Даудың басы – кино орталығының питчингі…
Дау неден басталды?
Бейімбетше айтсақ, осылай… «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басшылығына 2019 жылы Гүлнар Болатқызы Сәрсенова келді. Келген бетте ол өзіне дейін өткізілген киножобаларды іріктеу питчингінің қорытындысын өз ыңғайына икемдеп, апыл-тапыл өткізіп жіберді. «Өз ыңғайына икемдеп» дегенді бекер жазып отырған жоқпыз, мемлекеттің қаржыландыруына ие болған 18 киножобаның ішіне өзінің «Нартай» атты фильмін де сыналап кіргізіп жіберген еді. Ол фильмнің жасалуынан хабардар кино айналасындағы көпшілік аңтарылып қалды. Себебі, аталған фильм екі жыл бұрын басталып, түсірілімі аяқталып та қойған еді… Көпшіліктің сыбыр-сыбыр әңгімесі күбір-күбір қалпында қала берген.
2020 жылы екінші питчинг жылжып жеткен. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді… «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дейді… Кино орталығында орнаған өлермендік – өзімбілемдікке ұласты. «Ұлттық киноны қолдау орталығы» шын мәніндегі ұлттық түр мен сипаттан сырт айналды. Питчингке үмітті кинокомпанияларды жинаған кезекті дөңгелек үстелде продюсер Қанат Төребай: «Менің білуімше, киножобаларды іріктейтін сарапшылардың ішінде үш-төртеуі ғана қазақша оқып-түсіне алады екен, сіздер қазақ тілінде жазылған сценарийді қалай іріктеп, танымақсыздар?» – деді. Гүлнар Болатқызы мардымды жауап қайтара алмады. Бір-екі сценарийді орысшаға аударып жатқанын айтты…
Сол кезде Сарапшылар кеңесінің мүшесі Ермек Тұрсынов: «Шынымен де бұл үлкен мәселе, ағылшыншаға ұмтылмас бұрын өз тілімізді меңгеріп алғанымыз дұрыс», – деді. Оның алдында ғана Гүлнар Болатқызы «ағылшын тілін игеруіміздің керектігін», «елімізге болашақта шетелдік киногерлерді тартпақ екенін» айтып, арыға сілтеп отырған еді.
Осы кезден-ақ біз Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсынов секілді мэтрлердің Сараптама кеңесінде жүрсе де, Орталықтың жұмысына риза емес екенін аңғарып қалған едік. Ойлағанымыздай-ақ, екі күннен кейін Сараптама кеңесінің Төрағасы Сатыбалды Нарымбетов пен Ермек Тұрсынов Сараптама кеңесінен шығатынын мәлімдеді. Бұл кісілер өз шешімдерін кеңестегі келеңсіздіктерге көз жұмып қарай алмағандықтарымен түсіндірді. Орталық Төрайымының кеңес ісіне тікелей араласатынын, ашық бұрмалаушылықтардың болғанын айтты. Ұлттық киноны қолдау орталығына ұлтқа қатысы шамалы, ұлттық бет-бейнеден ада киножобаларды алдыға жібергенін айтты. Сарапшылар кеңесінің мүшелері тіл білмегендіктен қазақ тілді жобалардың ( авторлар тырысып аударып берген күнде де) тереңіне бойлай алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ең бастысы, ұлттық кино өнерінің брендіне айналған «Қазақфильм» киностудиясынан келген киножобаларды тұқырту басталғанын, сол арқылы «Қазақфильмді» шарасыз хәлге түсіріп жатқандықтарын тілге тиек етті. Әрине, Орталық кінәсін мойындаған жоқ, мойындағаны былай тұрсын, әлгі уәжді айтқан тұлғаларды кертартпа әрекетке барды деп айыптауға көшті. «Қоянның түрін көріп, қалжасынан түңіл» деген, мұндай келеңсіздіктен кейін, іріктеуден шыққан киножобалардың «онлайн» «ашық» питчингінің де ахуалы белгілі болып қалып еді… Ары қарай өз басымнан өткенін баяндайын.
Питчинг қалай өтті?
Сан кедергілер болып жатса да, Ұлттық киноның жыртысын жыртып жобамызды қазақша ұсындық. Сценарийімізді өзімізге алдын ала орысшаға аудартып алған. Питчинг алаңына көтерілгеннен көңіл құлазып сала берді. Самсап отырған сарапшылар кеңесі мүшелерінен тіл түсінетін адам екеу-үшеуден аспайтыны көрініп тұр. Ұлттық киноның жалауын көтеріп жүрген, қазақ киносының «жілігін шағып, майын ішкен» мастерлер: Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсыновтар іріктеу кезіндегі әділетсіздіктерге төзбей өз еркітерімен кеңес мүшеліктерінен бас тартқанын жоғарыда айттық. Сөйледік сонда да. Сөйлеу қиын болды, «анау түсінбеді-ау», «мынау түсінбеді-ау», «мен кімге айтып жатырмын» деген ойлар жүйкені қажап, дегбірді алды. Бір-екі сұрақ қойылған болды. Бар ынтаммен жауап бергендей болдым. «Жартасқа барып, айғайды салғандай» сахнадан түстік.
Мен Биағаңның – Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» атты екі әңгімесінің басын қосып жазған «Талақ» атты киносценарийімді ұсынған едім.
Менің Сарапшылар кеңесіне күдігім басым болғанымен, Биағаңа, оның шығармасына деген сенімім бекем еді. «Осы уақытқа дейін Бейімбеттің шығармалары негізінде Мәдениет министрлігі шырай беріп, бірде-бір толықметражды фильм түсірілмепті. Енді түсірмегенде қай кезде түсіреміз? Бар ел өзінің таңдаулы классик жазушыларының шығармаларын екі-үш қайтара түсіріп, киноға айналдырып, шығармаға жаңа түр беріп, әлемге насихаттап жатады. Біз неге барымызды бүгіп, бейшара қалып танытамыз?» – дедік шамырқана. Шынымен де Б.Майлиннің бұл екі әңгімесі сойқан кинематографияға сай еді. Заманның райы, дәуірдің демі, ұлттың қасіреті, мұңы, түрлі мінездер, ұлтқа ғана тән типтік образдар, сол типтік образдарға тән қызықты да қасіретті, шынайы әрекеттер мен оқиғалар – бәрі-бәрі тұнып тұр ғой! Ұлттық кино дегеніміз осы емес пе? Сұранып тұр! Қалай түсірмейсің? Ұят емес пе?
«2005 жылы өткен аса ірі үш (Канн, Берлин, Венеция) кинофестивальдің бірі – Берлин кинофестивалінде «Туйдың үйлену тойы» деген фильм (реж. Ван Чуанан) бас жүлдені – «Алтын аюды» жеңіп алды. Сол фильмнің сюжеті Бейімбеттің «Күлпаш» әңгімесіне ғажап ұқсас еді. Тіпті, көшіріп алғандай… Сонда өкінген едім, біз төбеміздегіні көрмей, «ұйықтап» жүргенде Биағамның әңгімесінің сюжеті әлдебіреуге телініп, басқа жұрттың бағын жандырып, қолдан сусып кетті-ау деп… Қуанышым да болды, өйткені, әлемді дүркіретіп, әлемнің рухани игілігіне асып жатқан дүниенің нобайын Биағам баяғыда жазып тастаған деп…» – дедік питчинг алаңында шамырқанып…
Сосын… Сосын, болды.
Белгісіздік. Қалай қорғағаныңды да білмейсің, олардың ойында не бар екенін де білмейсің, жетістігіңді де білмейсің, кемшілігіңді де білмейсің… Питчингтен соңғы іріктелген киножобаларды ВАК құзырына аттандырады деген, оған жіберілген-жіберілмегеніңді де білмейсің… Белгісіздік тұнған «ашық» «онлайн» питчингіміз осы екен сөйтсек.
Биағаңның әруағынан медет сұрап мен қалдым. Бірақ мыналардың алдында Биағаңның әруағы шарасыз болып шықты…
ВАК түлкібұлаң алаңы ма?
Өткен жылдың мамыр айында ит ырғылжыңмен өткен тірліктің соңы – жеңімпаз фильмдердің тізімі жарияланды. Арасында «Талақ» жоқ болып шықты. Неге? Киносценарийдің несі ұнамады? Қандай кемшіліктері бар? Жауап беретін адам жоқ. «Ашынғанда шығады ащы даусым» демекші, осы берекесіз питчингтегі әділетсіздік жөнінде жазған бір жазбамнан соң Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызымен телефон арқылы байланыстық. Министрдің айтуынша мені, мені емес-ау, Ұлы Бейімбет Майлиннің шығармасының ізімен жазылған тундыны ВАК қолдамаған. Дұрысы, құлатқан! Не үшін? Не себепті? Оны өздерінен сұра дейді. Мәссаған!
Ал енді ВАК дегеніміз не?
ВАК дегеніміз – ведомствоаралық комиссия. Яғни, іріктеуден өткен, питчингте сараланған киножобалардың – соңғы инстанциясы. Бұл комиссияға түрлі құрылымдық ведомстволардан адамдар кіреді. Мүшелері Әділет министрлігінен, Ақпарат министрлігінен, басқа мемлекеттік мекемелерден жиналған мамандардан құралады. Арасында парламент депутаттары да бар болса керек. Енді бұл комиссияның міндетіне келейік. Әлбетте, олар кино мамандары емес. Сондықтан, көркемдік жағын талқылай алмайтыны, оған құқы жоқ екені белгілі.
Бұл комиссияға екі жауапты дүние жүктеледі:
1. Шығарманың идеологиялық ағаттықтарын қадағалау;
2. Қаржылық ысырапты болдырмауды қадағалау.
Енді біз ұсынған «Талақ» киножобасына келейік. Өре түрегеліп қарсы болатындай (журналист Күлтегін Аспанұлының журналистік сауалына берген жауабында министр А.Райымқұлова «Талақ» киножобасына ВАК-тың жеті мүшесі қарсы болғанын айтады) «Талақ» ВАК-тың қай талабына жауап бермейді? Идеологиялық қателік бар ма? Болуы мүмкін емес. Болса, айтсын! Биағаңның мен киносценарийге арқау еткен «Әже», «Талақ» атты әңгімелері неше қайтара баспа көріп, руханият өлкесін сусындатып келе жатқан классикалық дүниелері емес пе? Ал қаржы, бюджеттің асыра көрсетілуі жөнінде әңгіме болуы тіпті, мүмкін емес. Себебі, біздің фильмге (тарихи фильмге!) сұраған ақшамыз бар жоғы 250 миллионның ар жақ бер жағы. Қандай қаржылық асыра сілтеу болуы мүмкін? Ендеше, неге құлатты? Кім түсіндіріп бер алады? Үн жоқ.
Ең масқарасы – ВАК-тың сол өзінің ағат істері үшін жауап бермейтіні. Мысалға, «Ұлттық киноны қолдау орталығының» фильмдерін іріктейтін Сарапшылар кеңесі де, оны соңғы сатыдан өткізетін Ведомствоаралық комиссия да шешім шығаратын құқыққа ие емес. Бұлар тек ұсына алады, шешім шығарып, міндеттей алмайды! Жарғы бойынша солай. Сонда соңғы шешім кімнің қолында? Әрине, Орталық басшысы мен Ведомствоаралық комиссия Төрайымы, министр – Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың қолында! Міне, соңы жоқ, шым-шытырық жымдасқан, шатасқан жіптің ұшығы қайдан көрінеді! Яғни, қай фильмді өткізеді, қай киножабаны өндіріске жібереді – «қазыналы қазан иелерінің» еркінде!
Қайтпек керек?
Тоңмойындықты қойып, кино саласы әділетсіздіктен тазаруы керек! Сол екінші питчингте өріс алған дау бүгінге дейін жалғасып келеді. Дауға – дау, қылмысқа – әшкере жалғасты. Әділдік іздеген, кино саласындағы сан қылмысты айтқан Қазақстан кинематогафистер одағының Төрағасы – Ермек Тұрсыновты қуаттап А.Әшімов, С.Нарымбетов, Н.Ықтымбаев секілді және т.б. кино майталмандары ашық хат та жазды. Сұхбат та берді. Ерекең бастаған киногерлердің қолында сабаудай дәлелдері болса да, қарсы жақ тыным табар емес…
Өмір өтіп жатыр. Даулы екінші питчингтен соң да бір жыл орталаныпты.
Міне, үшінші питчинг жақындап келеді. «Талағымды» қолтығыма қысып, түсем тағы додаға. Қазір Орталық басшылығы өзгерген. Бұрынғы басшы Гүлнар Сәрсенованың «Нартайдан» басқа да тізбекті қылмыстары дәлелденіп, «әзер дегенде» орынынан алынған… Біз мұнда кино саласын құрсап тұрған, «Ұлттық киноны қолдау орталығынан» бастау алған жемқорлықты тізбектеп айтуды мақсат етпедік. Ол туралы айтылды, баспасөзде жазылды… Көзі қарақты жұрт біледі. Тек өнер атты ізгілік әлемінің саф ауасы былғанбауын қалаймыз, талап етеміз.
Қазір «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Төрағасы – тәжиірбелі маман, мәдениет саласында, кино саласында талай басшылық сатыдан өткен – Есетжан Мұратұлы Қосыбаев. Орталықта елеулі өзгеріс бар. Жоспарлары да көп екені аңғарылады. Жақсылықтан үміт етеміз енді… Үміттенеміз!
Қанша әділетсіздік көрсек те, киноға «талақ» айта алмаймыз…
…Қайран, Биағам!
Данияр Саламат,
режиссер
Abai.kz