Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4609 0 пікір 14 Наурыз, 2012 сағат 07:45

Қарлыға Ибрагимова. Телеарналар рейтингі: қазақтың есебі қайда?

Телеарналардың рейтингісін зерттейтін «TNS Gallup Media Asia» компаниясы  алдыңғы айдың соңғы аптасында ең көп көрермен жинаған, рейтингі ең жоғары 10 бағдарламаның тізімін жариялады. Тізімге  зер салсақ, «КТК» арнасындағы «Портрет недели» бағдарламасы үздік ондықтың көшін бастапты. Екінші орын «1-канал Еуразиядағы» Андрей Малаховтың «Пусть говорят» ток-шоуында. Сол арнадағы «Грязная работа» сериалы  жоғары көрсеткішпен үшінші орынға жайғасса, «X Factor» бағдарламасы  мен «Время» жаңалықтар қызметі төртінші, бесінші орындарға табан тірепті. «КТК»-дан берілген  «Кривое зеркало» атты концерт те көп көрермен жиған.  Осы арнадағы  «Женский доктор» көркем фильмі мен Платоновтың «Слуги народа» атты авторлық хабары да ондықтан ойып орын алыпты.  Еуразиядағы «Расплата» сериалы тоғызыншы орында тұр.  Үздіктердің тізімін «НТК»-дан берілетін «Универ» телесериалы тәмамдайды.  Байқағаныңыздай, рейтингі жоғары бағдарламалардың қатарында бірде-бір қазақша бағдарлама жоқ. Намыстан жарыла жаздасаңыз да, нәтиже осы.

Телеарналардың рейтингісін зерттейтін «TNS Gallup Media Asia» компаниясы  алдыңғы айдың соңғы аптасында ең көп көрермен жинаған, рейтингі ең жоғары 10 бағдарламаның тізімін жариялады. Тізімге  зер салсақ, «КТК» арнасындағы «Портрет недели» бағдарламасы үздік ондықтың көшін бастапты. Екінші орын «1-канал Еуразиядағы» Андрей Малаховтың «Пусть говорят» ток-шоуында. Сол арнадағы «Грязная работа» сериалы  жоғары көрсеткішпен үшінші орынға жайғасса, «X Factor» бағдарламасы  мен «Время» жаңалықтар қызметі төртінші, бесінші орындарға табан тірепті. «КТК»-дан берілген  «Кривое зеркало» атты концерт те көп көрермен жиған.  Осы арнадағы  «Женский доктор» көркем фильмі мен Платоновтың «Слуги народа» атты авторлық хабары да ондықтан ойып орын алыпты.  Еуразиядағы «Расплата» сериалы тоғызыншы орында тұр.  Үздіктердің тізімін «НТК»-дан берілетін «Универ» телесериалы тәмамдайды.  Байқағаныңыздай, рейтингі жоғары бағдарламалардың қатарында бірде-бір қазақша бағдарлама жоқ. Намыстан жарыла жаздасаңыз да, нәтиже осы.

Телеарналар телерейтинг атты «құдіретке» тәуелді. Сіз бен біз күнделікті тамашалап жүрген әрбір бағдарламаның қанша көрермені бар екенін, әр бағдарламаның рейтингісін 1997 жылдан бері «TNS Gallup Media Asia» атты компания анықтап келеді. «TNS Gallup» ұйымы жыл сайын 100000-нан астам тұрғыны бар ірі қалаларда 700 отбасына пиплметр атты арнайы құрылғы таратады.  Сөйтіп телеметр орнатылған үйдің отбасы мүшелері телерейтингті зерттеуге қатысатын респондент атанады. Теледидарға жалғанған пиплметр күнделікті неше респонденттің қай  телеарнаны қанша уақыт көргенін есепке алады. Ол ақпарат «Gallup Media»-ның Алматыдағы орталығына келіп түседі де, осылайша әр бағдарламаның жекелеген рейтингі мен телеарналардың тұтас рейтингі түзіледі. Телеарналар  рейтинг атты «құдіретке» тәуелді деуіміз тегін емес. Эфирден берілген дүние көрермендер тарапынан сұранысқа ие бола ма жоқ па, бағдарламаның экономикалық қайтарымы бар ма, жоқ па деген мәселе бар өйткені.  Телеөнім белгілі деңгейде рейтингке ие болып, арнаға пайда әкелуі тиіс, былайша айтқанда. Әрбір рейтингтің артында қыруар қаржы тұр. Олай деуімізге себеп, жарнама берушілер жоғары рейтингке ие болған арналарға ғана жарнамасын ұсынады. Ал телеарналар жарнама берушiге жарнаманы көретiн көрермендердiң үлесiн сатады.  Осыдан-ақ рейтингтің нендей құдірет екенін бағамдай беріңіз. Жоғарыда үздік он бағдарламаның қатарында бірде-бір қазақша бағдарламаның жоқтығына намыстанғанымыз бір жағы патриоттығымыздан болса, бір жағы қазақша дүниелердің назарға ілікпей жатқанына күйінгендік еді.

Осыған дейін де орыс тіліндегі хабарлар рейтинг жағынан қазақша бағдарламаларды шаң қаптырып келді. «Gallup Media»-ның қорытындысымен кейбір арна басшылары келіспей, жүргізілген зерттеу объективті емес деген әңгімелер талайдан бері айтылып келеді. Өйткені респонденттердің арасындағы қазақтардың үлесі 1999 жылғы халық санағының нәтижесіне негізделген көрінеді. Қайбір арналардың басшылары тарапынан «Gallup Media» өкілдеріне: «Респонденттер 1999 жылғы санақ  бойынша есепке алынған болса, 700 отбасыдан тұратын көрерменнің 40%-қазақ; 60%-өзге ұлт өкілі болып шығады. Ал 2009 жылғы санақ негізге алынса, халықтың  63% - қазақ; 37% - өзге ұлт өкілдері болады. Ал қалалардағы көрерменнің 54%-ы қазақ, 46%-ы өзге ұлт өкілдері деген сөз. Зерттеуге респонденттерді тартқанда осы жағы ескерілуі тиіс. Сонда қазақтілді өнімдердің рейтингі жолға қойылады», - деген ұсыныс та айтылған болатын. Биылғы  жылдың 1 қаңтарынан бастап 54% - қазақ отбасы, 46% - өзге ұлт өкілдері респондент ретінде алынып,  пиплметр таратылыпты.  Қазақ отбасыларының пайыздық көлемі артқан соң, қазақтілді бағдарламалардың рейтингі өсуі заңдылық еді. Былтырғы күзде «TNS Gallup Media» басшыларының  өзі: «2012 жылдың қаңтарынан бастап қазақ тілінде хабар тарататын арналардың үлесі 2,5-3%-ға өседі де, орысша хабар тарататын  «1-канал Еуразия», «НТК» сынды арналардың үлесі төмендейді», - деп мәлімдеген болатын.

«Алайда, компанияның қаңтар мен ақпан айларына жасаған қорытындысында қазақша арналарды көрермендердің көру жиілігі артудың орнына бұрынғыдан да төмендеп кеткен. Аудиториясы ауқымды, хабарлары сұранысқа ие арналардың көшін баяғыша «1-канал Еуразия», «НТК»,«КТК» арналары бастап тұр. «НТК»-дағы «Ревюдің» бір күндік көрсетілім үлесінің өзі - 10,7%, «КТК»-дағы «Давай поженимся» - 18,7%. Ал «Қазақстандағы» «Сыр сұхбат» бір күнде әрең дегенде - 5,1%, «Ел арнадағы» «Жарайсың» - 0,2% көрерменді зорға жинаған. Қазақша бағдарламалардың рейтингіне қарап отырып қарның ашады. Хабарлардың айлық, апталық емес, бір күндік көрсетілім үлесін салыстырып-ақ біраз жайтты бағамдауға болады. Мәселен, «Gallup Media»-ның бір күнгі эфирге жасаған зерттеуінде «Қазақстан» Ұлттық арнасы кешкі жаңалықтарының рейтингі - 3,1% екен. «КТК» жаңалықтары - 10,0%. «31»-арнадағы «Информбюроның» қазақша жаңалықтары  - 7,8%.  Ал «1-канал Еуразияның» «Время» жаңалықтары - 23,7%-бен ең көп көрермен жиған. Бұған қарап «қазақтардың бәрі «Времяны» көреді екен ғой»  деген ойға келесіз еріксіз.  Таңертеңгілік «Таңшолпанның» рейтингі  - 2,9%.  Ал  «1-канал Еуразиядағы» «Доброе утро» 22,3 %-ды «ұрып» тұр.  Қазақ көрерменінің барлығы «Доброе утроны» қарайды дегенге иланып-ақ қаласыз. Шын мәнінде солай ма, бірақ?!  «31»-арнадағы «Қазақша концерттің» көрермені - 8,9% болса,  дәл сол уақыттағы «НТК»-дағы «Том и Джерри» мультсериалын қарайтындардың үлесі - 26,3% екен. Бұл көрсеткішке күлеміз бе, жылаймыз ба? Әлде жұрттың бәрі жабылып мультфильм қарайды дегенге сенеміз бе? Тізе берсек мұндай қарама-қайшылық көп.

«Gallup Media»-ның осы зерттеуі қаншалықты объективті? Өйткені  54% қазақ отбасын зерттеуге қатыстырғанда компания басшылығы респонденттердің ұлты қазақ болғанымен, олар орыстілді ме, қазақтілді ме осы жағына назар аудармаған сыңайлы. Қаладағы таза қазақы отбасылар мен шалақазақтардың ара жігі ажыратылмаған, қысқасын айтқанда. Алматы, Астана, Павлодар, Петропавл қалаларының тұрғындары о бастан қазақтілді және орыстілді болып бөлінеді, орыстілділері орысша дүниелерді қарауға әуес келеді делік, жарайды. Ал Семей, Ақтау, Атырау, Шымкент сынды қазақы өңірлердегі қазақы көрерменнің таңдауы қайда қалды екен? Әйтпесе қазақтардың бәрі «Доброе утромен» таңды қарсы алып, «Время» жаңалықтарымен  әлем жаңалығынан хабардар болып отырған жоқ. Міне, осылайша азаннан кешке дейін қазақша бағдарламаларды қарайтын көрермендер айдалада қалып, төл тіліндегі бағдарламалардан гөрі орысша хабарларды қызықтауды қолай көретін шалақазақтардың көзқарасы жалпыхалықтық нәтижедей болып отыр.

БҰҒАН «TNS Gallup Media» НЕ ДЕЙДІ?

Осы жайттардың анығын білу үшін TNS Gallup Media-ның бас директоры Татьяна Старцеваға: "Респонденттердің ұлты қазақ болғанымен, қазақтілді не орыстілді екені қаншалықты ескерілуде? Таза қазақтар мен шалақазақтардың ара жігі ажыратылмағасын, қазақы дүниелердің көрсеткіші төмен болып отырған жоқ па?» деген сауалымызды жолдағанбыз. Қазақстандағы телехабарлардың таралу кеңістігін зерттейтін ұйымда бұл сұрақтарға жауап беретін мемлекеттік тілді түсінетін бірде-бір маман жоқ екен, қызық болғанда. Кілең орыстар жұмыс істейтін компанияға сұрақтарымызды ресми тілде жібердік. Бірақ компания басшысы жауап беруге құлық таныта қоймады. Орысша хабарлардың рейтингі дәурендеп, қазақша дүниелердің көрсеткіші құлдырап бара жатқанына орыс басшы күйіне қойсын ба? Телеарналарға таратқан қағаз жүзіндегі мәліметте 100 % респонденттің 2009 жылы 37,8%-ы қазақ болса, 2010 жылы қазақтардың саны - 44,4%-ға,  2011 жылы - 44,9%-ға өскен. Ал биылдан бастап респонденттердің арасындағы қазақтардың үлесі 54,7% делінген. Алайда мәселе қазақтардың қағаз жүзіндегі санында емес,  сапасында болып тұр.

ЕНДІ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

«Gallup Media»-ның зерттеуіне қатысушыларды iрiктеуге ерекше мән беретiн кез келдi. Респонденттің ұлты қазақ болғанымен таза қазақ па, әлде ана тілін менсінбейтін шалақазақ па, осы жағы ескерілуі тиіс. Әйтпесе орыстілді респонденттердің таңдауы қазақша бағдарламалардың тамырына балта шабады.  Рейтингі көтерілмеген бағдарламалар біраз уақыттан соң жабылады өйткені. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, биылғы наурыздан бастап күшіне енген  «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң бойынша эфирдегі өнімнің 50 пайызы шетелдік, 50  пайызы төл дүние болуы тиіс. Рейтингті төмендетпеу үшін телеарна басшылары қазақша төлөнім жасағаннан гөрі, сырттан келген дүниелерді қазақшаға аударып, тіл саясатын орындай салады. Өйткені рейтингі алға жылжымайтын қазақша хабарларды эфирге жібергеннен гөрі, рейтингті ұстап тұратын орысша дүниелерді дөңгелеткен әлдеқайда ыңғайлы екені бесенеден белгілі. Осыдан-ақ телеарналардағы 50 де 50 саясаты оп-оңай бұзылады. Себебі, әр рейтингтің соңында қыруар ақша, коммерциялық табыс тұр. Қазақша бағдарламалардың аудиториясының аясы тар болғасын жарнама берушілердің де орыс тіліндегі жарнамаға жүгінетіні аян. Жарнамадан түсетін пайданы былай қойғанда, өзге тілдегі дүниелер біздегі теңдікті де теріс қаратып тұр. Ақпараттық қауіпсіздігімізге, тіл саясатына тікелей қатысты бұл мәселеге Құқық қорғау орындарының да назар аударып қойғаны да жөн еді-ау.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда зерттеуге қатысушылардың ұлты қазақ болғанымен, болмысы, тілі, жаны қазақ па, осы жағы ескерілмей, іс оңалмайды. Біздегі телерейтингті өлшеуге аймақтағы, ауыл-ауылдағы қазақы көрермен қатыстырылған емес. Күні бойы қазақша бағдарламаларды қарайтын ауыл көрерменінің көзқарасы ескерілетін күннің ауылы алыс болып тұр әзірге. Мұны телевидениеде қызмет істейтіндердің, болмаса осыны зерттеп жүрген журналистердің ғана бас қатыратын мәселесі деп емес, ұлттың мәселесі, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастырмай болмайды.

Бұл мәселе министрліктің, Үкіметтің, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына іліккені жөн.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, «Алматы» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары:

«GALLUP MEDIA»-НЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕН БАС ТАРТҚАНБЫЗ

- «TNS Gallup Media Asia» компаниясының жүргізген зерттеулеріне көңіл сеніңкіремейді. Өйткені қай кезде де орыстілді арналар, орысша хабарлар жоғары сатыда тұрады. Қазақы дүниелерге берілген нәтижеден-ақ компанияның кімдерден дауыс жинайтынын білуге болады. «Алматы» сынды шағын арналарды былай қойғанда, республикаға тарайтын 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасы, қазақша бағдарламаларының үлесі көп «Хабар» арнасы 5-6 орындарда салпақтап жүреді. Ал 3-4 өңірге ғана тарайтын орыстілді арналар үнемі алдыңғы орындарда. Бір-екі арна өзара орын ауыстырғаны болмаса, компанияның статистикасы ешқашан өзгермейді. Осыдан соң жоғары рейтингке ие болып, жоғары саптан көріну мүмкін емес десе де болады.  «Gallup Media»-ның жүргізген зерттеулеріне күмәннің салдарынан бір жыл бұрын «Алматы» телеарнасы бұл ұйымның қызметінен бас тарттық.

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:

ӨЗІМІЗ ҰЛТТЫҚ ҰЙЫМ ҚҰРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

- Неге біз телеарналарымыздың рейтингін зерттеуде шетелдік «TNS Gallup Media Asia»-ға жүгінеміз? Әлем мойындаған, бүкіл Еуропа елдерінің телерейтингін өлшеп отырған дүниежүзілік компания болса да, бізге өз телеарналарымыздың рейтингін өзіміз өлшейтін ұлттық ұйым қажет. Оған біздің әлеуетіміз жетеді деп ойлаймын. 20 жыл бойы бағындық, жетеді. «Gallup Media» батыстық стандартқа негізделген. Мұның зардабын қазақтілді арналар тартып отыр. «TNS Gallup Media»-ның Алматыдағы орталығында бірде-бір қазақ жоқ деп естиміз. Тіпті компания жанынан құрылған индустриалды комитет сарапшыларының да қатарында қазақтар жоқ-ау деймін. «TNS Gallup Media» үлкен-үлкен жарнама беруші агенттіктердің қаржысына қарап отырғандықтан, жарнамадан  жақсы табыс табатын арналардың саясатын жүргізуде. Қазақтілді арналардың рейтингі төмен, сондықтан оларға жарнама аз түседі дей салу қисынға келеді өйткені. Осылайша жарнаманың бәрі орыстілді арналарға кетіп жатыр.

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, телепублицист:

ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ РУХАНИ СҰРАНЫСЫНА ТҮКІРГЕНІ БАР

- Біз тележурналистер әлденеше рет «Gallup Media» басшыларымен пікірлестік, қатты сөйлестік. Олардың зерттеу әдісіндегі қазақша дүниелерге деген көзқарасты қажетті қалыпқа түсіруге талпындық. Бірақ ештеңе өзгерте алмадық. Өйткені олардың біздің менталитетке, қазақтың рухани сұранысына түкіргені бар. Әйтпесе қазақтың бәрі орысша хабарларға телміріп, соның алдында отырған жоқ. Өзінің рухани сұранысын қанағаттандыратын қазақы дүниелерді көріп жүрген көрермендер көп. Өкініштісі, олар респондент емес. Олардың орнын шалақазақтар алып отыр. Олардың көзқарасы бүкіл қазақтың көзқарасындай болып отыр. Шындыққа жүгінсек, сол «Gallup»-тың басшылары қазақ бағдарламаларынан бірдеңе ұға ма? Өздері қазақ тілінен мақұрым бола отырып, қазақ тіліндегі бағдарламалардың рейтингін анықтауға моральдық құқы бар ма? Ықыласы қай жаққа бұрылатыны белгілі, өздеріне керек жаққа бұра тартары анық. Тіпті, жарайды, ниеті дұрыс болғанның өзінде, олар білместіктен қателесетініне күмәнім жоқ. Бұл тек сол ұйымның басшыларына ғана емес, зерттеуге ілініп жүрген орыстілді респонденттерге де қатысты. Өзі орыстілді бола тұра, қазақша бағдарламалардың рейтингісін анықтауға олардың қандай құқы бар? Сондықтан біздегі арналардың рейтингісін анықтайтын жаңа механизм қажет деп ойлаймын. Ондай мүмкіндік бар сияқты көрінеді маған.  Бұл бір, екіншіден, тілге деген ықылас, ниет,  қандай болса, телевидениеге деген көзқарас та сондай. Мемлекеттік тілдің мәселесін бәріміз айтамыз, қазақ тілі өркендеуі керек дейміз. Бірақ қазақ тілінің қанат жаюына кедергі келтіретін қозғалмайтын, бұзылмайтын, мен түсіне бермейтін бір сең бар.  Қазіргі қазақтілді арналардың жағдайы да дәл осындай болып тұр. Қазақтілді арналарға, қазақша хабарларға деген мемлекеттік көзқарас қажет. Ол қалыптаспай ештеңе өзгерте алмаймыз.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395