Навальный әшкерелеген зерттеудегі Болат Закариянов кім?
Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың «Дворец для Путина» (Путиннің сарайы) атты зерттеуі қазір тек Ресейдің өзі ішінде ғана емес, бұрынғы кеңестік елдер мен Еуропа елдерінде де қызу талқы болуда.
1 сағат 52 минуттан тұратын зерттеу «Алексей Навальный» You Tube арнасында 19 қаңтар күні жарияланған. Күні бүгінге дейін оны 38 миллионнан аса адам көріп, 1 миллионға жуық пікір жазылған.
Қосымша ақпарат үшін: кеше, 20 қаңтар күні аталған зерттеуді 27 миллион адам көрген болса, бір тәулікте олардың саны 11 миллионнан асып жығылған.
Зерттеуді Алексей Навальныйдың «Жемқорлықпен күрес қоры» (ЖКҚ) жасаған. Онда Ресейдің Кроснодар өлкесіне қарайтын Геленджик қаласы маңында салынып жатқан «Путиннің сарайы» жайлы егжей-тегжейлі баяндалады. Дәлірек айтқанда, 20 жылдан бері Ресей билігін басқарып отырған Владимир Путин мен оның төңірегіне топтасқан бірқатар дәу дөкейлердің есімдері мен олардың пара беру схемасы жайлы айтылады.
Қосымша: Владимир Путин 1999 жылдың 31 желтоқсанында өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тапсырған Борис Ельциннің орнына президент міндетін атқарушы болып тағайындалған. Ал 2000 жылдың 7 мамырында ол ресми түрде Ресей президенті атанды.
Аталған зерттеуде Болат Закарянов дейтін этникалық қазақтың да есімі аталады. Ол туралы Алекесй Навальный: «Путин сарайына» иелік еткен компанияны басқарған адам», - дейді.
Навальныйдың дерегі:
Шамаловтан кейін сарайды «инвестстрой» дейтін компания басқарған. Оның директоры Болат Закариянов дейтін адам. Ал меншік иесі – Татьяна Кузнецова мен Инна Колпакова дейтін адамдар екен. Олар кімдер? Олардың биографиясына көз жүгіртсеңіз, олардың кім екенін анық білесіз.
Бір кездегі сарайды басқарған компанияның директоры болған Болат Закариянов қазір Путиннің Жарлығымен РФ Президентінің іс басқармасына қарайтын, Қоғамдық тамақтану басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған.
Геленджиктегі жағалауда 2015 жылы төрт бірдей зәулім үй салынған. Осы төрт үйдің ең үлкені Болат Закарияновтың ұлына тиесілі.
Сонымен, Болат Закарянов деген кім? Оны Қазақстанмен не байланыстырады? Аталған сауалға қазақстандық БАҚ жауап іздеп, жазып жатыр. Біз де интернеттегі ашық дереккөздеріндегі мәліметтерді бір шолып шықтық. Енді сол туралы аз-кем ақпарат...
«Персона РФ» дерегінше, Болат Қабыкенұлы Закариянов 1963 жылы туған. Туған жері Целиноград қаласы деп көрсетілген. Жоғарыда аталған мекемелерден бөлек, «Динамо-Геленджик» спорттық-аңшылық» клубының негізін қалаушы екен.
Болат Закарияновтың Кремльдің қоғамдық тамақтану басқармасына басшы болып тағайындалғаны туралы ақпарат сонау 2015 жылы жарияланған (365info.kz).
«Этникалық қазақ Болат Закариянов РФ Президенті әкімшілігінің Қоғамдық тамақтану басқармасына басшы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Краснодар өлкесіне қарасты Геленджик курорттық қаласы Думасының төрағасы болған. Ал соңғы уақта РФ Президенті әкімшілігіне тиесілі «Рублево-Успенский сауықтыру кешені» Федералдық мекемесінің Бас директоры болған», - деп жазған еді.
Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Мәскеу маңындағы пансионаттар мен саяжай кешендерінің ең жақсысы аталған басқарма меншігіне тиесілі екен.
Болат Закариянов кезінде Петропавл қаласының әкімі, Павлодар облысы әкімінің орынбасары болған Төлеген Закарияновтың туған бауыры екен.
Әкесі Қабыкен Закариянов
Қабыкен Закариянов «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы екен. Ол туралы «Қажырлы жан Қабыкен», «Добрые дела Кабыкена Закариянова» деген ауандағы материалдар жарияланыпты. Онда ұлдары туралы да жазылған. Дәлірек: «Төлегеннің ғылыми атағы бар, қазір мемлекетітк құрылымда қызмет етуде. Болат РФ Президентінің Іс басқармасында басшы. Кіші ұлы Абай Мәскеуде тұрады, безнесмен», - деп жазылыпты.
Ұлы Тимур Закариянов
Тимур Болатович Закариянов «Восток-Запад» аңшылық шаруашылының басшысы, «Топджет» әуе компаниясының негізін қалаушылардың бірі екен.
Ағасы Төлеген Қабыкенұлы Закариянов
Төлеген Қабыкенұлы 1961 жылы туған. Білімі – заңгер, құқықтанушы, экономист. Экономика ғылымының кандидаты.
Ол Көкшетау қаласында прокуратурада істеген. Бірнеше жеке фирмада директор болған. 2007-2008 жылдары ҚР Президент әкімшілігінде Мемлекеттік басқылау басқармасында мемлекеттік инспектор, одан кейін, 2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, 2013-2014 жылдары Петропавл қаласының әкімі, 2018-2019 жылдары Астана қаласындағы Есіл ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бері «Подкорпорация» ҰК» АҚ Басқарма мүшесі – басқарушы директоры.
«Азаттық радосының» ақпаратынша, Төлеген Закариянов 2010 жылы Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып жүргенде оның үстінен «қызметін асыра пайдаланды», деп қылмыстық іс қозғалған. Кейін бұл қылмыстық іс жабылып, сосын қайта қозғалып, ақыры Закариянов ісінде «қылмыстық құрам жоқ», ден танылған.
«Азаттық радиосы»: «Төлеген Закариянов қазір Қазақстанның «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясын басқарады. Інісі Абай Закариянов Ресейде кәсіпкер. Ашық дереккөздеріндегі мәтілемтке қарағанда, Мәскеу мен Мәскеу облысында Абай Закарияновтың атына IT, сауда мен медицина саласында жұмыс істейтін бірнеше компания тіркелген.
2017 жылы кейбір басылымдар Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Мәскеу іргесінде Ильин ауруханасының 50 пайызын сатып алғанын хабарлаған. «Ведомости» басылымының жазуынша, келісімге дейін бұл аурухананың жалғыз иесі Абай Закариянов болған», - деп жазыпты.
Ал жаңағы Навальный зертетуінде аты аталатын Болат Закарияновтың Ресейге қашан көшіп кеткені туралы нақты деректер жоқ.
Abai.kz