Сенбі, 23 Қараша 2024
Заң жобасын талқылау 4290 11 пікір 19 Қаңтар, 2021 сағат 11:06

Заң - халықты тығырыққа тіреу үшін емес, шығару үшін керек!

Кеше әлеуметтік желіден бір бейнебаян келіп түсті.  Оны көп адам көрген болар. Онда жуырда жарық көретін «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жөнінде сұхбат болды. Жүргізуші белгілі өнер иесі, мәдениет саласының үздігі Мадияр Серікбаев.  Қонақта «Қазақстан ата-аналар одағының» өкілі, құқық қорғаушы Бағила Балтаваева ханым мен Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, заң ғылылымдарының кандидаты Мадияр мырза деген кісілер болды. 

Бұл заң жобасымен өз басым таныс епеспін, тіпті, заңгерлердің өздері де бейхабар. Сондықтан, тек осы сұхбатқа негізделіп қадау-қадау тұстарын айтайын. Аталмыш заң жобасының дау тудыруындағы басты себебі: бала құқығын шектен тыс қорғау негізінде ата-аналарға қысымның артуы. Сөзіміз түсінікті болуы үшін қонақтар уәжінен бір-ер мысал келтірейік. Мәселен, баланың кез-келген талабын орындауға түрлі себеппен (жағдайы келмесе) ата-аналар қарсы келсе, онда  балалары 111 нөміріне хабарласса, учаскелік сақшы келіп, баланы алып кетуге құқылы екен. Сондай-ақ, қандай жағдай болмасын баланы ұрсып, тіпті, ұрып жіберген жағдайда оны көрген адамның 111-ге хабарласуы әке-шешені «ата-аналық құқығынан» айыруына негіз болатын көрінеді. Тіпті, пәтер сыйымдылығы әр адам үшін 15 шаршы метр болуы да талап етілген. АҚШ-та осы шартты орындамаса баланы қамқор ұйымдар алып кетеді екен. Демек, елімізде 15 шаршы метр талап етілетін заң тармағы қабылданса, онда оның соңы АҚШ-тағы талапқа сай, үлкен үй ала алмаған отбасының ата-аналық құқығы да сақталмайтын болуы бек мүмкін.

Бұл заң жобасының тағы бір заңсыз жері - учаскелік сақшының құзыреті үлкен. Ол соттың шешімінсіз, «бала құқығы қорғалмады», деп өзі шешім шығарып, баланы алып кетуіне құқылы. Алайда, оның сондай шешім қабылдауына, оқиғаны зерттеуіне уақыты, білімі, тәжірибесі жете ме, одан басқа жұмысы жоқ па? Ата-аналар баласын алып қалу үшін сақшыға пара ұсынбасына кім кепіл? Ал ата-аналар: «баланың құқысы тапталған жоқ», деп, өз ісін дәлелдемек болса, онда сотқа жүгінуіне тура келеді. Ал процесс 2 айға жуық уақытқа созылатынын заңгер мырза айтып отыр. Тағы бір сорақысы - бұл заң жобасында баланың құқығы тапталды деген негізде кез-келген жастағы баланы алып кетуге құқылы және ата-ананың бірі баланы ренжітсе, енді бірі олай істемеген жағдайда да екеуі бірдей ата-ана құқығынан айырылады. Ондағы мәтін бойынша қарастырғанда ата-аналар, әке-шеше емес, «асыраушы» статусындағы адамдар болып қалған.

Заң жобасында түсініксіз тұстар да көп секілді. Елімізде тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар көп. Жалғыз басымен көп баланы асырап отырған әйел немесе ерлер де біздің қоғамда көбеймесе азайған жоқ. Отбасының экономикалық жағдайын түсінбейтін, түсінгісі келмейтін сыңар езу, өзімшіл ұрпақ та көктей өсіп келеді. Олардың қажеттіліктерін өтеуге ата-анасы шамасы келмесе, әлгі қиқар балалардың телефон шалмасына кім кепіл? Бауыр еті баласын алып кету онсыз да жүйкесі тозып жүрген адамдарға қаншама рухани-психологиялық соққы. Қылмыс өткізген балаларды азамат жасына толмай заңдық жауапкершілікке тартпаймыз, неге? Себебі, әлі ақылы кемелденген жоқ. Халық ішінде: «Әлі бала ғой», «Бала, баланың ісі шала», «Желді күні ит пен бала құтырады», «Баламен бала болма», «Қартайғанда бір бала», деген толып жатқан мақал-мәтел бар. Бұның бәрі баланың ақыл есі әлі толық қалыптаспаған, ой-санасы даму үстіндегі тіршілік иесі екенін түсіндіреді. Сүйте тұра сол баланың сөзіне сеніп, үлкендердің сөзіне сенбейміз. Бұл да бір парадокс.

Ресей, Беларусь, Қазақстан парламенттері де осы заңды бір уақытта талқылап жатыпты. Алайда, Ресей, Беларусь елдерінің  азаматтары мен заңгерлерінің бірлесе еңбектенуі нәтижесінде қабылданбаған. Енді осы заң жобасы елімізде талқылануда. Біздің елде бұған дейін 21 жастан жоғары азаматтардың өз жынысын ауыстыруына заң бойынша құқылы болу туралы заң мен  10 жастан бастап балаларға жыныстық қатынасқа қатысты сауаттылық туралы мектепте сабақ беру туралы заңдар  қабылданып кеткен. «Бір апамнан бір апам сорақы», дегендей бір заңнан бір заң сорақы болып бара жатқан секілді. Осылай жалғаса беретін болса, соңы тұтас қоғамдық салт-дәстүрмен, ұлттық құндылық және адами сана-сезімнің құлдырауы тіпті де үдей түсері анық.

Бұл заң жобасының АҚШ және Батыс елдерінен келгені белгілі. Бірақ, Батыс елдеріне ата-аналар үшін көптеген қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасалған. Қазақ үкіметі де өркениетті елдер секілді балалар құқығын қорғау жөнінде заң шығарғысы келсе, алдымен Батыс елдері сияқты ата-ананың жағдайын жасауы тиіс.  Мысалы, Германияда әр бала өмірге келсе, оларға жардем ақы төленеді. Тұңғыш балаға айына 195 еуро, екінші балаға 200 еуро, үшінші балаға 215 және төртінші балаға 235 еуро шамасында ай сайын жәрдем ақы беріледі. Қарасаңыз біздің елдегі әдеттегі жаман емес жалақы. Осы қаражатты балалар есейіп университетке түскенше үздіксіз аласыз. Егер балалар студент атанған соң да жағдайыңыздың келмейтінін айтып өтініш берсеңіз олар қашан жұмысқа тұрғанша ай сайынғы ақша төлене береді. Одан сырт, егер тұрғылықты үйіңіз, жалдамалы пәтеріңіз бала санына байланысты талапқа сай келмесе, онда кеңірек үй алуыңызға немесе пәтер жалдауға міндеттісіз. Бірақ, өте төмен несие аласыз немесе сол ауданның әлеуметтік қорғау комитетіне барып мәлімдеп өтініш жазсаңыз, сіздің айлығыңыздың адам санына қарай есептейді де пәтерге жетпей жатқан бөлігін комитет төлеп береді. Оқу жылы басталғанда әр бір оқушысы бар отбасына өтінішіңіз бойынша бір балаға 140 еуро төңірегінде оқуға қажетті, құрал-жапдықтар алуға қаржы бөледі. Бірақ, мемлекеттің жасаған жақсылығын бағаламайтын ата-аналар Германияда да бар. Олар маскүнемдікке, есірткіге салынып баласын қараусыз қалдырса, ұрып жараласа онда, қамқор ұйымдар балаларды алып кетеді, ал балаларды асыраушы қамқор ұйымдардың жағдайы өте жақсы.

Қорыта айтқанда, мемлекет белгілі бір заңды қабылдаудан ілгері, сол заңда қабылданған тәртіптер бойынша жауапкершілікке тартылудың мүмкіндігін барынша төмендетуі тиіс. Бейне Германия секілді. Содан кейін, сол жасаған жағдайға бой ұсынбай кеткен жүгенсіздерді жазалау ол қажеттілік. Заң адамдарды жазалау немесе азаматтарға қиындық тудыру үшін емес, олардың тұрмысын жеңілдетіп, өмірін мәнді етуге арнап жазылуы және атқарылуы керек. Сондықтан еліміздің құзырлы орындары аталмыш заңды қабылдаудан ілгері, халқымыздың мәдениеті, дүниетанымы, тұрмыс жағдайы, демографиясы, әлеуметтік жағдайы секілді көптеген жақтарды назарға алуын, жағдайын жасауын, содан кейін барып Батыс қоғамында қолданыста болған заңдарды қабылдауды ойласуына болады. Бірақ, ашық ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жасап барып, халықтың мақұлдауымен қабылдауы керек. Олай болмаса, саяси тұрақсыздық өрши түседі. Ал оның аяғы тәуелсіздіктің тағдырына келіп тіреледі.

Қастер Сарқытқан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413