Беһ Азин. Жылан моншақ
«Беһ Азин» деген лақап атпен танымал Иранның жаңа дәуір әдебиетінің жазушысы, аудармашы, саяси белсенді Махмұд Етемадзаде 1915 жылы 14 қаңтарда Рашт қаласында дүниеге келіп, 2006 жылы 31 мамырда қайтыс болды. Етемадзаде Францияда теңіз-инженер мамандығы бойынша білім алған.
Әдеби шығармашылығын Екінші Дүниежүзілік соғыста жараланғаннан кейін қысқа әңгімелерін жариялаумен бастап, Шекспир, Бальзак, Ромен Роллан мен Шолоховтың шығармаларын аударумен және түрмедегі естеліктерін жазумен жалғастырды. Оның атағы «Аптаның кітабы» деген апталықтағы бас редакторлық қызметі мен Жазушылар одағындағы төрағалығымен шыға бастады. Беһ Азинді даңққа бөлеген шығармасы – «Шаруа қызы» романы. Жазушының «Жылан моншақ» әңгімесі түпнұсқадан қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр.
Гүлнәр күннің астында сәкіде отыр. Қасына сүрмедан, қына қайнатқыш, опа-далап қойды. Қолына әйелдер моншада қолданатын мыс айнаны алып, алаңсыз боянуға кірісті. Үй жұмысынан қазір ғана босады. Күйеуі шеберханасына кеткен соң таңғы астың дастарханын жинап, шәйнек, кесе таситын табақ пен тәрелкелерді хауызға апарып, шайып алды. Содан кейін бөлмені сыпырып, екі-үш төсек жайманы жуды. Енді күн батқанша, күйеуі әдеттегідей кешкі асқа нан, жеміс, күнжіт халуасын, жаңғақ пен тағы басқа нәрселерді төртбұрышты орамалына түйіп әкелгенше Гүлнәрдің қолы бос, үйде жалғыз отырады.
Екеуі ғана тұратын. Қалада өздерінен басқа ешкім жоқ еді. Құрқылтайдың ұясындай үйлерінің күнге қараған екі бөлмесі, бұрышы баспалдаққа ұласып, су қоймасының шүмегіне жететін, жеріне кірпіш төселген ауласы бар.
Балалары болмады. Гүлнәр ұста Жапарға әйел болып, онымен қол ұстасып, ауылдан келгеннен бері үш рет түсік тастады. Ешқайсын төрт айға жеткізбеді. Моншашылардың кеңесі мен жергілікті әйел дәрігерлерінің дәрі-дәрмектерінен пайда болмады. Гүлнәр бала сүймеді. Қырықтың қырқасына енді ғана ілінген күйеуі оған аса алаңдамады. Келіншегі әлі жас, бар болғаны он тоғыздан жиырмаға енді шықты. Құдай қаласа, уақыт көп. Алайда Гүлнәрға үйде жалғыз қалғанда ермек болатын бір сәби керек еді. Амал не, тағдырдың басқа салғанын көреді.
Гүлнәр алақандай ауласында бірнеше тауық бен қоразды торға қамап ұстады. Күйеуі тордың ішіне салып, бір жұп шымшық сатып әкелді. Ұзақ күндергі серіктері осылар еді. Есігін ешкім ашпайтын. Өзі де көрші әйелдермен араласпайтын. Бұрын тоздырған төрт көйлектеріне бола не пісіру керектігі, қайда барып, қалай киіну керектігі туралы олардың ақылгөйсігенін қаламады. Гүлнәрдің оларда ісі жоқ. Өзінің жас әрі сұлу екенін, базардағы етікші Жапар ұстаның бұл дегенде жанын қиятынын білді. Бұдан басқа не керек?
Гүлнәр күннің астында, сәкінің үстіне жайғасып, боянып отырды. Айнаға қарап, күлімсіреді. Ернін тістеп, алаулап жанғанынан ләззат алды. Қылымсыған көзін аударып-төңкерді. Назданып, қасын керді. Күлімсіреді. Қабағын түйді. Сүйіскісі келді. Таңдайын тақылдатты. Сол күндері кең тараған әулекі әнді ыңылдап айтты. Әннің әуеніне елтіп, мың бұралды. Қатты беріліп кеткені сондай, кенет құлағына бір дауыс естілді. Гүлнәр таң қалып, селтиіп тұрып қалды. Басын көтеріп, кейбір кездері балалары бастарын қылтитып, қарап тұратын көршінің үйінің төбесіне қымсына қарады. Қуанышқа орай, ешкім болмады. Ерінінің үсті терлеп кеткен Гүлнәр терең дем алды. Кенет көзі дуалдың бұрышына түсті. Жон арқасының қызылы біртіндеп ақшулан тартып, керісінше бауырының ақ түсі алқызылға ауысқан, ұзын, жіңішке жылан жоғарыдан түсіп келе жатты. Мұндай қашықтықтан Гүлнәр бауырымен жорғалаушының көзін тап басып көре алмағанымен, өткір көзінің жарқылы өңменінен өтті. Жүрегі тас төбесіне шықты. Шыңғырып, көзі бақырайып, жыланға тесіле қарады. Тосыннан жоғарыдан тағы бір нәрсе құлап, ауладағы кірпіштердің үстінде екі мыңдық тиын сияқты сыңғырлады. Жылан басын бұрып, үйдің төбесінің артына еніп, әп-сәтте көзден ғайып болды.
Гүлнәрдің көңілі орнына түсті. Түрегеліп, бір көзімен жерге, екінші көзімен төбеге қараған күйде ауладан бірдеңе іздей бастады. Екі кірпіштің арасынан жылтыраған нәрсені көрсе де, сене алмады: алтын тиын! Гүлнәр жіңішке шыбықпен оны аударып-төңкеріп, жан-жағынан қарады. Патшаның алтын соғатын ауласынан тап қазір шыққандай алтын тиын екен. Жас келіншек оған қол тигізуге қорықты. Жады болып жүрмесін! Гүлнәр пісмілләсін айтып, білетін дұғасын ерінінің ұшымен оқып, үшкірді. Бірақ түк өзгерген жоқ: тиын жымың-жымың етіп жылтырап, оған күлімсірегендей болды. Гүлнәр қолын созды. Бірақ есіне тағы бір нәрсе түсті. Тостағанды суға толтырып, тиынды үш қайтара жуды. Содан кейін оны күннің астына қойып, біраз айналды. Кеудесін шаттық кернеді. Қазір қолына ұстап тұрған, оған тиесілі алтын ақшаның буы оны көкейіндегі кез келген сауал мен алаңдаушылықтан айырды.
Дегенмен бұл не болды өзі? Қайдан келді? Соншалықты әсем айналып, жағымды дыбыс шығарған, түсі де әдемі, сүйкімді, дөңгеленіп оралған жәндікке тиынның қандай қатысы бар?
Гүлнәр күлімсіреген күйде алтынды кірпіштің бетінде дөңгелетіп, сыңғырлатты. Иә, алтын тиын мен жыланның арасында қандай байланыс болды? Расында, көзі дұрыс көрді ме өзі? Нағыз жылан ба екен? Гүлнәр аса сенімді болмады. Мүмкін қателескен шығар? Көзіне қос көрінген болар? Бірақ мына алтын тиын қайдан келді? Бәлкім көшеде біреу «бүк немесе шік» деп тиын лақтырды ма екен? Содан тиын дөңгелеп, аулаға түскен. Ондай болса, неге есікті ешкім қаққан жоқ? Неліктен ешкім сұрап келген жоқ?
Гүлнәр алаңдап, алтын тиынды алақанына қысты да, үйдің есігін жартылай ашып, көшенің бас-аяғына ұрлана қарады. Ешқандай дыбыс шықпады, жүргінші де көрінбеді. Дуалдың түбіндегі ит басын екі аяғының астына тығып, мүлгіп жатты. Көшенің соңында екі бала топырақта ойнап отыр. Гүлнәр есікті сеніммен жауып, бұрынғы орнына жайғасты.
Бұл жолы айнадағы көзі күлімсіреп, опаның нәзік пердесі ай сәулесіндей балғын жүзін жапқанымен, жүрегінде әдеттегі тыныштықтан айырған елегізу болды.
Ол ісін немқұрайлы аяқтап, алтын тиынды опа-далаптың қорабына салып, мұздатқыштың түбіне қойды. Бірақ бұл оның абыржуының бастамасы ғана еді. Не істерін білмеді. Торлары орындықтың жанындағы бағанда ілініп тұрған шымшықтарды сипап, ойнаған болды. Содан кейін шұбар тауығы жұмыртқалаған шығар деген сылтаумен тауықтардың ұясын қарады. Бөлмеге тағы барды. Тігін қорабын алып, қақпағын ашты. Жамамақ болып, күйеуінің көйлегінің етегін ұстады. Ине піскен күйде ойы сан-саққа жүгіргенімен, дәйім бір суретке шоғырланды: алтын тиын! Гүлнәр одан біресе сырға, біресе білезік, біресе алқа жасады.
Бірақ сол күн өзіне ұзақ болып көрінді. Күйеуі келген кезде Гүлнәр есікті толық ашпастан, әдеттегідей күлімсіреген күйде, бірақ аздап абыржып: «Келдің бе, ұста! Не әкелдің?» – деп сұрады. Жауабын күтпестен, нан мен жейтін нәрселер түйілген орамалды алып, онымен бөлмеге ере кірді. Гүлнәр сол кеште күйеуін қатты жақсы көрді. Көп сөйлеп, көп күлді. Жұмысының қалай болғанын сұрады. Мұның бәрін қапастан қашатын құстар сияқты көңіліндегі құпиясы мәлім болмауы үшін істеді. Екеуі түнді қуанышпен өткізіп, жақсы ұйықтап тұрды. Таң атып, келесі күн де әдеттегідей басталды. Сырттай қарағанда өмірлерінде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ұста Жапар өзінің қораш жұмысына базарға кетті. Гүлнәр да асықпай, үйді сыпырып, шаруасына кірісті. Күн сәкінің үстіне түскен кезде Гүлнәрдың да жұмысы аяқталған еді. Әдеттегідей боянуға кірісті. Бірақ көзі үйдің төбесінің шетін аңдумен болды. Ешқандай оқиға бола қойған жоқ. Дегенмен Гүлнәр бос үміттенетіндей соншама аңқау емес еді. Көзін сүрмелеп жатқан кезде айнаға бір қырымен қарап тұрды. Кенет дуалдың үстінен қарқылдап қарға ұшты. Жас келіншектің жүрегі қысылып, жанарын жоғары көтерді. Кешегі жылан жалындай жарқырап, дуалдан асып келе жатты.
Гүлнәр қорыққаннан айғайлап, орнынан тұрмақ болып, талпынды. Жыланның дуалдың жарты жолынан кері қайтқанын, кеше соның артында жоғалып кеткен жаққа бара жатқанын көргенде көңілі орнына түсті. Демін алып, маңдайындағы суық терді сүртпек болды. Сол сәтте екі мыңдық тиын сияқты бір нәрсе ауладағы кірпіштердің үстінде шыр айналды. Гүлнәрдің аузы ашылып қалды. Жүрегі дүрсілдеп, денесі қызып, бойын қорқыныш биледі. Есіне диюлар мен перілер, арбау түсті. Еріксіз Құдайға бет бұрды. Ерінінің ұшымен дұға оқып, өзін үшкірді. Бірақ арманын аялап: «Құдайым-ау! Тағы бір тиын ба? Осымен екеу болғаны ма? Бұлардан бір сырға жасатып алам ба?» – деді.
Жас келіншек шаттанып орнынан тұрып, ауладан тиын іздеуге кірісті. Су қоймасы баспалдағының алдына түскен алтын тиын тірі көз сияқты қарап жатты. Бұл жолы да Гүлнәр көзе әкеліп, тиынды үш рет жуып, қолына алып, айналдыра қарады. Тура кешегі алтын тиын секілді екен. Күлімсіреп, сыбырлаған күйде сәкінің жанына барып, өзі ораған алдыңғы алтынды алып, күннің астында олармен біраз ойнап, алақанында сыңғырлатты. Айтпақшы, мына екінші алтын тиын өзіне көбірек әсер етті. Онымен үміті оянып, одан әрі үлғая түсті. Гүлнәрді қиял қанатына мінгізіп, алыс көкжиектерге жетеледі. Бірақ аздаған алаңдаушылықтан арыла алмады. Осы екі күнгі оқиғаны ұста Жапарға қалай айтады? Айта ма? Күйеуі сене ме? Жаман ойламай ма? «Бір гәп бар-ау…» демей ме? Іс насырға шауып, ұрысқа, жанжалға, қол көтеру мен жылауға ұласпай ма? Онда Гүлнәр не істейді? Күйеуінің көңілінен күдікті қалай жояды? Өз көзімен жыланды көруі үшін оның келуін күттіріп қоя ма? Қош делік. Жылан келмесе ше? Онда масқара болғаны. Кім естісе де, күйеуінікі жөн дейді. Айтпаса, білмейді. Ештеңе демеу керек.
Қараңғы түсті. Күйеуі үйге оралып, ештеңеден хабарсыз күйде тағы бір түнді әйелімен қуанышпен өткізіп, таңертең жұмысына кетті. Ол шыға салысымен есікті жапқан Гүлнәр бірден мұздатқыштан тиындарды алып шықты. Олар келіншектің алақанында сыңғырлады. Гүлнәр күлімдеп, қуанып, бұраңдап биледі. Көңілі көтеріліп, үй шаруасын ықыласпен атқарды.
Содан кейін күнделікті әдетінше опа-далабын әкеліп, шашын жөндеп, боянуға кірісті. Сонымен сол күні және тағы бірнеше күнде жылан ойламаған жерден пайда болып жүрді. Әйел де оны көзі шалысымен орнынан атып тұрып, айғай салатын. Жылан да келген ізімен кейін қайтатын. Аузынан әр жолы алтын тиын түсіп, кірпіштің үстінде сыңғырлайтын. Бір таңғаларлығы, әр жолы әйелдің қорыққан үнінен жатсынғандық азайып, керісінше, наздану мен еркелік сезілетін. Жылан да басында қашуға дайын болып, сақсынғанымен, енді көбірек жақындап, кетерінде де баяу қозғалып, аялдап, басын бұрып, қызыл, жіңішке ұзын денесін әсем қозғалтатын болды. Бір күні Гүлнәр боянып жатқан кезде көзі барлық жерді бақылап тұрғанына қарамастан, жылан жымын білдірместен, жанынан пайда болып, жерде жатқан белдемшесінің үстінде жорғалап бара жатты. Кенет Гүлнәрдің құлағына жартылай жабық шүмектен сылдырап ағатын судай әлсіз суыл естілді. Құдды біреу сыбырлағандай болды. Ақырын болғаны сондай, белгісіз құзырды сезінуден басқа ештеңені түсіну мүмкін емес еді. Гүлнәр демін ішінен алып, құлағын тікті. Бірақ ішінен көршінің үйіндегі мәжнүн талдың бұтақтарын қозғалтқан жел болар немесе құрғақ жапырақтармен төбеде ойнап жүрген мысық шығар деп ойлады. Күтпеген жерден Гүлнәр қызыл шәйі дорбаға салып қойған осы уақытқа дейін алған жеті алтыннан да ірі, жаңа тиындар кілемнің үстінде домалап, кірпіштің үстінде сыңғырлады. Гүлнәрдің аузы ашылып қалды. Көзіне жақпақ болған сүрменің таяқшасы мен мыс айнаны жылдам жерге қойып, қолын алға созып, тиынды алды. Бірақ сол кезде саусақтары жұмсақ, жылы бір нәрсеге тиді. Жылан баяу кері шегініп, басын көтерді. Жартылай ашылған аузы күлімсірегендей көрінді. Оның кішкентай көзі жылы, өткір нұрмен әйелге қадалды. Гүлнәр естіді ме, әлде ойлады ма: «Ақтамақгүлім, ақжұпарым, қорықпа!» – деген үн шықты. Бір қызығы, Гүлнәр қорыққан жоқ. Оның бойында анамыз Хауаны күйеуімен Құдайдың бейішінен қуған жәндіктен адамдар қорқатын ежелгі қорқыныш пен қарғыстың еш белгісі болмады. Екеуі ескі достар сияқты, аралары ешқашан бөлінбеген секілді көрінді. Соған қарамастан, Гүлнәр не айтарын, не істерін білмеді. Бір орнынан тапжылмай, оған қарап отырды. Айнала тым-тырыс күйге еніп, қозғалыс тоқтады. Қапастағы шымшықтар да демдерін ішінен алды. Ауладағы себеттегі тауық пен қораз да дыбыстарын шығармады. Тіпті көшедегі көкөніс сатушы мен тіленшінің ауыздарына да құм құйылды. Қарғалардың жақтары семіп, иттер үруден қалды. Жылан Гүлнәрдің қасында оралып жатты. Кейде басын созып, жіңішке, үшкір тілін оттың ұшқыны сияқты сыртқа сумаңдатты. Гүлнәр оған қарап, кенет, белгісіз бір күйге түскенін сезді. Бойын әлсіздік билеп, тәтті ұйқы қысты. Қабағы ауырлап, кілемшенің үстіне жантайды. Бетінің екі ұшы күннің қызуынан нұрланып, ернінің үсті шып-шып терледі. Жыланның басын ақырын сипап, ішінен: «Егер күйеуім осында болып, мені көргенде…» – деп ойлады. Көз алдына сәске түстің тұманына батып, жайқалған үлкен бақ пен кең хауыздағы қара жапырақтардың бетіндегі ақ лалагүлдердің жүзіп жүргені елестеді. Жер-дүние көлеңкеге, жартылай жасыл саяға малынып, түрлі-түсті гүлге оранды. Самал жел жұмсақ та масайтатын иісті барлық жерге таратты. Гүлнәр шегіршін мен шынар ағаштарының биік шатырының астында, піл сүйегі мен қарағаштан жасалған төсекте жібекке оранып жатты. Бұрын көрмеген, танымаған, бірақ қазір бұл өмірде бәрінен артық, жанына жақын кең иықты, жуан білекті, ұзын бойлы жас жігіттің құшағында керілді. Жігіттің қара көзінен жанды шарпитын құмарлық есіп, алапат күшпен келіншекті құшағына алды. Гүлнәр өз болмысын бір сәтте есінен шығарған осындай тәтті сезімді ешқашан бастан кешкен емес. Барлық сезімі араласып, әрқайсынан бір-біріне қарай жол ашылғандай болды: көргені, естігені мен иістер ашынасының сезімдерімен араласып, оның тұла бойын кернеді.
Екеуі еліктіретін неше түрлі ойын ойнады. Гүлнәр бір кезде жігіттің құшағынан босап, жартылай жалаңаш, үстіндегі жұқа жібек көйлекпен бақта серуендеді. Раушан гүлдері мен ақгүлдердің тасасына тығылып, көкек пен түркептердің дауысын салып, бұлбұлша сайрады. Ағаштан алма мен шабдалы үзіп, тістеді. Сәлден соң жігіт те сүйіктісін іздеуге асығып, соңынан шықты. Гүлнәр еліктің лағындай үркіп, сықылықтап жүгірді. Соңында жүректің ырқына көнді. Біраз уақыт өтті. Жел жапырақтары төгілген бұтақтарға қонақтады. Ауадан топырақтың ащы иісі шықты. Түнерген аспанның төбесінен бұлт төнді. Бақ жалаңаштанып, тоғандағы лалагүлдер солып қалды. Аспан жылап, суық түсті. Гүлнәр жігітті кеудесіне қапсыра құшақтады. Бүкіл денесімен оған жабысты. Алайда тәнін аяз лебі қарыды. Бойын діріл биледі. Көзі жұмылып, құшағы өз-өзінен босады. Ерніндегі сүйісті мұз басты.
Күйеуі кешке амалсыздан көршінің үйінің төбесі арқылы аулаға енді. Гүлнәр сәкінің үстінде ұйықтап жатты. Қасына мыс айна мен сүрмедан, опа-далап, ішіне жеті алтын тиын салған кішкентай дорбаны қойыпты. Бір үлкен алтын тиын қолынан сырғып кетіпті. Келіншектің мәрмәрдай кеудесінде оралып жатқан жылан отағасы мен оның соңынан ере келген бірнеше көрші әйелдің даусын естіп, үйдің төбесіне қарай жылдам жорғалап, көзден ғайып болды. Күйеуі алтын тиындарды мұқият қарап, қайта санап, дорбаға салып жатқанда көршінің жас келіншегінің өткір көзі Гүлнәрдің кеудесіндегі ақ түсті екі түйір моншаққа түсті. Не екенін білді. Қуана қолын созып алды да, орамалына түйіп, кеудесіне басты. Енді күйеуінің екеуінің махаббатына мәңгілік адал болатындығына сенімі артты.
Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым
Abai.kz