамен жарық көрген Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын 2010 жылы қаңтар айында Мәдени саясат және өнертану институты Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ұсынған, бірақ сыйлық тағайындайтын комиссия «бұл шығарманың Қазақстанға еш қатысы жоқ» дегенді көлденең тартып, оны тізімінен алып тастайды. Ұзынқұлақтардың айтуына сенсек, сол жылы Мемлекеттік сыйлыққа Қазақстан Президенті мен Астана қаласын мадақтаған шығармалар лайықты деп танылыпты-мыс.

Ал, жазушы Дулат Исабеков республикалық «Үш қоңыр» (2010 жылы) газетіне берген сұхбатында Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық қылмыс романының мемлекеттік сыйлыққа ілінбей қалған себебіне былай уәж айтыпты: «Шынын айтсам, бұл мемлекеттік сыйлыққа ұсынатындай соқталды шығарма емес. Ашу-ызамен жазылған ұзын сонар мақала сияқты. Екіншіден, ол әлі аяқталмаған. Ал мемлекеттік сыйлық алатын шығарма «Аласапыраннан» артық болмаса, кем болмауы тиіс».

Мен Қытайдан келген жазушы Қажығұмардың жерлес інісі, ақын-жазушы Серік Қапшықбайұлымен өткізген сұхбатымның бірінде жазушы Дулат Исабековтың «Қылмысқа» берген ат үсті бағасын айтып, ойын білмек болып: «Сіздің бұған алып-қосарыңыз бар ма? – деп сұрақ қойғанымда, жазушы С.Қапшықбайұлы: «Қажекеңнің көп томдық бұл шығармасын бастан-аяқ зер салып толық оқыған адам болса, оның бірі – менмін. Алғашқы үш кітабына Қытайда жүргенде қанықпын. «Қылмыстың» үшінші кітабының түпнұсқасын Шыңжаң халық баспасына кезінде мен апарып берген едім. Өкінішке орай, үшінші кітабы баспадан таралмай жатып қолды болды. Ол бір тарихи, саяси жағдай. 

Ал сіздің сұрағыңызға оралар болсақ, Д.Исабековтың бұл пікірін оқып мен біртүрлі тітіркеніп кеттім. Адам баласы өзінен өзі қымсынатындай бір ыңғайсыз жағдай болған. Аталған романды Дулаттық толық оқып шыққанына күмәнім бар. Шығарма бас кейіпкер Биғабылдың тұтас өмірін өзек еткен аласапыран дүние өрби келіп, соңында атамекені Қазақстанға оралыуымен аяқтайды. Одан ары ол қайда барады?! 

Мен Дулатты жақсы білемін, сыйлаймын, көкейіне түйгенін бетке айтатын, жүректі, қаламы қарымды жазушы, драматург. Ал Қ.Шабданұлы туралы бұл пікірі ойланбай айтылғаны көзге ұрып тұр. Сіз білесіз бе, түрмеде жатып 6 том кітап жазбақ былай тұрсын, алты өлең жазудың өзі қаншалықты қиын екенін. Ештеме жазбаған күннің өзінде, 40 жыл бойы тентіреп жүру бір жазушы үшін қандай қасірет екенін Исабеков басқаларға қарағанда жақсы түсінуі керек еді. Амал нешік!.. Мұны жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», деп түсінуіміз дұрыс сияқты. Бұл жерде түрмеде көрген азап бір басқа да, көркем әдебиет деген бір басқа. Азап пен әдебиет өлшенбейді ғой. Солай болған күннің өзінде «Қылмыс» романының көркемдік деңгейі, оқиғасының соқталдығы, қамтыған мазмұнының ұланғайыр кеңдігі, шөліңді қандыратын тілдік иірімдер, бүгінгілерге таңсық қазақ тілінің өрнегімен шебер өрілуі, ондағы берген бағаның бүкіл Қытай билігіне әсер етуі, оны секем алдыруының өзі керемет күш қой. Сол үшін де жазушы Қабдеш Жұмадылов «Қылмыс» үшін жанын салды, әлі салып келеді», – деп жауап беріп еді марқұм ағамыз («Үш қоңыр» газеті, No 19, 17 қараша, 2010 жылы).

Жазушы Серік Қапшықбайұлының бұл пікірінен менің алып, қосарым жоқ. Дәл, берілген баға деп ойлаймын. 

Қаламгер Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романына Мемлекеттік сыйлықтың берілмеуі, әрине, өкінішті болды. Бірақ жазушының «Қылмыс» романы шет тіліне, әсіресе, ағылшын тіліне аударылса нобель сыйлығына үміткер бірден-бір қазақ романы осы болар еді. Амал нешік?!

Әлімжан Әшімұлы 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443