Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Экономика 52881 5 пікір 19 Ақпан, 2021 сағат 13:38

21 млн.га жуық жайылымдық жер тозып кеткен

ҚР Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде "Жайылымдар туралы" ҚР Заңын іске асыру туралы" тақырыбына арналған кеңейтілген отырыс болды. 

Отырыстағы негізгі мәселенің бірі - өңірлердегі жайылымдардың тапшылығы және осы проблеманың шешімін заңнамалық қамтамасыз ету болды.

"Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыстарда байқалып отыр. Малдың 80%-ға жуығы ауылдық елді мекендер маңайында және оның айналасында жайылады. Осыған байланысты бұрын жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген 21 млн.га жуық жайылымдық жерлер қатты тозып кетті", - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

Депутаттың айтуынша, кейбір ауыл тұрғындары кезінде ұзақ мерзімге ауқымды жерге ие болғанымен бүгінде оны пайдаланбай отыр. Әрине, бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырады. Ол сондықтан да осы бағытта қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу қажет деп санайды.

Мемлекеттік органдардың өкілдері осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айта келіп, ауыл тұрғындары үшін жайылымдардың тапшылығын өздері де растады.

Отырыс қорытындысы бойынша оған қатысушылар ұсынымдар әзірледі.

"Мен бүгін жергілікті жерлерде "жайылым пайдаланушылар бірлестігін" құру қажеттілігі туралы айтылған ұсыныс қолданыстағы заңнамаға және біздің елімізде іске асырылып жатқан саясатқа сәйкес келеді деп санаймын. Сонымен қатар, жекелеген мал иелерінің осы ұйымдарға міндетті түрде кіруі жөніндегі заң нормаларын белгілеу, сондай-ақ осындай бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту маңызды", - деді комитет төрағасы Әли Бектаев

Сенаторлар сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігіне кейбір заңнамалық актілерге, оның ішінде Жер кодексіне жайылым тапшылығы мәселесін шешуге ықпал ететін түзетулер енгізу мәселесін пысықтауды ұсынды. Ал жергілікті атқарушы органдар жайылым жерлерін түгендей отырып, әрбір ауылға қажетті жайылымды анықтайды және жайылым инфрақұрылымын дамыту шараларын жүзеге асуына бақылауды күшейтетін болады.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1095
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1925
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1906