Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3567 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 05:42

Нұрлан Қабдайұлы. Жүргіш

 

әңгіме)

 

Гүлді перденің өңменінен өткен сұрғылт сәуле бөлменің белуарынан арыға шаппай тұр. Ара-тұра көшедегі көліктің жарығы аяқ жақтағы шкафтың иығын дөдегеге дейін шұбыртып апарып қайтады. Бірі іргеге қарай бүк түскен, бірі қос кісілік жайпақ кереуеттің қасбетінде шалқая созылыпты. Бірі жер шетінде, бірі жар жағасында жатқандай...

 

әңгіме)

 

Гүлді перденің өңменінен өткен сұрғылт сәуле бөлменің белуарынан арыға шаппай тұр. Ара-тұра көшедегі көліктің жарығы аяқ жақтағы шкафтың иығын дөдегеге дейін шұбыртып апарып қайтады. Бірі іргеге қарай бүк түскен, бірі қос кісілік жайпақ кереуеттің қасбетінде шалқая созылыпты. Бірі жер шетінде, бірі жар жағасында жатқандай...

...Бірге түстенбекші еді, орнында жоқ екен. Кіре берістегі ақ үйшіктің порточкасын бет-аузымен бітеп отырған күзетші жарты сағат бұрын шығып кеткенін айтты. Кеңседен бір квартал құлдап, сосын жер асты жолымен Гоголь көшесіне түскен. Әудем жердегі шыны қабырғалы мейрамхананың алды жайма асхана. Ақ қалпақтарын мықшита киіп, қазанда тап өздері шыжғырылып жатқандай қолды-аяққа тұрмай зыр қаққан қыз-жігіттер, қалаған тамағыңды көз алдыңда даярлап береді. Сол жерде тұрып қарбытасың  ба, қолтыққа қыса кетесің бе, өз еркің. Қазаншыға палау тапсырды. Ту сыртынан біреу аңдып тұрған сияқты болған соң, әуестікпен мойын бұрған. Мойын бұрды да, сілейіп тұрып қалды. Шашын желкесіне таман орай түйіп, шашақты ағаш істікпен айқыш-ұйқыш түйрей салыпты. Соқырлықтан емес, сән үшін тағатын көзәйнектің бармақ елі қара құлағы мен ақ жейде иесінің де осы маңнан екенін меңзегендей. Қарсысындағы күйеуі бұның алға еміне созған қолдарын бүре қысып, саусақтарының ұшынан ғана өбіп отыр екен. Бірдеңені сезгендей ол да бер жаққа жалт қарады. Әуелі жүрегі атқақтап ала жөнелген. Артынша танауы желпілдеп, жыламсырай бастаған соң, жүзін бұрып әкетті. Содан соң... көз алдындағы бар дүние бұлдырай шайқатылып бара жатқан.

Күйеуінің әншейінгі қырық қабат қыжыртпасының қылауында жүретін, бетбақтығын бетінің әріне жетектеткен шөпжелкелердің бірі шығар дейтін бейғамдықтың, бұл жолы жұртын сипап қалды. Шырқын бұзған кім екені түсінікті. Кімі болды екен? Жібі түзу еркек көрсе, көргенінен көзақы алмай қоймайтын, бірінен жалыққан күні басқасының жолында көстеңдейтін, жалықтырған күні көзінің бояуын көйлегіне сорғалатып қала беретін қоржынбикелердің бірі ме? Әлде... Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес. Көк қуалап, көген басынан ұзап кетерлік не күн туыпты басына? Жұртта бар көрік - өзінде бар. Жұртта жоқ ақыл да... Көңіліне селкеу, иығына қылшық қондырмай асты-үстіне түсетін және өзі. Әлде өзі құлай сүйген соң, өзін де аяулысына балайтынына шәк келтірмеген өзімшіл сезімнің шылауына малтығып жүре берді ме екен? Құм сағаттың беліндей сарқылып барып, қаңсып тынған қоңылтақ көңілдің кенезесін енді немен кептерін білмей дал болып жатысы мынау.

...Тау өзенінің жағасына жайылған дастарханға жұрт жапырлай бас қойғанда, ол да бұған сүйкене жайғасқан еді. Тағамның неше атасынан белі қайысқан дастарханның қай шетінен түрерін барлай сүзіп, табақтың ернеуінен аса жатқан жүзімнің бір түйірін аузына салды. Сосын бұған қылымси көз төңкеріп, бокалын тосқан. Әншейінде қағаздан бас көтерген кейіппен айналасына ту биіктен көз тастайтын кеңседегі тәкаппарлығы ізім-ғайым. Өзінің төмен етектілер әулетінен екені енді ғана есіне түскендей қиыла қалыпты. Ә дегенде тіксіне қараған бұл, әп-сәтте ес жиды. Бокалын бокалды қаз мойнынан қылғындыра қысқан сүйріктей саусақтарымен қоса еппен қапсырып, шарап құйды. Өзіне де. Исі мұрын жарардай қошқылданып піскен кәуаптың үш-төрт түйір етін табағына түсіріп, бетіне көсіп туралған сарымсақтан тастады. Өз үстіндегі спорттық күртешесін шешіп, иығына жапты. Тау самалы мың жерден жібектей ескенмен, өкпе қабарлық ызғары барын айтып, ділмарсыды да. Не керек, асты-үстіне түсіп бәйек болып отыр. Әйел баласы әнтек қылымси қарап, қорғансыз жанның сиқын аңғартқан сайын қоғадай жапырылатын еркектік құмарлығына шоқ түсіп, іші-баурын өртеп бара жатты, сол күні...

...Қайдан ғана тап болып ем демеді. Қайдан ғана сап ете түскеніне кіжініп жатыр.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019