Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2613 0 пікір 12 Наурыз, 2012 сағат 06:11

Жасарал Қуанышәлин. Сұмдық фактілерді ойдан шығару мүмкін емес!

Өткен жылдың 16-желтоқсанынан бері бүкіл еліміздің қанталап тұрған жарасына айналған Жаңаөзен қасіретіне және соған байланысты, бейкүнә мұнайшылар мен олардың қорғаушылары - оппозиция өкілдеріне қарсы режим тарапынан өткен ғасырдың 37-ші жылғы «үлгісінде» жүргізіліп жатқан жаппай саяси қуғын-сүргіндерге орай елімізде екі қоғамдық ұйым - комиссия мен комитет құрылғаны белгілі. Алайда, бұл тұрғыда тек Қазақстанның өз ішінде ғана іс-әрекет жасаудың тым жеткіліксіз екендігін, мұндай күрделі проблемалар бойынша жұмыс неғұрлым нәтижелі болуы үшін ол елімізден тысқары ауқымда да жүруі қажеттігін уақыт көрсетті, сондықтан ақпан айының 13-і күні бір топ қоғам өкілдері Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетін құрып, бұл жөнінде 14-ші ақпанда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ЖАҢАӨЗЕН-2011» КОМИТЕТІ

Комитет басшылығына мына азаматтар сайланды: төраға - Рамазан Есіргепов, төрағаның орынбасары - Ғазиз Алдамжаров, ұйымдастыру тобының жетекшісі - Михаил Сизов, ақпараттық топ жетекшісі - Жасарал Қуанышәлин, заң тобының жетекшісі - Әлия Тұрысбекова, сараптамалық топ жетекшісі - Ғалым Ағелеуов.

Бұл комитеттің алдына қойған негізгі мақсаттары:

Өткен жылдың 16-желтоқсанынан бері бүкіл еліміздің қанталап тұрған жарасына айналған Жаңаөзен қасіретіне және соған байланысты, бейкүнә мұнайшылар мен олардың қорғаушылары - оппозиция өкілдеріне қарсы режим тарапынан өткен ғасырдың 37-ші жылғы «үлгісінде» жүргізіліп жатқан жаппай саяси қуғын-сүргіндерге орай елімізде екі қоғамдық ұйым - комиссия мен комитет құрылғаны белгілі. Алайда, бұл тұрғыда тек Қазақстанның өз ішінде ғана іс-әрекет жасаудың тым жеткіліксіз екендігін, мұндай күрделі проблемалар бойынша жұмыс неғұрлым нәтижелі болуы үшін ол елімізден тысқары ауқымда да жүруі қажеттігін уақыт көрсетті, сондықтан ақпан айының 13-і күні бір топ қоғам өкілдері Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетін құрып, бұл жөнінде 14-ші ақпанда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ЖАҢАӨЗЕН-2011» КОМИТЕТІ

Комитет басшылығына мына азаматтар сайланды: төраға - Рамазан Есіргепов, төрағаның орынбасары - Ғазиз Алдамжаров, ұйымдастыру тобының жетекшісі - Михаил Сизов, ақпараттық топ жетекшісі - Жасарал Қуанышәлин, заң тобының жетекшісі - Әлия Тұрысбекова, сараптамалық топ жетекшісі - Ғалым Ағелеуов.

Бұл комитеттің алдына қойған негізгі мақсаттары:

1. Өз іс-әрекеттеріне ҚР-ның қоғамдық ұйымдары мен азаматтарын, халықаралық құқыққорғаушы және басқа ұйымдарды, шетелдердің жекелеген құқыққорғаушылары мен қоғам қайраткерлерін белсенді түрде тарта отырып,  биліктің 2012 ж. 16-18-желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе поселкесінде ереуілдеуші мұнайшыларға қарсы оқ атуының себептері мен салдарын зерттеу жұмысын күшейте және кеңейте түсу.

2. ҚР билігі саяси себептермен қуғын-сүргінге салған ереуілдеуші мұнайшыларды және ҚР ҰҚК-нің Жаңаөзен оқиғасына дейін, оның кезінде және одан кейін тұтқынға алып, «әлеуметтік араздық қоздырғаны»-мыс және басқа қылмыстар үшін негізсіз айыптау арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартқан оппозиция өкілдерін (Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Игорь Винявский, Айжангүл Әмірова, Болат Атабаев, Жанболат Мамай және т.б.) пәрменді түрде қорғау және азат ету.

Осы мақсаттарға жету үшін комитет мынадай нақты міндеттер белгіледі:

- Жаңаөзен мұнайшыларының жеті айлық ереуілдері алдында, олардың бүкіл барысында, мұнайшыларға қарсы оқ ату алдында, кезінде және одан кейін орын алған оқиғалардың қатаң хронологиясын анықтау;

- биліктің ереуілдеуші мұнайшыларға қарсы оқ атуы кезінде қаза болғандар, жарақат алғандар мен хабарсыз кеткендердің аты-жөндері көрсетілген дәл санын анықтау;

- Жаңаөзен оқиғасына байланысты Маңғыстау облысында да, тұтасынан алғанда Қазақстан бойынша да ҚР құқыққорғау органдары тарапынан түрлі қудалау мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың аты-жөндері көрсетілген дәл санын анықтау және оларға қажет болған бүкіл көмекті ( соның ішінде заңдық, құқықтық) көрсету;

- комитеттің жұмыс барысы мен нәтижелері, соның ішінде Жаңаөзен оқиғасы мен биліктің саяси қуғын-сүргіндері туралы ақиқатты анықтауға байланысты нақты фактілерді халық арасына тарату, БАҚ-тар мен интернетте жариялау, бұл жөнінде ҚР жұртшылығы мен шетелдерді үнемі құлағдар етіп отыру;

- алға қойған негізгі мақсаттар мен міндеттерге орай жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша комитеттің қорытындылары мен ұсыныстары бар анықтамасын жасау және жариялау.

Өз жұмысына кіріскелі бері комитет БҰҰ, ЕҚЫҰ, АҚШ мемлекеттік департаменті, Еуропарламент және т.б. халықаралық ұйымдар атына үндеу қабылдап, жолдады және жария етті, тоғыз адреске (ҚР Президентіне, Үкіметіне, Парламентінің Сенаты мен Мәжілісіне, Президент әкімшілігіне, Бас прокуратурасына, Жоғарғы сотына, ҰҚК-не, ІІМ-не және «Қазмұнайгаздың» бұрынғы басшысы Т.Құлыбаевқа) Жаңаөзен оқиғасына қатысты нақты сұрақтар қойылған хаттар жіберді.

 

КОМИТЕТТІҢ ЖАҢАӨЗЕН САПАРЫ

Комитеттің одан кейін жүзеге асырған нақты іс-шарасы - ақпан айының 24-і мен 28-і арасында Р.Есіргепов, Ж.Қуанышәлин, Ғ.Ағелеуов, комитет мүшелері Молдағали Матқан мен Ерлан Қалиев құрамындағы тобы Жаңаөзен қаласына тұңғыш іссапарға барып, жұмыс істеп қайтты.

Екі жарым айдан бері қайғыға батып, қара жамылған мұнайшылар қаласына жеткен бойда біз ең алдымен қала әкімі C.Трушевке, прокуроры М.Тойжанға, ІІБ-ның бастығы А.Досахановқа кіріп, оларды комитеттің мақсат-міндеттерімен таныстырдық, комитет атынан хат тапсырдық, Жаңаөзен қанды оқиғасына байланысты пікір алысып, сұрақтар қойдық, болған жағдайлар жөнінде қолдарында бар мағлұматтармен бөлісуді және бізді қамауда отырған бірнеше азаматпен жолықтыруды өтіндік. Бірден айта кетейін - қала прокуроры екі күннен кейін мағлұматтарға қатысты өтінішті орындады (соның ішінде қамауда атырған 52 адамның тізімін берді), алайда, «біз тергеу ісіне араласпаймыз, тек қамақтағы адамдардың жеке бас жағдайларын ғана анықтаймыз» деген уәдемізге қарамастан, екінші өтінішімізді қанағаттандырусыз қалдырды. «Тергеушілер қарсы»-мыс. Осыған орай біз биліктің мұндай «жабықтығы» халық арасында түрлі күдіктер, өсек-аяң мен қауесеттер тудыратындығын айтып, өкініш білдірдік.

Ертеңіне, ақпанның 25-і күні, алдын-ала жарияланған ақпаратқа сәйкес таңғы сағат 10-да болады деген әйелдердің рұқсат етілмеген митингісін көрмек ниетпен Ынтымақ алаңына бардық. Бірақ, сірә, соның қарсаңында қала прокуратурасы митингіге қатысатындар тізімі бойынша таратқан жазбаша ескертулер мен басқа да «алдын алу» шаралары өз «нәтижесін» берсе керек, алаңға тек 30 шақты адам жиналып, митингінің орнына комитет мүшелері мен журналистердің жұртшылықпен ашық аспан астындағы кездесуі өтті. Сөйтіп, қаза болғандар, жараланғандар мен тұтқындалғандардың аналары, жесірлері мен туған-туыстарының өз аузынан төрт сағат бойы көптеген куәліктерді бейнетаспа мен үнтаспаға жазып алдық. Және комитеттің штабы қайда орналасқандығын жариялап, бізбен жолыққысы келетіндерге есік ашық екендігін жиналғандарға мәлімдедік.

ЕСКЕРТПЕ: біздің Жаңаөзенде болған уақыт ішінде анық көзіміз жеткен бір ақиқат - билік дәл Тәуелсіздік күні, яғни, 16-желтоқсанда бейбіт халыққа қарсы оқ атып, қырғын салғаны аз болғандай, одан кейін де қала тұрғындарына жаппай қудалап, қуғын-сүргін жүргізіп, жұртты әбден үрейлендіріп тастаған, сондықтан біз онсыз да қамкөңіл адамдар шешіліңкіреп, еркіндеу сөйлеуі үшін оларға аты-жөндерін жария етпейтіндігіміз жөнінде уәде бердік және қашан комитет өз жұмысын аяқтап, көздеген мақсаттарға қол жеткізгенше сол уәдемізді орындаймыз да. Әрине, көпшіліктің зорлық-зомбылықтарға әбден қаны қарая ширыққандығы сонша: «Мен неге де болса дайынмын, ештеңеден қорқпаймын және тайынбаймын», - деп, ашық іc-әрекетке бел буғандар, яғни - айтқандарын өз аттарымен жария етуге келіскендер де болды. Дей тұрғанмен, біздің комитет, әсіресе жазалаушылардың шектен шыққан қатыгез, адамгершіліктен мүлде аулақ кеткен жауыздық іc-әрекеттерін нақты әшкерелейтін жантүршігерлік фактілерді көрсеткен куәгерлерге қатысты, әзірше жоғарыдағы принципті ұстанады. Өйткені біз үшін ең алдымен адамдардың жеке бас қауіпсіздігі қымбат.

Келесі күндері комитеттің штабына көптеген адамдар келді, сондықтан біз таң атып, күн батқанша, кейде тіпті түннің бір уағына дейін олардың айтқандарын телекамера мен диктофонға жазып алумен болдық. Сонымен қатар, ара-арасында Жаңаөзеннің өз ішіндегі және оның іргесінде орналасқан Теңге поселкесіндегі бірқатар қаралы үйлерге кіріп шығып, қазаға көңіл айттық, үй иелерінің шерлі әңгімелерін жазып алдық.

Осы іс-әрекеттер барысында біз жергілікті қоғам қайраткерлерімен де жақын танысып-білісіп, солардың арасынан Жаңаөзенде комитетіміздің тұрақты өкілдері ретінде жұмыс істейтін бес адамдық топ құрдық.

 

КЕЙБІР АЛДЫН-АЛА ҚОРЫТЫНДЫЛАР

Әлбетте, осы сапар кезінде жинақталған және алдағы уақытта біздің ізімізбен тек Жаңаөзенге ғана емес, Шетпе поселкесіне де жол тартып, жоспар бойынша жұмыс істейтін комитеттің келесі топтары жинақтайтын материалдар өз уақытында ретке келтіріліп, жүйеленіп, сарапталатын болады. Сонымен қатар біздің қазір көріп-білгендеріміздің қайсы бірі алдын-ала қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар мынаған саяды.

Біріншіден, «өзіміздің» («Қазақмұнайгаз») және шетелдің жұмыс берушілері - инвесторлардың (шын мәнінде - қанаушылардың) табаны астына түсіп, өз жерінде өгей күй кешіп, әбден шыдамы таусылған Жаңаөзен мұнайшыларының жеті айлық (менің білуімше, Қазақстан тарихында бұрын мұншалықты ұзақ наразылық акциясы болған емес!) ереуіл шеңберінде қойған  талаптары - толығымен заңды талаптар. Көптеген дәлелді фактілер растайтын бұл ақиқатты Жаңаөзенге барған кезде президент Назарбаевтың өзі де ашық мойындағаны белгілі.

Екіншіден, соншама уақытқа созылған ереуіл барысында не президент, не үкімет, не парламент, не тиісті министрліктер мен ведомстволар, яғни, тұтасынан алғанда Қазақстанның жоғары билігі, ел «қоржынына» ең сүбелі пайда келтіруші еңбекші топ - «қара алтын» өндіруші өз азаматтарымызға қамқор болудың орнына, шетелдік «қожайындардың» сойылын соғып, мұнайшылардың заңды талаптарына құлақ аспай қойған және сол арқылы жасанды түрде әлеуметтік араздық отын қоздырып, жаңаөзендіктерді өздерінің конституциялық құқықтарын жаппай ереуіл арқылы қорғауға мәжбүр еткен.

Үшіншіден, осы ереуілді еңбекшілер талаптарын қанағаттандыру арқылы емес, күшпен тоқтату мақсатында өткен жылдың жазы мен күзінде қатардағы мұнайшылар мен жекелеген белсенділермен қатар олардың туған-туыс, жақындарына да түрлі қысым көрсетіліп, қудалаулар жүрген, бірқатары еш кінәсіз сотталып кеткен, мәселе жекелеген адамдарды ұрып-соғып, тіпті өлтіруге (!) дейін барған.

Төртіншіден, ешқандай кедергілер мен арандатуларға қарамай, өздерінің әділ күресін бұрынғысынша бейбіт, заңды жолмен жалғастыра берген мұнайшылардың қайтпас-қайсар табандылығы «кесірінен» әлгіндей «ауыздықтау шаралары» еш нәтиже бермей қойғандықтан барлық амалы таусылған жеке билік режимі ақыр-аяғында, бұл «бүлік» мерзімінен бұрын тағайындалған парламент сайлауына қабаттасып, «қолайсыздық» тудырмауы үшін төтенше шешім қабылдап, қорғансыз, бейбіт және мүлде бейғам мұнайшыларға қарсы күтпеген жерден оқ жаудырып, қырғын салған. Сөйтіп, осындай адам айтқысыз ауыр қылмыс жасау арқылы көздеген мақсатына жетіп, ереуілді тоқтатқан.

Бесіншіден, қатыгездігі шектен шыққан осынау қылмысты «ақтап алу» үшін биліктің алдын-ала жасалған арнайы жоспарынаа сәйкес:

- мұнайшылардың заңды қарсылығына қарамастан, жеті айдан бері ереуіл орталығы болған Ынтымақ алаңына Тәуелсіздік пен Жаңа жыл «кұрметіне» киіз үйлер тігіп, шырша орнатып, жәрмеңке, ойын-сауық ұйымдастырған (куәлардың айтуынша, бұған дейін аталған алаңда бұл күндері ешқашан мұндай шаралар жүргізілмеген) және қала әкімшілігінің «киіз үйлер өртене қалған жағдайда» (?!) олардың иелеріне екі миллион теңгеден өтемақы төлеу жөнінде келісім-шарт жасасқан;

- 16-желтоқсан күні мұнайшылардың судай жаңа арнайы киімін және өңкей қара киім киген белгісіз адамдарды, бір топ беймәлім жасөспірімдерді және жергілікті қылмыстық топтарды пайдалана отырып,  айналасы биік дуалмен қоршалған және мықты күзеті бар «Өзенгмұнайгаз» кеңсесін, оған жалғаса орналасқан «Аруана» қонақ үйі мен қала әкімшілігі ғимаратын өртеген, шыршаны құлатып, киіз үйлерді, саз аспаптарын қиратқан, сол маңайдағы банкоматтар мен дүкендерді тонатқан және осының бәрі кейін бұған еш қатысы жоқ мұнайшыларға жабылған.

Алтыншыдан, «Өзенмұнайгаз» кеңсесі өртене бастаған кезде сондағы өздеріне қажет құжаттар жойылып кетеді деп қауіптенген мұнайшылар өртті cөндірмек болып жанұшыра ұмтылған кезде оларға қарсы жаппай оқ атылған.

Жетіншіден, алаңда оққа ұшып, қаза болғандардың бір бөлігі қолдарында оқ қаруы түгіл тас та жоқ, демек, ешкімге ешқандай қауіп төндірмеген бейбіт мұнайшылар, енді бір бөлігі сол күні алаңға не биліктің ұйымдастыруымен (мәселен, мектеп оқушыларын алып барған жас мұғалім жігіт және т.б.), не өз бетімен қызықтап барған (колледждің 16 жастағы студенті сияқты) кездейсоқ адамдар болса, бір де бір полиция қызметкері мен ОМОН, СОБР жауынгері қаза болмақ түгіл, оқ қарудан жарақат та алмаған.

Сегізіншіден, аталған ғимараттарды (киіз үйлер тәрізді) өртеуге алдын-ала дайындағандығының айқын дәлелі, мәселен, - қала әкімшілігі өртенген кезде жанып кетпеуі мүмкін емес құжаттар мен түрлі мүліктер кейін өз орындарына буылған-түйілген қалпында «қайта оралған» немесе кейбір өртенген дүкендердің тауарлары оқиға алдында әлдеқайда алып кетілген.

Тоғызыншыдан, қамауға алынған қала тұрғындарын полиция қызметкерлері ұрып-соғып, қорлап, азаптаған. Мәселен, үлкені бар, кішісі бар, еркегі бар, әйелі бар, көптеген адамдарды тырдай жалаңаш шешіндіріп, екі қолын қабырғаға тіретіп қойып, соққының астына алу, боқтап-балағаттау, үстеріне мұздай су құю арқылы жасамаған қылмыстарды «жасадым» деп мойындату тәрізді зорлық-зомбылықтар орын алған.

Оныншыдан, қаза болғандардың туған-туысқандарына ұзақ уақыт бойы мәйітті бермей, қорқытып-үркітіп, олардан шындықты айтпау жөнінде уәделі қолхат алған соң ғана берген, өлім туралы куәліктерге адамның қаза болу себебін бұрмалап көрсеткен.

Он біріншіден, онсыз да қайғы жұтып, қара жамылған кейбір адамдарға қаза болған туыстарын дұрыстап жерлеуге қасақана кедергілер келтірген. Мәселен, мәйітті арулап жуу үшін аулаға тігілген киіз үйді қиратқан, жерошақта қайнап тұрған қазанды төңкеріп тастаған, жерлеу қамымен дүкенге, базарға шыққан жақындарын көшеде ұстап алып, ақшаларын тартып алған, өзге туыстарын қамауға алып, ұрып-соққан.

Он екіншіден, бір жарым ай бойына президент жарлығымен жарияланған төтенше жағдай астында өмір сүрген жаңаөзендіктер сол кезде республиканың басқа да облыстарынан тартылып, қаптап кеткен полицейлер мен жауынгерлердің жол тосып тонауына ұшыраған.

Он үшіншіден, ҰҚК «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен тұтқынға алып, қылмыстық жауапқа тартып жатқан Айжангүл Әмірова, Владимир Козлов, Серік Сапарғали және басқа азаматтар жөнінде біз жаңаөзендіктер ауызынан тек қана жақсы пікірлер естідік.

Әрине, осы аталған және басқа да көптеген мәліметтерді бұлтарыссыз растау үшін біздің комитетке де, біз тәрізді өзге де құрылымдар мен азаматтарға да әлі көп  еңбектеніп, ізденіп, тер төгуге тура келеді. Алайда, менің өзімнің осы фактілердің шырқырап тұрған шындық екендігіне еш күмәнім жоқ. Өйткені дені дұрыс кез-келген адамның жағасын ұстатып, төбе шашын тік тұрғызатын осынау сұмдықтарды айтқан адамдардың көзінен мен тек қана шындық отын көрдім, сондықтан олардың мұндай фактілерді ойдан шығарып, өтірік айтуы мүмкін емес деп есептеймін.

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпарттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 6-наурызы

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373