Ақтөбе әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі беріледі
Ақтөбе халықаралық әуежайына қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы Үкімет қаулысы Ақтөбе облыстық әкімдігінің ресми сайтында жария болды.
Онда:
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Ақтөбе халықаралық әуежайы» Акционерлік қоғамына Әлия Молдағұлованың есімі берілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - деп жазылған.
Облыстық әкімдіктің айтуынша, бүл әзірге жоба түріндегі құжат екен. Оны енді Үкімет мақұлдауы керек.
Ақпарат үшін: Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған.
Abai.kz