Жұма, 17 Қыркүйек 2021
Жаңалықтар 2276 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 20:14

Үмітжан Жапар. Қатерлі ісікке қоғам болып қарсы тұру қажет

 

 

Әйелдер арасында қатерлі ісік ауруларының кең таралып, өмірлеріне қауіп төндіруіне – олардың өз денсаулығына немқұрайды қарауы мен медициналық көмек деңгейінің төмендігі себеп. Өйткені ұлт денсаулығына тек дәрігерлер ғана емес, аналар да жауапты. Сондықтан қазіргі кезде осы аурулардың алдын алу шаралары өте маңызды болып тұр. Алматының онкологтары осындай пікірін «Отан – Ана» жобасын таныстыру кезінде білдірді.
Дәрігерлер жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, оған қатысқан базарда жұмыс істейтін 17 мен 70 жас аралығындағы 500 әйелдің 50 пайызы соңғы бес жылда гинеколог пен маммологтың есігін ашпағаны белгілі болған. Денсаулық сақтау министрлігінің 2007 жылы «Ересектер арасында сауықтырулық тексерулерді жетілдіру» бұйрығына сәйкес, әр адам тұрғылықты мекенжайындағы емханадан гинеколог пен маммологқа тегін қаралып, қатерлі ісікке ақысыз талдау жасата алады. Бірақ Алматыда сырттан келген және тіркеуі жоқ тұрғындар көп болғандықтан, олар қаладағы қатерлі ісікпен ауыратындардың қатарын көбейтіп отыр. Тіркеуде жоқ болғаннан кейін қаланың кез келген емханасына барып тегін тексеруден өте алмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Максимум» бастамашыл тобы Алматы қаласының әкімдігі, Денсаулық сақтау департаменті мен «Бәріміз қатерлі ісікке қарсы» қоғамдық қорының қолдауымен «Отан – Ана» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаның бірінші кезеңінде қатерлі ісік ауруларынан алдын ала тексерілуі мен өз денсаулығын күтудің жаңа мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат таратылса, екінші кезеңінде қала базарлары мен сауда орталықтарында жылжымалы медициналық пункттер ашылып, жатыр мойны мен сүт безінің қатерлі ісігін уақтылы анықтау үшін ақысыз скринингтік тексерулер жүргізіледі. «Бұл жобаға мәселені тек медициналық емес, қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Қатерлі ісік ауруларын бастапқы, ешқандай белгілері білінбей тұрған кезде емдеу жеңіл», – дейді бастамашыл топтың өкілдері. Қайырымдылық акциясы аясында «Бәріміз қатерлі ісікке қарсы» қоғамдық қоры қан арқылы уақтылы диагноз қоюға мүмкіндік беретін онкомаркерлер зертханасын жабдықтап берген. Мұндай құрылғылар басқа қалаларда жоқ. Қазіргі кезде жатыр мойны мен сүт безі обыры әйелдер аурулары арасында алғашқы орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде жыл сайын 5 жүз мың жатыр мойны ісігі мен 1 миллионға жуық сүт безі обырына шалдығу анықталады екен. Ал еліміз бойынша жылына 4000-нан аса әйел заты осы ауруға шалдығады. Соның ішінде ауруды асқындырып алу мен дәрігерге кеш қаралуының себебінен қатерлі ісік анықталған әрбір үшінші әйел бір жыл айналасында көз жұмады дейді дәрігерлер. Денсаулық сақтау департаментінің бас акушер-гинекологы Надежда Кобзарь: «Біз көбіне ана мен бала өлімін елде көрсетілетін медициналық көмек деңгейінің көрсеткіші ретінде санаймыз. Егер жас әйел қатерлі ісіктен көз жұмса, бұл да жоғарыда аталған екі көрсеткіш секілді маңызды деп ойлаймын.
Соңғы үш жыл бойы біз мемлекеттік бағдарлама аясында профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеміз. Әйелдер өзін жүре алмай қалған уақытта ғана аурумын деп санайды. Аурудың еш белгілері білінбей тұрғанда оны емханаға келтіру мүмкін емес. Осы кезде біз үлкен кедергілерге кездесеміз. Тексерулердің тегін болғанына, барлық жерлерде ақпараттың таралғанына қарамастан, әйелдер бұл аурулардың ерте кезеңде анықтаудың маңызын түсінбей келеді. Алматы қаласы бойынша жатыр мойны обырының асқынған түрі азайып келе жатқанымен, оның деңгейі өте жоғары болып отыр. Ісік анықталған 100 әйелдің 14-інде оның өте асқынған түрі кездеседі. Олардың өмірі де ұзақ болмайтыны анық. Ал сүт безі ісігімен ауырған әрбір 3-4 төртінші әйел асқындырып алған», – дейді.
Алматы қаласының бас онкологы Нұрлан Балтабеков бұл ауруды жеңуде дәрігерлер мен пациенттердің өзара жауапкершілікті бөлісуі маңызды деп санайды. «Денсаулық сақтау ұйымдарының барлық іс-әрекеті мен мемлекеттің орасан зор қаржы құюының арқасында көрсеткіш аздап төмендегенімен, жатыр мойны ісігі мен сүт безі ісігіне шалдыққандардың қатары сиремей отыр. 14,3 пайыздан 12,8 пайызға азайғанымен, бұл сандардың артында адам өмірі тұр. Дәрігерге бір жерің ауырғанда емес, белгілі бір жасқа келгенде қаралу қажет», – деп түйіндейді бас онколог.
Бұл пункттер 30 маусымнан 14 шілдеге дейін «Рахат», «Алатау», «Қарқара», «Тигрохауд», «Саламат», «Орталық» базарларда жұмыс істейді. Мұнда кез келген әйел тегін тексеруден өте алады.

 


Үмітжан Жапар
«Айқын» газеті 1 шілде 2009 жыл

0 пікір