Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 13152 17 пікір 27 Қаңтар, 2021 сағат 12:26

«Астанаға» қазақ тілі керек емес!

Қаптаған легионер, миллиардтаған қаржы, нашар нәтиже - осының бәрі қазақ спортының бүгінгі бет-бейнесі. Спорттың айналасындағы адамдарға айтылар сын көп. Әсіресе, кәсіпқой спорт клубтары мемлекетпен санаспай, ойына келгенін істеп жүр.

Кәсіпқой спорт клубтарына бюджеттен өте мол қаржы бөлінеді, бірақ нәтиже тым төмен, шетелдік спортшылардың саны көп, жемқорлықпен айыпталатын шенділер аз емес. Тізе берсек кемшілік көп.

Тіпті қазақ спорты мемлекеттік тілдің мәртебесін мүлде мойындамайды десек те болады. Спорт федерацияларының, кәсіпқой спорт клубтарының басшылығында мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар отырғандықтан болар, қазақ тілінің Конституцияда көрсетілген мәртебесі қорғалмай отыр. Спорт федерациялары, клубтар мемлекеттік тілде ақпаратты кешігіп таратады немесе мүлде таратпайды. Спорт саласындағы кез-келген құжат ең алдымен орыс тілінде дайындалады. Бұның басты себебі, спорттың тізгінін мемлекеттік тілді білмейтіндердің ұстап отыруында болса керек. Олар ел халқының 80%-ы қазақ тілді екенін ескермей, ескі көзқараспен бәрін орысша жүргізуде.

Соның айқын мысалы ретінде, «Астана» футбол клубы жақында бірнеше қызметкерін жұмыстан шығарған. Олардың қатарында қазақ тіліндегі медиа-офицер Асқар Хамиден де бар. Хамиден YouTube хостингіндегі Nursultan Qurman арнасына берген сұхбатында төрт жарым жыл жұмыс істеген елордалық клубтан қалай кеткені жайлы айтты.

Былтыр пандемияға байланысты бюджетті үнемдеу басталғанда «Астана» басшылығы ең алдымен қазақ тілін «құрбандыққа» шалған көрінеді. Өткен жылы ел чемпионатының көп бөлігі Алматы қаласында өтті. Барлық клуб Алматыға жиналды. Сол кезде «Астана» бюджетті үнемдеу мақсатында қазақ тілді медиа-офицерді Алматыға әкетпеген. Демек, басшылар үшін клубтағы ең қажетсіз құрлым қазақ тілі болған секілді.

Мұны аз десеңіз, биылғы маусым басталмай жатып, қазақ тілді медиа-офицерді жұмыстан шығарып жіберген. Дәл қазір елордалық клубтың ресми сайтындағы қазақ тілді ақпараттарды кімнің жазып жүргені белгісіз. Тіпті мәтіндер аудармашы құрал арқылы дайындалып жатқан болуы мүмкін. Өйткені сайттағы қазақ тілді ақпараттардың сапасы өте нашар.

«Мен клубтан кеткенімді ресми түрде мәлімдеген жоқ едім. Енді ресми мәлімдеуіме тура келіп отыр. Себебі жақында әлеуметтік желіде, «Астана» ФК ресми сайтында қазақ тілінде ақпарат пайда бола бастады. Ол өте ала-құла. Google-аудармашы немесе басқа да жүйе ме, әйтеуір, қазақ тіліне өте шорқақ адам аударған мәтіндер шыға бастады. Жанкүйерлерім мен әріптестерім бұл мәтін туралы менен сұрап жатыр, сондықтан клуб құрылымындағы ақпараттарға жауап бермейтінімді айтқым келеді», - деді Асқар Хамиден.

Оның мәліметінше, «Астана» аударма жасайтын агенттікпен келісімшарт жасасып, солармен жұмыс істеп жатқан көрінеді.

«Бізге шет-жағасын ескерткен кезде клуб: «Бұл шешімді қабылдауымызға біздің қатысымыз жоқ, оны клубтың бас демеушісі - «Самұрық-Қазынадағы» адамдар шешті», деп жеткізді. Еліміздің алты дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасының қатысушысы, сондай үлкен турнирлерде жетістікке жеткен командаға қазақ тілі керек болмай отыр», - деді ол.

Демек, жылдық бюджеті 10 миллиард теңгеден асатын, шетелдік бапкеріне ай сайын 50 мың еуро жалақы төлей алатын, 14 бірдей легионер шақыра алатын «бай» клуб қазақ тілінде сауатты ақпарат тарата алатын бір қызметкерді сидырмаған көрінеді. Егер 4,5 жыл жұмыс істеген Асқар Хамиденді жұмыстан шығарып, орнына өзге бір қазақ тілді медиа-офицер алса, біз де сөз шығындамас едік. Бұлар қазақ тілінде жаза алатын қызметкерді шығарып, аударма жасайтын агенттікпен келісімшарт жасасқан. Басқаша айтқанда, аударма жасайтын құралдарға қаржы бар, қазақ тілді қызметкерге қаржы жоқ!

Клубтың экс-қызметкері сұхбат барысында, пандемия кезінде қызметкерлердің жалақысын бір мәрте 30%-ға қысқарқанын айтып қалды. Ал футболшылардың жалақысына ешкім тиіспеген. Айына 10-20 млн теңге алатын футболшылардың емес, бірнеше жүз мың алатын клуб қызметкерлерінің жалақысын қысқартып, бюджетті үнемдеу деген күлкілі емес пе!

Шетелде керісінше футболшылардың жалақысын қысқартып, клуб қызметкерлеріне қысым жасаған жоқ. Бізде қашан да бәрі басқаша. Нәтиже нашар болса да шетелдік ойыншылардан қаржы аямайды. Ал қарапайым қызметкерлерді (әсіресе қазақ тілді) қысқартып, бюджет қаржысын үнемдеген болып отыр.

Сөз соңында айтарымыз, мемлекеттік тіл мәселесі жалғыз «Астанада» ғана емес, барлық клубта бар. Жоғарыда айтқанымыздай, жалпы спорт саласы қазақ тіліне қырын қарап келеді. Сол үшін спорт федерациялары мен клубтардың баспасөз қызметін мемлекеттік тілдегі ақпаратты сапалы әрі жылдам жариялауға міндеттеу керек...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282