Грузияның премьер-министрі қызметтен кетті
Грузия үкімет басшысы Георгий Гахария қызметтен кетті. Премьер-министр бұл шешімін арнайы брифингте айтты, деп хабарлады Эхо Кавказа. Гахария мәлімдемесі әлеуметтік желіде жарияланды.
Премьер-министр Георгий Гахария қызметтен кететін мәлімдеп, бұл шешімін билік басындағы "Грузин арманы" партиясымен келіспей қалуымен түсіндірді. Бұның алдында күш құрылымдары "Біріккен ұлттық қозғалыс" оппозициялық партиясының штабына арнайы операция жүргізген.
Ішкі істер министрлігі бұл операцияны оппозициялық партия төрағасы Никанор Мелияны ұстау мақсатында дайындаған. Осындай шешімді Тбилиси қалалық соты шығарған. Никанор Мелия билікті күшпен басып алуға талпынды деген айыппен қозғалған іс аясында 70 000 лари ($21 000) кепілқұн төлеуден бас тартқан.
Георгий Гахария сот шешімімен келісетінін, бірақ арнайы операция салдары үшін жауапты болғысы келмейтінін мәлімдеді.
Георгий Гахария 2019 жылғы қыркүйекте премьер-министр қызметіне тағайындалды. Былтыр күздегі сайлауда жеңіске жеткен "Грузия арманы" партиясы Гахарияны үкімет басшысы қызметіне қайта бекітті.
Abai.kz