Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 7745 101 пікір 25 Қаңтар, 2021 сағат 13:08

Ресейдегі майдан бізге қалай әсер етеді?

Өткен сенбіде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға араша сұраған халық һәм Навальныйдың жақтастары Ресейдің ондаған қаласында митинг өткізді. Қарсылық акциялары ұзын-саны 90-нан аса (ВВС-дің дерегінше, 120-дан көп) қалада өткен.

Наразылық акцияларының географиясы Владивостоктан Мәскеуге дейін жеткен. Тіпті, -50 градустық аязға қарамастан Якутия халқы да митингке шыққан. Ал Ресей астанасында өткен наразылық акциясына 40 мыңнан аса адам қатысқан. Ресей билігі Мәскеудегі митингке 4 мыңға жуық адам қатысты деп отыр. Жалпы Ресей бойынша, 3,5-4 мыңға жуық адам ұсталған.

Көшеге шыққан наразы жұрт Алексейге араша сұрап қана қойған жоқ. Жиырма жылдан бері Ресей билігін тізгіндеп отырған Владимир Путин мен оның командасының жұмысына да сын айтқан. Отставкасын талап етіп, диктатуралық жүйеге «тоқтат», деп ұрандатқан.

Навальныйды қолдау акциялары Ресейде ғана емес, өзге шет мемлекеттерде де өткен. Мысалы, Германия астанасында өткен акция – соңғы жылдардағы орыстілділер өткізген наразылық акцияларының ішіндегі адам ең көп жиналғаны болған. Оған шамамен 3 мыңдай адам қатысқан. Мұнан бөлек, оншақты мемлекетте Навальныйды қолдаған жұрт шеруге шыққан.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Ресейдегі шерушілерге күш қолдану мен ұрып-соғу әрекеттерін қатаң айыптайтынын мәлімдеген. Мәлімдемені АҚШ-тың мемлекеттік департаменті өкілі Нед Прайс жасаған. Олар Алексей Навальныйды босатуды талап еткен. Жалпы көптеген Халықаралық ұйымдар, соның ішінде «Amnesty International» ұйымы мен Еуропалық кеңес те Ресейдегі репрессиялық басып-жаншу әрекеттерін айыптаған.

Моя Россия сидит в тюрьме". Как прошли акции сторонников Навального в регионах - BBC News Русская служба

Наразылық акциялары кезінде күштік құрылымдар (полиция, ОМОН) шерушілерге күш қолданған. Резеңке таяқтармен (дубинка) ұрып-соғып жатқан видеолар әлеуметтік желіге тараған. Кей жерлерде наразылыққа шықандар мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс болған. Ал наразылық акциясы өтерден бұрын Ресейдегі ЖОО мен колледжтер өз студенттерін митингке шықпауға үндеп, өйтпеген жағдайда оқудан шағарылатынын ескерткен. Әлеуметтік желілер мен байланыс желілері бұғатталған.

митинг

Кейбір сарапшылардың пікірінше, кешелі-бергі өткен жалпыхалықтық шерулер соңғы онжылдықтағы Ресейдегі ең ірі наразылық акциясы болған. Владимир Путиннің ел ішіндегі беделі (рейтингі) рекордтық деңгейде төмендеген. Путин мен оның төңірегінде топтасқан азшылықты жарым құрсақ, тұрмысы төмен көпшілік (қарапайым халық) төңкеріп жіберуге дайын екенін көрсетті. Сол арқылы Кремльдің ел ішінде абырой-беделден айырылғанын айдай әлемге әшкереледі.

митинг

Бүкіл әлем жұрты, соның ішінде әлеуметтік желінің қазақстандық һәм қазақ тілді сегменті де Ресейдегі күрескер халықты қызықтап жатты. Кей сарапшылар: «Ресейдегі майдан бізге қалай әсер етеді», дегенді сөз етсе, енді біреулері: «Біздің «Навальный» кім», деген сауалды талқы етіпті. Біз әлеуметтік желіге шолу жасадық.

Аш адамға Қырым да, Асадтың амандығы да керек емес...

Асхат Қасенғали:

- «Қырым біздікі», «Асадты біз құтқардық», «Армата», «Искандер», «С-500» дегендер халықты бұрын тыныштандырып, мақтаныш сезімін сыйлаған шығар, бірақ енді олай болмайтын сыңайлы. 2014 жылы Путин Қырымды тартып алғанда рейтингі рекордтық деңгейге жетіп еді, қазір керісінше рекордтық деңгейге түсті. Басқыншылық жасап, өзгенің жерін тaртып алу халықты біраз жылға алдайды екен, бірақ ұзаққа емес. Өйткені жеме-жемге келгенде сананы тұрмыс билейді, ең соңғы шешімді «қарын» қабылдайды. Аш адамға Қырым да, Асадтың амандығы да керек емес. Аштықты бірнеше типке бөлуге болады. Тамаққа аш, азаттыққа аш, ой еркіндігіне аш. Бұның барлығы бір қоғамда жиналса, онда толқу, наразылық сөзсіз болады.

Халық Қиыр Шығыстан Еуропаға дейін, шығыстан-батысқа дейін 8000 шақырымды алып жатқан Ресейдің түрлі қалаларында наразылық шерулеріне шығып жатыр. Навальный мен оның тұтқындалуы тек қозғаушы күш, ал шынайы себеп тұрмыстың нашарлауы, әлеуметтік теңсіздіктің орасан зор деңгейге жетуі, жер ресурсының көптігіне қарамастан кедей елдің қатарында болуы, ауыз ашқанның сабалуы, қарсы пікір айтқанның қамалуы, Еуразияның жүрегінде тұрып, ішер ас пен киер киімге жарымауы болса керек. Санкциялар, пандемия, жұмыссыздық. Мәскеу мен Петербор халқы ғана қағанағы қақ, сағанағы сақ болар. Олар өзге аймақты «провинция» деп іштей менсінбейтін деңгейге жеткен. Бұның бәрі бір күні бұрқ ете қалары сөзсіз еді.

Ай сайын пәтерақы өсіп, күн сайын тамақ қымбаттап, ілініп-салынып әрең жүрген сәтте, қанқұмар басшысы біреуді тарпа бас салып, салдары санкция болып оралып, ілініп-салынған байғұстың тағы да қалтасын баға қақса, ашуға булықпай қайтсін. Оны «не имеющий аналогов в мире» деген темір-терсектің жалған жетістігі қызықтыра қоймас.

Иа, бүгінгі толқулар Путинді құлатпайды. Оның артында шіріген жүйені қолдайтын шіріген байлар, теңдессіз жемқорлар мен әлемдегі қуатты ондыққа кіретін әскер, полиция тұр. Сондықтан, тағында нық отыр. Бірақ ол «Путинді құлату мүмкін емес» деген ойды туындатпайды. 1917 жылы патшаны тақтан тайдырған көтеріліс 1900 жылдары басталып, 1905 жылғы «Қанды жексенбімен» жалғасын тауып, артынша ондаған қарсылықпен қуатталып, ақыры төңкеріспен аяқталды. Оның тарихын жақсы білеміз. Бүгінгі митинг - бейбіт митинг. Қарулы қарсылық емес.

«Путин мен Навальныйдың қайсысы» жақсы дегенге келер болсақ, Ресей халқы үшін бәлки Навальный жақсы болар, біз үшін екеуі де емес. Путин агрессор, Навальный әсіреұлтшыл. Оның Қырымды қайтару мен Кавказ халқына, еңбек мигранттарына қатысты айтқан ойлары әсіреұлтшылдығын дәлелдейді. Сондықтан Ресейге шынайы демократ келсе деп тілеймін. Көршілерін сыйлайтын, Халықаралық құжаттарды мойындайтын, шекаралар мен аумақтық тұтастықтарға күмән келтірмейтін, өзге елдің ішкі саясатына араласпайтын басшы келсе ғана, бізге жақсы. Ал ондай басшы Путин тақтан таймай келмейді. Путин тақтан таймаса, кетер шағында өзі іспеттес бір агрессорды қойып кетері анық. Ондай жағдай біз үшін қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Қазіргі Ресей режимі ұзақ отырған сайын, біз де Еуразиялық экономикалық одақ, ОДКБ және т.б одақсымақтар аясында жұтыла береміз. Путин көзі тірі сәтте бізді ол одақтардан шығармайды. Мүмкін емес. Сондықтан да қазір Мәскеу көшелерінде тек қана орыс ұлтының, Ресей халқының таңдауы ғана емес, бір шетінен біздің де тағдырымыз шешіліп жатыр-ау...Келіспеуге құқылысыз.

Арамыздан «Навальный» шықса, оны да түтіп жеп қояды!

Әміржан Қосан:

- «Қазақтың «Навальныйы» бар ма» деген пікірталасқа: Қазақстан мен Ресей советтік империя шинелінен шыққан. Объективті және субъективті себептерге сай саяси жүйелері де, оған негізделген биліктің жүйесі мен коррупциясы да ұқсас. Авторитарлық жүйелер бір-біріне ұқсайды, бір-бірінің іс-әрекетін қайталайды. Путин сарайы секілді біздің басшылардың да ұрлаған ақшаларға салған үлкенді-кішілі сарайлары бар. Ол туралы тәуелсіз БАҚ жазып та жүр.

Сондықтан қазақтың «навальныйлары» зерттер, жариялар тақырыптар мен жемқор тұлғалар, сарайлар мен басқа да нысандар жетіп асады.

Бірақ...

Қазақтың өзі ішінен «навальный» не басқа оппозициялық көзқарастағы тұлға көзге түсе қалса, билік емес, өзін оппозиция санайтын өзге тұлғалар оны түтіп, жеп қоятын шығар! Оны өз басым өткен президент сайлауында өз көзіммен көрдім.

Мәселенің басқа да тұстары бар.

Путин сарайы, Медведевтің меншігі мен мүлкі туралы ақпарат ғайыптан пайда болмайды. Оларды билік ішінде жүрген ықпалды топ өкілдерінің өзі Навальныйларға беруі әбден ықтимал. Бізде ондай топтар бар ма?

Жемқорлықты осылайша ұйымдасып зерттеу, жалпы оппозициялық күрес сонымен бірге қомақты қаржыны қажет етеді. Сондай ұйымдар мен тұлғаларға қаржылай көмек беретін ұлттық буржуазия бізде бар ма?

Ресейдегі жағдай біздің билікке сабақ болуы тиіс!

Амиртаев Азаматхан Сайлауович биография - ҚАЗАҚСТАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Азаматхан Әміртай:

- Кешегі Владивостоктан Санкт-Петербургқа дейін Ресейдің барлық қалаларын шарпыған шеру-толқу бізгеде ой салып кетті. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, даудың басында заңгер –оппозиционер Алексей Навальный тұрғанымен, шерулердің түп-төркінін ақтарсаң басқа нәрсе бар екенін көруге болады. Ол - халықты Путиндік биліктің жалықтырғаны, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, экономикадағы күйзеліс, Кремльдің империялық амбициясының кесірінен АҚШ бастаған Батыс елдерінің саяси-экономикалық санкцияларына душар болуы, үркердей бай-манаптардың халыққа тиселі байлықты тонауы т.б. Мұның бәрі қара халыққа ауыр тиді. Ақыры халықтың шеруге шығуына алып келді.

Ресей жұрты Путинді алмастыратын тұлға іздеуде. Онда да ол халыққа жақын болуы тиіс. Әзірге оның «рөлін» Навальный ойнауда. Ақиқатын айтар болсақ, біздегі жағдай да Ресейге ұқсас. Бізде де билік халықты бала секілді алдап ұстағысы келеді. Бар байлық аз ғана олигархтардың қолында, экономикада өсім жоқ, халықтың тұрмыс-тіршілігі төмен. Заң-закон билікке оңтайластырып қана жасалады. Саяси реформалар жоқ. Жемқорлық дендеп барады. Парламентте сол баяғы үш партия, онда билікке жаққан депутаттар отыр. Мемлекеттің негізі болатын орта буржуазия қалыптасқан жоқ. Тілдің түрі анау, сан ағымға бөлінген дініміз мынау... Тізе берсек проблема жетеді.

Қазіргі Қазақстандағы жағдай жарылғалы тұрған бітеу жара іспетті. Егер де ресми Нұр-Сұлтан Ресейдегі жағдайдан сабақ алып, халыққа мойын бұрғысы келмесе, бізде де бір Навальный шығып билікке қарсы «қалмақтың шаңды жорығын» жасары әбден мүмкін.

CentralAsia: Навальный опубликовал расследование о «дворце Путина». Видео

Түйін. Алексей Навальный «новичок» уымен уланып, ауруханаға түскен. Кейін Германияда емделіп, 18 қаңтар күні Ресейге қайтып оралған. Ол Ресейге келген бетте, әуежайда тұтқындалған. Ал 19 қаңтар күні Навальный мен оның «Жемқорлықпен күрес қоры» әзірлеген һәм әшкерелеген «Путиннің сарайы» дейтін деректі фильмді қазірге дейін 85 миллионға жуық адам көріпті. 1,5 миллион пікір жазылған.

Abai.kz

101 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338