Ақберен Елгезек. Хан Қасқыр
Қасқыр...
Қасқыр туралы ойлана қалсам, есіме бала кездегі бір оқиға орала қалады. Біздің бір көрші ағамыз бар-тұғын. Сол бір күні ойда жоқта, сай жағалап жүріп, тәжірибесі жоқ бір бөлтірікті атпен ұрып алыпты деп естідік.
Қасқыр...
Қасқыр туралы ойлана қалсам, есіме бала кездегі бір оқиға орала қалады. Біздің бір көрші ағамыз бар-тұғын. Сол бір күні ойда жоқта, сай жағалап жүріп, тәжірибесі жоқ бір бөлтірікті атпен ұрып алыпты деп естідік.
Қасқыр көрмеген баламыз, қызықтап барып тамашаладық. Ауызы ақсиып, есіктің алдында жатыр екен. Аңшы ағамыз әлгі бөлтірікті діңгекке іліп қойды да, көзімізше терісін сыпырып алды. Содан кейін әлгі бейшараның ап-арық сүйегін артқы екі аяғынан сүйреп, қораның артындағы күресінге апарып, лақтыра салды. Сол-ақ екен, аядай ауылдың іші азан-қазан болды да қалды. Әншейінде аулаға кіргізбей, арс-арс ететін қабаған неміс овчаркалары, көшеде құйрығын қайқайтып алып, «батырсынып» жүретін төбеттер мен тегін бұлдағандай маңғаздана жататын салпаңқұлақ тазылар мен бажылдақ кәндендер де бір-бірімен жарысқандай жиіркенішті қыңсылап, үрейлі үріп, ұсқынсыз ұлып, тапа тал түсте ұлардай шулап кетті. Біз аң-таңбыз. Ағамыз: «Өй, өңкей сүмелек иттер! Тірі иттен өлі бөлтірік мықты екен, ә!» - деп бізге көзін бір қысты да, бір жағына шырт түкірді. Мен аңшының артынан қуып барып, сұрақтың астына алдым: «Аға, неге тамам ит ұлып, соншама қыңсылап кетті? Әлде олар мына бөлтірікті аяп, жоқтап жатыр ма?» - дедім. Ағам мырс етті де: «Бауырым, бұл иттер мына жаман бөлтіріктің иісінен есі ауысып жатыр ғой» - деді де, өзі әлгіндегі сыпырған сарғыш теріні қолына ұстап, гаражына кіріп кетті.
Ешқашан қасқырды тірідей көрмеген, онымен бетпе-бет жолықпаған иттерді мұндай күйге түсіретін бұл иістің нендей құдыреті бар?! Қасқыр туралы миында титтей де ақпараты жоқ ауладағы ит қайдан біледі ол туралы? Мәселенің барлығы гендік жадта болуы керек. Ит үшін қасқыр - тылсым жан иесі. Білетіндер қасқырды көрмеген ит, алда-жалда оған жолығып қалса, үруге де шамасы келмей, жүрегі жарылып өледі дейді. Неде болса, қасқырдың өн-бойынан иттің зәресін ұшыратын бір қорқынышты рухтың бары ақиқат.
Қазақ ез жігітті «ой, ит екен...» деп төмендетіп, ал, жүрегінің түгі бар азаматты «қасқыр жігіт екен!» - деп мақтап жатады. Қасқырды қазақ қадір тұтып, атын атамай «ит-құс» деп меңзеп қана айтатының бала кезден бәріміз білеміз. Былай қарағанда, ит-құс көп жыртқыш аңдардың бірі ғана ғой дейміз. Дегенмен, қасқырға келгенде қазақ баласының бойында үлкен құрмет, ерекше толқыныс пайда болатыны рас. Оның себебі де бар. Біз түркі болғандықтан, өзімізді Бөріден тарадық дегенге сенеміз. Сенгіміз келеді соған. Себебі, бөрідей батыл, ақылды һәм сымбатты болғымыз келеді. Бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, ғасырлар бойы жерімізге сұқтанған қанша жаудың меселін қайтарып, жеңіске жетіп отырғаны - біздің қанымызда ерекше мақтаныш сезімін ойнатады.
Ежелгі түркілердің ең басты тотемі - Көк бөрі болған. 1968 жылы Моңғолия территориясынан табылған ескерткіште аяқ-қолы жоқ баланың суретінің астында қасқырдың суреті сомдалған. Бей-Ши және Суй-Ши деген қытай жылнамашыларың деректеріне сүйенсек, ескерткіштегі бала бейнесі келесі оқиғаның кейіпкері.Ғұн тайпаларының ең текті тайпасы көрші тайпалардың соққысына ұшырап, тегіс опат болған екен. Ашина атты тоғыз жастағы мына баланы даладан қасқырдың қаншығы тауып алып, тауға алып кетіп, асырапты деседі. Кейін екеуінің арасынан шекесі торсықтай он ұл дүниеге келіп, түркі тілдес халықтардың негізін құраған он ірі әулетке айналыпты-мыс. Ашина деген ежелгі түркі тілінен аударылғанда «ең басты, аспан тектес бөрі» дегенді білдіреді екен. Бұл әрине аңыз. Мұндай аңызды біз Италия тарихынан да жақсы білеміз. Бұл жерде біз қасқырдың сүтін еміп, аман қалған, ержеткесін Римнің негізін қалаған Ромул мен Рем жайлы аңызды айтып отырғанымызды оқырман қапысыз түсінді деп есептейміз. Славян халықтарының аңыз-әфсаналарында қасқыр зұлым, жапқыншы жыртқыш аң ретінде суреттеледі. Мүмкін ол біздің бабаларымыздың Еуразия кеңістігінде салтанат құрып тұрған кезін суреттейтін дүние болар деп жіптің бір ұшын шығарып қоялық...
Жалпы, қасқыр тотемі әлем халықтарының барлығында бар. Мәселен, қазаққа бауыр халық - башқұрт ұлтының атауы «бас бөрі» деген мағынаны береді. Татар халқы өздерін «ақ қасқырдан» тарағанбыз деп есептейді. Көптеген түркі тілдес тайпалардың туында бөрінің басы бейнеленетін болған. Онымен қоса, хан, қаған біткеннің барлығы өзін бөрімен теңестіріп отыруға құмар болатын. Мысалы, әлемнің әмірлі билеушісі Шыңғысхан өзін Көк бөрінің рухы қолдайтынына имандай сенетін және барлық жауынгерлерін қасқырдай айлалы, қайратты қылып тәрбиелегені белгілі.
Аңыздың пайда болуына да бір себептің болуы заңды деп білеміз. Ол үшін қасқырдың табиғатына, мінез-құлқына үңіліп көрелік. Жалпы, қасқыр өзге түз тағыларына қарағанда, еркіндіксүйгіш аң.
Аңдар патшасы деп жүрген есінеуік арыстанды цирктен талай көргеніміз бар. Жабайы табиғаттағы өмірде, бүкіл прайд осы бір жалқау, жалы жалп-жалп еткен бір ез мысықты асырайды да жүреді. Сосын әлгі байғұстардың табан ет, маңдай терімен тапқан етті әлгі «батыр» ақырып келіп, өзі жейді. Сосын бала-шағасына қалдығын беріп, ұйықтайды. Біртүрлі сыйлаймаймын осы бір еріншек немені! Әрі арыстанды аң патшасы дегенге мойысұнбаймын да!Оған қарағанда жолбарыс кішкене құрмет сезімін оятады. Жә, ол басқа мәселе.
Қасекеңе оралайық. Циркте қасқырдың өнер көрсетіп жүргеніне ешкім куәлік ете алмайды. Қасекең тәкаппар, кербез һәм дербестікті сүйеді. Қасқыр, ең алдымен, көзсіз батырлықтың символы. Кез келген айқаста қасқыр не жеңгенше, не өлгенше алысады. Қасқыр өлексе жеуден қашады. Яғни өз бойын, ағзасын таза ұстайды. Қасқырдың бөрісі басқа мақұлықтарға қарағанда моногамды. Демек, өзге аңдармен салыстырғанда қасқырдың еркегі «зинақорлық жасамайды» және өзі таңдаған бір ғана қаншыққа адал болады. Бөрі - үйір ішінде темір тәртіп орнататын, өзіне тиесілі аймақты жан-тәнімен қорғайтын, қоластындағы шабуылдаушысы бар жауынгерлерді бір мақсатқа жұмылдыра білетін, бөлтіріктер мен әртүрлі шаруаға міндетті ірілі-ұсақ қасқырларды әділ басқаратын Қаған.
Сондықтан біздің Ашина текті бабаларымыз қасқыр табиғатын жақсы білгендіктен, өз тайпаларындағы өмірді бөрінің басқару стиліне ұқсастырып отыруға тырысқан деп ойласақ қателеспейміз. Тағы бір штрих. Қасқыр ешқашан үрмейді. Ол тек ұлиды. Ал, оның ұлуы нені білдіретінін ғылым сан саққа жориды. Біздіңше қасқырдың ұлуы - көк бөрінің Көк Аспанмен диалогы.
«Абай-ақпарат»