Президенттің саяси реформасы қайда?
Баяғы жартас - сол жартас: парламенттегі сол үш партия, сол үкімет, сол министрлер. Бәрі қаз-қалпында. Мұрттарын балта шаппады.
Сонда президент айтып жатқан саяси реформа қайда?
Шынайы жаңарудың нақты нышандары осындай кезде тиісті кадрлық өзгерістер түрінде білінуі керек емес пе?
Ел экономикасын, әлеуметтік саланы осындай мүшкіл жағдайға жеткізген дәл осы үкімет, осы министрлер емес пе? Кеше ғана президенттің өзі "біз алдыңғы қатарлы елдерден артта қалып жатырмыз" деген сыңайда пікір айтып, осыны мойындаған жоқ па еді? Сол теріс нәтижеге жеткізген нақ осы министрлер емес пе?!
Енді "ескі-жаңа" министрлер өз-өзінен реформаланып, жұмысын жақсартады деп кім айтты?
Кез келген реформаның ең басты шарты - осы күнге дейін атқарылған іске сын көзімен қарап, жіберілген кемшіліктерден тиісті қорытынды шығару емес пе? Ол пақырлар өз жұмысына сондай объективті баға бере ала ма?
Сонда парламент сайлауы не үшін өткізілді?
Не үшін соншама қаржы бөлінді?
Бәлкім, сайлау өткізбей-ақ, бәрін қайтадан тағайындай салу керек пе еді?
Ал үнемделген қаржыны COVID-пен күресіп жатқан дәрігерлерге беру керек еді!
P.S.Осының бәрінен шығатын бір ғана саяси қорытынды бар: тұңғыш президент өзгермей, парламент те, үкімет те, жалпы мемлекеттік саясат та өзгермейді! Ал екінші президент, кешіріңіздер, "крайний" боп қалады!
Әміржан Қосановтың жазбасы
Abai.kz