Жұма, 29 Наурыз 2024
Жауап 4818 12 пікір 22 Ақпан, 2021 сағат 12:20

Сопылыққа халық пен билік қалай қарайды?

Құрметті оқырман! Осыдан бір апта бұрын Abai.kz ақпараттық порталында белгілі йасауитанушы, тарихшы Зікірия Жандарбек мырзаның «Қожа Ахмет Йасауиді таныдық па?» атты мақаласы жарияланған еді. Аталған мақалаға қатысты отызға жуық пікір жазылыпты. Біршама сұрақтар қойылған. Мақала авторы Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының пікір, сауалдарына портал арқылы жауап берді. 

Редакция


Құрметті оқырмандар!

Менің «Қожа Ахмет Йасауиді таныдық па?» атты мақаламды біршама кісі оқып, пікір білдірген екен. Арасында сұрақтары да бар. Сол сұрақтарға жауап беріп, бұл тақырыпты көтерудегі негізгі мақсатымды халыққа кеңірек таныстыруды жөн көрдім.

Әрине, пікірлердің көпшілігі мақалада көтерілген мәселеге ойлана қоймағандығы, автордың қиялынан шыққан шатпақ ретінде қарайтындығы байқалады. Ол кісілер өздері білер. Бірақ, бір шындық бар. Ол – адамзат баласының басына ақырзаман қатерінің күн санап артып келе жатуы. Қазіргі күннің өзінде әлемде миллиондаған адам баспанасыз қалып, миллиондаған адам ашаршылық тақсыретін басынан өткере бастады. Бұл мәселені ешкім өтірік деп айта алмайды. Әлемге әмірін жүргізіп отырған АҚШ мемлекетінің өзін соңғы аптадағы қыстың қаһары шарасыз халге түсірді. Қаншама халық, жарықсыз, отынсыз қалып, ондаған кісі сол суықтың құрбаны болды. Ал одан басқа қаншама елдер айлап су құрсауында қалып отыр. Одан басқа күн сайын ондаған қаншама түрлі апаттар жер бетінің барлық жерінде болып жатыр. Кей мемлекет басшылары өзге елдерден халқын құтқару үшін, көшіретін жер сұрауда. Осының бәрін күнделікті көріп отырған жан адамзат басына үлкен сынақтың келе жатқанын сезінбеуі мүмкін емес. Ал, біздің әулие ата-бабларымыз мұндай қатердің боларын осыдан үш жүз елу жылдай бұрын айтып кеткен Мөңке би, Тайжан би сияқты билердің, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Сәттіғұл, Балмағамбет  сияқты жыраулардың шығармаларында ақыр заман белгілері толығымен айтылған болатын. Сол кісілердің жырларында ол апаттан құтылу жолдары да айтылғанды. Мысалы, Аралбай жырау былай дейді:

Таусылды деп өкінбе,
Алласы нұрмен қаусырған.
Көрерсің Хақтың дидарын:
Кір жұқпаса діліңе,
Адал болсаң дініңе -
Жұмыртқадай аршылған.
Жаббар Хаққа ұнайсың,
Зікір айтып зарласаң.
Жамағатқа ұнайсың,
Пікір етіп барласаң.
Одан өткен амал жоқ
Шартарапты шарласаң.
Осыларға бекем бол,
Ахиретті қамдасаң.
Мәдинада - Мұхаммет.
Түркістанда - Қожа Ахмет.
Маңғыстауда - Пір Бекет.
Солардан сұра, нанбасаң.

Ақтан Керейұлы болса, былай деп жырлайды:

Әруақты аталар –
Барлығынан өтетін
Қазақты асыл деп еді.
Сондықтан да ұрпағым
Түзелер деп қисайып
Сендерге бабаң сенеді!..
Жаратушы Алланың
Берері бізге көп еді.
Сыйынсаңыз Аллаға,
Сарқылмас әсте берері.
Тар заманның шағында
Тебіреніп көңіл, жата алмай
Көкірегім менің шайылған.
Шайылмай жүрек не қылсын:
Айрылды байлар қайырдан,
Айрылды ерлер зайырдан.
Заманның мынау бораны
Топшымды қатты қайырған.
Шайырда сондай арман бар,
Айтатын әлі пардам бар.
Белеңі бар бедеудей
Біртүрлі заман тап келді —
Жығылып, жұртым, қалмаңдар.
Хаққа бір кәміл нанғандар,
Расулға үмбет болғандар,
Иманға көңлі толғандар,
Алланың атын жар етіп,
Зікірін айтып зарлаңдар.
Құдайдан фазыл болмаса,
Пендеден қандай қайран бар?!

Міне, осы жыр жолдары адамның үмітсіз болмауы керектігін ескертеді. Біздің осындай әруақты бабаларымыздың арқасында біздің жерді апаттардан Тәңір Тағаланың өзі қорғап тұрған шығар. Демек, біз үшін, егерде ата-бабаларымыздың руханиатын қайта көгерте алсақ, Рухани әлеммен мына халықтың рухын қайта жалғастыра алсақ, онда бұл қатерден қазақтың құтылып кету мүмкіндігі бар. Мақаладағы басты айтылған идея осы болатын. Заманында Қожа Ахмет Йасауи бабамыз төніп тұрған ақыр заман апатынан адам рухын Рухани әлеммен байланыстыру арқылы құтқарған болатын. Ол үшін бізге сол кісінің рухани ілімін қайта жаңғыртып, Рухани әлеммен байланысты қайта қалпына кетіруіміз керек. Бірақ, біз бар халықты аман алып қаламыз деп айта алмаймыз, кім Рухани әлеммен байланысып, рухани кемелдікке жететін болса, солардың аман қалуға мүмкіндігі толық мүмкіндігі бар екендігін ескертеміз.

Ендігі кезекте мына мәселеге қысқаша тоқталып өтелік. Осы жолдарды оқып отырған кісі, біз не бүлдірдік? Ел сияқты өмір сүріп жатырмыз,- дейтіні анық. Қазіргі адам рухының азғындап, адам ойына келмеген қылмыстарға барып жатқанын күнде көріп, біліп жүрміз. Өткенде бұл туралы қазіргі қазақтың рухани азғығындыққа ұшырап, өзінің табиғи болмысынан, адамгершілік шекарасынан көп алшақтап кеткенін жазған болатынбыз. Олардың барлығын санамаламай-ақ біздің рухани болмысымызға сай келмейтін азғындықтардың болып жатқанына бәріміз куәміз. Мен олардың барлығына қазір тоқталғым жоқ. Тек, бұл жерде Йасауи бабамыз заманындағы қоғамның азғындауы мен біздің дәуіріміздегі азғындық арасындағы ұқсастықты салыстыра отырып талдағанымыз дұрыс болады ғой деп ойлаймын. Йасауи бабамыз өз дәуірінің рухани ахуалын былай сипаттайды:

Ей, достар, ақыр заман болды көргін,
Дінсіз, кәпір бұл әлемге толы көргін.
Хақ құлдығын қойып, барша дінсіз болды,
Соның үшін Қаһһар азап қылды көргін.

Ақыр заман нышаны сол – жақсылық етті,
Қаһһар Ием қаһарымен үкім етті.
Халайықтар діннен қайтып, дінді ұмытты.
Ислам әлсіз болып, қолдан шықты көргін.

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,
«Күннен күн бетер» деген хадис жетті.
Пайғамбар айтқандары келіп жетті.
Бұл дүниені қараңғылық басты көргін.

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,
Біліп тұрып, өздерін отқа атты.
Өзі амал қылмай, халыққа ілім үйретті.
Бұл дүниені қараңғылық басты көргін.

Пейлімізден бізге азап қылды Алла,
Шүкір етпедік, жаза көп, бар ма шара?
Жақсылықтың есігін жапты бізге бола,
Соның үшін жүз мың бәле болды көргін. (101-хикмет)

Йасауи бабамыздың осы жазғандары бізде де қазіргі күні толығымен қайталанып жатқанына бәріміз куәміз. Ал, Хикметтің мына жолдарында баяндалған нәрселер біздің заманымызда болып жатқандығына ешкім шәк-шүбә келтіре алмайды:

Көрмеймісің заманалар сор қайнады,
Бұрынғы қадірмендік еш қалмады.
Қадір білмес нақұрысқа орын тиді,
Ғалым, дәруіш, не жақсы қор болды көргін.

Қорқау, қарау, дінсіз құлдар болды хакім,
Менмендік шектен шығып болды залым,
Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым,
Қорғаушысы халықтың кәпір болды көргін.

Діннен безген кәпірлердің қапері жоқ,
Дүние, малын жиып, еш тояры жоқ.
Мықты, зор боп, өлімнен еш хабары жоқ,
Озбырлардың діні дүние болды көргін.

Міне, Йасауи бабамыздың заманындағы бар азғындықтың біздің күнімізде де қайталануы бізге де ақыр заман апатының келгенін дәлелдейді. Сондықтан өткенде жазылған мәселелерді қайталап жатудың оншалықты қажеті жоқ. Йасауи бабамыздың заманынан біздің дәуіріміздің ерекшелігі сол - азғындық уағыздары бүкіләлемдік деңгейде Жаһандану үдерісі аясында жүргізіліп жатыр. Қазіргі еліміздегі ғылым, білім, мәдениет, дін барлығы жаһандану үдерісіне қызмет етуде. Ұлттық болмыс, ұлттық ерекшелік жаһандану үдерісінің қанжығасына байланды. Қазіргі мектептерде оқып жүрген балаларымыз шала сауатты, дүмбілез, адами болмысынан көрі хайуани болмысының қамын ғана ойлайтын биороботтар деңгейінде  тәрбиеленуде. Ал бізді жаратқан Құдіретке ондай биороботтар қажет емес. Руханиаттан хабары бар, өзінің кім екеніне көз жүгіртіп, қайдан келдім, қайда барамын, ертеңгі күні не боламын?- дейтін адам керек. Жаһандану үдерісіне дем беріп, адамзат баласын азғындыққа ұшыратып отырған атышулы топ бұған да қанағат етіп отырған жоқ. Ендігі мақсаты – адам баласына түрлі аурулар жіберіп, жер бетіндегі халық санын азайту. (Мына короновирус атты кеселдің сол атышулы топтың лаборотоияларында жасалғанын, осы кесел арқылы қаншама халықты жою жоспары болғанын әлемдік баспасөз беттерінде жазылып та, айтылып та жүр.)  Қалғандарын чиптендіріп, өздігінен ешқандай әрекет жасауға қауқарсыз, тек белгілі орталықтарда жасалған бағдарламалар арқылы басқарылатын биороботтарға айналдыру. Мұндай жағдайда Алла Тағалаға мұндай биороботтар тобыры қажет пе? Жоқ қажет емес. Міне, бұл адамзат баласына ақыр заман апатының келуінің басты себебі осы. Бұл келе жатқан апаттан құтылудың жалғыз жолы – адам баласының өзінің рухани болмысына қайта оралуы. Қазақ халқы үшін ол – Йасауи жолы.  Құрбанәлі атты оқырманымыз: «Зікірия, нақты айтшы, сонда не істеуіміз керек? – деп сұрақ қойыпты. Бұл есті адам үшін оншалықты қиын емес. Ең бастысы – өзіңнің хайуани болмысыңның қажетін өтеу масатында емес, рухани болмысыңның қажетін өтеу мақсатында өмір сүруге дағылану. Адалдық пен әділет жолында еңбектену. Адал мен арамның аражігін ажырата білу. Мына қоршаған ортаның барлығына жанашырлықпен қарау. Жақсылыққа қолдау көрсетіп, жамандықпен күресу. Ұрпағыңды ар-иманы бар, руханиаттан хабары бар, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырата білетін адам ретінде тәрбиелеу. Одан ары шамаң келсе, руханиат жолына түсіп, сопылық жолға бет бұру. Әрбір адамның өзінің адами болмысын сақтап қалу бағытындағы іс-әрекеті осы. Әрине, бұл жерде Йасауи бабамыздың руханиат жолына кірмек болғандарға қойған талаптарын жазуға болар еді. Оларды көріп кісі шошып кетуі мүмкін. Ол талаптарды жолға түсемін деген кісі өзі тауып алады. Ол қиын емес.

Келесі қойылған сұрақ мынадай: «2015 жылдың көктемінде Йасауи бабамыздың киелі рухы қайта оянды. Заманында Йасауи бабамыз Анадолы түріктеріне өзінің алғашқы шәкірті, әрі немере інісі Мансұр Атаны жіберген болатын. Сол кісінің ұрпағы Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіретке йасауийа тариқатын қайта қалпына келтіруге Рухани әлемнен пәрмен келді - Сонда қалай, Иассауи жолын алып келем деп 10 жыл түрмеде отырған Исматулла тақсырымыз далада қалды ма?!

Дұрыс. Бұл сұраққа жауап беруіміз керек. Бұл сұраққа өз деңгейінде жауап бермесек, онда Исматулла қаридың қазақ руханиатына сіңірген еңбегін жоққа шығарған боламыз. Ол кісінің Ауғанстан жерінен келіп, сопылық ілімнің дәнін қазақ жеріне себуі, өзі ұстанған жолды Йасауийа тариқатымен сабақтастыра алуы, қазақ халқының дәстүрлі діни танымын оятып, қаншама халықтың жүрегіне иман ұялатуы – ол кісінің қазақ халқының руханиатына сіңірген еңбегі. Ең бастысы – 1995 жылы еліміздің басына төніп тұрған соғыс қаупінен аман сақтап қалуы. Бірақ ол кісінің бұл қызметін өзге түгіл Исматулла қаридың өзі де әлі сезбеген болуы мүмкін. Бұл мәселе түсініктірек болуы үшін арыдан бастайық. 1995 жылдың күзінде еліміздегі казактар бүлік шығаруға әрекет жасағаны көпшіліктің есінде шығар. Сол қазан-қараша айларында еліміздің Шығысындағы орыс-казак қауымдастығы Черепанов атты казак атаманын қазақтар ұрлап кетті,- деп, шу көтерді, олардың бұл әрекетін Ресейдегі казактар да қолдап, тікелей әскери тіке-тіреске баруға дайындалды. Сол жылдың желтоқсан айының ортасында  Москвадан берілетін «Время» хабарында Омск облысының Қазақстанмен шекарасында 3000 танктің шоғырланып тұрғаны, барлық танкінің бактері жанармаймен толтырылғаны, тек оқ-дәрі мен адамының жоқтығы көрсетілді. Сол хабарды көргеннен кейін өз басым соғыс қай күні басталады,- деп күтумен болдым. Бірақ, сол оқиға ың-шыңсыз басылып кетті. Себебін түсінбей жүретінмін, Араға бірнеше жыл салып, Исматулла қаримен кездескенде сол оқиғаның қалай шешілгеніне көзім жетті. Исматулла қари зікір ғибадатынан кейін дұға жасағанда былай дейтін: «Йа, Алла еліме, жеріме, халқыма тыныштығыңды бере көр. Сыртқы елдер елімізге дұшпандық ойлайтын болса, ол елдердің басшыларына сабыр беріп, оларды арам ойларынан қайтара көр. Егер арам ойынан қайтпайтын болса, онда оларды өздеріне-өздерін салып, сарсан қыл.» Міне, Исматулла қаридың жасаған сол дұғалары қабыл болып, еліміз соғыс өртінен аман қалды.  Осы дұғаның шарапатымен желтоқсан айының соңында Грозныйға басып кірмек болған орыс әскерлері шешендер тарапынан оңдырмай соққы алды. Одан кейін олардың Қазақстанға қарсы шығатындай мүмкіндігі болмай қалды. Исматулла қаридың осындай еліміз үшін жасаған жақсылығын ұмыту бір мен емес, жалпы қазақ үшін сатқындықпен тең болар еді. Сондықтан менде ол кісі туралы басқа пікір бар деген ой шындыққа сай келмейді. Қазіргі мен пір тұтқан Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіретке Йасауи жолын-йасауийа тариқатын қайта қалпына келтіру туралы Рухани әлемнен пәрмен келгені рас. Жағдайдың бұлай қалыптасуына мен де, менің пірім Саййид Авнуллах Хазірет те кінәлі емес. Алланың қалауы солай болды. Оған мойынұсынбайтын кім бар? Бұл мәселеге басты түрткі болған мәселе сол кезеңде уаххабилік-салафилік дүниетанымның қазақ жастарының арасында белең алып, қазақ руханиатын түсінетін жандардың шарасыз қалуы болды десем, артық айтпаспын. Соның бір мен едім. 2015 жылдың басында мен Түркияда бір жыл болып, тағлымдамадан өтіп келген кезім. Ақпанның басынан бастап сабаққа кірістім. Менің еншіме «Дін және мәдениет» атты пән тиген екен. Біраз мамандықтарға осы пәннен сабақ беруді бастадым. Сол мамандықтар ішінде Өнер факультетінің студенттері де бар еді. Байқағаным студенттердің көпшілігінің дүниетанымы дәстүрлі дүниетанымнан ауытқып, уаххабилік-салафилік бағытқа қарай ойыса бастаған. Бұл мені сабақ сайын дәстүрлі дін мен мәдениетке қатысты мәселелерге көбірек тоқталып, дәстүрлі мәдениеттің артықшылығын дәлелдеуге күш салдым. Бір күні бір студент сұрақ қойды: «Ағай, біз сіздің айтқанызбен жүрейік пе? Әлде, имамдардың айтқанымен жүрейік пе? Сіз әруақты бар дейсіз. Олар жоқ дейді. Сонда кімге сенеміз?». Мен мүмкіндігім жеткенінше сұраққа жауап беруге тырыстым. Бірақ, студенттердің жүзінен сенімсіздік жатқаны көрініп тұрды. Келесі аптада екінші бір студент: «Ағай, біз сіздің айтқаныңызбен жүрейік пе? Әлде, Құранның айтқанымен жүрейік пе?» деп тағы сұрақ қойды. Тағы да мүмкіндігім жеткенінше жауап бердім. Құран аяттарынан дәлелдер келтірдім. Байқаймын студенттерімнің санасы уланғаны сондай, дұрыс пен бұрысты ажыратудан қалған. Қатты қынжылдым. Шарасыздығымды сезіндім. Міне, тура сол түні түс көрдім. Түсімде Әзірет Сұлтан кесенесінің алдынғы бетінде, 300 метрдей жерде тұр екенмін. Менің көз алдымда кесене құлап түсті. Мен жылап жібердім. Жан-жақты шаң басып кетті. Бір кезде қарасам, қалай барғанымды білмеймін, сол екі аралықта кесененің шығыс жағындағы сыртқы қорған жанында тұр екенмін. Кесененің әлі шаңы басылып үлгермепті. Бір кезде кесене қирандысы астынан алып, биіктігі кесененің бойына жете қаба алып Қара бура атып тұрды. Сілкініп, үстіндегі шаңды қағып жатыр. Оны көргенде ұйқыдан шошып оянып, «Бабамның әруағы оянды. Енді ешкімнен қорықпаймын»- жылап жібердім. Сағатқа қарсам таң ата бастапты. Телефонды ала салып, өзіммен пікірлес інім Сұлтанға телефон соғып, көрген түсімді айттым. Ол да қуанып, «Құдай көз жасымызды көрді. Қожа Ахмет бабамыздың әруағы оянды. Енді Йасауи бабамыздың жолын қалпына келтіру жолдарын қарастыруымыз керек»-деп жатты. Мен сол сол күннен бастап, уаххабилік-салафилік бағытқа қарсы мақалаларды жазуды бастадым. 2019 жылдың тамызын дейінгі аралықта 50-ден аса мақалалар жарияладым. Мен осы түсті көрген кезде, Түркияда тұратын Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіретке де йасауийа тариқатын қайта қалыпына келтіру туралы руханиаттан пәрмен келгенін білгенім жоқ. Олай дейтінім ол кісінің 2015 жылдың басында шыққан кітабында ол кісінің бес тариқаттың пірі екендігі жазылған. Олардың ішінде йасауийа тариқаты жоқ. Соған қарағанда, ол кісіге йасауийа тариқатын қалпына келтіру туралы пәрмен сол мен түс көрген кезеңде келген болуы керек. Бірақ, ол кезде біздің одан хабарымыз болған жоқ. 2018 жылы ол кісі өзінің шәкіртін «Менің шежіремді тауып келіңдер»- деп,  Отырарға, Арыстан баб кесенесіне аттандырады. Шәкірті Арыстан баб кесенесі маңында бірнеше күн жүріп, Өзбекәлі ағамыздың кесенесінде шырақшы болып отырған Нұржан атты жігіттен белгілі ғалым Мұтар Қожа мен менің адресімді алады. Ойымда ешнәрсе жоқ, жұмыста отырғанмын. Бір кезде Мұхтар телефон соғып, Йасауи бабамыздың шәкірті Мансұр Атаның ұрпақтары өздерінің шежіресін іздеп келіпті. Жәрдем бере аласыз ба? -деп сұрады. Мен келсін, шама келгенінше жәрдем беремін дедім. Арадан бір жарым сағаттай өткен кезде кабинетке бір түрік жігіт келіп кірді. Ол жігіт өзінің келген мақсатын, пірі Авнуллах Хазіреттің Арыстан баба ұрпағы екенін, шежіресін іздетіп жатқанын баяндады. Мен болсам шамам келгенше жәрдем беретінімді айттым. Сөз арасында сіздерде йасауийа тариқаты бар ма? – деп сұрақ қойдым. Ол жігіт «Йасауийа тариқаты бізде бар. Піріміз қолына ұстап отырған алты тариқаттың бірі, - деп, жауап берді. Сонымен біз ол кісіге баратын болып келістік. Мен шежірелерді толықтырып, сол барған кезде апаратын болдым. Сонымен мен қасымда екі серігім бар, бірі Сұлтан інім, екіншісі, сол Түркияда оқитын шәкіртіміз, үшеу болып тамыз айының 26-күні жолға шықтық. 27-күні таңертең Стамбулға барып түскенде бізді менің ескі танысым қасында бір серігімен қарсы алды. Жолай асханаға апарып, тамақтандырып, бізді Саййид Авнуллах Хазіреттің  Стамбулдағы орталығына апарды. Бірінші күні дем алдық. Екінші күні кешке ол кісі бізді қабылдады. Ол кісінің денсаулығы оншалықты болмай отыр екен. Соған қарамастан бізбен сөйлесіп, жөн сұрасып алғаннан кейін, біздің не үшін келгенімізді сұрады. Біз келген мақсатымызды айттық. Сіз Йасауи жолының да пірі екенсіз. Біз, йасауийа тариқатына жалғануды мақасат етіп, сізге қол беруге  келдік,- деп, ашығын айттық. Ол кісі бізге «Ертең кешке тағы да келесіңдер, жауабын сол кезде аласыңдар»- деп қайтарды. Күндіз қаланы аралап, кешке ол кісінің алдына қайта бардық. Барсақ ол кісінің алдында бірнеше кісі бар екен. Солардың алдында біз Хазіретке қол беріп, ол кісінің рухани басшылығын мойындадық. Ол кісі бізге, «Сендер Орта Азиядағы Йасауи жолының және одан басқа менің басқаруымдағы тағы бес тариқаттың өкілі боласыңдар. Негізгі басшылық сенде болады,-деп мен нұсқады. Екінші, басшылық сенде болады, - деп, Түркияда оқитын шәкіртімізді нұсқады. Үшіншісі сенде болады, - деп Сұтан інімді нұсқады. Сендер ол жақта менің халифам ретінде қызмет қыласыңдар. Тәртіп бұзып жүрмеңдер,- деп ескертті. Одан кейін біз шығып кеттік. Біз шығып кеткеннен кейін бұрыннан ол кісіге 10-15 жыл мурид болып жүрген кісілер Саййид Авнуллах Хазіретке «Бізге қасыңызда қанша жыл жүрсек те мына жігіттерге көрсеткен құрметті көрсетпеп едіңіз. Күні кеше келген оларға бірден халифалық беріп жібердіңіз. Осы әділдік пе? - деп сұрақ қойыпты. Сонда ол кісі «Рухани әлемнен «Тариқаттың иелері аманатына келді. Аманатын бер», - деген соң бердім,- депті. Міне, біз содан бері сол кісінің шәкіртіміз, әрі осы Орталық Азиядағы өкіліміз. Ол кісі көзі тірісінде бізді назарынан тыс қалдыған емес. Сәл ауытқысақ, ескерту беретін. Мен өзім бір рет ескерту алғаным есімде. Одан кейін ондай қателікті қайталамайтын болдым. Бұл жерде айтылатын бір нәрсе, йасауийа тариқатын қалпына келтіруге Рухани әлемнен пәрмен алған Саййид Мұстафа Авнуллах Хазірет те, оған себепші болған менде де Исматулла қаридың еңбегін жоққа шығарайық деген ниет болған жоқ. Керісінше, қазақ руханиатын қайта жандандыру мақсаты болды. Оның үстіне Исматулла қари ол кезде қапаста болатын. Біз ол кезде руханиатты қайтсек жандандырамыз, - деп жанталастық. Алла Тағала тілегімізді беріп, сонау Түркиядағы Саййид Мұстафа Авнулах Хазіретке йасауийа тариқатын қайта қалпына келтіруге пәрмен берді. Ол кісі бізді іздетіп тапты. Рұхсатын, ерді. Сондықтан біз бұл жолдан бас тарта алмаймыз. Себебі, бұл Тәңір Тағаланың өзінің  Йасауи жолын-йасауийа тариқатын қайта қалпына келтіруге берген әмірі.

Міне, содан бері үш жылдың жүзі болып қалды. Бірақ біз әлі жұмысты бастай алмай келеміз. Себебі, сопылыққа билік қалай қарайды? Халық қалай қарайды? Ертеңгі күні арандап қалмаймыз ба, деген қорқыныш қадам бастырмады. Ал, енді бұдан ары қарай күтуге уақыт жоқ. Қазіргі күні жеке адамның тағдыры, халықтың тағдыры ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдыры жарқабаққа таянды. Бұл қатерден құтылудың жолы руханиатқа ұласу. Біз үшін руханиатқа ұласудың жолы Йасауи жолын-йасауийа тариқатын қайта қалпына келтіру. Шама келсе халықтың рухын Рухани әлеммен қайта байланыстыра алсақ, онда ғана біз мына мына апаттан құтылуға мүмкіндік аламыз. Басқа жол жоқ.

Ал, қайтіп байланысамыз, дейтін кісілерге менің Facebook-тегі жекеме шығып хабарласуларына болады.

Зікірия Жандарбек,

т.ғ.к., Йасауитанушы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610