Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4957 0 пікір 26 Наурыз, 2012 сағат 10:16

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ. Мүсірепов мұраты

 

Қазақ қара сөзінің хас шебері, өткен ға­сырдағы әдебиет алыптарының қатары­нан ойып тұрып өз орнын алған, ұлт ру­хания­тының, тілінің жанашыры, жоқ­тау­шы­сы, кезі келгенде толғауы тоқсан тір­ліктің оңы мен солын мұзжарғыш кемедей айтып, тура жолды нұсқаған тұғыры мық­ты, болмысы бөлек Ғабит Мүсірепов­тің туғанына 110 жыл толып отыр. Сөз зергерінің осы бір атаулы күніне орай, бел­гілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің су­рет­кердің алуан қырынан мол дерек беріп, сыр шертетін кейінгіге үлгі болар, тағы­лым­ды дүниесін тәуелсіз елдің ойлы азаматтарына ұсынып отырмыз.

1983 жылдың қоңыр күзі еді. Ғабең телефон шалып:

- Сен, бала, уақытың қалай, маған соғып кете аласың ба? - деді. - Мен жазушылардың шығар­машылық үйіндемін...

- Қазір жетемін! - дедім елгезектік танытып.

Тез жиналып, айтылған жерге жеттім.

- Жылдам келіп қалдың ғой, батыр, - деді. - Саған пәлендей тапсыра қоятын шаруа жоқ. Кіш­кене ұйқымның берекесі болмай жүр, көзім ілінсе болды бастырылыға берем. Мұнда жұмыс жасау үшін емес, аздап тау жақтың ауасын жұтып сер­ги­мін бе деп келіп едім. Бірақ таза ауа дейтін Алматыда ауа қалып па, мұнда да маңайдың бәрі көк түтін. Содан да көбіне-көп бөлмеден шыға бер­мей­мін, ермегім - күнделікті газет-журнал қарау. Өзі дүниеде не жаңалық болып жатыр?

- Айта қоярлықтай онша ештеңе жоқ қой деймін...

 

Қазақ қара сөзінің хас шебері, өткен ға­сырдағы әдебиет алыптарының қатары­нан ойып тұрып өз орнын алған, ұлт ру­хания­тының, тілінің жанашыры, жоқ­тау­шы­сы, кезі келгенде толғауы тоқсан тір­ліктің оңы мен солын мұзжарғыш кемедей айтып, тура жолды нұсқаған тұғыры мық­ты, болмысы бөлек Ғабит Мүсірепов­тің туғанына 110 жыл толып отыр. Сөз зергерінің осы бір атаулы күніне орай, бел­гілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің су­рет­кердің алуан қырынан мол дерек беріп, сыр шертетін кейінгіге үлгі болар, тағы­лым­ды дүниесін тәуелсіз елдің ойлы азаматтарына ұсынып отырмыз.

1983 жылдың қоңыр күзі еді. Ғабең телефон шалып:

- Сен, бала, уақытың қалай, маған соғып кете аласың ба? - деді. - Мен жазушылардың шығар­машылық үйіндемін...

- Қазір жетемін! - дедім елгезектік танытып.

Тез жиналып, айтылған жерге жеттім.

- Жылдам келіп қалдың ғой, батыр, - деді. - Саған пәлендей тапсыра қоятын шаруа жоқ. Кіш­кене ұйқымның берекесі болмай жүр, көзім ілінсе болды бастырылыға берем. Мұнда жұмыс жасау үшін емес, аздап тау жақтың ауасын жұтып сер­ги­мін бе деп келіп едім. Бірақ таза ауа дейтін Алматыда ауа қалып па, мұнда да маңайдың бәрі көк түтін. Содан да көбіне-көп бөлмеден шыға бер­мей­мін, ермегім - күнделікті газет-журнал қарау. Өзі дүниеде не жаңалық болып жатыр?

- Айта қоярлықтай онша ештеңе жоқ қой деймін...

- Солай болуға тиісті, бәрі бір сарын - бір әуен! Бітпейтін бір қайта құрылу...

Жазушының залдағы жазу үстелінің үстінде Мұхтар Әуезовтің көп томдығының бір кітабы, төрт-бес ұшталған қарындаш және ақ парақ қағаз­дар жатыр. Басқа басы артық зат көрінбейді.

Мені машинаңмен бүгін алаңсыз қыдырт! Қан қысымы әурелемесе тау жақты көрелік, содан ке­йін қырғы жолмен Жәкең (Жамбыл) ауылына қа­рай ұзап шығалық. Осында кешкі асқа жетсек болды...

Ғабит Махмұтұлы асықпай жүріп киінді. Айтса айтқандай, Ғабең нағыз баптың адамы ғой, сыланып-сипанып, бипазданып, таранды. Біз тысқа шықтық.

Сырттағы есік алдындағы орындықта Сафуан аға (Шаймерденов), ақын Өтежан (Нұрғалиев) және тағы басқа жігіттер отыр екен.

- Ғаба, бір жаққа жиналдыңыз ба? - десті олар.

- Иә, кішкене сыртқа шығып қайтайын дедім, - деді жазушы қаламдас інілеріне.

Өтежан университетте менімен бірге оқыған­ды­ғына басып, өзінің қалжыңдай беретін дағды­сымен:

- Сен, қыпшақ, Алаши ағамызды қайда алып қашып барасың? - деп қалды.

- Мені бұл інім алып қашып бара жатқан жоқ, қайта мен әмірлеп шақырып алдым, - деп Ғабаң мені Өтежанның сөзінен арашалады.

Тауға қарай тартып келеміз. Ғабең: «Тоқта, - деді. - Осы бір жер жазықтау екен, кішкене кідіріп серуенделік!».

Таулы жердің саф ауасына тәнті болған жазушы аяғын жай басып, мені қолтықтай ұстап, ағып жат­қан тау суына бетін жуып, жүзі нұрлана бастады.

- Неткен керемет табиғат! Сұлулық деген осы!..

Менің көкейімнен Өтежанның «Алаши ағаң» деген сөзі кетер емес. Ғабаңнан сол сөздің мәнін сұрадым.

- Қазақтың «Алаш» атанғанынан хабардарсың ғой, ә?! Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бас­тау алады, - деді жазушы. - Шыңғыс хан бар мү­лік­ті төрт баласына бөліп бергенде Дешті Қып­шақ­ты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сары­арқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің алғашқы ма­ғы­насы - Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта «Алаң келе ме, Алаш келе ме» деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң - шет елдің кісісі, Алаш - Отан кісісі мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға «Алаши» деп лақап ат қойылған ғой. Алаши - алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз.

Сөз суыртпақтай тартқанда ғана сабақталады. Мен жазушыдан әлгінде жазу үстелінің үстінде Мұхтар Әуезовтің көп томдығының төртінші томын көргенімді айтып, неліктен кітаптың жат­қанын сұрадым.

Ғабит аға маған жалт бұрылды қарады. Сынай әрі таңырқай қарады. Содан кейін қарсы сұрақ қойды.

- Сеніңше қалай, осы кітап менің үстелімде неге жатыр деп ойлайсың?

- Менің түсінігімде романның түйіні осы «Абай жолының» бірінші кітабында, кітаптың соңғы беттерінде, әке мен баланың, Құнанбай мен Абайдың сөз түйіндерінде деймін. Абай бойын­да­ғы үш мінді Құнанбай жазушы шеберлігімен, шыңына жеткізіп айтады ғой, - дедім.

- Бәрекелді! - деді Ғабең. - Дөп басып айтып тұр­сың, ой бір жерден шықты. Маған да шығар­ма­н­ың осы түйіні ұнайды. Соны ара-тұра қарап қоямын, сүй­сі­немін! Мұхтарды білгісі келген кісі осы тұсқа назар ау­даруы керек, сонда көңіл жайланады. Әлгі әлде­кім­дердің бұл романдағы әке мен бала тартысы Еуропаға еліктегендік, орыс әде­биетінен үйрен­ген­дік деуі бос сөз! Ешқандай әдебиетте мұндай философия жоқ. Тың­дашы, Құ­нанбай Абайға: «Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі б­а­рың­ды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күл­кіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қас­ты сараптамайсың, досқа досша, қасқа қасша қы­рың жоқ. Ішіңде жатқан сыр ұшығы жоқ. Жұрт бас­тайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйіріл­мей­ді. Үшінші, орысшылсың, солай қарай ден қойып ба­ра­сың. Дін мұсылман жат санайтынын ескермейсің!» - демейтін бе еді. Мұхтардың тұс­тас­тары, біздер, жалпы көзі ашық барша исі қазақ жатқа білуге тиісті, есін­де сақтайтын бұл аталық сөз қазір кім-кімнің де жадында жүрер сөз! Әттең, дүние, соны хаттап, жү­рек­те сақтар кеуде қайда?! Әуезов ұлылығы, міне, осында!

Ғабеңнің жүзі сөзін және ұштады. - Абзалы, мен Абай жайлы, Мұхаң жазған Абай тақырыбын көп талдаған адаммын. Әрдайым адал сөзімді айтыппын. Тіпті Абай туралы ой салмақталып, пікір қорытылып болмаған кезде де тура сөйлеппін. Пьесасы жөнінде де солай. Ал 1943 жылы роман туралы болған жиналыста қосымша баяндама жа­сағанмын. «Абай» сияқты роман қазақ әде­биеті­нің төл табысы. Сөзді асырып айтқанға, «Абайдай» шығарма бұрын-соңды бізде болған емес. Бәріміз де жазушымыз, бәрімізде де күндеушілік сезім жоқ емес, жамандағанды ешкім жақсы көрмейді, бірақ, үлкен істің үстінде қараулық етіп, көз жұм­сақ, ол әдебиетімізге сойылын тигізетін қылық болады. Мұхтардың «Абай» романы қазақ әде­бие­тін­дегі тұңғыш кәсіби тарихи роман!

- Ғабит аға, сөзіңізді бөліп жібердім бе, ғиб­ратылы ой тастадыңыз. Сізден естір әңгіме көп қой, мені және бір сұрақ қызықтырып тұр. Сізді Абылай хан туралы роман жазыпты деседі, соны неге жарыққа шығармайсыз? - дедім жазушының осындай көңілі шалқып тұрған сәтін пайдаланып.

- Бұл бекер әңгіме-е, - деді қаламгер өзіне тән мәнермен. - Осындай сұрақты әр кезде, әр қалай­да менен Сәкен сері (Жүнісов) сұрап қояды, себе­бі өзінің де жазбақ ойы бар сияқты ма қалай. Жазсын, оған кім қарсы. Рас, мен де Абылай ханды біраз зерттеп баққанмын. Зерделедім. Маған Абылайдай тұлғаның қалпы, кісілігі, батырлығы, ақы­лы ұнайды. Абылайды сан қырынан жазуға болады. Өйткені ол сондай широкоформатный тұлға... Тіпті оның Бұқар жыраудай дала данасын танып, қасында ұстауын айтпайсыз ба?! Немесе, Асан Қайғыны пір тұтқанын көріңіз. Абылай хан бір бас қосуда, бір данышпан шежіреші биінен:

- Асан Атаның «қилы-қилы заман болар, қа­ра­ғай басын шортан шалар» дегенін естіп едім, мә­ніне бара алмадым, бұл қандай сөз? - деген екен. Сонда би қырын қарап, көзіне жас алып, қам­шы­сын ер қасына іліп:

- Ай, хан-ай, бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді.

Ханға жауап айтпасам,

Ханның көңілі қайтады.

Қандыра жауап сөйлесем,

Халқым не деп айтады.

Хан Абылай, Абылай,

Қайғылы мұндай хабарды,

Сұрамасаң нетеді.

Сұраған соң айтпасам,

Кісілігім кетеді.

Енді айтайын тыңдасаң,

Маған қаһар қылмасаң,

Қарағай судан қашып,

Шөлге біткен бір дарақ (ағаш),

Шортан суға шыдамсыз,

Балықтан шыққан бір қарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп,

Күн батыстан бір дұшпан,

Ақырда шығар со тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты боп.

Күн шығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес - діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Осы сынды бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа,

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жемірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды.

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан,

Тексізді төрге шығарып,

Басына ол күн туғанда,

Теңдік тимес құлыңнан,

Бұл айтқан сөз Абылай.

Болмай қалмас артыңнан,

Есітсең мына қартыңнан, - деп сөзін аяқтапты. Абылай хан бекер сұраған екенмін деп аһ ұрып қалған. Бұл сөздер қазақ үлкендері білетін, жиындарында айта жүретін сөздер.

Жазушының зеректігі өлең-жыр, кестелі сөзді жатқа айтуынан анық көрініп тұратын. Ол Асан Қайғының сөзі деп және бір жыр кестесін оқыды:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң түзіп жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені тәмам болар.

О күнде қарындастан қайыр кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.

Ұлың, қызың орысқа бодан болып,

Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?!

Абылай хан қатты науқастанып жатқанда атақты жыршы Бұқар жырау келіп былай деген екен:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.

Қалыңсыз қатын құшқызған ханым-ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбан етсем,

Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай, - деп және сөйлемек болғанда хан оны тоқтатып, «Мен жұртыма осы айтқан үш қызметтен басқа пайда келтіргем жоқ, егер енді сөйлесең менің көкірегім өсер, сен жалғаншы боласың» депті. Демек, бұл тақырыпты бір кісідей біледі дей беріңіз. Бірақ бөлек шығарма жазуға отырмадым, ал әлгі естіген-білген жәйттерді кейбір жерде пайдаландым, пьесалар жазғанда кәдеге жарады. Солай батыр, тағы қандай сұрағың бар, тосылма, мұндай мүмкіндік туа бермес сыр ашуға...

- Сіз Аманкелді батыр жайлы жазған адамсыз, батырды қанды балақ ұры дегенге әуелде сендіңіз бе?

Жазушы қарсы сұрақ қойды.

- Өзің де Аманкелді туралы жаздың, осы сұрақ сенің де алдыңнан сан шығуға тиісті, сонда не дейсің?

- Шындық солай болса қайда қашамын.

- Сен Міржақып Дулатовтың «Белқұдасын» оқыдың ба?

- Жоқ, оқыған жоқпын.

- Онда сен ертедегі «ҚАЗАҚ» газетін тауып алып оқы, Аманкелдінің кім болғанын сонда аң­ға­расың. Мен Аманкелді батыр жайлы пьеса, Бейім­бет (Майлин) екеуміз киносценарий жаздық, ол кино болып шыққан. Содан кейін «Социалистік Қазақстанда» «Батырдың биік тұлғасы» дейтін эссе-портрет жазғанмын.

- Мен Сіздің «Кездеспей кеткен бір бейне», «Жиыр­ма төрт сағатта», «Бірінші фонтан», «Біз­дің Би-аға» сияқты шығармаларыңыздың алғаш «Социа­лис­тік Қазақстан» га­зеті­нің бетінде қалай шыққаны­ның куәсімін ғой, сол кезде газеттің әдебиет бөлі­мін­де қызмет атқардым...

- Иә, жадымда... Үйге келіп материалдың тас­қа басылған гранкісін оқытып, алып-кетіп жүр­дің... Содан есімде қалыпсың...

- Жазушылық, оған келу жолды сұрау дәстүрлі сұрақ қой, Ғаба, мүмкіндік болса жұртқа белгілі жағы емес, басқадай тасада қалған тұстарына тоқталсаңыз. Сіздің этнографиялық, автобиографиялық әңгіме­ле­рі­ң қызық-ақ, осыған толықтырулар қоса аласыз ба?

- Пәлі, бұл сұрағың алысты шарлайтын сұрақ қой. Жөпелдемеде өткенге үңіліп көп сөз айта алмайсың. Бәр өміріңді сүзіп шығуың керек. Бұл тақырыпқа кейін кеңінен бір оралармыз, әзірге тілге оралғанын шолайын. Біз, қазіргі қалам ұстап жүргендер, шамамен айтқанда бір мезгілде, бір ұя­дан, яки іргелес ұядан ұшқан, жаңа әдеби ортаға тоғысқан тәрбиемен келіп қосылған өкілдерміз ғой.

Аз ғана кішілігіміз болмаса жиырмасыншы ғасырмен бірге жасасып келеміз, әкеміздің шаруасы тайға салған қоржындай бұлтылдап кедей мен ор­та­шаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Қазақта «до­ңыз» жылы бар. Сол мен туған доңыз жылы біз­дің үйде он алты жан болған. Оның ішінде төртеуі ғана жұмысқа жарайды екен. Өзгесі біз - өңкей өңез көз, ас иесі, қызыл аяқтармыз. Үйдің қақ жартысын алып жатқан жалпақ пештің аузында қара шүгенке қайнап тұрады. Шүгенкенің ішінде сақыр-сықыр еткен өң­кей сүйек болады. Сирақ, кәрі жілік, шеке асылған күні сорпаның бетіне май көбірек шығады да, шү­геннің бір жақ бұрышына жиналады. Біз үш бала үш қасықпен көз таса бола бергенде әлгі майды қалқып әкетеміз. Жер үй бу басқан қараңғы, бір бұрышқа апарып іше қоямыз. Тағы қайталаймыз... көрініп қалсақ таяқ жейміз. Бірақ бір қасық сорпа майы үшін бір күн таяқ жеуге біз әзір...

Тіршілік қамы не істетпейді, өзеннен балық аулаймыз. Жұмысқа жас та болсам мен де жегілдім. Көкше мұз екі еліге іліксе-ақ балықшы ел балыққа аттаныс жасайды. Обаған өзенін мың-мың жерден кесіп тастаған қаза, ау, сүзекі... Сөткесінде төрт сағат ұйықтаймыз ба, жоқ па, басқа уақыт балық аулауға кетеді. Қазаны қарап үлгірмейсің! Балықты сақпен сүзіп алуға мұршаң келмейді. Тау-тау болып балық Кавказдың қанжарындай жарқылдап, мұзды шапа­лақ­тайды да жатады... Шортан, шорағай, алабұға, табан, сазан, қара балық, күмістей жалтылдаған ақ шабақ. «Жиен бала, балықты жинай бер», - дейді нағашым... Қол босаса қамыстан қаза тоқимыз...

Балық науқаны қыс ортасында саябырлайды. Нағашым ауылында орысша мектеп бар екен. Алты сом пара алып, «учитель» мені мектебіне алды. Алты сом пара алғанын әлі күнге ұмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді...

Келесі жылы Бекет Өтетілеуұлы оқытты, ондай жақсы кісіні әлі ұшыратқан емеспін. Наға­шым үйіне жекжат адамдары келгенде маған қыс­са оқы­та­тын. Сол ауылда, Бегеннің Омары деген бай бар. Үйінде қысса көп болады. Соның баласынан кейде сұрап, кей­де ұрлап, «Сал-сал», «Зар­қым», «Мұң­лық-Зар­лық», «Боз жігіт», «Ер Тар­ғын», «Сейпіл­мә­лік», «Ба­­ди­­ғұлжамал», «Шаһар­ман», «Кербала­ның шө­лі», «Көрұғлы», тағы-тағы толып жатқан қысса­ла­р­ды оқыдым. Бекетті жақсы дегенде жай айт­қаным емес, менің қыссаға құ­мар­лығымды бағалап, мені әде­биетке тартқанын айтам. Әуелі «Жиған-тер­ген» деген өзі шығарған өлеңін берді. «Жиған-терген» маған өте ұнады. Бекет өлең жазса, өлең шығару үшін өзгеше бір адам болу керек емес қой деген ой туды да, менің де өлең шығарғым келді.

«Күн-түні балықтамыз дамыл көрмей,

Нағашым ұрсады ғой қалсам ермей,

Қайтқанда өз үйіме не бетімді айтам,

Ақшамды нағашым қалса бермей,

 

Әуелі балық біткен суда ойнайды,

Ұстамай балықтарды жұрт қоймайды.

Қазадан сақпен сүзіп шығарғасын, -

Жарқылдап, шалпылдатып мұзда ойнайды».

Кейде өзім шығарған өлеңдерді есептесем оннан асатын еді. Бәрі де жаман, айтуға ұят өлең. Сондықтан ешкімге айтпай, жасырып ұстаймын. Жақсы көргендіктен Бекетке айтуға әлденеше рет оқталдым да, бата алмадым... Ұялдым қысқа жері...

Абайдың қызға шығарған өлеңдерін елге әкеле­тін өңкей инструкторлар. Не көп инструктор көп, инструкторларда өлең көп. Көбі қыз-бозбала өлеңі. Колчак тұсы болсын, кеңес өкіметінің алғашқы жыл­дары болсын, не түрлі әдемі өлеңдерді инструкторлар әкеліп таратады. Елдегі хат білетіндер көші­ріп аламыз, өлең таратушының ірі бір «уәкілдері» Байбатыр Ержанұлы, Сәбит Мұқанұлы, Есім Дос­бол­ұлы, Нұрмағамбет Жамшин, тағы толып жатқан басқалары.

Бұл кез менің бозбала болып қалған кезім. Менің қалап жүрген қыздарым да болады. Мен де сондай өлеңдерді өте құмартып отырып көшіріп алам.

«Бұл кінә емес, әншейін наз,

Сағынамын айтамын.

Достың ақпын, тағдыр араз,

Толғанамын қайтемін...» деген белгілі өлеңі­нің сарынымен мынадай өлең шығарғаным да бар:

«Көлеңкеңнен кескініңді, -

Кесіп алдым жас қайың, -

Елемесең біздің мұңды -

Сен ренжіме, тоқтайын».

Осы секілді қой батпақтың әлденешеуінің со­ңы­на қолымды қойып жүрдім. Бірақ үлеспей­тін­дігі табан аузында-ақ сезілетін де, жаба қоятын едім.

1918-ші және жиырма-жиырма бірінші жылдары мен осы күнгі жеті жылдық мектеппен програмдас жо­ғары бастауыш сыныпта оқыдым. Аз-мұздап Крылов, Пушкин, Лермонтовтардың өлең­дерін оқып көрдім. Бірақ ол кезде орыс тілін тіпті білмейтін едім. Тіл білмеген соң, сабақ та ауыр болды. Қажы­ғали, Ма­хымбет, Мүсен жолдастар бол­мағанда, өзім де жан­та­ласпағанда, мен ол мектепті бітіре алмайтын едім.

Жиырма үшінші жылы Сәбит мені Орынборға әкелді. Он сегізінші жылдан былай қарай Сәбит қалада, мен ауылда болдым. Сондықтан ол менен «озып» кетіпті. Бұрын мен «көп озық» едім. Раб­фаққа кірдім. Сәкеннің көрдей қараңғы бөлме­сін­де Сәбитпен бірге тұрдым. Бір кісілік төсекте Сәбит екеуіміз жатамыз, төсекке салғанымыз шай жәшіктің жұқа тақтайы екеуімізді көтере алмады, жер жарылғандай бытырлап сынады: гүрс етіп еден­ге түсеміз. Сәбиттің жатысы жаман, әрі дене­сі ауыр. Көбіне тақтайдың шыдамауына сол себеп... Қараңғы бөлме тазалықты бақыламауға қо­лай­лы-ақ: махорканы тартамыз да, қалғанын кез келген жерге тастай береміз. Темекі таусылғанда қайта жинап алып тартамыз... Сәбиттің күнбе-күн жазғандарының бәрін оқып отырдым. Оның күн­бе-күн жазған өлеңдері газет, журналдарға басылып екеуімізге көлденең азық болып тұрды. Бейімбет, Сәкен өлеңдерін газет, журналдардан оқи бастадым. Бірақ, Сәбит секілді ақын атын алып қойған адамның қасында мен өлең шығарып шатасуым адам айтқысыз масқара көрінді. Оның үстіне Сәбит өлең жазғанда іркілмей жазады. Не туралы жазуды тез таба қояды да өлең қылып шығарады. Мен ше? Шамаласам, жан адам жоқ жерлерде күніне бір-екі ауыз өлең ғана жазатынмын. Кейін одан да бездім.

Бірақ сол жиырма төртінші жылдан бастап Гогольдің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Достаев­ский­дің қара сөзбен жазған повесть, романдарын, шет-пұшпақтап Толстой, Горький, Шекспир, Чеховтарды оқыдым. Бұлар өте ұнады. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Әйткенмен оқу ауыр, бір жағынан «кеме­ші қасында қайықшы дыбысын шығара алмайды» екен. Ішімнен жазуға құмартсам да қалам ұстауға бата алмадым. Менің құмарлығымды Сәбит сезді білем, «Сен жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Газет басқармасынан қаулылар әкеліп аудартып жүрді (сол кездегі ылғи қате аударылған Совнарком, КазЦИК қаулыларында менің де «еңбегім» бар...).

Оның үстіне «Алашордаларға» қарсы Сәкенді жақтайтын бір мақала жазғызды. Желісін тартып аяғына мен қол қойсам да артынан түгелімен қайта жазып шыққан Сәбит еді. «Балтабай» деген біреуге қарсы жазылды ма, немене, әйтеуір «сұ­ла­тып» салдым. Менің алғашқы жазған мақа­ламды Сәбиттің сонша түзеткені маған жаман батты, «жаза алмайды екем» деген қорытындыға келдім де жазудан тағы безіне түстім. Бірақ Сәбитке сездірмедім.

Рабфакта қабырға газетін шығарып жүрдік. Қа­зақ­ша қаламшылар жоқтың қасы. «Өзімнен» артық ешкім болмағасын тағы жазуға кірістім... «Теңіз теп­кі­сінде» деген әңгіме жаздым. Сол әңгі­ме жиырма жетінші жылы «Тулаған толқында» деген ұзақ әң­гіме болып, жиырма сегізінші жылы басылып шықты. Жиырма сегізінші жылдан бастап журналға төрт-бес қысқа әңгіме жаздым да, «Көк үйдегі көршілерді» үш-төрт нөмірге бастырып, одан кейін «Өмір ер­те­гі­сі» деген роман бастап, о да біткен жоқ. Бұлардан бас­қа да ірі-ұсақ бас­талған нәрселерім бар, бірақ аяқтауға қол тимейді. Күнбе-күнгі кеңсе жұ­мысы, мәжіліс, нау­қан, табан тоздырған жүгірістер барлық уақыттың еріксіз иесі болып жүрген жәй бар.

Ұғына алдық па, түсіндік пе, ол өз алдына мә­селе, маған әсер бергендер негізінде жоғары ай­тыл­ған орыс жазушылары мен Ғалымжан Ыбы­райымұлы шығар деп ойлаймын. Кәсіби жазу­шы­лыққа бет бұрғанда зерделеген ұстазым - Жүсіп­бек Аймауытов. Жалпы, көп қазақ қаламгері Ай­мауытовқа қарыздар, өйткені ол зор стилист болатын. Жазу, төселу, жазушы болып шығу, міндетің­ді атқара алу жалғыз өз қара басыңа ғана байланысты емес көрінеді. Жә, біраз жерге бардық-ау деймін, осымен шектелсек қайтеді, жылжиық...

Ғабит аға машинаға қарай жүрді.

- Әжептәуір сергідік білем, уақыт та біраз болып қалған шығар...

Күн екіндіден ауған екен. Жазушының қалауы­мен қалаға қарай бет алдық. Жолшыбай Ғабаң терең тұңғиық ойға батқандай бір сәт үнсіз отырды да кенет Орталық Комитеттің демалыс үйінің тұсынан өте бергенде:

- Бұл ғимаратта да біраз ғұмыр өтіп еді, - деді. - Осы күнгі Жазушылар одағының үйін алғанда әңгіме осы жерде пісті. Қазақстанның сол тұстағы ет-сүт өнеркәсібі министрлігі өздеріне деп ғима­рат салдырған ғой, Костин дейтін министрі бар. Мен оның атын қазақшалап «Сүйекбаев» дейтін­мін. Жаман адам емес-тін, әзіл көтереді. Біз сол ми­нистр­ліктің ғимаратының бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Ой бұзылып жүрді, қалайда осы ғи­ма­рат­ты Одаққа алып алсақ қой деп. Ақыры осы ойымызды сол кездегі республика партия ұйымы­ның жетекшісі Яковлевке жеткіздік-ау! Сұранып, қабылдауында болдық. Обалы не керек, бетімізден қақпады, ұсы­ны­сымызды қабыл көріп, ғимаратты министр­лік­тен Жазушылар одағына табанда шешім шығар­тып, алып берді. Сонда мен осы демалыс үйінде жатып едім. Одақтың үйінің қуанышын осында жуып, қызықтағанбыз, ол да бір өмір, дәурен екен-ау!

- Мұныңыз нағыз ерлік іс қой, Ғабе!

- Жә, қайтесің гөйітіп, кісі, әрбір адам қолы­нан кел­се төңірегіне игілік іс атқара жүруі керек және ол іс­теген ісін мақтан үшін емес қажеттілік деп қараса игі...

- Сіздің сонау қиын-қыстау заманда (1937 жылдары) партия жиынында Бейімбет Майлинді қорғап «Би-ағам жау болса, мен де жаумын» деген сөзіңіз әлі күнге дейін жұрт аузында, - дей берген менің сөзімді Ғабең өзі бөліп жіберіп:

- Қарағым, осы әңгімені қоя қоялық, тыңдау жүрекке ауыр! - деді.

Тиыла қойдым. Бірақ тіл ұшында, ендігі кезекте Ғабит Мүсіреповтің қалай партиядан шыққа­ны, араға 25 жыл салып қалай партияға қайтып алынға­ны жайлы сұрақ тұр еді. Бұл сұрақ та ауыр еді. Мен бұл төңіректегі әңгімені «Қазақ әдебие­ті» газетінде жұмыс істеп жүргенімде басылымның бас редакторы, ақын Сырбай Мәуленовтен естігенмін.

Ол Ғабеңнің партиялылығын қайтаруға Сәлім­герей Тоқтамысов дейтін сол тұстағы Қазсов­проф­тың бастығы болған азаматтың септігі тиге­нін жыр ғып айта келіп:

- Сәлімгерей ағамыз Казсовпрофтың бастығы болуымен бірге, әрі Қазақстан Орталық партия комитеті Бюросының мүшелігіне кандидат еді. Ол өзінің сол мүмкіндігін пайдаланып Ғабеңді қайта­дан партияға алу жөніндегі мәселені Орталық комитеттің алдына қояды. Ұсыныс оң шешімін тауыпты, - деген.

Ғабеңдер Сталинге жіберген «Бесеудің хаты» да бұл жолы ауызға алынбады.

Әлден уақытта жазушы:

- Монша да ұмытылды, саунаны да қойдым, - деді.

- Жаңа моншаға бардыңыз ба?

- Бардық қой... енді бәрі қалды... все позади...

Мен сөз қоспадым, жазушының ауыр қина­лыс­ты кейпін байқап, «уақыт-ай» деп отырмын іштей. Бұл бір кездері сал-сері болған Ғабеңнің уақыттың мойындатқаны ма.

- Батыр, енді сен Тимирязев көшесіне түс, Вес­нов­каға сәл аялда, содан кейін арғы жағын көрерміз...

Ол кезде Алматыда дәл қазіргідей жол кеп­те­лісі жоқ. Ғабаң меңзеген жерге жеткен соң «қай жер­ге аялдайын» дегенімде:

- Осы тұс, «Көктемнің» тереңінде (сайын айтады) тар сүрлеу бар, соныменен жоғары жаяу өр­мелейік, - деді.

Ғабеңе таныс жағалау бойымен жүріп келеміз. Жазушы жан-жағына көз тоқтатып, әлде не есіне түскендей, көгілдір аспанға шалқалай қарап, ілгері қозғалады.

- Осы бір тұста орындық болушы еді, - деді әлден уақытта. - Ол да жоқ, бұ заманның адамдары варвар, қоймаған ғой, жұлып әкетіпті... - Алға және жылжыдық. Бір, екі... он қадамдай жүрдік пе, Ға­бең тағы тоқтап, маған барлай қарап тұрды да:

- Біржан сал шебер айтқан: «Шекпендей қысқа пішкен дөңгеленіп, Дүние өтерінде шыр айналды», - деді жұмбақтата. Содан кейін сөзін жалғап: - Сен Абайды таныдың ба? - деп төтеден, мен күтпеген жерден сұрақ тастады.

- Қай Абайды?

- Құнанбаевты-ы айтамын! - деді сөзін шегелей нығарлап.

- Оқыдық қой, енді... - дей бастап едім, тоқтатып тастады.

- Абайды оқу аз, Абайды көкірекке тоқу керек! - деді енді зілді түрде. - Абайды оқу программасында ғана оқу - бұл әлі оқу емес! Абайды оқу үшін Абайдың адам сүю қасиеттеріне үңілу керек. Осы керектердің ішіндегі ең керектісі - Абайдың махаббаты. Білсең айтшы, Абайдың қай махаббат жырын білесің?

- ?!

- Міне, көрдің бе, мүдіресің, мүлдем біл­мей­сің! Сендер Абайдың махаббат жырларын тү­сін­бей оқыған қазақтың сортынансыңдар. Так что, біле жүр: Абайдың некелі үш - Ділда, Әйгерім, Ер­кежан, некесіз әркездегі ғашықтары үшеу - Тоғ­жан, Салтанат, Бүбі деген арулары болған! Осылардың бәріне де Абай жыр арнаған.

- Бұған Қуандықты қосыңыз, - дегенімде Ғабең елең етті.

- Сен оны қайдан шығардың?

- Мен бұл деректі сіздің аса талантты жазушы ініңіз, менің қаламдас досым Мұхтар Мағауиннің бір әңгімесінен естіп едім, - дедім.

- Мұхтар айтса ол біледі, әлгі Абайдың ауылына келгенде «Мені аттан Абайдың өзі түсіріп алсын» деп кергитін әйел ғой... Еститінмін... Ұмыт­пасам, маған бұл әңгімені Қайым айтқан...

Абайға үңілген қазақ жаман қазақ болмайды. Абзалы, шалшықтан өту оңай деп тереңге бойламау қиындықтан қашумен тең. Абай - біздің тереңіміз. Мен бұл тақырыпты неге қозғадым? Мына біз келе жатқан терең сай, менің көп жүрген, көп серуендеген ләззат іңкәрім, көбелек көңіл содан да осы жаққа тартып тұрады! - деді жазушы енді қабағын ашып. - Көп сыр бар бұл бұлақ басында. Осыдан өрлей бер­сең сонау трамплинге жетесің...

- Ғабе, Абай данамыздың аруларын түген­деді­ңіз, өзіңізге соқпадыңыз ғой?

- Сұрағың түсінікті. Білгің келсе айтайын: үш некеде тұрдым. Біріншісі - Хұсни - құдай қосқан әуелгі жарым, өмірден озды; екіншісі - Рая, жарасып, жараспадық; қазіргі жеңгелерің, өзің білесің - Ғазиза, тоқтап, тұрақтадық.

Ғабең сағатына қарап:

- Бүгінге осы жеткілікті, біраз жай еске түсті, бәріне қанағат, - деді. - Жатағымызға оралалық!

Ғабеңнің «жатағымыз» деп тұрғаны - жазушылардың шығармашылық үйі.

Шығармашылық үйге оралғанда күн еңкейген еді. Болашақ КазГУ қалашығы тұсынан өтіп бара жатқанымызда Ғабең жойқын құрылыс алаңына қызыға қарағандай болды. Менің есіме Ғабеңнің 1969 жылы Қазақстан жас ақын-жазушыларының республикалық мәжілісіне жолдаған сәлем хаты түсті. Бұл хат шын мәніндегі жаңа ғасырды меңзеген тарихи хат болатын. Осы тұста сол хаттан шағын үзінді келтіре кету орынды болар. Жазушы: «Енді отыз бір жылдан кейін адам баласы 2000-шы жылды қарсы алады. Елдер мен жерлер тағдыры, тілдер тағдыры қақтығысар, қабысар дәуір басталады. Бүгінгі өнер, білім қуған талапты да талантты жастар, әке табысына семірген еркетай жастар, ой қумай, ойын қуатын футбол жанкүйерлері, бөрік ала қашатын ұры-қары, бұ­зақы-бұзық - заман бұралқылары, бәрі де сол дәуірдің аға буыны болмақ. Ал, ағалық деген ар­дақ­тылықтан гөрі жауаптылық болады.

Адам қоғамы қолдан жасалған бақша емес, ну ор­ман сияқты. Аралас өскен қарағай, қайың, қыз-қа­ра­ғай, терек, шынар, мойыл, ырғай, тал... жас өмір­дің ба­­­лаң-балғын шағында аңызақ желден көлеңке, үс­кірік желден ығын керек. Мал баласын бауырында өсіреді, ағаш біткен тұқымын ығына қарай төгеді. Адам баласы анасының құшағында, қоғамның шы­лау­ында өсе­ді. Аға буынның жауаптылығы да осында.

Мен ойлы, өнерлі деп үміт ететін, мұрты тебін­деп қалған ақын-жазушы жастарға бір-екі ауыз тілек айтқым келеді. Соңғы кезде осындай жастары­мыз­дың аузына идея, идеология, революция, мораль, тап күресі дейтін сөздер көп түспей барады. Өздері сол идея, сол революция, сол тап күресі арқылы күл-күрме өмірден құтылып, адам деген ардақты атқа ие болғандарын біле тұра, соның бәрін қасиет тұтпау ақылдылық емес, есерлік болады. Бұл бір.

Екінші, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін ескіден келе жатса да ескірмейтін бір қағидамыз бар. Бірімізді-біріміз сынау, менің үлкен бір арманым бойынша - бірінші жолдастық, бірінші достық, бірін­ші әділ сөз болу керек. Амал не, кейде қандай әдемі сөздер, қандай ұтқыр сөздер жолдасыңды мұ­қатуға арналып жатады. Бұл үлкен өкініш. Кейде сол ұтқыр сөздер «Орныңды босат, маған бер!» дегендей естіледі. Бұл үлкен өкініштен гөрі де үлкен өкініш. Әрбір ақын-жазушы әдебиетіміздің кең жайлауынан өзі тапқан орынға ғана келісімді болады. Ақын орны - қаламның қанаты қандай биікке көтеріп шығарса - сол жерде. Ондай орын, әсіресе, биік­те көп. Қы­ран­дай құлаштап, сермеп барып сол орын­ды ал. Өзгенің бәрі мансап та мансұқ!

Үшінші, жастарды ерте қартайтпауымыз керек. Балғын шақтың өз сұлулығы бар, өз қызуы, ұшқырлығы бар. Буыны қатқан, қызуы басылған аға буын аяғын қия басқан жасты дүрелей бастамауымыз керек. Әсіресе, жас дарынның жалынын тұншықтыру - қылмыс. Жалынды жас, дарынды жас көк шыбықты көрмей-ақ өссін.

В.Г.Короленконың алғашқы әңгімелерімен та­ныс­қаннан кейін-ақ А.П.Чеков: «Мұндай жаспен (парень) қатар жүру түгіл, соңына еріп жүрудің өзі қандай қуаныш!» деген. Біз мұндайға әлі тоқ мойындаумыз.

Қазақстан жас ақын-жазушыларының респуб­ли­калық мәжілісіне көп-көп сәлем, аз тілекпен - Ғабит Мүсірепов», - депті. Кемеңгер жазушы сол кезде елу­дің ішіне енді кірген қаламгер екен. Жоғарыдағы сөздерді даналық демей көріңіз, нағыз суреткерлік көрегендік десек те болар. Сенім мен үміт! Қазір ойласуға негіз бар. Бүгінгі пайғамбар жасына келген, не асқан әріптес­терімізді Ғабеңмен салыстырыңыз - ошақ басы, от қасынан аса алыппыз ба, алысты бол­жауға қайсымыздың шамамыз келіп жүр? Көбіміздің төгілтіп жастарға бата бере алатындай, тіпті, қау­қарымыз бар ма? Мақтана алмасақ керек, үлгіміз аз, сондықтан да, әй, ұятты-ақ шығармыз...

Мәшине ішінде Ғабең:

- Келін іренжімес пе екен саған қолқа салсам, - деді.

- Қандай қолқа, аға?

- Cен бірер күн менің қасымда болсаң, Ғазиза жеңгең сырқат алдыртуға. Бастырылыққан кезде біреу оятып жібермесе кәдімгідей қиналып қалам...

- Сіздің қасыңызда болғаныма келініңіз қуанбаса іренжімейді, - дедім.

- Онда бұл мәселе де шешілді деп нүктесін қойдық.

- Қазір сізге деген сыбаға да келіп қалар, келі­ні­ңізге ескертіп кеткенмін. Өтежан аузын ашып отыр...

- Иә, өңкей бір жалаңтөстер, маған әбден үйір боп алды, біразымен осы жерде танысып тәуір болды. Әйтпесе кейінгі жастарды біле бермейді екенбіз. Сен бекер әуре болғансың, Гүлбаршын келіннің қолынан дәмін татып жүрміз ғой...

Шығармашылық үйге де Ғабеңнің «балапандарымен» отырып, дәм таттық. Дәмнен кейін және бі­раз серуендеп, Ғабең бөлмесіне оралдық. Және әң­гі­ме. Әңгіме әртүрлі, сан алуан. Қызықты. Ғабең әр тараптан әрқалай сөз ұштайды. Бірде әдебиет, бірде тарих, бірде өнер, бірде ел, бірде жер, енді бірде бүгінгі тұрмыс, жекелеген адамдар ма, тегі, сырбаз Ғабеңдей, әңгімені нақышына келістіре шебер айтатын кісі аз шығар, тыңдай бергің келеді. Ғабеңнің әр әңгімесі бір дәріс секілді, үлгі, өнеге, тәрбие!

Бір сала әңгіме - Сәбең - Сәбит Мұқанов төңі­регінде өрбіді. Байқатқаны: Ғабит Мүсірепов жазушы Сәбит Мұқановты алға тарта сөйлейді, тіпті ұс­таз санайды, аға тұтады, жазу-сызу өнерін жоғарыда айт­қан­дай үлгі көреді. Аңдағаным, сөзінің арасында ирониясы бар, мақтап-мақтап отырып, сылқ еткізіп тас­тап жібереді, бой теңестіреді, тіпті сынап та алады. «Қасқыр да қас ойламас жолдасына» деп алып, өзінің Сәбеңмен елдес, жерлес, белқұда, ілік екенін сездіріп, Мұқановтың басты шығармаларын талдап, негізінен оң пікір айтады. «Сәбит төңкеріс дауылында әр арал­ға бір қамалған ақын емес, ол әр орынға бір паналап әдеттенбеген жазушы. Оның бар білетіні - кеңес жұрт­шылығы еді» дейді. Мәселен, Сәбиттің «Адас­қан­­дары» - ең бір көрнекті шығарма. Ол Рабиндранат Тагордың үлгісімен жазған новелла түріндегі роман. «Ботагөзі» ше! Ақ өлең! Қазақ­стан­да мұндай еңбек ет­кен жазушы аз. Сөз жоқ, өнді­рім­ді, әдебиеттің бар жанрында төгіле жазған қа­лам­гер, - деп ағынан жарылады. - Әттең, осындай жазу­шы­ға да тіл тигіздік, оның сыннан көз ашпаған кездері болды, өз ба­сым­ның ЦК-да жұмыс істеп жүрген ке­зім­де уақыт те­зіне еріп шолақ белсенділік танытқан кездерім бол­ғанын жасырмаймын. 1938 жылы оның «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті: ұлтшылдық-бай­шыл­дық дәуірі» деп аталатын оқулық кітабын зиянды кітап деп бағалаған кезімізді бүгін ұялыспен еске алуға тиістіміз, - деп опынады. - Жә, айранды көже­ге қосқан сәттер жет­кі­лікті», дей келе Ғабең мүдірді. Толқығандай болды да.

«Жалпы Сәбит (Мұқанов) те, Мұхтар (Әуезов) да бетке ұстасақ беделіміз, арқаға ұстасақ панамыз еді, бұл алыптардың жаны мен рухы үнемі бізбен бірге, бейнелері көз алдымызда. Енді олар жоқ - қазақ әде­биеті жұтқа ұшырады демелік, даналары­мыз­дың өзі­мізді тиісті жерінде еркелеткенін де, қажетті тұсында ұрысқанын да сағына тұрып, тек­тілеріміз алдында бұл пәни жалғанда түсінбестікпен жіберген кемші­лік­терімізді, өкпелеткен, ренжіткен кездеріміз болса еске алып, еске алған сайын үлкен рухтарынан кешірім өтінеміз, сөйтіп тазарып, бойымыз жеңілдер. Айту да қайту», деп барып тоқтады. Осыдан кейін Биағаң - Бе­йімбетке ойысты. «Бір өкінішім - Бейімбеттің «Қа­зақ қызы», «Қызыл жалау» дейтін романдарын қатар­ға қоса алмадым. Жазылғанымен ортаға түспей, шы­ғар­ма белгісіз боп барады», - деді Ғабең. Ілияс Жансүгіровке келгенде: «Ілиястың «Турксиб» пьесасы ғажап пьеса. Диалогқа қараңыз:

Орыстың инженері:

- Саба қазақты, жой мақұлықтарды, - десе, қазақтың ұлтшыл инженері:

- Сой орысты, сары орыстың бәрі орыс!» - дейтін.

Осындай шығармалар әлі «зынданда» жатыр. Сыртқа шықпай тұншығып жатқан қазақта алтын қор жеткілікті. Аймауытовтың Мағжан туралы толымды мақаласы, Мұхтардың Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) 50 жылдығына байланысты жазған көсемсөзі, Ахаңның Абай туралы баяндаған «Қа­зақтың бас ақыны» деп аталатын «Қазақ» газе­тін­дегі көлемді материалы, Бөкейхановтың Қоб­ылан­ды батыр жайлы зерттеуі келер болашаққа аманат боларлық дүниелер. Бұларсыз әдебиет орта...»

- Ғабит аға, жұрт сізді Алашордаға қарсы дейді, сол рас сөз бе? - деп қалдым мен сөз арасында. Сұрағым, әрине, орашолақтау шықты.

- Тек, - деді ол шошынып, - жұртың кім?

- Халық!

- Мен ұшқары сөзді қабылдамаймын!.. - Сөз үзіліп, Ғабаң демалғысы келетінін сездірді. - Осы сыймен жаталық!

«Қап!». Ғабеңді іренжітіп алдым ба? «Осы сыймен жаталық», дегені ауыр сөз болды-ау». Ғабең күнібойы жолдан шаршады ма, көзі бірден ілін­гендей болды. Мен соңғы сұрағымды ойлағанда ұйқыдан бездім. Тек таң ата көзім ілініпті...

Жазушының ықтиярымен мен жұмысқа кет­тім. Түс ауа келсем, Ғабит Махмұтұлының көңілі көтеріңкі, мені жақсы қарсы алды:

- Түнде тәуір ұйықтап шықтым. Басты­рылық­падым, - деді. Кешегі әңгіме ұмыт қалдырғандай. Сыртқа шығып серуендеп қайттық. Ол кезде мен баспа маңайында істейтін едім.

- Осы күні кітап саудасы қалай? - деді.

Бұл саланы тәп-тәуір білетін болғандықтан әңгімені жүйе-жүйесімен айтып шықтым. Жазушы сөзіме ризалық танытып, комитет бастығын мақтап сөз қосты:

- Елеукеновті білем, іскер жігіт қой, Шерияздан жұмысты жақсы жолға қойған екен, - деді. Осыдан соң ол өзінің ертеректе баспаның өзекті мәселесін көтерген «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақ­стан») газетінің бетінде жарық көрген ма­қаласын айтып, 1928 жылы жазылған сол ма­те­риалдың әлі күнге дейтін көкейкесті екендігін алға тартты. Әсі­ре­се, кітап дүкендерінің мән-жайы­на тоқ­талды. Таралым, кітап шығару мәде­ниеті төңі­ре­гінде сөз көрігін қыздырды. Соңғы жылдары жазған «Жат қолында», «Ұлпан» романдары жайлы ой тербеді. Сөздерінде мақтан жоқ, мағына бар.

«Жұрт көп томдыққа құмар, мен осыған қар­сы­мын. Алға қарасақ қайтеді деймін ағайынға - қандай заман келеді? Оқушы кім? Келер ғасыр кітапты ысы­рып тастамаса қайтсын, бұл - қауіп! Ала баға­н­ның аржағындағы жұрт бүгінде қол қоя алмайды дей­ді - халық түгелімен компьютер дегенге көшкен десе­ді, ал осы басқын бізге келсе ше? Әрине, беті аулақ...»

Жазушының қасында болған екінші күнім, түнім, менің осындай бүгінгі күн тақырыбында өрбіді. Осы күні ойлап отырсам, Ғабеңнің сол сөздерінің көбі жанды сөздер екен. Оның замана, қоғам туралы толғаныстары бүкпесіз шындыққа айналып отыр. Әсте ұмытылмайтыны: оның түн­де, шам сөнгесін, өз бөлмесінде, қараңғыда жатқа оқыған бір монологы. Төбе шашым тік тұрып, құйқа шымырлаған. Ғабең бейне бір театр актері іспеттес, жаңылыспайды, қоңыр үні керемет.

«Бір кездегі өткен түс секілді, көрген күнің көр секілді еді. «Баяғыны» сағынушы едің, «қазір­гіге» қамығушы едің. «Әттең Тәңірімен» күнің өтті. Тілің шықса, үнің шықпады. Үнің шықса, күнің шықпады.

Қазақ деген халық едің. Еділ-Жайық, Есіл, Нұра, Арқа, Сыр, Ертіс, Орал, Алатау, Алтай меке­нің еді.

Осылардай ұжмаққа меңзес жерлерің бар еді.

Айдын шалқар көлдерің бар еді.

Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерің бар еді.

Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін

билерің бар еді.

Дұшпан күндерлік күйлерің бар еді.

Ел бастайтын көсемің бар еді.

Сөз бастайтын шешенің бар еді.

Ақ киізге көтерген хандарың бар еді.

Ізгі қария шалдарың бар еді.

Сауық-сайран жиының бар еді.

Бақ-береке ұйымың бар еді.

Кедейің жоқ, бай едің.

Төрт түлікке сай едің.

Сол күндерде арманың бар ма еді?

Жоқ секілді еді. Сонан да, қазақ, айырылдың!

Онан қымбат нең бар еді?

Мойныңа бұғалық түсті бұлқынбадың.

Құрық көтеріп еді, қолға тұрдың.

Арғымақ едің, жабы болдың.

Жүгенсіз мінді, қақпалап жүрді.

Ерқашты қылды, көне бердің.

Баяғы дәурен көзіңнен бір-бір ұшты.

Қамықтың, жабықтың.

Біздің қазақтың басшылары тана, моншаққа қызығып, жер жүзінде еш халық дәреже көрмеген болыстықты зор абырой, бақыт көріп адасты. Талас қанына сіңді. Атадан балаға мирас болып қалды.

Ер адасса, ел адасушы еді.

Ерлеріміз адасып еді, еліміз де адасты. Сол адасудан әлі беті оңға бұрылған жоқ.

Енді біз қашан жұрт боламыз?

Адасуды әлі де қоймасақ, істің түбі неге соғар? Алаштың азаматы, осыны ойлайық!

Ардақты ақсақалдар, атқа мінген ағалар, ел билеген жақсылар!

Талас-тартысты енді қойыңдар!

Ынтымаққа қайтыңдар!

Құдайдан қорқыңдар!

Жұртты ойлаңдар!

Нәсіл-несіптің көз жасына қалып жүрмеңдер!»

Ақ өлең үлгісіндегі толғауын айтып болған жазушы «уһ» дегендей болып басылды, үнсіз жатты. Әлден уақытта: «Шуда жіп тартылды, енді тынысталық!» деп дауыстады.

Бақсам, Ғабеңнің сол оқыған монологы Мір­жақып Дулатовтың сөзі екен, бәрі кейін белгілі болды ғой. Алаштың отты сөзі! Мен ұлы Ғабеңе: «Сізді Алашордаға қарсы дейді, сол сөз рас па?» деп сұрап едім, керек болса, міне, сол сұрағыма берген жауабы!

Сөйткен Ғабең - Ғабит Мүсірепов - 1985 жыл­дың 31 желтоқсанында, Алматыда дүниеден көш­ті. Әкемдей көретін көркемөнердің ақ сауыт панасы - Ғабең туралы сол суық хабар құлаққа жеткенде жазу үстелімде ақ параққа «Мүсірепов жайлы сөз» деп жазып қойып, кейін жалғас­тыр­дым. Еш жерде жа­рияланбаған сол жазбамды енді «Егемен Қазақстан» арқылы халық назарына ұсынып отырмын.

«Ұлы дәуірдің үш революциясын басынан өт­кер­ген шырағдан сөнді. Орыстың соңғы классигі ортамыздан кетті» деген ғой Алексей Толстой Мак­сим Горькийдің қаралы панихи­дасында. Ға­бит Мүсіреповтей ноқта ағамыздан айрылған сәтте біз де сол Толстой сөзін жаңғырта: «Алыптар тобы­ның» ақырғы арысы арамыздан аттанды. Қазақтың соңғы классигі дүниеден көшті», - деппіз.

Ғабит Мүсіреповтің өмірі бай да ұзақ өмір, ғұ­мыр­намасы қызығуға тұратын ғұмыр, жазушылық өнері шынайы мектеп. Ол - өз ұлтының, қазақ хал­қының символы бола білген арыс. Бұл оның бойына жарасатын шындық еді, боямасы жоқ анықтама болатын. Сол арыс, саналы уақытын бос өткізбеген жазушы - Ғабит Мүсірепов соңында мол мұра қалдырды.

Әлі жадымда, 1977 жылы өзімді көптен толған­дырып жүрген тақырып - халық батыры Аманкелді Иманов жайлы, ол өскен орта төңірегінде көркем шы­ғарма жазуға отырдым. Роман уақиғасы бір кі­тапқа сыймайтындай болды да көп томдық дүние  болып жоспарланды. Алғашқы бөлігі жазылып біт­кен. «Жұлдызда» шықты. Оқушылар жылы қабыл­да­ды. «Қызыл жалау» деген атпен «Жалын» баспасына ұсынылды. Баспа қолжазбамды жа­сырын ре­цензияға берген. Ақ-қараны рецен­зент­тің пікірі ше­шеді. Баспа директоры Қабдікәрім Ыдырысов бұл іске өзі араласып, мен жазған тақырыпты жете бі­ле­тін түпқазық жазушымыз Ғабит Мүсіреповке оқуға беріпті. Оқуға бергенде журналдық нұсқасын - «Жұлдыздағы» вариантын қатар ұсынған.

Ұлы жазушының тезінен өту - емтихан біт­кеннің ең қиыны, әрі зоры, тағат таппай күтумен болдым. Көңілдегі бір медеу, жығылсаң нардан жығыл деген деп, үлкен кісі не айтар екен дейтін бір үміт, бір күдікпен айлар өтіп жатты...

Осылайша қобалжып жүргенімде Қабдікәрім ағамыз:

- Ғабең саған сәт сапар жазыпты, романың ұнапты. Маған ауруханада көңілін сұрай барға­ным­да айтты. Басуға болатын тәуір шығарма деді, өзің барып алып кел, демесі бар ма.

Ғабең үйіне қалай барамын? Есіме Сәкең - Сәкен Жүнісов түсті. Болған жайды айтып ертіп баруын өтіндім. Сәкен ағамыз да екі сөзге келген жоқ, келісе кетті.

Ғабең Сәкенмен жылы сәлемдесіп, өзара шүйір­ке­лесе кетті. Мен елеусіз отырдым. Сәлден соң барып, келген шаруамызды айтқанда Ғабең баяу қоз­ғалып, жазу үстелінің үстінен жазған дүниесін алып, маған ұсынды.

- Тақырып қоймадым, - деді жазушы. - Баспадағылар оқып көрер...

Толқығаным сонша, «рахмет» дей де алмаппын. Жүрек дүрс-дүрс соғады. Ертіп келген Сәкеңді де ұмытып, дәлізге қарай шыға беріппін.

- Ау, тоқта, қазір бірге барамыз! - деді Сәкен. Сол кезде барып, кілт тоқтағаным есте.

- Оқа жоқ, - деді Ғабең сәл жымиып, - Қабді­кәрімге апарып бер, оған айтқанмын, баспаның кәдесіне жараса байқар!

- Жарайды, Ғабе! Мына Қоғаш өзі жалғыз келуге қобалжыған соң бастап келіп едім, сізге рахмет, табысты боп барамыз, мұның қуанышында шек жоқ! - деді Сәкен жазушының үйінен шығарда.

Ғабит Мүсіреповтің алғы сөзімен роман 1979 жылы жеке кітап боп, жарыққа шықты. Әр кітаптың өз тағдыры бар, менің бұл жердегі айт­па­ғым - ұлы адамның мені бағыттаған сара жолы.

«Сен Аманкелдіні большевик қылам деп бос әуреленбе, батырды адами қалпында ғана көр­се­туге тырыс!» деген сөзі өмір бойы есімнен кетер ме.

Тағы бір тұста:

- Бұл тақырыпты қаузаған жазушы Алашқа соқпай өтпейді, абай бол, Алаш арыстарына тілің тиіп жүрмесін! - деді - Аруақтар алдында бәріміз де қарыздармыз, біліп айтқанымыз бар, білмей айтқанымыз бар, жаққан жала, шашқан күл жете­ді, күйе аз емес, бәріне уақыт безбен, түбі ақиқат айтылар күн туады, асықпай ілгері жылжы!

Жазу үстелімде Ғабеңнің шағын портреті тұра­тын. Үйде қонақта болғанында сол суреттің сыр­тын­дағы қатырмаға: «Қоғабай ініме, күтумен, сеніммен, үмітпен» деп жазыпты. Сол жылдары Ғабеңнің «24 сағатта» дейтін кішкентай сый (сувенир) кітабы шықты. Сол кітапқа менің Ибрагим дейтін балама: «Қай Ибраһимге тартсаң да өзің біл!» деп қолтаңба жазып берді. - Даналық, дара­лық деген осы!

Ғабең, Ғабең еді ғой... Ұлы жазушы жазу өне­рін­де қандай жоғары, өр, биік болса, жеке өмі­рін­де де қайталанбас тұлға еді... Қайран, Ғабең!

Ғабит Мүсірепов - қазақтың ар-ұяты дерлік кісісі-тін, өмірде Абай айтқан жарық дүниенің толық адамы болып өткені күмәнсіз.

Ғабең бейнесі жүректе сақталып, шығарма­шы­лығы ойда тоқылып, өнегесі әсте ұмытылмай, тағылымы ұрпақтар көкірегінде жүре береді.

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340