Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 8350 11 пікір 16 Ақпан, 2021 сағат 13:05

Жоғарғы соттан да сенім кетті

Еліміздегі сот жүйесіне деген халықтың сенімінің тым төмендеп кеткендігі қазір ешкімге де аса құпия емес. Аудандық сот судьяларының парамен ұсталып жатқандығы күнделікті, ешкім де көңіл аудармайтын жағдайға айналғалы қашан. Енді бұл ауру облыстарды жағалай бастапты.

Осы жақында ғана Түркістан облыстық сот төрағасының да құлқынның құлына айналып, ұсталып қалғандығын естігенде: «Біз осы не болып барамыз?» деп ауыр ойдың құшағында қалғанбыз. Ал енді осы індет әділеттілік іздеп әбден сарсылған жұрттың ең соңғы үміті саналатын Жоғарғы сотқа да жұға бастаса, жоғарыдағы сұрағымыздың: «Енді қайда барып ел боламыз?» деген сауалымызға жалғасып, тығырықа тірейтіндігі сөзсіз. Өзгесі-өзге, еліміздің Президентінің өзі сол Жоғарғы соттың судьясының 8 мың доллар пара алып жатқанда тұзаққа түскендігін естігенде: «Бұл сұмдық жағдай екен», деп мәселенің ашығын айтқандығы көп нәрседен хабардар етсе керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы бес жыл ішінде 17 бірдей судьяның жауапқа тартылғандығын тілге тиек ете кетті.

Ал сонда дейміз-ау, өзгелердің қате шығарған шешімін өзгертетін, бетімен кеткен судьяларды тәртіпке шақыратын, сөйтіп ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділеттілікті ту етіп ұстайтын органымсыздың өзі парақорлықтың батпағына батып жатса, қайда барып араша сұраймыз? Мұның өзі еліміздегі сот жүйесіне ғана емес, жаңа ғана қаз тұрып келе жатқа тәуелсіз еліміздің беделіне түскен үлкен дақ емес пе? Енді мұны қашан жуып тазарта алар екенбіз? Жалпы, бұл қолымыздан келе ме?

Мұндай пессимистік ойға жетелдеген бір жай бар. Ол - осы Жоғары сотымыздың судьяларының өздеріне ешбір сөз ермейтін, тазалығын шәк келтірмейтін етіп өздерін биік деңгейде ұстай ала ма деген ой. Өкінішке қарай, бұл органның өз мәртебесіне сай келе бермейтіндігі бұрыннан-ақ сөз болып жүрген. Мүмкін бұл  бір ғана факті емес, парақорлық атты сырқаттың мұнда да меңдеп бара жатқандығының белгісі шығар деген күмәнді ойдан арыла алмай жүрміз.

Бұған былтырғы жылы Нұр-Сұлтанда болған бір сот оқиғасы қосымша дәлел есебінде есімізде қалып қойыпты. Сонау 2016 жылдың көктемінде Қостанай қаласының әкімі, осы шаһарда бірнеше «Метрополь», «Бавария» секілді «престижный» мейрамханалары, жер учаскелері мен жұрт қызығатындай көліктері бар, байлығы бір басына жетерлік дейтіндей Ахметбек Ахметжанов өзінің жемтіктес үлкен бір тобымен істі болғандығы облыстағы ғана емес, еліміздің барша жұртын елең еткізгені бар.

Қылмыстық топтың басшысы болған қала әкімі аттай 13 жылға кесіліп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққаны еді. Бізде қалталылардың барлығы да қандай да туған-туыстарының сотталғандығын абайсызда болған іс санап, оларды қамаудан құтқарып алуға жанталасып бағатындығы қалыптасқан дәстүр емес пе? Темір торда телміріп отырған бұрынғы әкімді бостандыққа шығару жолындағы аттанысқа ол кісінің әйелі Бағлан мен ағасы Марат белсене кірісіп кетеді. «Құланның қасынуына мылтықтың атуы» дегендей осы орайда Нұр-Сұлтанда бұрын кәсіпкер болған ,кейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне көтерілген Руслан Мамунов деген бір пысықайды кездестіреді. Бұрынғы әкімнің орасан зор байлығының бір бөлігін жамбасқа басып қалуды армандаған Русланымыз бірден Қостанайға келіп, әкімнің туыстарын уәдемен қарқ қылады. Ол өзінің Жоғарғы сотта сөзін жерге тастамайтын мықты достарының бар екендігін, егер бұлар бас-аяғы 1 миллион 200 мың доллар берсе «әділетсіз күйіп кеткен әкімнің» түрмедегі ғұмырын 6-7 жылға дейін қысқарта алатындығын айтып, ант-су ішеді. Оған имандай сенген бұрынғы әкімнің туыстары көп қиналмай-ақ сұрағанын бере салады.

Бұдан кейін адам сенгісіз оқиға басталады. Кәдімгідей шетелдік детективтті киноға бергісіз шым-шытырақ дүние дерсің. Арада бір жарым жыл өтер-өтпестен әлгі Жоғарғы сотымыз бұрынғы әкімге ықыласы түсіп, оның жазасын 13 жылдан бірден 5 жыл 8 айға бір-ақ түсіреді. Әрине, біз мұны заңға қайшы келеді демейміз. Өйткені сол кездері парақорлардың бәрін түрмеде көп ұстамай-ақ, шартты түрде жазадан босату (УДО) деген сылтаумен жазаларын жаппай қысқартып, еркін жүріп-тұратын колония дегенге ауыстырып жатқан. Одан кейін көп ұзамай-ақ біржолата босап шыға келетін. Біздің әкімнің де осылай жолы болды. Алдымен жазасы екі еседен астам қырқарды, сосын келесі жылы-ақ отбасымен қауышты. Қысқаша айтқанда басында оған бар қаһарын төккен сотымыз айналып келгенде оны түрмеде бас-аяғы 4-ақ жыл ұстады.

Ал енді неге сенгісіз оқиға дегенге келелік. Руслан Мамунов өзінің жоғарыдағы достарының арқасында «әкімнің жазасын 6-7 жылға дейін қысартып беремін» деп еді, мәселе дәл осылай шешілді. Бұл не, заңның салтанат құруы ма, әлде Русланның «аса көріпкелдігінің» жемісі ме? Тергеу де, сот барысында да ол «мен қажетті ақшаны мәселе шешетін адамдарға бердім, яғни айтқанымды орындадым», дегеннен таймады. Тіпті Жоғарғы соттағы бірер судьяның аты аталды да. Әрине, мұнысы еш дәлелесіз, құрғақ сөз болған соң, ол есепке алынбады. Алайда, пара алушының сөзі мен соттың қысқартқан мерзімінің өте бір сәтті үйлесе кеткен кездейсоқтығы біраз күдікті ойларға жетелейтіндігі сөзсіз.

Енді міне сотты болған әкімнің туыстары «Оны соттың өзі заңды түрде босатты. Ал сен біздің ақшамызды алдап алдың», деп сотқа сүйреумен әлек. Ал заңды түрде босататын болса, мол ақшаны неменеге береді? Басында темір тордың аржағындағы кісіні бар байлығының бір бөлігін шығындап, түрмеден шығарып алуға деген еш күмән да болған жоқ қой. Ендігісі не тірлік?  Иә, Руслан ақыры «алаяқтық жасады» деген айыппен, соттың шешімімен 12 жыл арқалап кете барды. Алайда артында бірталай сұрақ қалды. Мәселен, басында Руслан әкімнің туыстарынан 1 миллион 200 мың доллар алғандығын айтқан едік. Бұл ақшаға ол екі «Lexus» машинасын, Нұр-Сұлтан қаласынан жақсы бір екі бөлмелі пәтер сатып алған. Солары түгелімен тәркіленді. Есепке мықты білгіштердің айтуына қарағанда әлгі екі машинаның әр қайсысцы әрі кеткенде 100 мың доллардан аспайды екен. Баспана болса, ары кеткенде 200 мың доллардың шамасында делік. Демек, әкімнің туыстары өздері берген ақшаның 400 мың долларын ғана қанағат тұтқан. Ал қалған қомақты бөлігі, яғни 800 мың доллар қайда кеткен? Сотталушы «олар өз мақсатына жұмсалды» дегеннен таймайды. Сонда ол қазір кімнің қалтасын қампайтып жүр? Оның жауабын мүмкін оқырмандар тауып қалар?

Осы жерде өзінен-өзі тағы бір сұрақ туындайды. Жарайды, сол әкімнің әйелі биліктің құйтырқысын біле бермейтін, тек күйеуінің арқасында шалқып өмір сүріп жүрген қарапайым жан делік. Аңқаулығы да содан шығар. Ал енді өзі анау-мынау емес, облысымыздағы неше түрлі жобаларды қаржыландыратын, екінің бірін жанына жақындата бермейтін «Тобыл» атты құдыретті корпорациясының білдей бір бастығының орынбасары, мұны аз десеңіз, өзі айтып мақтанғандай Ұлттық қауіпсіздік (КНБ) комитетінде аттай 20 жыл қызмет істеген Марат Ахметжановтың «соттарды сатып алуға болады» деген түсінікпен өмір сүруі қалай? Егер осындай білікті дейтін, көзі ашық азаматтардың өмірлік ұстанымдары әлгіндей болса, қалғандарына не жорық? Мұның өзі қараша халықтың соттарға деген сенімінің тым құлдырап кеткендегін анық байқатпай ма? Айтпақшы, мұның өзі біздің Ұлттық қауіпсіз комитетіне де үлкен нұқсан келтірмей ме?

Бұл жерде тағы бір қызық жайт туындайды. Осы істі тергеу барысында неге екені белгісіз сонау Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қыстырылысып, екі жақты кездестіруді ұйымдастырады. Сотта «Сіз неге бұлай істедіңіз? - деген сауалға, бүкіл бір облысты басқарып отырған адам: «Маған бір аса қадірлі кісі осылай деп өтініш жасап еді», деп қарап тұр. Сонда кез-келген адам әлгіндей «аса қадірлі адам» өтініш жасаса, оның кез-келген тапсырамасын ойланбай істей бере ме? Ал «қылмыс жаса» десе ше? Бір өкінішітісі, «әлгі «аса қадірлі кісінің» кім екендігі айқындалмай қалды. Кім болса да, осал адам емес екендігі даусыз.

Жалпы, бұл іске облыс әкімінің сот ісіне араласуы, оның орнына өздері үкім шығаруға ұмтылу, яғни сот органдарын алмастыруға деген талпыныс демеске лаж жоқ. Тіпті, баяғы 90-шы жылдардағы бандылардың «стрелкасы» секілді дүниеге ұқсап кете ме қалай? Әкімдердің бұл ісіне тиісті мекемелер өз бағасын береді ғой деген үміттеміз. Әйтпесе, түбі бірдеңе болса, сотқа емес, облыс әкімдеріне жүгінетіндей масқара жағдайға жетпейік.

Атамыз қазақ: «Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?» деген екен. Мынау соның керін келтіріп тұрған сыңайлы.

Жайберген Болатов

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025