Даңқты мерген (жалғасы)
Басы: Өшпес ерлік
Қырық үшінші жылдың жазында Сүлейменов жайратқан жауының санын 239-ға жеткізді. Бүгінгі заман оқырмандары ішінде: «Оны кім санап отыр екен? Мөлшермен жазылған шығар, – деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Анықтама бере кетсек артық болмас. Соғыс кезінде әр снайпердің арнайы кітапшасы болды. Оны ұрыс аяқталған соң взвод, рота командирі тексеріп, тиісті мағлұматты түсіріп, қолын қойып, растап отырған. Әскери құжат болған соң бұған ерекше мән берілген. Оның үстіне Ыбырайым жай мерген емес, өз алдына бөлек, жеке дара жоспармен әрекет жасайтын «бақылаушы мерген» болған. Немістер оны сыртынан «дала мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сескенген. Тіпті Сүлейменовті атып түсірген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған. Вермахтың ең үздік мергендерін шақырып, әлденеше рет қазақ батырына қарсы қойған. Сол жекпе-жектің бәрінде Ыбырайымның мерейі үстем болған.
Осылайша қазақ жауынгерінің даңқы шарықтап, шырқау шыңға жеткенде – 1943 жылдың 9 шілдесінде Үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор А.И.Литвинов, армияның штаб бастығы, генерал-майор Ф.Я.Зуев қол қойып, армия кадр бөлімінің бастығы, полковник Касьянов мөрмен куәландырылған бақылаушы мерген, старшина Ыбырайым Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы марапат құжаты белгіленген тәртіп бойынша Калинин майданының қолбасшысы генерал-полковник А.И.Еременкоға жолданады.
Ы.Сүлейменовтің талассыз марапатының тағдырын кейін маршал, Кеңес Одағының Батыры атанған, ал 1943 жылдың сәуірінен Калинин майданының қолбасшысы болған Андрей Иванович Еременко шешеді.
Менің соғыс тарихына қатысты көптеген әскери мұрағатты ақтара жүріп байқағаным, Кеңес Одағының Батыры сияқты мәртебелі атаққа ұсынылғанда үміткердің майданға кірген күнінен бастап, барлық ерліктері түгелдей тізбектеліп, егжей-тегжейлі баяндалады. Ал Ы.Сүлейменовтің екі беттен тұратын формулярдағы марапатының бар сипаттамасы бас-аяғы бір тұтам абзац және бір сөйлемнен ғана құралған. Аса маңызды құжат болған соң бір сөзін де қалдырмай және орналасу ретін бұзбастан қаз-қалпында келтірейік:
«Снайпер 100 ОС Бр. – старшина Сулейменов Ибраим рождения 1911 года, в Действующей армии с ноября 1942 года. Участник боев за Великие Луки. Уничтожил 239 немцев. Подготовил большое число снайперов, популярен в войсках Армии. Награжден орденом «Красная Звезда» и медалью «За боевые заслуги» (РФҚМОӘ, 33-қор, 686043-тізім, 49-бет).
(Ы.Сүлейменовті «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынған марапат құжаты)
Міне, бар болғаны осы. Өте асығыс әрі сауатсыздау толтырылған.
Өз басым болған оқиғаны былай шамалаймын. Командарм армияны аралап жүріп, Ы.Сүлейменовпен танысады. Қарамағындағы жауынгерлер сапында осындай ғаламат ерлігімен даңқы шыққан мергеннің әлі күнге дейін лайықты марапатқа ұсынылмай жүргеніне таң-тамаша қалған ол дереу оны Батыр атағына ұсынуға тапсырма береді. Командармның тапсырмасын жылдам орындауға кіріскен әскерилер сол сәтте-ақ тиісті құжатты дайындап, оны жедел телеграфпен майдан штабына жөнелтеді. Мұны Калинин майданы штабының қызметкері қара сиямен толтырып, марапат қағазының бірінші бетіне жазған «составлено по телеграфному представлению 3 уд. армии» деген сөйлем растайды.
Марапат құжатының екінші бетінде екі адамның қолы бар: біріншісі А.И.Еременко болса, екіншісі – әскери кеңес мүшесі, генерал-лейтенант Д.С.Леонов (1944 жылы Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің Бас штабы бастығының орынбасары деңгейіне дейін жоғарылатылған). Екі генералдың шиыра қойған қолдарының үстінде: «Достоин награждения орденом Ленина» деген жалқы сөйлемнен тұратын келте шешім жазылған. Командарм ұсынысы мен майдан штабының қорытындылары бір күнде, яғни 1943 жылдың 9 шілдесінде жасалған. Бұл құжаттың тым шұғыл, асығыс толтырылғанын дәлелдей түседі.
Марапат тарихын толық қамтып, тәптіштеп келтіруіміздің себебі қатынас қағазы Үшінші екпінді армиядан майдан штабына жөнелтілісімен «сүйіншілеткен» қуанышты хабар Қазақстанға да жетеді. Аңқылдаған ағайын Ыбырайымды Батыр ретінде құрметтеп, өлең-жырға қосады. Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл атамыздың өзі батыр ұлына жыр арнайды. Тіпті майдан газеттері мен кейбір листовкаларда Ы.Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры деп көрсеткен.
Ы.Сүлейменовтің құжаты Батыр атағына ұсынылған кезде жауынгерлер мұндай биік марапатты өте сирек иеленетін. Өйткені соғыстың алғашқы кезінде тұтқиылдан тиген жаудан ойсырай жеңіліп, енді ғана есін жиып, қарымта шабуылға көшкен кеңес әскерлерінің жаппай жеңіске жеткен операциялары сирек еді. Жаудың беті қайтқанмен, олардың қалың тобыры Мәскеудің іргесінде тұрды. Тіпті Ыбырайым азат етуге қатысқан Великие Луки қаласы Мәскеуден небәрі 470 шақырымда орналасқан. Сондықтан жауынгерлердің ерлік рухын көтеру үшін батырлығы даусыз, сайыпқыран сарбаздар ғана ең мәртебелі марапатқа ұсынылды. Оның үстіне Ыбырайымды атағы алысқа кеткен қолбасшы Галицкий бастаған үш бірдей генерал қолдады. Сондықтан әскердегі азаматтар да, тылдағы ағайын да мәселені «біржолата шешілдіге» санап, құрмет-қошеметті бастап кеткенде, Ы.Сүлейменовті Ленин орденімен наградтау туралы жарлықтың өзіне де әлі қол қойылған жоқ еді.
Командарм марапатқа ұсынған құжат майдан штабына кеткенде армияның Саяси бөлімі Ыбырайымның жерлестеріне қуанышты жеделхат жолдайды. Облыс басшылары қазақи дәстүрмен батырдың ата-анасын құттықтап, көптеген елді мекендерде әскери-патриоттық сипаттағы түрлі митингілер өткізіліп, жерлестері батырға ризашылық пен мақтанышқа толы хаттар жібереді. Ол хаттардың бірсыпырасына Ыбырайым мен оның әскери бөліміндегілер жауап жібереді.
Реті келгенде айта кетуіміз керек, Ыбырайым мектеп табалдырығын аттамаған жан, бірақ өз бетінше сауат ашып, сол кездегі қолданыстағы латын әліпбиімен хат-хабар жазатындай дәрежеге жеткен. Жамбыл облыстық мұрағатында оның ата-анасына жазған бірнеше хаттары сақталған.
ҚОС ҚАҺАРМАН
Қырық үшінші жылдың күзіне қарай Үшінші екпінді армия Невель бағытындағы шабуылды үдетті. Бұл кезде мерген нысанасына ілінген жаудың ұзын саны да арта түсті. Сол тұстағы майдан газеттерінде Сүлейменов жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Барлық жауынгерлер мен мергендерді Ыбырайым Сүлейменовтен үлгі-өнеге алуға шақырған арнайы жауынгерлік парақшалар шығарылды.
(Ыбырайым Сүлейменовтің майдан даласын шарлап кеткен фотосуреті)
Қырық үшінші жылдың қазан айында Үшінші және Төртінші екпінді армия әскери-әуе күштерінің қолдауымен Невельді біржолата жаудан азат ету операциясына кіріседі. Тыңғылықты дайындықпен, тұтқиылдан басталған қуатты соққының нәтижесінде немістердің жанталаса қорғанғанына қарамастан кеңес әскерлері 6-7 қазанда қаланы жаудан босатады. Ыбырайым Сүлейменов бұл шайқаста да алғы шептен табылды.
Немістер Невельді тастап шыққанмен ірі темір жол торабы орналасқан қаланың батыс жағындағы Изоча станциясының түбіне топтасып, тас-түйін қорғанысқа көшеді. Дәл осы станцияны босатуға арналған кескілескен ұрыстар темір жол бойындағы Ступенчатая высота деп аталатын жотада 1943 жылдың 15 қазанында болады.
Жотаның сол қапталындағы окопқа «Максим» пулеметімен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова, ал оң қанатындағы снайперлік атуға лайықталып қазылған үш окопқа Ыбырайым Сүлейменов жайғасады. Көп ұзамай, «Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін, оқ борап, снарядтар қаққанда ызың», – деп ақын жырлағандай, алапат айқас басталады. Анталаған жауға кезектесе оқ жаудырған қос қаһарман ақырғы демі біткенше ерліктің мәңгі өшпес үлгісін көрсетеді. Қаумалаған дұшпанға қырғын майдан ашып, қайта-қайта шабуылға шыққан немістерді баудай түсірген Мәншүк пулеметінің дауысы өшкенде, Ыбырайым бар ыза-кегін бойына жинап, соңғы патроны қалғанша андыздаған жаумен арыстанша арпалысады. Осы шайқаста ағалы-қарындасты батырлар ерлікпен қаза табады.
Қарулас достары қазақтың қос батырын Невельдің қақ ортасындағы паркке арулап қойып, қалалық атқару комитетінің 1943 жылғы 1 қарашадағы №1 шешімімен екі көшеге М.Мәметова мен Ы.Сүлейменовтің есімдерін береді және бұл көшелер күні бүгінге дейін осы батырлардың атында.
Ы.Сүлейменов ерлігіне қатысты мағлұмат толық болуы үшін айтар болсақ: Изоча станциясы үшін шайқаста мерген жайратқан жауының санын 289-ға дейін жеткізсе де ешқандай марапатқа ұсынылмайды.
Осыған қарап, Үшінші екпінді армия басшылығы өз ұсыныстарының толық қолдау таппағаны, марапат деңгейі бір дәрежеге төмендетіліп, Ленин орденімен шектелгендігі жөнінде хабардар болмаған сияқты деген болжам жасауға болады. Олар өздері ұсынған жауынгердің ерлігі тайға таңба басқандай анық көрсетілгендіктен, КСРО Жоғарғы Кеңесі бәрібір әуелгі ұсынысты қуаттап, әділетті шешім қабылдайды деп сенген. Әйтеуір, Ыбырайым Изоча үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанда әскери командование мүлде үнсіз қалған.
Осы тұста бәріміз бала күннен есімін жырға қосқан аяулы Мәншүк апамыз туралы кейбір мұрағаттық деректер жөнінде ой бөлісе кеткенді жөн санадық.
Армия басшылығы қазақтың батыр қызын Невель түбіндегі ерлігі үшін әуелде 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынумен шектелген. Бұл кезде оның даңқы өз елінің аспанында асқақтап тұрған болатын. Батыр қыздың ерлігін көпе-көрнеу төмендету республика басшылығын алаңдатады. Оның үстіне халық Мәншүкті әлдеқашан батырлар қатарына қосып қойған. Сол кезде – 1944 жылдың 29 қаңтарында КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы М.И.Калининнің атына Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Ә.Қазақбаев, Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов қол қойған Мәншүк Мәметованы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөнінде құжат жіберіледі. Құжатта батыр қыздың майдандағы барлық ерлігі егжей-тегжейлі баяндала келіп: «Өзінің жауынгерлік ерлігі үшін қаһарман пулеметші қайтыс болғаннан кейін командование тарапынан 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды», – деп жазылған (РФҚМ, 33-қор, 793756-тізім, 29-бет).
Қолында үлкен билігі бар Калинин ақсақалдың бұл ұсынысты соғыс жылдарында Қорғаныс халық комиссары қызметін атқарған Сталиннің орынбасарына немесе Бас штаб бастығына жолдауына әбден болатын еді. Бірақ соның өзіне жүрегі дауаламаған дәрменсіз төраға хатты 1944 жылы 7-ақпанда Қорғаныс халық комиссариатының Кадр басқармасының бастығы Ф.Н.Голиковке жолдайды. Арада бір күн өткенде Знаменский есімді подполковник қол қойған, М.Мәметованың ерлігін растайтын анықтама КСРО Жоғарғы Кеңесіне жөнелтіледі (мемлекеттегі екінші адамның беделінің сиқы осы анықтамаға қол қойған кісіден-ақ айқын көрініп тұр).
Халқымыздың тілегіне сай республика басшылығының барынша қозғау салуының арқасында қазақтың ержүрек қызына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 1 наурыздағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл кезде Ыбырайымды Ленин орденіне ұсынған құжат Калинин ақсақал тарапынан әлі қаралмаған да еді.
Сұрмергенді дәріптеуді Мәскеу кешеуілдеткенмен жерлестері ұмытқан жоқ. Жамбыл облыстық атқару комитетінің 1944 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен Жамбыл қаласындағы орталық көшелердің біріне, Жамбыл ауданындағы ұжымшар мен ауылдық кеңеске Ыбырайым Сүлейменов есімі беріліп, мергеннің ата-анасына арнап ұлының атындағы көшеден жаңа үй тұрғызылды. Бұл нағыз батырға лайық құрмет еді.
Мәншүк мәртебелі атаққа жеткен соң жерлестері «ендігі кезек Ыбырайымға да келді-ау» деп Мәскеудің шешімін тағатсыздана күтті. Ақыр соңында оның марапатқа ұсынылғанына тура бір жылға жуық уақыт өткенде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4-маусымдағы жарлығымен старшина Ыбырайым Сүлейменовке Ленин ордені берілді. Әрине, бұл да үлкен награда, бірақ бүкіл ел күткен Алтын Жұлдыз емес еді.
ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕРЛІК
Жарлық жария етілгенде соғыс қимылдары КСРО шекарасынан асып, Европа төріне қарай ауысқан болатын. Жаңа жеңістермен жігерленген кеңес әскерлері қашқан жауды тықсыра қуып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетеді. Жаңа батырлар, кеудесіне Алтын жұлдызды қос-қостап қадаған қаһарман ерлер шықты. Жеңіс күні жақындаған сайын Отан қорғаушылардың омыраулары орден, медальдарға толып, соғыстың алғашқы кезеңінде есімдері жарқырап шыққандардың ерлігі көмескі тарта бастады. Бірақ, небәрі бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 289 жауды жалғыз өзі жер жастандырған Ыбырайымның таңғажайып ерлігін жерлестері де, қаруластары да, тіпті даңқты қолбасшылар да ұмытқан жоқ.
Соғыстан кейін атақ-даңқы күллі әлемге жайылған Жеңіс маршалдары – Г.Жуков, И.Конев, С.Тимошенко, К.Рокоссовский, В.Соколовскийлердің естеліктерінен құралып, кейін жиырма шақты рет қайта басылған «Битва за Москву» атты беделі зор, берері мол, абыройлы жинақ жарыққа шықты. Даңқты қолбасшылар жазған осы кітаптағы естелігінде генерал-лейтенант Ф.Лисицын: «Менің қойын дәптерімде мына бір оқиға туралы жазбалар сақталыпты. Великие Лукидің маңында жаз айында өткен мергендердің армиялық жиынында даңқты мерген Сүлейменов сөз сөйледі. Ол: «Мен неге Москваны қорғадым? Мен қазақпын, менің Қазақстаным Москвадан алыста. Москва – барлық кеңес адамдарының астанасы. Ол менің де астанам. Міне, менің Москваны қорғауым осыдан шығады. Мен егер жауды тоқтатпаса, құртпаса, олар менің Қазақстаныма да жетуі мүмкін деп ойладым. Мен біздің топырағымызды таптаған соңғы гитлершілді жер жастандырмайынша тыным таппайтын боламын. Қазір 239 фашисттің көзін жойдым. Баршаларыңызды басқыншы жауды аяусыз қырып-жоюға шақырамын», – деді. Міне, жеңіс туын Москвадан Берлинге дейін жеткізген дәл осындай ерлер болатын», – деп жазды («Битва за Москву, М., 1958, с. 290-бет).
Қолбасшы естелігінен біз жүрегі «мен қазақпын», «менің Қазақстаным» деп соққан аңқылдаған ақжүрек батырдың, жаумен қасық қаны қалғанша шайқасқан қаһарманның бейнесін көреміз. Ол Берлинге жете алмады, бірақ өшпес ерлігімен Жеңіс туын желбіреткендерге жарқын жол ашты.
Кеңес Одағы сияқты ортақ Отан мен оның астанасы Мәскеуді орыстармен қатар, ерлік пен жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Ыбырайым Сүлейменовтей Ұлы дала ұландарының қорғағанын қазақ жеріне көз алартушылар ұмытпауы керек.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді халық даналығы. Ыбырайым елінің үмітін молынан ақтады. Туған халқы да оның ер атағын есінде сақтаумен келді. Оған ұлы жырау Жамбыл атамыз бастаған ақындар жыр арнап, Балтабай Адамбаев дастан жазды. Белгілі журналист, соғыс жылдарының өзінде Ыбырайым туралы майдандық газетке алғаш мақала жазған Қасым Шәріпов ағамыз «Ыбырайым Сүлейменов» атты кітапша шығарды. Мергенді талай көріп, сыз окопта сырласқан, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз өзінің көптеген майдан жазбаларында Ыбырайым досының ерлігін тамылжыта тарқатты.
Қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық. Алтын Жұлдыз Ыбырайымға ғана емес, есімі аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына, Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты партизан Қасым Қайсеновке де бұйырмады. Мұндай әділетсіздікке әр қазақтың іші қазандай қайнағанымен, ол заманда ақырып теңдік сұрайтын мүмкіндігі болмады.
Әділдік Қазақстан басшылығына Н.Ә.Назарбаевтай елін сүйген, елі сүйген қайраткер келген соң ғана орныға бастады. Ол өзінің зор беделін сала жүріп, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын әперді.
Көп ұзамай қолымыз тәуелсіздікке жетті. Елінің екі тізгін, бір шылбырын еркін ұстаған Елбасы әуелі Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, кейін партизан жазушы Қасым Қайсеновтің кең кеудесіне Батыр Жұлдызын өз қолымен тағып, бар қазақтың рухын асқақтатты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан туады», – деген екен. Ыбырайым Сүлейменов соңғы демі біткенше «қазағым, елім» деп өтті. Енді сол жүрегі «елім» деп соққан есіл ердің жоғын іздеу дәстүрі біздің буынға да келіп жетті.
Екінші жаһан соғысында құралайды көзге атқан мергендер аз болмаған. Солардың қатарында Қиыр Шығыстың қарлы-боранды ну ормандарын мекендейтін, барлық саны қазақтың бір ауылынан аспайтын нанай деген өжет халықтың Максим Пассар деген мерген ұлы бар екен. Көздегенін мүлт жібермейтін атақты Дерсу Узаланың інісі бір өзі 237 немісті атып түсіріп, 1943 жылы Сталинград шайқасы кезінде ерлікпен қаза табады. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.
Нанайлар намысқой халық болып шықты. Ерлігімен өзгеден озып тұрған батыр ұлын ұмытпаған. Үздіксіз сұрау салған. Әділдік іздеп, КСРО-ның, Ресейдің кешегі-бүгінгі басшыларына бастырмалата, тоқтаусыз өтініш жолдаумен болған. Ақыр соңында, іздеген мұратына жетіп, Ресей Президенті В.Путиннің 2010 жылғы 16-ақпандағы Жарлығымен М.Пассарға «Ресей батыры» атағын әперген.
Осыдан екі жылдай уақыт бұрын еліміздегі жоғарғы билік ауысты. Елбасының сенімді серігі, әлем таныған қайраткер азамат Қ.К.Тоқаев бүкілхалықтық сайлауда ел Президенті болып сайланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деген әр қазақтың жүрегіне жақын ұрандармен Қазақ елін жаңа биіктерге бастады.
Өзі де жеңімпаз әке, майдангер жазушының ұлы қолындағы биліктің пәрменімен есімдері әрдайым ел жүрегінің төрінен орын алған жоғарыдағы қаһармандар қатарына өшпес ерлік жасап, өлмес даңққа бөленген Ыбырайым Сүлейменовті қосар болса, ата дәстүрінің тамаша Сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып, ел аңсаған Әділдік салтанат құрар еді. Бұл тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай қорғауға ұмтылған жас ұрпақты жаңаша Өрлеуге бастар еді.
«Ежелден ер деген даңқы шыққан» еліміздің жасампаз рухы әрдайым биік болып, бабалар ерлігімен өрнектелген көк туымыз тек ашық аспан астында ғана желбіресін, ағайын!
Мұхтар Құл-Мұхаммед
Abai.kz