WhatsApp-тағы «жаңа ережелер» туралы ақпарат жалған
Қазақстандықтар арасында кең таралған WhatsApp мессенджерінің «жаңа ережелері» туралы ақпарат жалған. Бұл туралы stopfake.kz мәлімдеді.
2020 жылғы желтоқсанда WhatsApp деректерді өңдеудегі өзгерістер туралы мәлімдеме жасады. Бірақ онда пайдаланушылардың жеке ақпаратын үшінші тұлғаларға беру қарастырылмаған.
Дегенмен, пайдаланушылар жаңа ережелерді қабылдауға тиіс екендеріне алаңдаушылық танытты. Өйткені, келіспегендер мессенджерде бұғатталатын болды.
Бұл наразылық тудырып, адамдар қосымшаны пайдаланудан жаппай бас тартты. Мұндай реакцияның нәтижесінде WhatsApp иесі Facebook әкімшілігі жаңашылдықты енгізуді кейінге қалдырды.
WhatsApp блогындағы ақпаратқа сәйкес, 8 ақпанда, бұрын хабарланғандай, келіспеген пайдаланушылардың аккаунттары бұғатталмайды.
– «Біз WhatsApp-тағы құпиялылық пен қауіпсіз қатынас қағидалары туралы шындыққа жанаспайтын қауесеттерді жою үшін белсенді жұмыс істейміз. Содан кейін компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастаған кезде пайдаланушыларымызға біртіндеп 15 мамырға дейін жаңа саясатпен танысуды ұсынамыз», – делінген хабарламада.
Қорыта айтқанда, үшінші тараптардың WhatsApp қолданушыларының жеке хат-хабарларына заңды түрде қолжеткізе алатындығы туралы хабарламалар жалған.
Abai.kz