Еуропа жолайрықта тұр: Маңызды 2 таңдау…
Финляндия президенті бүйдейді:
«Біз Еуропаның атынан Ресеймен келісім жасауды тым ұзақ уақыт өзгелерге тапсырып келдік, мен мұны жауапсыздық деп санаймын. Енді бізде ортақ негіз қалыптасты. Еуропа көшбасшылары Путинмен тікелей байланысқа шығып, оған біртұтас ұстанымымызды, келіскен тезистерді жеткізуі тиіс деп есептеймін», — деді Финляндия президенті Александр Стубб Financial Times басылымына берген сұхбатында.
Сонымен қатар Стубб Мәскеу мен Киев арасындағы тұйыққа тірелген диалогты қайта жандандырғаны үшін, сондай-ақ болашақ келіссөздерге Еуропаның қатысуын қолдағаны үшін америкалық келіссөз жүргізушілердің еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.
Финляндия президентінің айтуынша, қазір Еуропа екі жолдың айрығында тұр:
1) Не Шығыс Еуропа елдерінің кеңестік ықпал ету аймағына өтуіне әкелген 1945 жылғы Ялта конференциясының сценарийі қайталанады.
2) Не Шығыс пен Батыс арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге ықпал еткен 1975 жылғы Хельсинки келісімдерінің рухы үстемдік құрады.
Стуббтың бағалауынша, Уашиңтон қазір құрлықты ықпал ету аймақтарына бөлуге көбірек бейімделіп отыр, алайда болашақта басқа тәсілді таңдауы да мүмкін. Ол бұл белгісіздік Еуропаның Ресеймен өз бетінше диалог жүргізуіне кедергі болмауы тиіс екенін баса айтты.
Сондай-ақ Стубб: «Ресей соғыста жеңіске жеткен жоқ. Ол өз алдына жеңіске жетіп жатқанына сенуі мүмкін. Бірақ, бұл жеңіс сол жақта деген сөз емес. Қазір Путин Еуропамен өзара іс-қимыл жасауға дайын, дегенмен Еуропаның өзі мұндай келіссөздерге дайындалуда кешігіп қалды», — деді
Естеріңізге сала кетейік: Өткен айда Стубб пен Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере Путинмен телефон арқылы сөйлескен.
Ал АҚШ-тың арнайы өкілі Жерард Кушнер соғыстан кейін Украина «өз болашағын еркін айқындай алатын егемен, қауіпсіз әрі өркендеген ел» болып қалуы тиіс екенін мәлімдеді…
Ақ үйдің арнайы өкілінің айтуынша, бұл мақсатты іске асыруда үш негізгі бағыт бойынша айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілген:
Украинаны болашақ агрессиядан қорғауға арналған сенімді әрі нақты қауіпсіздік кепілдіктері;
Украинаның Еуропадағы ұзақ мерзімді болашағын бекітетін ЕО-ға мүшелікке өту жолы;
Украинаның қаржылық тұрақтылығын, қалпына келуін, инвестиция тартуын және ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қолдау мақсатында еуропалық серіктестермен, Дүниежүзілік банкпен және өзге де құрылымдармен бірлесіп әзірленген соғыстан кейінгі өркендеудің кешенді жоспары.
«Жиынтығында бұл элементтер Украинаға Ресеймен қалған күрделі мәселелерді талқылау және өз халқы үшін жарқын болашақ құру үшін күш, қауіпсіздік, еркіндік пен сенімділік бере алады», — деп пайымдайды Кушнер.
Сонымен қатар ол түбі түпкілікті бейбіт келісімді Ресей де, Украина да мақұлдауы тиіс екенін айтады.
Abai.kz