«Спутник V» вакцинасы үшін өтемақы төленбейді
Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов COVID-19-ға қарсы вакцинацияға дайындық туралы баяндады.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда 18-ден 64 жасқа дейінгі 735 мың адамға екпе жасалады.
«Тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға коронавирусқа қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ, коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгілері бар адамдар екпе алуға жатпайды. Жұқпалы ауруы бар науқаспен, оның ішінде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ғана вакцинацияланады. Екпе салу алдында COVID-19 қарсы антиденелердің бар жоғын анықтау үшін скрининг жасалмайтынын атап өткім келеді. Коронавирустық инфекцияның кез келген формасымен ауырған пациент емделіп шыққаннан кейін денсаулық жағдайына сәйкес кемінде 6 айдан кейін екпе алған дұрыс», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол «Спутник V» вакцинасы кері әсер берген жағдайда, азаматтарға өтемақы төленбейтінін айтты.
«Өтемақы төлеу жөнінде айту қиын. Ешқандай өтемақы қарастырылмаған. Егер қандай да бір қиын жағдайлар болатын болса, онда ол стационарлық немесе амбулаторлық ем қабылдау негізінде міндетті медициналық көмек бойынша жүзеге асырылады»,- деді Мұратов.
Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап, халықты коронавирустық инфекцияға қарсы кезең-кезеңмен вакцинациялау басталды.
Abai.kz