Жұма, 29 Наурыз 2024
Аласапыран 6999 3 пікір 4 Ақпан, 2021 сағат 12:12

Масондар. Тылсым биліктің құпиясы (жалғасы)

Жалғасы. Басы: Масондар...

Ложаның арнайы өкілі үміткерді үш тылсымға аттандырды: кештен – түнге, көтерілген күннен – талтүске, талтүстен – ымыртқа.

Бұл адам баласының туғаннан өлгенге дейінгі сапарының символы. Ол анасының қараңғы құрсағынан жарық дүниеге өтеді, сол нұрлы әлемді шарлап барып қайтадан түнекке – жер қойнына кіреді.

Үміткер шырақ бір сөніп, бір жанған жіңішке дәлізден шыққанда ұққаны осы еді. Қарсы алдындағы қараңғы кеңістікке қарап дел-сал болып тұрғанда арнаулы өкілдің даусы ту сыртынан естілді.

– Жүр!

Жетелеп апарып от пен судан, түрлі гүл мен шөп өскен үй орынындай жердей, аспан астына ұқсас көк күмбездің астынан өткізді.

– Қысқа ғұмырыңды мәнді еткің келсе, оттай жан, судай тасы, жердей жайқал, ауадай мөлдір бол! – деді көзіне тіке қарап.

Содан кейін Әулиесынды престол мастерінің алдына алып барды. Үміткердің тізесі дірілдеді. Өткір жанар өңменінен өткен-ді.

– Біз Ұлы Архитектордың тілі бөлек, діні бөлек, тілегі бөлек миллиардтарды бір ананың баласындай бауырластырамын деген Ұлы Мұратын жүзеге асырушылармыз! – деп саңқылдады ол. – Өзіңді таны! Өзін танымаған Ұл Ақиқатты танымайды!

Әмірлі үн кең залда сесті жаңғырықты.

– Ант бер! – деп күркіреді храм.

– Ант етемін! – деді арнаулы өкіл ұсынған рәсім циркулін кеудесіне басқан үміткер.

– Өзімді, бар күш-жігерімді отбасыма, қоғамға, отаныма, адамзатқа, адалдық пен әділдікке қызмет етуге арнаймын!

Әулие сынды престол мастері алдында жатқан балғаны қолына алып дүрс-дүрс соқты.

– Ақиқатты іздеген азат адамға жол беріңдер! Осы сәттен біздің жүрегіміз оның жүрегімен бірге соғуда. Ол ақиқатқа, заң мен бауырластық сезіміне адал болғанша солай болады!

х х х

Өткен жиырмасыншы ғасырдың бас кезінен масондардың шіркеу мен мемлекеттер басшыларына ықпалы күшейгені туралы әңгіме айтыла бастады. Бұл тақырыпта бірнеше зерттеу еңбектері жарияланып, жүздеген мақала жазылды. Олардың авторлары түрлі болжамдар жасады, «Әлемдік Ұлы Ложа» планетаны билеп-төстеп отыр деді, елді республикалардың президенттерін солар тағайындайды деді, ірі ғаламдық банктерге иелік етуде деді, бірақ нақты деректер келтіре алмады.

– Осы әдебиеттердің ішінде А.Медлордың 1966 жылы жарыққа шыққан «Француз антиклерикализмнің тарихы» атты туындысы дәйектерімен құндырақ.

– Клерикализм дегеніміз шіркеудің, нақтырақ айтқанда католик және христиан дінінің саясат пен қоғамға ықпалын күшейтуді көздейтін идеологиялық ағым. Медлор осы ағым теоретиктері мен масондардың көсемдері XIX ғасырда тіл табысқан дейді.

Ақылға салсаңыз бұларға тізе қостырған себеп жоқ емес. Екеуінің де атеизмді сұхбаны сүймейді, оны коммунизмнің сыңары деп есептейді. Сондықтан ұлттық буржуазияны халықтың жауы деп білетін, диктатураны қолдайтын, адамзаттың эволюциялық дамуына қатер төндіретін, фашизмге теңестірілген осы індетке қарсы одақтасулары әбден мүмкін.

Медлор осының айғағы ретінде 1958-1965 жылдар аралығындағы Екінші Ватикан соборы иерархиясының мәлімдемесін келтіреді. Онда былай делінген: «Ватикан соборы адам жеке тұлға ретінде діни еркіндікке құқылы деп есептейді. Көзқарас және таңдау бостандығы қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалардың тарапынан қысым көрсетілмеуін қалайды. Діни таным-ар-ожданың ісі».

Собор осындай түйін арқылы католик дініндегілердің масон ложаларына мүше болуын айыптамайтындығын білдірген болатын.

Мәлімдеме жарияланған соң католик шіркеулері «ерікті тасқалаушылармен» мәмілеге келе бастады. Екіжақты пікір алмасу үшін «Сұхбат комиссиясы» («Комиссия по диалогу») құрылды. Оның құрамына сол тұста өз елдерінде саяси-қоғамдық қызметтерімен беделді болған, масон атанған қайраткерлер, католик дінінің көрнектілері енді.

Ұзаққа созылған кеңестен соң «Лихтенауэр мәлімдемесі» қабылданды.

1970 жылғы шілдеде жария етілген осы құжатта масондар өздерінің іс-қызметі, көзқарасы, дінге деген ұстанымы мен ой-байламдары туралы кеңінен баяндаған.

– Масондық Құдай туралы ой қозғамайды, – делінген онда, – өйткені ол дін емес және ешкімді дінге баулымайды.

– Масондық догмаға айналған қоғамдық шарттардың сақталуын да талап етпейді, этикаға сай өмір сүруді қалайды.

– Масондар дербес ложалар арқылы бауырластық, бірлікте әрекет етеді. Құлашын кеңге жайып, әлемді бауырына басатындығына сенеді.

– Ар-ождан, таным мен сенім, діни еркіндік принциптерін құрметтейді. Бұл принциптерді бұзуға бағытталған қадамдардың бәрін айыптайды. Пікірі басқаларға қысым көрсетуге төзбейді.

– Ұлы ложаның заңдары барлық ложаларға саяси және даулы діни мәселелерге араласуға тиым салады».

Бұдан әрі шіркеудің масондарды кінәлауы түсініксіз әрі негізсіз дей келіп, Рим папаларының «ерікті тасқалаушыларға» қарсы шешімдерін тарихтың архивіне лақтырып, күшін жойғанын мойындауға шақырады.

Католик дінінің епископтары бүл шақыруға теріс қарайтынын да, қостайтындықтарын да білдірген жоқ, шіркеулердің жаңа заңын қабылдаған соң ғана соңғы шешімге тоқтаймыз десті. Ал Скандинавия, Ұлыбритания мен Нидерландия епископтарының конференциялары дербестіктерін пайдаланып, «ерікті тасқалаушыларға» теріс қарамайтындықтарын бірден аңғартты. Масон ложасына мүше болған католиктерді айыптамайтындықтары туралы мәлімдеді. Олар енді бұрынғыдай шіркеуден аластатылмайды.

Ал Германия епископтары нақты қадам жасауға асыққан жоқ. 1980 жылы елдегі «Біріккен ұлы ложалар» мастерлерімен бірнеше рет бас қосты. Масондардың рәсімдері, адам мен Құдайға, қоғам мен мемлекетке көзқарасы қызу талқыланды. Ақыр аяғында «Көзге көрінбейтін билік» атанған ағым мен католик діні ымыраласа алмайды деген қорытынды жасалды.

Сол-ақ екен, Германиядағы газеттер епископтарға дүрсе қоя берді. «Шпигель» журналы: «Шіркеу соңғы 150 жылда мұндай масқара қадамға барған емес» – деп шорт кесті. Масондардың «Хуманитет» журналы Германия діндарларының қорытындысы заңға қайшы екенін қайта-қайта дәлелдеді. Тіпті шіркеудің беделді «Хердер корреспонденец» агенттігінің өзі католик діндарларының бұл кесімін құптаған жоқ, негізсіз деп тапты.

Осындай қарсылықтардың әсері болған шығар, 1883 жылғы қаңтарда Ватикан «Заң конондары кодексінің» жаңа нұсқасын әзірлеп жариялады. Онда масондар туралы сөз қозғалмаған. Мұны көпшілік масон ложасының мүшелігіне өткен католиктер енді бұрынғыдай шіркеуден қуылмайды деп түсінді. Ватикан оны теріске шығарған мәлімдеме жасаған жоқ, іштей келіскен сыңай танытты.

Ұзақ уақытқа созылған текетірес осымен аяқталған секілденді. Бүгінде шіркеу мен масондардың арақатынасы туралы сөз қозғалмайды. Сірә біржола табысқан болуы керек. «Ерікті тасқалаушылардың» XX ғасырдың соңында Рим куриясы мен папа Иоанн Павел екіншінің іс-қызметін қолдайтындықтары туралы мәлімдеме жасауы осыны аңғартады.

Қазіргі таңда католиктер мен христиандардың арасында кімнің беделі күшті екенін тап басып айту қиын. Ватиканның діни ықпалы артпаса, кеміген жоқ. Ал масондар жайлы алып-қашпа әңгімелерге сенсек, әлемді билеп-төстеп отырғандай. «П-2» ложасының ұлы мастері Личо Джеллидің тілегі орындалған ба деп ойлайсың. Ол: «Масондардың ұйымы адамзатты біріктіре алатын және ұлттардың тағдырын шешуге қабілетті көзге көрінбейтін биліктің құдіретті орталығы болуға тиіс» – дегенді.

ххх

2008 жылы Москва қаласындағы «КРПА Олимп» баспасынан Сергей Карпачевтің «Масоны. Словарь» деген еңбегі шықты. Сонда б.з.б. 287-212 жылдар аралығында өмір сүрген көне грек математигі, гидростатика заңын ашқан әйгілі ғалым, соғыс техникасы мен құрылыс механизмдерінің инженері Архимед масон ложасының негізін қалаушылардың бірі делінген. Ендеше «ерікті тасқалаушылардың» тарихы Кельн қаласынан басталмайды, тым әріге кетеді.

Қалай десек те, тамыры тереңде жатқан бұл ұйымды құдіреттендіргендер «осындай тарихи тұлғалар». Солардың бірі Ресей императоры Петр I.

С. Карпачев оны орыс масондарының атасы дейді. Ол XVII ғасырдың соңында құрған ложаның мәртебелі мастері – Лефот, бірінші надзирателі – Горден деген шетелдіктер болған. Патша екінші надзиратель лауазымын қанағат тұтыпты.

Бұл ауызша жеткен мәлімет болса, орыс масондары туралы баяндайтын жазбаша дерек XVIII ғасырға жатады. Онда «ерікті тасқалаушылардың» шеберханасын Ресейге келген ағылшындар ашты делінеді.

Аталған ғасырдың 50-інші жылдарынан бастап бұл шаруаны француздар қолға алыпты. Бұл Ресей аристократиясына Париждің рухани ықпалы күшейген кезең еді. Патша сарайынан бастап бүкіл ақсүйектер қауымы француз тілінде сөйледі. Француз әдебиеті, дәстүрі мен өмір салты құрметтелді. Санкт-Петербург екінші Парижге айналған секілденді.

Осындай ахуалды Францияның ложалары барынша пайдаланғандай. Олар дәстүрлі ложаларды көбейтумен шектелмей, кәсібилендіреді. Алғаш рет әскери ложаның шаңырағын көтереді. Бұлардың бәрі жең ұшынан жалғаса келе XVIII ғасырдың 70-інші жылдары «Масондар Одағын» құрған.

Әлде Еуропаның игі жақсыларына еліктеу, әлде «ерікті тасқалаушылардың» ой-идеялары ұнаған шығар, масондардың қатарына Ресейдің көрнекті саяси және рухани қайраткерлері біртіндеп қосыла бастайды. Солардың көшбасында император Александр I тұр. Елді 1801-1875 жылдар аралығында билеп-төстеген ол әскери ложада ант беріпті. Ал оның ізбасары, император Александр III «Көзге көрінбейтін билік» ұйымына 1886 жылы Копенгагенде Дат королі Христиан IX-дың кепілдігімен өткен. Салтанатты сөзінде: «Масон ағымы назар аударуға тұрарлық, алайда Россияға алып баруға асықпау керек» – депті.

Осы тұстан бастап масон атанған орыс зиялылары кімдер десеңіздер, олар: Пушкин Александр Сергеевич, жазушы Тургенев Александр Иванович, философ, «Философиялық хаттар» ғылыми пайымдардың авторы Чаадаев Петр Яковлевич, көрнекті композитор Чайковский Николай Васильевич, Ресей ғылым академиясының президенті (1818-1855), мемлекет қайраткері Уваров Сергей Семенович, даңқты қолбасшы, генералиссимус Суворов Александр Васильевич, ақын, декабристер қозғалысының қайраткері Рылеев Кондратий Федорович, белгілі суретші Рерих Николай Константинович, жазушы «Путшествие из петербурга в Москву» көркем шығармасының авторы Радищев Александр Николаевич, ұлы ақынның әкесі Пушкин Сергей Львович, Немирович – Данченко, аса көрнекті әскербасы, 1812 жылғы Отан соғысында орыс армиясының бас қолбасшысы болған Кутузов Михайл Илларионович, ақын, декабрист Кюхельбеккер Вильгельм Карлович, Уақытша үкіметтің премьер-министрі Керенский Александр Федорович, суретші, «Помпейдің соңғы күні» картинасының авторы Брюллов Карл Павлович, талантты шахматшы Алехин Александр Александрович.

«Масон сөздігінде» (237-бет) дүниежүзі пролетариатының көсемі Владимир Ильич Лениннің де масон болғанына дәлел келтірілген. Ол Париждегі «Союз Бельвиллия» ложасында мүшелікке өтіпті. 1905 жылы Ұлы француз ложасының кітабына масон болғанын растап қол қойғаны туралы дерек бар. Оны журналист Е.Деева тапқан.

Ленин коммунизм идеясына басыбүтін берілмей тұрғанда масондардың ау-жайын байқап көргісі келгенге ұқсайды.

«Ерікті тасқалаушылар» жайлы әдебиеттерде «Көзге көрінбейтін биліктің Еуропа мен АҚШ-тағы атақтылардың да ілтипатына ие болғанына дәлел көп. Масондардың мақсат-мұратына адал боламыз деп ант берген корольдер де бар, президенттер мен қолбасылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері де аз емес. Атап айтсақ, Англияның королі Эдуард VII 1868 жылы Стокгольмде масон атаныпты. Пруссия королі Фридрих II XVIII ғасырдың 30-ыншы жылдарында Абеалом ложасына мүше болған. Кәрі құрлыққа әскери стратег ретінде де танылған оған Масон орденінің желеп-жебеушісі титулы беріліпті.

Ал мемлекет басшылары мен ірі саяси қайраткерлерге келсек, кейбірін жоғарыда айттық. Толықтыра отырып тағы да еске салсақ артық болмас.

Ататүрік – бүкіл түрік тектестердің мақтанышы, Осман сұлтандарының соңғы ұрпақтары әбден тұралатқан Турцияны қайтадан еңселі елге айналдырған, саяси-экономикалық және рухани реформаларды батыл жүргізген ұлтжанды қайраткер Италиядағы «Восставшая Македония и истина» ложасының мүшесі болыпты.

Джордж Вашингтон – Америка Құрама Штаттарының бірінші Президенті. Жетіжылдық соғыс кезінде полковник шенін алып, Британия короліне жолдаған өтініші қанағаттандырылмауына байланысты көтеріліске шыққан Америка әскерінің қолбасшысы болған, 1787 жылы қабылдаған АҚШ Конституциясын дайындауға атсалысқан, оған аса маңызды 10 түзету енгізген, Еуропаның ішкі мәселелеріне араласпауды ұсынған тұлға. Вирджинидегі ложаның мүшелігіне өтеді. Холланд ложасының Құрметті мүшесі деген лауазымы және бар.

Эндрю Джексон – Америка Құрама Штаттарының 7-інші Президенті, Демократиялық партияның негізін қалаған. Германия ложасының мүшесі. 1822-1824 жылдары Теннеси Ұлы Ложасының мастері.

Мак-Кинли Уильям – АҚШ-тың 25-інші Президенті. Сіңірген еңбегіне орай Солтүстік Америкадағы 6196 метр ең биік шыңға соның есімі берілген. 1865 жылы Хирама ложасына ант береді.

Рузвельт Теодар – Америка Құрама Штаттарын 1901-1904 жылдары басқарған 26-ыншы Президент. Вашингтондағы Пенталпха ложасының Құрметті мүшесі.

Рузвельт Франклин Делано – АҚШ-тың 1933-1945 жылдардағы 92-інші Президенті. Саяси қызметін, Нью-Йорк штатының сенаторы, осы штаттың губернаторы болып бастаған, дағдарыс кезінде күйзелген халыққа көмек көрсету жүйесін құрған, елді тұйықтан шығарудың жаңа бағытын ұсынып, мемлекет, қаржы, экономика және әлеуметтік салаларды қамтыған тиімді реформаны сәтті жүргізу арқылы Американы қуатты державаға айналдырған. 1932 жылдан бастап төрт дүркін Президент болып сайланған. 1943 және 1945 жылдары АҚШ, КСРО мен Ұлыбритания басшыларының Фашистік Германиямен соғысқа байланысты өткен Тегеран мен Қырымдағы конференцияларына қатысып, қабылданған шешімдеріне қол қойған оның есімін әлем елдері күні бүгінге дейін құрметтейді. Осы қайраткер 1911 жылдан масондардың қатарына қосылыпты. Вашингтондағы Стансбург ложасының Құрметті мүшесі.

Тафт Уильям Говард – Америка Құрама Штаттарының 27-інші Президенті. Теодар Рузвельттің ұсынуымен халық қолдаған, монополистерге қарсы заңдарымен есте қалған ол 1909 жылдан «ерікті тасқалаушылардың» жағына шығыпты.

Гарри Трумэн – АҚШ-тың 33-інші Президенті. «Нацизм мен фашизмді жеңдік, ендігі әлемге коммунизмнің қатері төніп тұр» деген, Кеңес одағының Еуропаға ықпалын әлсіретуге бар күшін салған, Сталиннің қарсылығына қарамастан Берлинге 2,5 миллион тонна азық-түлік, жанармай, басқа да аса қажет заттарды әуе арқылы жеткізген, сутегі бомбасының жасалуын жеделдеткен, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Испания, Канада, Бельгия, Люксембург, Нидерландия, Италия, Португалия, Дания, Норвегия – ұзын саны он екі елдің Солтүстік Атлантикалық одағының (НАТО) құрылуына ұйтқы болған ол Миссури штатындағы Белонда масон ложасының Ұлы мастері атанады.

Черчилль Уинстон Леонард Спэнсер – Англияның екі мәрте Премьер-Министрі. Оның алдында Ұлыбританияның сауда, ішкі істер, әскери-теңіз, авиация, отарлар істері, қаржы министрліктерін әркез басқарған, Лондонның дүниежүзі қаржы орталығы ретіндегі беделін қалпына келтірген, Фашистік Германияға қарсы соғыста табандылық көрсеткен, кейін Кеңес одағының Еуропадан кетуі үшін барын салған, кәріқұрлық мемлекеттерін бірігуге шақырған аса көрнекті саясаткер әрі оратор, талантты журналист, 6 томнан тұратын «Екінші дүниежүзілік соғыс», 4 томдық «Ағылшын тілді халықтардың тарихы» еңбектерінің авторы. 1902 жылы Лондон ложасында Мастер дәрежесіне ие болыпты.

Сальвадар Альенде – Чилидің президенті. Мемлекеттік төңкеріс кезінде қаза тапқан. Масондар қозғалысына ерекше еңбек сіңіргендіктен Парижде өзі құрған ложаға есімі берілген.

Гарибальди Джузеппе – Италияның халық батыры, ұлт-азаттық көтерілісінің ұйымдастырушысы, Рим республикасы басшыларының бірі. Палермо Ұлы Шығыс ложасының, Италия масондарының Ұлы мастері. Бұған қоса Италияда аса беделді Мемфис ритуалының Ұлы Мастері болып сайланған.

Нельсон Горацио – адмирал, Англияның ұлттық батыры. Абукир және Трафальгар шайқастарында Францияның теңіз флотын талқандаған. Йорк Біріккен ложасының мүшесі.

Боливар Симон – Латын Америкасының көрнекті саяси қайраткері. Колумбия және Боливия мемлекеттерінің негізін қалаған. Мирондадағы Ұлы Америка Одағында масондардың қатарына өтеді. Венесуэланың ұлы ложасын құрған.

х х х

Біздің қолымызға түскен деректердегі мемлекет басшылары осылар. XX және XXI ғасырларда бұлардың қатары толыққаны даусыз. Бір кездері олардың да есімдері белгілі болар.

«Ерікті тасқалаушылардың» ой-идеяларына теріс қарамайтындардың арасында дарынды қаламгерлер мен өнер адамдары да бар екенін орыс ложалары жайлы баяндағанда айтқанбыз. Пушкин, Тургенев, Чайковский және басқаларының есімдерін атадық. Бұлардың Еуропа мен АҚШ-тағы әріптестері аз емес. Шығармалары адамзаттың рухани құндылығына айналған Моцарт Вольфганг Амадей, Бетховен Людвиг, Бернс Роберт, Вальтер (Мари Аруэ), Гете Иоганн Вольфганг, Артур Конан Дойл, Киплинг Редьярд Жозев, Лессинг Готхольд Эфраим, Эжен Потье, Сен-Симон Клод Анри де Рувруа, Марк Твен, Уайлд Оскар мәртебелі масондар.

х х х

Жаһан жақсыларының бүйрегі бұрған масон ағымының тарихы әр жерде әртүрлі баяндалған. Көпшілігінде аңыздандырылған. Тым әріден бастап Адам Атаға барып тірейді. Оны жердегі алғашқы құрылысшы деп дәріптейді, Египет пирамидаларында соның қолтаңбасы бар екеніне иландырмақ болады.

Тағы бір баянда алғашқы масондар Египет әулиелерімен де тіл табысқан делінеді, Соломон Храмын салуға қатысса керек.

Ал шын мәнінде «ерікті тасқалаушылардың» тарихы Орта ғасырдан басталады. Масондардың ложасы құрылыс шеберлерінің одағы түрінде пайда болып, бірте-бірте жаңа ой-идеяларды іздеген зиялылардың ошағына айналған олар өздерін тәуелсіз, еркін интеллектуалдар ретінде сезінді. Барлық әңгімелер, пікір алмасулар мен жыйындар сырт көздерден тыс жерде, негізінен ложа аталып кеткен шеберханаларда өткізілді. Мұндай басқосуларды ұйымдастырып басқаратын тұрақты жетекші сайланды. Ол «мастер» деп аталып, екі надзиратель көмекшілердің міндетін атқарды.

Қандай да бір ұйымның мақсаты мен қызметін бейнелейтін дәстүрлі белгілері болатыны секілді масондар да төл символдарын таңдады. Құрылысшылардың құрал-жабдықтарын: циркуль, тікбұрыш, балға, кескіш пен сызғышты гербке айналдырды.

XVII ғасырда Ф. Бэкон, басқа да ойшылдар масон ложалары арқылы ғылымды шіркеудің қасаң догмаларынан азат етудің жолдарын талқылап, жүзеге асыруға талпынды. Адамның ішкі бостандығы мен ар-намысы, рухани азаттық мәселелері жиі қозғалды. Әлеуметтік реформалар жасаудың қажеттігі, адамзаттың өмірі мен тұрмысын білім, тәрбие, мораль арқылы жақсартып, адамдардың дүниежүзілік бауырластығын құру жөнінде сөз қозғалды. Мінсіз мемлекет пен баршаға жайлы қоғамдық құрылыс, әділ билік туралы көркем-публицистикалық шығармалар жазылды. Еуропаның, оның ішінде Англияның алдыңғы қатарлы интеллигенциясы соларды талдап, жаңа идеялар түлетті.

Қарап отырсаңыз, масон ложалары сол тұста прогрессивті көзқарастардың беделді аудиториясына айналған. Ал мұндай ортаның ойлы адамы тартып тұратыны белгілі. Атақтылар мен дарындылардың «ерікті тасқалаушыларға» пейіл беруінің сыры осында.

Уақыт өте келе соларға еріп банкирлер, помещиктер мен дворяндар, коммерсанттар келе бастады. Бәрі оңашада биліктің кем-кетігін жіліктеп «іштерін тарқатты».

Ой-көзқарас ашық айтылатын мұндай отырыстарда айтыс-тартыс болмай қоймайды. Қайшыласқандарды бітістіріп, төрелік айтатын беделділер қажет. Осыған орай ложаларда тұрақты жұмыс істейтін оратор және секретарь қызметтері тағайындалды. Соларды, ложаның басқа да іс-шараларын қаржылай қолдау үшін мүшелерден жарна алынды. Қалталылар қайырымдылық акцияларына деп қомақты ақша беріп тұрды. Бұл бірте-бірте дәстүрге айналды.

Елдегі озық ойлылардың мәртебелі шаңырағы атанған жерде бәрі жүйелі болуға тиіс. XVII ғасырдың алғашқы онжылдығында ложаның мүшелеріне паспорт беріліп, жеке іс-қағазы толтырылатын болды. Сіңірген еңбегі мен біліміне сәйкес атақ-дәреже белгіленді. Оның деңгейі градустармен анықталды. Мәселен, «Избранник истины» дәрежесі 14-інші, «Избранник Перинтьяна» – 6-ыншы, «Избранник пятницы» – 7-інші, «Избранник света» – 11-інші градусқа сәйкес келеді.

Мұнымен бірге әр рәсімнің (ритуалдың) түрлі дәрежелі инспекторлары бар. Ұлы Бас инспектор – Мексика Рәсімінің, Орденнің Ұлы Бас Әміршісі – Мемфис рәсімінің шеберлері.

Жоғарғы орган – Ассамблея. Ол жылына бір рет шақырылады. Ұлттық масон ордендерінің жетекшілері мен ложалардың өкілдері жиналып, Конституцияға ұсынылған өзгерістерді талқылайды. Ұлы Мастерді сайлайды.

Он екі айдан соң міндетті түрде өткізілетін Банкеттің де елеулі маңызы бар. Онда еркін әңгіме үстінде масондардың алдына қойылған мақсат-мұраттардың орындалуына лайықты үлес қосқандар мадақталып, құрмет көрсетіледі. «Ұлы Ложа мен оның Ұлы Мастері үшін!», «Масондар өмір сүріп жатқан мемлекет үшін!», «Басына іс түскен барлық «ерікті тасқалаушылар үшін!» тост көтеріледі.

Масондардың қол алысқанда, сөйлескенде бір-бірін айтпай білетін белгілері бар. Ол құпия.

«Ерікті тасқалаушылар» Әлемнің Ұлы Архитекторын қалай құрметтесе, өздері айқындаған рухани құндылықтарды да солай қадірлейді.

Қасиетті делінетін құндылықтардың бірі және бірегейі – Ақиқат. Оны іздеу масон бауырластығының айрықша міндеті. Соған бүкіл ғұмырын арнайды.

Екінші құндылық – өзара құрмет. «Ерікті тасқалаушылар» барлық уақытта бір-бірін сыйлап, ардақтауға тиіс.

Үшінші құндылық – қайырымдылық. Әлдеқандай себеппен қиналған масондар мен барлық адамға қол ұшын беру парыз.

«Көзге көрінбейтін биліктің» төл календары бар. Ағылшын, француз және неміс ложалары масон ағымының пайда болған кезін Библиямен үйлестіру үшін әлемнің жаратылу мерзімін таңдаған. Оны «Ақиқат ғалам жылы» (Год истинного света) деп атайды. XVII ғасырда бүл жылды Христос туғанға дейінгі 4000-ыншы жылға теңеген.

Барлық ложалар мен олардың мүшелері Конституцияның талаптарын ерекше құлшыныспен.орындауға тиіс. Ол масон Орденінің философиялық және ұйымдық принциптері айқындалған негізгі заңы. Алғашқы Конституцияны 1723 жылы пресвитериан пасторы, дін докторы Джеймс Андерсон жазған. Содан бері күшінде.

Алғашқы ережеде құдай еске алынады. «Өзінің парызына сәйкес масон адамгершілік заңдылықтарына жүгінуге міндетті. Ол егер ұлы мастердің уағызын дұрыс түсінсе, ешқашанда көзсіз құдайшыл да, шектен шыққан имансыз да болмайды. Көне замандардан бері масондар қалыптасқан жағдайға байланысты белгілі бір мемлекет пен халықтың дінін ұстанса, бүгінде түпкілікті таңдауды өзінің еркінде қалдыра отырып, адамзаттың басым бөлігі ұйыған дінге пейіл берген жөн.

Басқаша сөзбен айтқанда «қайырымды және шыншыл, ар-ұятын жоғары қоятын, парасатты да ақылды көппен бірге болған абзал» – делінеді.

Екінші ереже масондар мен мемлекеттің арақатынасына арналған: «Ерікті тасқалаушы» қай жерде өмір сүрсе де, қандай жұмыс атқарса да бейбітшілік пен халықтың ерік-жігеріне қарсы арандаулардан аулақ болуға тиіс. Жоғарғы биліктің алдындағы міндеттерін ұмытпауы керек. Егер масон бауырлардың бірі мемлекетке қарсы әрекеттерге барса, оны желіктірмеңдер, бақытсыз байғұс деп мүсіркеңдер, ложадан да қумаңдар, бауырмалдық антына адалдық ретінде құптамаумен шектеліңдер».

Конституцияда ұлттық мәселелер де қамтылған. Масондар өздерінің жеке басының наразылығы мен әлдекімдерге өшпенділігін ложада көтеруге тиым салынған. Егер мұндай өкпе-реніш діндер мен халықтарға қатысты тұтанса, мүлде қабылданбайды. Өйткені «ерікті тасқалаушылар» жалпыға ортақ дін мен барлық халыққа қызмет етеді, ешкімді бөліп-жармайды, дәстүрлер мен тілдерді де алаламайды.

Осылайша адамзатты бауырына басуды мұрат еткен масондардың әулиесі – Иоанн Креститель. Ол – иудей священнигі Захария мен Елизаветтің ұлы, Дева Марияның жиені. Иисус Христостан алты ай бұрын туған. Халық жарық дүниеге келетін сәтін тосып, Иордан өзенінің суында шоқындырады. Соған орай сумен тазарту дәстүрін қалыптастырған, сұлулыққа, Идеал мен Абсолютке жол ашқан қасиет иесі ретінде дәріптеледі.

Иоанн Крестительдің туған күні – 24-маусым масондардың басты мейрамы. Сол күні, 1717 жылы Лондондағы төрт ірі ложа қосылып, Англияның ұлы ложасын құрды.

Бағзыдан келе жатқан сенім бойынша осы күні Күн ерекше нұрланады. Адамзатты, бүкіл жан-жануарлар әлемін тазартады.

Масондар қастерлейтін қасиеттер:

  1. Адамгершілік
  2. Парасаттылық
  3. Төзім
  4. Әділдік
  5. Беріктік
  6. Ерлік
  7. Мейірімділік
  8. Қайырымдылық
  9. Махаббат
  10. Үміт
  11. Адалдық
  12. Сенім
  13. Ақыл
  14. Даналық
  15. Жатсынбау

Ауызша қауесетке құлақ түрсек, Кеңсе одағынан бөлініп шыққан түркі тілдес елдердің саяси-шығармашылық элитасы бірен-сарандап масондардың қатарына қосылғандай. Кім білсін, құрлықтар қат-қабат араласқан заманда өзгелердің рухани құндылықтар түгілі сорақылықтарын да жатсынбай болдық қой.


Соңы...

Алдан Смайыл,

жазушы, ҚР Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591