Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2889 0 пікір 26 Наурыз, 2012 сағат 10:17

Ардабек СОЛДАТБАЙ. Оппозицияшыл мырзалар

 

Винявский үшін кім күреседі, не үшін күреседі? Бұл сұрақ бүгін төтесінен қойылуы керек. «Елге өзгеріс керек, төңкеріс керек, онсыз күніміз қараң» деп жүрген бүгінгі оппозиция «серкелерінің» бірі - ел ішіне жік салмақ болғаны үшін қамауға алынып тергеліп жатқан Игорь Винявскийді қорғау жөнінде арнайы комиссия құрылып, сонау Еуропаны шуылдатып жатқан кезде біздің үнсіз қалғанымыз жарамас деп таптық.

 

Винявский үшін кім күреседі, не үшін күреседі? Бұл сұрақ бүгін төтесінен қойылуы керек. «Елге өзгеріс керек, төңкеріс керек, онсыз күніміз қараң» деп жүрген бүгінгі оппозиция «серкелерінің» бірі - ел ішіне жік салмақ болғаны үшін қамауға алынып тергеліп жатқан Игорь Винявскийді қорғау жөнінде арнайы комиссия құрылып, сонау Еуропаны шуылдатып жатқан кезде біздің үнсіз қалғанымыз жарамас деп таптық.

Игорь Винявский, Владимир Козлов,  тағысын тағы «ова-евалар»... Біздің демократиялық қоғам үшін «күресіп» жүрген қайраткерлеріміз... Күлкім келеді. Сонда олар, шынымен де, өз ертегілеріне өздері сене ме?! Қайдағы біреулерге намысын жыртқызып қойып, қарап отыратындай қазақтан ұл тумап па! Өз ішіміздегі орысшылдар, мәңгүрттер қазақ ұлтының мәселесін солар шешіп беретіндей жалбақтап, даурығысып, солар үшін бір бірінің бетін тырнап, жағасын жыртып жүргені жанға батады. Шынымен де, олар бір ауыз қазақша білмейтін, ешқашан қазақ ұлтының мүддесін көтеріп көрмеген Игорь Винявскийді танымай ма? Менің ойымша, таниды, оның кім екенін де біледі. И.Винявскийге жел беретін күштер оларды да сатып алған тәрізді. Баяғыда. Мен бүкіл оппозицияны жамандайын деп отырған жоқпын. Өрелері жеткенше іс жасап, саналары жеткен жерден көрініп жүр. Одан артықты талап етудің қажеті де жоқ  олардан. Оппозиция да қазаққа, қазақ ұлтшылдарына, қазаққа жаны ашитындарға емес, орыстілділерге арқа сүйеу арқылы халықтан алшақтап кетті. Асыра айтты десеңіз, тыңдаңыз. Біз сөз еткелі отырған жайттар күні кеше ғана болған.
Давид Ганелин. Павлодар облысы әкімінің қолынан мақтау қағазын алған қадірлі ұстаз. Павлодардағы орыстілді қауымның беткеұстар зиялыларының бірі. Облыстық, қалалық газеттерде мемлекеттігімізге қатысты анда-санда «маңызды» мәселелер көтеріп тұрады. Оның соңғы рет көтерген мәселесі барлық мектептерде таңертең әнұранның айтылуы жайлы еді. Қазақ елінің Әнұранына шәкірттерінің тілдері келмей тұрғаны жанына қатты батады екен. Оқушыларды бұлай қорлауға болмайды. Ашынған ұстаз шәкірттерін қорғау үшін қолына қалам алып, әнұранды жерден-алып жерге салыпты. Әнұран айтқан кезде ержетіп қалған ер балалардың қозып кететінін, алдында тұрған миниюбкадағы мұғалім Әнұран орындаған кезде оқушылардың құмарлығын оятып жіберетінін қинала жеткізіпті. Сөйтіп, қасиетті рәмізімізді, елдік белгіміз - Әнұранды «Камасутраға» теңеді. «Маса.кз» сайты бастап қазақтілді баспасөз бұл мәселені дер кезінде көтеріп, қоғамдық ұйымдар қостап, ұлт жанашырлары арсыз ұстаздың үстінен прокуратураға шағым түсірді. Құқық қорғау орындарының қалай жауап қайтарғанын білесіздер ме? «Егер ол адам намыстарыңызға тиген болса сотқа шағымданыңыздар» - деді. Яғни арнайы заңмен қорғалатын мемлекеттік рәміздің қорланып аяқасты болып жатуына мемлекеттің заңдарының орындалуын қадағалайтын мекеменің басы ауырмай ма? Мұндай масқара біздің елімізде ғана болатын шығар. Ганелин мырза мұрты қисаймай гөлайттап жүріп жатыр.
Сергей Кибасов. Көкшетауда шығатын «Степной маяк» газетінің редакторы. Ұлттық мұрамыз, қасиетті құндылығымыз, бүкіләлемді таңғалдырған көшпелілердің баспанасы - киіз үйімізді «қайыршының баспанасы» деп атаған қу. Нақтылап айтсақ, ол басқаратын газеттің кезекті бір санындағы сөзжұмбақта «юрта» деген сөзді «жилье бомжа» деп жасырылған. Мұны да дер кезінде байқаған қазақтілді баспасөз үлкен мәселе көтеріп, жоғарыдағы көкелердің құлағына жететіндей шу шығарған. Анау болса, «ойбай, біз байқамай қалдық, ресейлік бір басылымнан көшіріп басып едік, ешқандай кінәміз жоқ» - деп ақталды. Біздің рақымды билік оны кешіре салды. Қудаламады. «Айта берсін, енді тасүйде тұрамыз, киіз үйің пұл болмаса, күл болсын» деген кейіп танытты. Қазақ қоғамының да ашуы біртіндеп сабаға түсіп қалды. Билік айтты, бұқара көнді, болды. Кибасов болса қисалаңдап, арсалаңдап, түк болмағандай әлгі лауазымды қызметті әлі атқарып, бюджеттен тегін қаржыны сорып жүріп жатыр.
Артем Русакович. «Эйр Астана» әуе компаниясының бортында жүретін «Lets go» - «Поехали» журналының белсенді авторы. Бұл бәтірің әнұран, киіз үй деп ұсақталмай-ақ, жер дауын бір-ақ қозғады. Нардан жығылғысы келген ғой. Сабазың өткенді ойлап қабырғасы қайысатынын, әсіресе «кездейсоқ Қазақстанның меншігіне өтіп кеткен» Орал қаласының жағдайын ойласа жаны байыз таппайтынын айтыпты журналда. Анау-мынау ауылдың қазағы емес, ылғи ығай-сығай ғана мінетін ұшақтағы борт журналында жарық көрген мақалаға сол «ығай-сығайыңның» бірі де селт етпеді. Шыр-пыр болған тағы да қазақ баспасөзі, қазақ ұлтшылдары, алашшыл азаматтар ғана. Билік те, оппозияция да саңырау бола қалды. Өйткені, Артем Русаковичке олардың қай-қайсысының да тісі батпайды. Артем арсалаңдап, адыраң-едірең етіп, аман-есен жүріп жатыр.
Николай Живилев. Кәсіпкер. Алматыдағы қан базардың қақ ортасынан ойып тұрып, орын алған «Глория сауда» үйінің қожайыны. Оның аты шығуына қаршадай қазақ қызымен тартысы себеп. Базардағы бірнеше сауда контейнерінің иесі болып табылатын жеке кәсіпкер - қазақ қызын ұлтжандылығы үшін, Қарақалпақстаннан келгендігі үшін жек көретін Живилев бір оған емес, бүкіл қазаққа қаратып былай деді: «Қазақтар, сендер бәрің де менің белімнен төменсіңдер, мен бәріңді сатып аламын». Мұнан өткен қорлық болмас. Осы бір ауыз сөзі үшін оны қидалап тастауға, тіпті болмаса жер аударып жіберуге болар еді. Әрине, ол сатып аламын деп сот, прокурор, полиция секілді құқық қорғау орындарын меңзегенін түсінеміз. Живилевпен тағы да тек қазақтілді басылымдар ғана тартысты. Айтылды, айтылды, жерде қалды. Әлгі кәсіпкер келіншекпен арадағы дауды соттың Живилевтің пайдасына шешіп бергеніне өзіміз куә болдық.
Мұндай мысалдар көп. Астанадағы №32 мектептің директоры, Гродер деген мектептегі қазақ сыныптарын жауып, ашқызбай қойған. Ата-аналар улап-шулап, біраз мекеменің есігін қаққандарымен еш қайыр болмай, ақыры балаларын алыста орналасқан №38 мектепке тасып жүр. Мектептің дәл жанында Астана қалалық мәдениет басқармасының бес қабатты жатақханасы бар. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің 6-7 тұрғын үйі де осы жерде. Бәрі де бюджеттік мекеме қызметкерлері. Қатты айта алмайды. Басқа салғанға көніп, қазақша оқыту үшін балаларын қинап, алысқа апарады. Қаншама уақыттарын сарп етеді. Қанша мәрте жұмыстан қалып сөз естиді. Ал Гродер деген герөйіңе қазақ балаларының тағдыры бес тиын ба?
Айтпақшы, тек басшылар ғана емес, қосшылар да өз құқықтарын керемет қорғайды. Мәселен, Алматы қаласындағы №11 балалар музыка мектебінің директоры Бұлбұл Оспанова оқу орнында іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіріп, қазақ балаларына білікті ұстаздарды шақырып, білім бергізгені үшін бірнеше мекемеге барып жауап беруіне тура келді. Өйткені, ол орыстілді мұғалімдердің құқығын аяққа таптапты. Құдайға шүкір, Әуезов аудандық білім басқармасы ұлтжанды басшының үстінен түсірген арызды қанағаттандырмай тастады. Алайда, Бұлбұл толық жеңіске жетті деп айтуға болмайды. Аналар да үмітсіз емес.
Міне, көрдіңіз бе, Игорь Винявский кім үшін күресіп жүр? Ол «біздің мемлекетіміздің тұтастығы үшін бір іс тындырды» дегенге нанбаймын. Мен оны жақсы танитын болғандықтан, бір жерде жұмыс істеп, жақыннан көріп-біліп, мінез-құлқын аңдағандықтан, осылай батыл, сеніммен айта аламын. Ешбір қазақ оған өз тағдырын, елінің жайын, мемлекетінің саясатын, ұлтының болашағын сеніп тапсырып аманат қылған емес.
Павлодар қаласындағы «Ирбис» телеарнасында бас менеджер болып істеген кезінде, оның қазаққа, қазақ тіліне деген көзқарасы ашық көрінді. Қазақ тілінде тек жаңалықтарға ғана 5-10 минут эфир беретін. Оның өзінде қазақ журналистері орыстілді журналистердің сюжеттерін аударып берумен ғана шектеледі. Себебі, қазақтілді журналистерге оператор бермейтін. Қазақ тілінде бағдарламалар ашу туралы ұсыныстарды ылғи да аяқасты ететін.
Шын мәнінде, Игорь Винявский елге тұлға, оппозицияға серке болатындай парасат иесі емес. Мінезі жеңіл, сын көтермейді. Игорь Винявский білімі, білігі, парасаты арқылы емес, оппозицияны айтақтайтын сыртқы ықпалды күштердің арнайы дайындауымен өсіп шыққан тұлға. Ол қызмет істеген барлық басылымдардың ар жағында сол топтар тұрғандықтан, ешқашан еліміз туралы жақсы лебіз білдіріп көрген емес. Ол ақты ақ, қараны қара деп айтпайды, бәрін бірақ қаралайды. Оның пенделік істерін, жеке басына қатысты шым-шытырық хикаяларын айтып, оқырманның басын ауыртқымыз келмейді. Тек қазаққа қатысты ұстанымын ғана жеткіздік. 
Игорь Винявский тек жоғарыда біздер мысалға алған адамдардың құқықтары мен бостандықтары үшін күреседі. Олар болса, енді оны қорғау үшін шулап жатыр. Оларға иек артқан оппозиция бұлай опа таппайды. Ондай оппозиция қазаққа керек емес.

Ардабек СОЛДАТБАЙ,
журналист

«Жас қазақ» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339